Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ел іші... 4362 0 пікір 25 Желтоқсан, 2015 сағат 16:22

ҚОЙ ЖЫЛЫ ҚЫЗЫЛОРДАҒА НЕ БЕРДІ?

Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жыл барысында аймақта атқарылған жұмыстар жайлы есептік брифинг өткізді.

Әр әкімнің басты міндеті -  аймақ халқының әл-ауқаты. Облыс жұртының әл-ауқаты дегеніміз, ол – өңірдің әлеуметтік экономикалық жағдайы. Қырымбек Көшербаевтың Астанада өткізген есеп беру отырысында аймақ жайынан айтқан сөзіне қарап, Қызылорда облысы бұл жылды да  жақсы көрсеткіштермен аяқтағаны анық байқалады.

Біз әдетте, осы бір «жақсы көрсеткіш» деген кезекші сөзге күмәнмен қараймыз. Ол сөздің артында нақты іс жоқтай көрінеді. Бірақ, әр жақсы көрсеткіштің артында жұмыс тапқан адам және оның жағдайы түзелген отбасы, қыс болса үйге қамалып отыратын балалардың жаңа салынған балабақшаға барып, ортасын тауып, ойыны қанвп, құрдастарымен бірге әріп таныған бақытты бала, бірнеше ауысыммен оқудан, кетеуі кеткен ескі мектеппен қоштасып, жаңа заманауи жабдықталған мектепке көшкен оқушылар, қыс келсе қаптап көмір тасудан құтылып, көгілдір газға қосылып еліндегі бар байлықтың қызығын көрген шаңырақтар тұрғанын ұмыта береміз.

Сөзіміздің дәлеліне облыс әкімінің деректерін келітерйік. Мектептен бастайық. «Мемлекет басшысы Үкіметке, облыс әкімдеріне бірнеше тапсырма берген болатын. Оның біріншісі - үш ауысымдық мектептер проблемасын жою. Бұл мәселені біз өткен жылы шештік. Қызылорда облысында үш ауысыммен білім беретін мектеп 2014 жылдан бастап жоқ». Көшербаев мектеп мәселесін ғана емес, жоғарыда біз бейнелеп айтқан балабақша мәселесінде түбегейлі шешкен. «Қызылорда облысы 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілді. Біз бұл проблеманы ағымдағы жылы шештік. Бұған қоса, балабақшалар мен шағын орталықтардың басым бөлігі, 405-і мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыратын жекеменшік балабақша мекемелері. Яғни, осынау үлкен әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға бизнес белсене қатысты».

Қызылорда облысының біраз өңірі биыл көмірден құтылып, табиғи газға қосылды. Бұл да елдің әлеуметтік жағдайының бір сатыға жақсарып, еңсесін көтергені айтпаса да түсінікті. «Біз ағымдағы жылдың ішінде Арал қаласын Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған және Қызылорда төңірегіндегі бірқатар елді мекенге газ жүргіздік. Биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ымен бірлесіп, жалпы сомасы 23 млрд. теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылды. 2016 жылы Жаңақорған, Тереңөзек, Жалағаш және Қызылорда қаласында қалып отырған 120 тұрғын үйге газ жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз негізгі елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстарын аяқтайтын боламыз», - деді Қ.Көшербаев.

Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзге аймақ басшыларына қарағанда, іскерлігі нақты жұмыспен ұштасып, нәтижесін беретіні жалпыға мәлім. Осының бір айғағы, Көшербаев Қызылорда облысы экономикасын әртараптандыруды қолға алды. Ол нәтижесін берді. Қараңыз: Қызылорда облысында соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі 122,2 пайызға өссе, соңғы 3 жылдың ішінде өнеркәсіп деңгейі 4,5 есе көтерілген.

Қызылорда десе, Арал еске түседі. Арал тек қана Қазақстанның емес, көршілес бірнеше елдің ең үлкен экологиялық мәселесі. Әрине, Арал мәселесін бір облыстың әкімі шеше алмайды. Бірақ, шеше алмайды екенмін деп қарап отыру тағы болмайды. Арал мәселесінде Қырымбек Елеуұлы былай деді: «Бүгінгі күні Арал теңізінің су деңгейі 38-ден 42 метрге дейін көтерілді. Әрине, теңізді бүкілімен сақтап қалу мүмкін емес. Біз тек солтүстік бөлігін ғана айтып отырмыз. Судың минералдануы литріне 23-тен 13 грамға дейін төмендеді. Кезінде теңіз өз жағалауынан 94 шақырымға кері шегінген еді. Таяуда ғана ұшақпен қарап шықтым, теңіз жағалауы Арал қаласына дейін 17 шақырым қалды.

Арал теңізінен балық алу көлемі 20 есеге өсті. Бұрын балық өңдейтін 3 зауыт болса, қазіргі уақытта олардың саны 8-ге жетті. Бүгінде көксерке балығын Брюссельге жеткізудеміз. Еурокодта алдық, 400 жұмыс орнын қамтамасыз еттік. Балқаш, Қапшағайға және басқа да жаққа кетіп қалған Арал балықшылардың барлығы да қайтып келді. Экспорт көлемі 3,6 есеге өсті. Арал теңізінде балықтың 22 түрі оралды».

Қой жылы атқарылған жұмыстың игілігін ел көрді. Бұған қоса, Қызылорда өңірінде тарихи-мәдени шаралардың қой жылғы үлесі көп болды. Оған Көшербаев мырзаның табандылығы мен іскерлігінің арқасында Байқоңырдағы 6 мектеп Қазақстанның білім жүйесіне көшті. Бұл да қой жылының еншісіндегі жемісті жұмыстардың санатында.

Нақты іспен ұштасқан іскерлік пен еңбек өз нәтижесін көрсетті. Қой жылы Қызылорда үшін сүбелі жыл болды.

 

Abai.kz

0 пікір