Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Қоғам 7752 0 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 13:03

ҚОЙ ТЕРІСІН ЖАМЫЛҒАН ҚАСҚЫР ЖЫЛЫ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

Әуре-сарсаңға толы 2015 жыл да аяқталып, жаңа 2016 жыл жақындап келеді.  Көшелерге әшекейлер ілініп, Елбасы жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Енді, қазақстандықтар Мемлекет басшысының құттықтауын есту үшін теледидар алдына жиналады. Әрине, дәстүр бойынша. Қой жылын өткеріп, мешін жылына аяқ бастық. Қой жылында қойдан жуас халықтың қорасында қоқым тастар тұяқ қалмайтында дағдарыстарды өткерді. Төбемізден билік жүргізетіндер төл теңгеміздің тұқымын тұздай құртып тынуға әрекеттенуде. Осы және өзге де есте қалар ірі оқиғаларды еске түсірейік. Дәстүр бойынша өтіп бара жатқан жылы Қазақстанда болған басты оқиғалар жайлы қорытынды жасау әдетке айналды.

 Қазақстанның сыртқы қарызы 7 триллионнан асып жығылды


2015 жылдың желтоқсан айының көрсеткіші бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік қарызы 7,68 триллион теңгеден асып жығылды. Бұл соманы 17 миллионан асар-аспайтын халыққа бөліп есептеу үшін кәдуілгі калькулятордың да күші жетпейді. Мысалы, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2005 жылдың 1-қаңтарында бұл көрсеткіш 1,33 триллион теңге болған.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткіздік


26 сәуір күні Қазақстанда кезекті рет кезектен тыс Президент сайлауын өткіздік. Бұл сайлауда мемлекет тізгінін 25 жыл бойы ұстап келген қазіргі Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Айқын дейтініміз, соңғы сайлауда Елбасына дауыс берушілердің пайыздық көрсеткіші – 97,7-ні құрады.

Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның жаңа қызметі


11 қыркүйек күні Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін Назарбаева ханым бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің вице-спикері болған. Дариға ханымның жаңа тағайындауына қатысты әлеуметтік орта мен саяси сарапшылар тарапынан түрлі болжамдар айтылды.

Төл теңгемізді еркін айналымға жібердік


20 тамыз күні Қазақстанның Ұлттық банкі жаңа валюталық саясатты жүзеге асыратынын мәлімдеп, теңгені еркін айналымға жіберді. Ал осы шешімнен кейін Қазақстанның  ұлттық валютасы 87 пайызға құлдырап, Еуропа мен ТМД елдері арасында ең құнсыз валютаға айналды. Осылайша, бас банкир болған Келімбетов  көке із-түссіз жоғалып кетті. Орнына Ақышеев келді. Бірақ, теңгені тұрақтандыруға Ақышеевтың да шамасы жетпеді. Керісінше, жағдай ушыққан үстіне ушығып кетті. Осылайша, 1 жылдың ішінде екі мәрте девальвацияны өткердік.

Айналымға 20 мың теңгелік купюра енгізілді


Ұлттық экономикамыз 100 пайыздық девальвацияны өткеріп жатқан кезде,  айналымға 20 мың теңгелік купюра енгізілді. Бұл да өз кезегінде  инфляция өсімі мен теңгені таргеттеу жүйесіне бірден көшуге тура келгендігін көрсетеді. Демек, бас банкирдің басқа амалы қалмағаны. Тіпті, жаңа купюраға қатысты Елбасының өзі отандық телеарналардың біріне сұхбат беріп, қалжыңдаған болатын. «Енді тойларға барғанда қиналмайтын болдық. Бірден сыйлыққа осыны апарасыңдар»,-деген Елбасы.

Қазақстан Ядролық банкті іске қосты


Қоғамдық ортаның қарсылығана қарамастан, Қазақстан үкіметі Халықаралық атом энергетикалық агенттігі (МАГАТЭ) мен  еліміздің территориясында төмен байытылған банкін ашу туралы келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан үкіметі ядролық банк оның айналасында орналасқан елді-мекен тұрғындарының денсаулығына залалын тигізбейтінін айтып сендірді.  Алайда, сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. Сонымен, енді Қазақстан топырағы МАГАЭТ-нің өте қауіпті уран қалдықтарын сақтайтын қоқыс  алаңына айналады. Ал бұл қоймалық үшін ел бюджетіне не болғаны – 10 миллион доллар төлейді екен.

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты


2-10 қыркүйек аралығында үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов халықаралық экипаждың мүшесі болып, Халықаралық ғарыш станциясында болып қайтты. Кейіннен, Қазғарыш агенттігі – Айымбетовтың ғарышқа ұшуының құны -  ел бюджетіне 20 миллион доллар салмақ салғанын айтты. Дәл осындай соманы Байқоңырдағы Ресей үкіметі талап еткен. Айта кетейік, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресей үкіметі жыл сайын Байқоңыр үшін 40 миллион доллар төлейтін.

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік


Ресей Президенті Владимир Путиннің құйтырқы мәлімдемесінен кейін (Ол қазақтарда бұрын мемлекет деген атымен болмаған деген) Елбасы арнайы тапсырма беріп, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Тараздағы тойды ұйымдастыру жұмыстары, Елбасының жанында бақыттан басы айналып жүрген  Мәдениет пен спорттың министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлына тапсырылған. Осы дөңгелек датаға орай «Қазақ елі» сериалын түсіру туралы шешім шығарылған. Алайда Әбраймовқа берген қаражат қайда кеткені түсініксіз, ақырында халықтан жылу жинауға кірісті. Нәтижесінде сарыла күткен сериалдың тек трейлерін ғана көрдік. Ал сериалдың өзін келер жылы көріп қалуымыз ықтимал.

МС-лер пайда болды (Сайлаубек, Кәрім, Ахметжан)


Көше шарлап, шарап ішіп жүрген Сайлаубек деген атыраулық азамат бір-ақ, күнде интернетте жұздыз атанды.  Өзір өнерпазбын деп есептейтін МС Сайлаубек түсініксіз тілде рэп оқып, эстрадаға есіріп келді. Енді ол тойлардан-тойларға шығып, киелі сахнада тайраңдайды. Иә, өнердің құны осындай деңгейге түскенін біз қой терісін жамылған қасқыржылында ғана білдік.

Сонымен қатар, қазақстандық шенеуніктер де Сайлаубектен қалыспады. Олимпиаданы Алматыда өткізу үшін жанталасқан Алматы қаласының экс-әкімі Ахметжан Есімов те, Халықарылық комиссияның алдында күлкіге қалған еді. Ахаңның айтқан «ви нид зис гейм» деген сөзі әлеуметтік желіде хитке айналды. Осылайша МС-лердің саны екеу болды. Кейінірек, Үкімет тізгінін үздіксіз ұстап келген Кәрім Қажмұқанович те, Қытайға жасаған ресми сапарында «қытайша» сөйлеймін деп, МС деген атаққа ие болды. Мемлекеттік тілге мақұрым Мәсімовтің қытайшасы да жетісіп тұрмапты.

Қазақ билігінің негізгі оппонеті – Әлиев өзіне-өзі қол жұмсады


2015 жылы Қазақстан билігінің диссиденті, экс-елші Рахат Әлиев, Австрияның Вена қаласындағы түрмеде асылып қалды. Австрияның Kurier басылымының мәліметінше, Әлиев камерада асылып қалған күйі табылды. Ал адвокат Әлиевтің суицидке барғанына күмән келтіреді.

Түйін: Қой терісін жамылған қасқыр жылын жарты құрсақ, жарым ырыс болып өткердік. Келе жатқан жыл – мешін жылы. Иә, бұл жыл да біздің халық үшін оңайға соқпайтын секілді. 1 қаңтардан бастап қымбатшылық басталады. Бір ғана мысал, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ішкі қатынастардағы темір жол бағасы 7 пайызға қымбаттайды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ  вице-президенті Берік Қамалиев мәлімдеген. Дерек «Дат» тәуелсіз басылымынан алынды. Дайындалыңыздар, дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Айтпақшы, күнтізбелік жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 381
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 199
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 215
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 210