Сенбі, 4 Мамыр 2024
Қоғам 7100 0 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 10:56

ГАНДИ КӨКЕМ ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙІН КӨРСЕ НЕ ДЕР ЕДІ?


Алдымен Гандидің өмірбаянынан деректер берейік. Ағылшын тілдегі деректерден төмендегідей жәйттер айқын болды.[1] Мохандас (кейін Махатма аталған ағылшын – үндіше аты  Mohandas Karamchand Gandhi) Ганди 1869-1948 жылдыры өмір сүрген, туған жері Индияның Porbandar, Kathiawar деген жері. Ол дәулеттті отбасында туған. Әкесі сол өлкенің бас министрі болған. Гандидің балалық шағы индуизм дініне берілген шешесінің ықпалында өтті. Сондықтан ба, Мохандас Гандидің өзі  индуизмнің  Вишну құдайын қатты дәріптеген, кейінен  джайнизм жолында болады, көне индуизмнің моральдық принциптеріне қатты беріледі.  Әсіресе, озбырлыққа төзімділікпен қарсы тұру, индуистік ораза – ауыз бекіту , медитация , ет тағамдарын татпау, кейін тіпті темекі тартудан бас тартады.

Жас Ганди жастық шақта ұяң, оқуға пәлендей құлық көрсетпеген. Индияның жоғары кастасына шыққан бала еді, колледж бітіріп, оқуын жалғастыруға Лондонға кету жоспарында бар еді. Оның жақын туысқандары жас Ганди тым кірпияз, әр нәрсеге сезіктеніп, әр нәрседен үрейленіп, тіпті түнде жарық сөндіріп жатпайтын әдеті бар  екен дейді. 13 жасында оны үнді халқының дәстүріне сәйкес үйлендіреді. Оның қалыңдығы да дәулетті отбасынан. Болашақ әйелі бай көпестің қызы. Осы әйелінен төрт ұл туады. Сонымен жасы 18 жеткенде жас Ганди Лондонға оқуын жалғастыруға аттанады. 

Лондонда Мохандас Гандидің ұлтшылдық көзқарастары қалыптасады. Батыстың христиан дініне негізделген  менталдық ұстанымдарынан оның әбден көңілі қалады. Енді Гандидің қайраткер және тарихи тұлғаға айналғанын байқаймыз.  Сонымен нәзік және кірпияз бала мінез көрсете бастайды. Оңтүстік Африкада көрген нәсілшілдік пен адам құқығын таптау көріністері оның әділетшілдік принципін әрқашан алға қоятын қайраткер екенін көрсетеді. Ол осы Британ отарындағы үнді жұмысшыларының құқығы тапталып жатқанын көреді. Өз миллетінің өкілдерінің құқықтарының тапталғанын көріп отырып, Ганди  озбырлықпен  аяусыз, бірақ бейбіт жолмен күреседі. Бара келе тәжірибе жиналады.

Алғашқы заңгерлік тәжірибесі Оңтүстік Африкалық республикасында көшіп келіп жұмыс істеп жүрген индиялықтардың құқығын қорғау болды. Сол тұста Оңтүстік Африкада  отаршылдық,  нәсілдік сегрегация және апартеид  аса опасыздықтың формасына айналған. Азаматтық бағынбаушылық күрес  тәжірибесі алғашқы рет осы жерде сыналды: түрлі бейбіт шерулер мен байкот жәриялау орын алды. Күш пен қару пайдаланбайтын азаматтық бағынбаушылдық акциялар сол тұста әсерлі әдіс болды.

Мохандас Ганди күрес аренасын Индияға апармақ болады. Мохандас ұлы тарихи тұлға Индия халқының ұлт-азаттық қозғалысының басты лидері бола бастайды. Ганди Индияның егемендігіне бейбіт жолмен, қарулы күрессіз, нақтылап айтқанда отаршылдық режиміне көнбей қарсы тұру, отаршылдыққа бағынбаушылықпен төзу жолын өзі ұйымдастырды. Гандидің мамандығы –   заңгерлік адвокатура. Ганди өзінің саяси өмірбаянын ұлтшыл қайраткер ретінде толық көрсетті. Гандиді британ баспасөзі ұлтшыл дегенімен,  Мохандас Ганди ұлтшыл емес ұлтжанды тұлға болса керек. Сонда Гандидің ұлтшылдығы қандай формада байқалды? Оңтүстік Африкадағы британдықтар мен  бурлар (бурлар – голланд текті ақ нәсілді колонистер) тарапынан нәсілшілдік пен апартеид режимін көрген Мохандас бірқатар қарсылық бейбіт акцияларды өткізеді. Бұл күрестің тәсілдері мен принциптерін Мохандас Гандиді  Индия топырағына әкеледі. Осы тұстан Мохандас Ганди Махатма (Керемет Жан - “great soul”) Гандиге айналады.

Махатма Ганди ең алдымен тамаша имиджмейкер екенін танытады. Ол өзіне халық талабына сәйкес азаматтық протест, Индияның британ билеушілеріне – қарсылық пен бағынбаушылық концептін жасайды.  Британ билігіне қарсы қарулы күш қолданбай, Британ отаршыл әкімшілігінің бір ісін жүзеге асырмау әрекеттерін ойластырады. 

Көне заманнан  бүгінгі күнге дейін Индияны қолөнершілер мемлекеті деуге болады. Индияның мақтасынан үндістердің қолөнершілері қолдан мата тақып, сол матадан киім тігетін. Британ отаршылдары үнді мақтасынан британдық фабрикалық әдіспен өндірілген мыңдаған шаршы метр маталар өндіре бастады. Британияда өндірілген  маталар сапа жағынан да, көлем жағынан да, тіпті өзіндік құны да индиялық маталарадан көп өтімді болды. Бұл жағдай миллиондаған үндістердің ұсақ бизнесіне балта шапты. Сол сияқты металл, ағаш  өнімдерін өндіріушілер де өз  напақасынан айырылды. Сонымен Махатма Ганди қолына ұршық ұстап, популистік кері тартпалық, техникалық прогреске қарсы әрекет акция жасайды. Индияда  Британия тауарына бөгет қою, британдықтардың барлық шараларын іске асырмау, сонымен байкот жариялау мақсаты күн тәртібіне қойылады. Енді индиялылықтардың көсемі – Махатма Гандидің соңына мыңдаған адам ереді, миллиондаған адам оны жақтайды.

1919 жылы 13 көкекте   Амритсарда (храм, мінажат орны)  индиялықтардың қарулы көтерілісі  болды, 400 адам қырғынға ұшырады. Сондықтан бұндай әрекеттер жалғаса берсе көп халықтың тағы да бекер қырылуына  әкелуі  мүмкін еді. Бұл трагедиялық оқиға Махатмаға сабақ болды.

1930 жылы ағылшындар ас тұзына салық салды.  Махатма Ганди британдықтардың тұз салығына  қарсылық акциялар ұйымдастыра  бастады. Қарапайым индиялықтардың жанына қатты батқан салық қарсы саяси протест әрекеттер тудырды. Бұл кез Махатманың халық арасында абыройының өскенін көрсетеді. Сонымен Махатма бастаған топ теңізге тұз өндіру 250 жорығын жасады. Тұз жорығынан бастап Махатманың саяси ықпалын индиялықтардан басқа Британ Үкіметі де мойындай бастады. Енді Индия үшін саяси егемендікке жету  күн тәртібіне қойылды.

Ганди көкеміздің  үлгісі бүгінгі Қазақстанның күн тәртібінің  тақырыбына тікелей қатысты. Бейбіт жолмен саяси мақсаттарға жету – позитивтік дәстүр. Әрине, 1930 жылдағы Индиямен Қазақстанның айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі, бүгін біз – егемен елміз. Екіншіден Гандидің бірқатар әрекеттері деструктивті және керітартпа. Себебі Гандидің бірқатар талаптары британ цивилизациясының маңызды жетістіктері негізсіз  теріске шығарылып байкотқа ұшырады.   

Бізге гандизмнің қолданатын күрес жолдары, айталық, қоғамды үлкен дүрдараздыққа түсірмей принципиалды позицияны ұстау қажет. Бұл жағдайдың мемлекттік тілді жүзеге асыру жолдарына қатысы бар. Гандидің келеңсіздікке қарсы тұруда  ұсынған жолдары радикалды жолдардан бізді сақтандырады. Айталық,  мемлекеттік тілді пайдаланбаудың түрлі жолдарын тапқан қазақ шенеуніктерінің әрекетіне сай шара  қабылдау керек. Ұсынарымыз – гандилық ресми тіл байкоты. Біріншіден, қазақша сөйлемеген шенеунік қызметінен айырылады, мемлекеттік тілдің құзырын орнына келтірем дейтіндер алдымен баспасөзге, прокуратураға  хабарлау, сотқа беру; екіншіден, полиция қызметі – жергілікті , жол полициясы, криминалдық полиция қызметкері міндетті түрде мемлекеттік тілді жария және приоритетіне айналдыруды мақсат еткен жөн. Ақылы қызмет бизнесі – шаштараздар, дүкендер, басқа ақылы қызмет көрсететін  орындар қазақша қызмет көрсетпеген жағдайда тұтынушы  тарапынан бойкотқа түседі.

Сіздер (заң бұзушылар) мемлекеттік тіл туралы баптарды бұзасыңдар, сондықтан мен (қызмет тұтынушы) сіздердің қызметіңізден  уақытша (жағдайды өзгерткенше) бас тартамын деп ескертіп, сол мекеменің ақылы қызметінен бас тартады. Мысалы, мен пәтерлерді қорғау қызметі фирмасымен сөйлескеннен кейін олар 2-3  айдан кейін қазақ тілінде қызмет көрсететін болды, онысына рахмет. Үшіншіден, қазақтан басқа этнос өкілдері, бірақ қазақшаны жақсы меңгерген қызметкерлер корпусы керек. Олар қазақша тіл қатпайтын, немесе саналы түрде  қазақшаны айналып өтетін қызметкерлерді люстрациялау жолымен алмастырады. Сонда мемлекеттік тілдің жанашырлары, қазақ емес этнос өкілдерінен құрастырылып, тілдік жағдайды күрт өзгертпек және қазақтан басқа этнос өкілдері истеблишментте көбейеді. Төртіншіден, оқу ісінде бірегей мемлекеттік бағдарламаның  керектігі: қазақ мектебінен басқа мектептер мен кластар мемлекеттік тілге жарымай жүр. Өкінішке орай, олардың жағдайы оқу бітірісімен – ұлдар тек кетпен шабуға, қыздар – тек дүкеншіге жарайды. Сондықтан, аз ұлттар мектептерінде (орыс, украин, өзбек, ұйғыр, тәжік кластарында ) аз дегенде 6-7 пән мемлекеттік тілде оқылуы керек. Әрине, аз ұлт мектептерінде істеп жүрген оқытушылар сол сағаттарды мемлекеттік тілде жүзеге асыра алады.

Сонымен Ганди көкемнің  бізге айтары бар: қарсылас қандай опасыз болса да жұмсақ жолмен күресу абзал. Бірақ Ганди көкемнің  ымырасыз күресу керектігі принципіне  назар аударар едім. Әрине, қазақ тілі өзінің ішкі потенциалы мен қуатын  пайдалана отырып, өсіп және кең тарап келеді. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау маңызды, себебі ол Гандидің тілі емес, өзіміздің тіл емес пе?.

http://www.telegraph.co.uk/news/worldnews/asia/india/9840076/The-truth-about-Mahatma-Gandhi-he-was-a-wily-operator-not-Indias-smiling-saint.htm Patrick French is the author of 'India: A Portrait’ (Vintage) l; http://www.biography.com/people/mahatma-gandhi-9305898

Әзімбай Ғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1035
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 909
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 681
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 761