Жұма, 17 Мамыр 2024
Мәйекті 7076 1 пікір 22 Желтоқсан, 2015 сағат 15:05

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗДЫҢ ҰЛТАРАҚТАЙ ҚҰНЫ ЖОҚ ПА?

Жақында украиналық «ForexClub» сараптама орталығының мамандары Қазақстан теңгесі ТМД мен Еуропадағы ең әлсіз валюта деген тұжырым жасаған. Сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан теңгесі 2015 жылы АҚШ долларына шаққандағы бағам бойынша 85,2% пайызға құнсызданған.

2015 жылдағы ТМД және Еуропа елдеріндегі доллар динамикасы төмендегідей көрсеткішке жеткен.

Украиналық сараптама орталығының зерттеулеріне сүйенсек, 2015 жылы Қазақстан теңгесі – 85,2% -ға  құнсызданса, Беларусия – 54,3%, Украина — 48,7%, Қырғызстан – 33,9%, Әзірбайжан – 33,8%, Тәжікстан – 28,9%, Грузия – 28,7%, Түркия — 28,4%, Молдова — 26,6%, Ресей – 25,9 пайыздық девальвацияны өткерген.

Осылайша Қазақстан теңгесі Еуропа мен ТМД ішінде ең құнсыз вальютаға айналып шыға келген (http://www.matritca.kz/news/28266-tenge-nazvali-samoy-slaboy-valyutoy-sng-i-evropy.html).

Естеріңізде болса, Қазақстанның Ұлттық банкі 2015 жылдың 20-тамызы күні ұлттық валюта - теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешім шығарған болатын.

Ал қазір Алматы қаласындағы айырбас пунктерінде АҚШ долларының бағамы 344 теңгені құрап отыр.

Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Данияр Ақышев мырза, ертеңгі күні теңге бағамының қандай болатынын болжай алмайтынын айтқан (http://finance.nur.kz/news/valyuta/981792-akishev-ne-mozhet-skazat-chto-budet-s-kur.html).

Осы ретте біз қазақстандық қаржы саласының мамандарының пікірлерін білмек болып, бір қатар қаржыгерлерге телефон соқтық.

Қазақстан теңгенісіенң ТМД және Еуропадағы ең әлсіз вальютаға айналуына қатысты пкірін білмек болып қаржыгер Ілияс Исаевқа телефон шалғанымызбен, қаржыгер қалта фонын көтермеді.

Содан кейін Қазақстандағы орыс тілді БАҚ-та сұхбаттары жиі жарияланатын экономист Мерурет Махмұтова ханымға қоңырау шалдық. Өкінішке орай, біз қоңырау шалып, хабарласқан жерден ол кісі жоқ болып шықты. «Бізде ондай адам жұмыс істемейді. Олар ескі арендаторлар болған. Қазір көшіп кетті»,- деген жауап алдық.

Сондай-ақ, экономист Тимур Назхановқа да қанша телефон шалғанымызбен ешқандай жауап болмады.

Ал қазақстандық қаржыгер, сарапшы Құдайбергенов Олжас мырзаның  жеке телефоны байланыс аясынан тыс жерде екен. Ұзын-сонар үнсіздік. Тек біраздан кейін ғана, қаржыгер Ғұсман Әмрин мырза біздің қоңырауға жауап берді. «Қазір Мәскеуде жүрмін. Бізде жиналыс басталғалы жатыр. Ертең түстен кейін хабарласайықшы»,- деген жауап естіп соған  разы болдық.

Ал тағы бір қаржыгер Ғалым Байназаров мырза шетелдік делегаттармен бірге жүр екен. «Айланалайын, інім, мен қазір жиналыста отырмын. Бүгін мүлде қолым тимейді. Ертең хабарласып көріңіз»,- деп қысқа қайырды.

Осылайша украиналық «ForexClub» сараптама орталығының мамандары ең әлсіз валюта деп тапқан теңгеміз туралы жақ ашып пікір білдіретін маман таппай дал болып отырмыз. Шамасы, біздің экономистеріміз бен қаржыгерлеріміз өте-мөте қауырт жұмыс үстінде болғандықтан, қоңырауымызға жауап беруге уақыт таба алмаса керек.

Десек те, қаржы саласының мамандары һәм білгірлері бос уақыт таба алмай жүргенде, Қазақстанның Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Талғат Акуов деген азамат «Время» газетіне сұхбат, беріп, мәлімдеме жасаған.

Акуов мырзаның айтуынша, Қазақстан Ресей және Қытай секілді қос алпауыт мемлекетпен ынтымақтасып, сауда қатынастарын қалыпты ұстап отыр. Алайда соңғы жағдайларға байланысты (теңгенің құнсыздануы) Қазақстан  теңгеден де, доллар мен еуродан да бас тарту керек екен. Қазіргі жағдайда 85 пайызға құнсызданған ұлттық валюта – теңге ел экономикасын тұншықтыруда-мыс.

«Қазіргі қаржылық қиындықтарға байланысты, Қазақстан үшін ең тиімді шешім – еуро мен доллардан толықтай бас тартып, ЕАЭО-ға мүше өзге де мемлекеттермен бірлесе отырып, ортақ валютаға көшкеніміз жөн. Біз қазір Қытай мен Ресейдің бірін таңдауымыз керек. Қытайдың экономикасы тұрақты. Халықаралық нарықта Қытай юаны еш өзгеріссіз сақталған. Алайда,  біздің тарихи және геосаяси жағдайларымыз Қытаймен бірігуге мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, Қытаймен салыстырғанда халық саны мен нарық жүйесі жер мен көктей. Ал, Ресей мен біздің тарихымыз ортақ. Сондықтан, бізге Ресеймен бірігіп, теңгеден бас тартып, рублге ауысу керек»,- депті Акуов.

Ал осының алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ешқандай ортақ валютаның болмайтынын айтқан  еді (http://stan.kz/nazarbaev-eshkanday-ortak-valyuta-bolm/). Соған қарағанда, Акуов мырза Елбасының сұхбатын естімеген сияқты, әлде елең қылғысы келмей ме екен?..

Түйін: Қазақстанның ұлттық валютасы Еуропа мен ТМД ішінде ең құнсыз әрі әлсіз валютаға айналды. Осындай алағай да, бұлағай кезеңде қазақстандық экономистердің «ләм-мим» деп жақ ашпауы ақылға сыйымсыз. Бас банкир басын ашып, болжам жасай алмаймын деді. Ал қазақстандық экономистер мен қаржыгерлер осы жағдайды түсіндіруге құлықсыз. Бәрі қауырт жұмыс пен жиналыста жүр. Кейінірек қайта хабарласармыз...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629