Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2500 0 пікір 14 Маусым, 2010 сағат 18:45

Несiпбек АЙТҰЛЫ. Өлгеннен кейiн бiздiң де кезегiмiз келер

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың,
Премьер-министр Кәрiм Қажымқанұлы Мәсiмовтiң,
Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi комиссияның назарына

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың,
Премьер-министр Кәрiм Қажымқанұлы Мәсiмовтiң,
Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi комиссияның назарына

Әдебиет пен өнерге екi жылда бiр берiлетiн Мемлекеттiк сыйлық өткен жолы ешкiмге берiлмей қалды. Үмiткерлерге Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi комиссия тарапынан көпе-көрiнеу қиянат жасалды. Ол туралы республикалық баспасөз беттерiнде үлкен шу көтерiлдi. Қазақ өнерiнiң бiлгiрi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреа¬ты, Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi комиссияның мүшесi, жазушы, мар¬құм Ақселеу Сейдiмбек ағамыз «Айқын» газетiне берген сұхбатында былай деген едi: «Қазақ халқы халық болып ұйысып, мемлекет болып еңсе тiктегелi сөз өнерi ең рухани басты қызметшi болып келе жатыр едi. Әлi де солай екенiне ешқандай күмәнiмiз жоқ. Рухани мәдениеттiң басқа толып жатқан салаларының барлығының көшбасшысы – сөз өнерi. Барлық мәденирухани саланың iргетасы, өзегi болып келе жатыр. Қазақтың сөз өнерi бұл қызметiнен бiр сәт кiрпiк қаққан жоқ, бiр сәтке жалтарып көрген жоқ. Ал, ендi, биылғы доданы сөз өнерiнiң қадiр-қасиетiн парықтауға келгенде жiберiлген кемшiлiк деп есептеймiн. Бұл – үлкен орны толмас өкiнiш. Мұны қажет болса, саяси ұстанымдағы қателiк деп есептеймiн. Биыл iрiктелiп, сұрыпталып шыққан екi ақынымыз (Несiпбек Айтұлы мен Серiк Ақсұңқарұлын айтып отыр – редакция) отызға тарта бәйгеге түскен сөз өнерiнiң iшiндегi ең әдiл сұрыпталып шыққан, ең қуатты ақындарымыз едi. Бұл азат рухымызды жырлаған, азат рухты әдебиетiмiздi жаңа деңгейге көтерген сапалы сөз иелерi едi екi ақын. Осыны тани алмағанымыз, тани тұрсақ та саяси қисындарды желеу етiп, солардың қадiр-қасиетiн түсiне алмағанымыз менi қатты өкiндiредi. Президенттiк сыйлықтың бағасын арттырамыз деп, әдебиетiмiз бен өнерге баға берудi шектесек, ол бiздiң саяси қателiгiмiз болады. Әрi саяси қателiк деп тұрғаным, Тәуелсiздiк алғаннан кейiн бұл бiздiң рухани бедеулiкке ұшырағанымызды көрсеткендей қисын болады. Бiрақ бұл шын қисын емес. Бұл асылды тани алмаған, шын биiк өнердi парықтай алмаған бiздiң тоғышарлығымыз болады-ау деп ойлаймын. Әдебиетке қатысты адамдардың ғана дауысын iрiктеу керек едi. Ал ендi құзырлы комиссияның iшiнде қазақша оқымаған, қазақ тiлiн бiлмейтiн басым көпшiлiк адамдар отырды, олар келдi де асыл әдебиетiмiздiң парқын бiлмегендiктен сызды да тас¬тады...».
Қайран Ақаң айтуын айтты. Бiрақ оған төрде отырғандардан қыбыр еткен жан, елең еткен құлақ болмады. «Баяғы жартас бiр жартастың» кебiн киiп, ескерусiз, елеусiз, жаңғырды да қала бердi.
Мемлекеттiк сыйлыққа үмiткерлер¬дiң 2010 жылғы додасы да басталып кеттi. Мемлекеттiк комиссия Алматыда маусымның 3-i күнi өткен алғашқы отырысында қазақтың екi ұлы перзентi, марқұм Шәмшi Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжiмеденовтi көлденеңнен әкеп бәйгеге қосты. Бұл құзырлы комиссия тарапынан жiберiлген өткен жолғыдан да сорақы қателiк болды. Қателiк болғанда ешбiр қисынға да, ешбiр қағи¬даға да, керек болса мұсылмандыққа да сыймайтын, елдiкке де, азаматтыққа да сын, конкурстың шартын өктемдiк¬пен өрескел бұзған шолақ шешiм болды.

Бұлай дейтiнiм:
1. 2010 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығынан үмiт¬кер¬лерге 29 желтоқсан 2009 жылы жарияланған конкурс шарты бойынша конкурсқа шығармаларды қабылдау 2010 жылдың 1 ақпанына дейiн ғана жүргiзiледi деп анық жазылған. Осы көрсетiлген мерзiмге дейiн бұл авторларды ешкiм ұсынбаған. Жұмекен Нәжiмеденов пен Шәмшi Қалдаяқовтың аты-жөндерi протоколда жоқ.
2. Конкурс шартында: «Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына сәйкес Мемлекеттiк сыйлықты алуға жұмыстарды қабылдау аяқтал¬ғанға дейiн бес жылдан әрi емес және кемiнде бiр жыл бұрын көпшiлiк айналым үшiн орындалған бiр автордың немесе авторлар ұжымының жұмысы қабылданады» делiнген. Шарттың бұл талабы бойынша әлдеқашан қайтыс болған авторлардың шығармалары конкурсқа қабылдануы тиiс емес. Бұл – заң! Осыны көре-бiле отырып, Мемлекеттiк сыйлық жөнiндегi комиссияның төрағасы, оның үстiне басқа емес, ЕҚЫҰ-на төрелiк етiп отырған адам Қанат Саудабаев мырзаның өзi бас болып, демократиялық-құқықтық мемлекетке тән заңдылықтарды комиссияның өрескел бұзуына жол берiп отырғанын қалай түсiнуге болады? Бұл – халық бар-ау, ел бар-ау демеушiлiк, тiзеге салып, белден басушылық! Әдебиет пен өнер адамдарын бұлай басыну бұған дейiн тарихта болмаған!
Мен бұл жерде пендешiлiкке салынып, өз басымды ойлап отырған жоқпын. Имандай шыным. Аруақтарынан айналайын, Жұмекен мен Шәмшi ағамыздың қай-қайсысы да қандай да бiр мәртебелi сыйлыққа лайықты тұлғалар. Оларға еңселi ескерткiш қойса да, қаһармандық атақ берсе де артық емес. Аттары аталып қалған екен Мемлекет¬тiк сыйлық берiлсiн! Екi қолымды көтерiп қолдаймын. Бұл пiкiрiмдi биыл¬ғы Мемлекеттiк сыйлықтан үмiткер менiң басқа әрiптестерiм де қуаттайды деп ойлаймын.

Дей тұрғанмен, оу, ағайын, қай заманда халқымыз өлi мен тiрiнi бәсекеге салып жарыстырушы едi? Бiз – аруақ сыйлаған елмiз. Қазақ «аруақ аттаған оңбайды» деп жатады. Ар¬уақпен жарысып, өлiнiң алдына түскен жан бұрын-соңды болған емес. Болса бiлместiк¬тен, пендешiлiктен абайсызда кеткен бiрер жағдайлар болған шығар. Тiрiнiң тартысына өлi аруақты сүйрелеп әкелiп салу – жақсы ырым емес! Ұлы тұлғалардың көзi тiрiсiнде өз бағасын ала алмағаны – әрине, үлкен өкiнiш. Сонда өткен өкiнiштiң орнын толтырудың, өлi аруақты разы етудiң жолы осы ма едi? Өлiнiң тынышын алып, тiрiнiң сағын сындыру кiмге керек болды? Турасын айтсақ, бұл – өлiнi де, тiрiнi де қорлау. Намысқа тиетiн мас¬қара қылық. Немесе тiрiнiң жолын кесу үшiн өлi аруақты әдейi көлденең тартқан әлде¬кiм¬дердiң жымысқы, пасық әрекетi. Ең көп дауыс алып, конкурстың екiншi кезеңiне шыққаныма қарамастан, мен өзiмдi қазiр аруақ аттағандай сезiнiп отырмын. Егер бұл мәселенi әу бастан ашып айтып, «Жұмекенге Мемлекеттiк сыйлық берейiк» дегенде кiм қарсы болатын едi? Онда бұл жолы бiздер конкурсқа қатыспай-ақ қоятын едiк қой. Комиссия бiздi өте ыңғайсыз жағдайға қалдырды.
Теледидардан комиссия төрағасының аузынан: «Дү¬ние¬ден өткен таланттарға Мем¬лекеттiк сыйлық беру – 1997 жылдан берi дәстүрге айналып келедi» деген сөз естiлiп қалды. Мен төрағаны сыйлай отырып, оның бұл пiкiрiмен мүлде келiспеймiн. Бұл – ойланбай айтылған асығыс сөз, ағат пi¬кiр. Мұндай iстi дәстүр түгiлi әдетке айналдырудың өзi ұят. Рас, бұған дейiн Асқар Сүлейменов пен Мұқағали Мақа¬таев марқұмдарға Мемлекеттiк сыйлық берiлген. Алайда, өкiнiшке қарай, оларды да тiрiмен таластырдық. Бiрақ оларға әлдеқалай кезеңдiк жағдайға байланысты берiлген болар деп ойлап, ендi қайталанбас деп сендiк. Соған сай iле дүниеден өткендердi сыйлыққа ұсынуды тоқтату жөнiнде арнайы қаулы да шыққан едi. Ұмытпасам, 2006 жылы сол қаулыны тiлге тиек етiп, Мемлекеттiк комиссия талантты ақынымыз мар¬құм Жарасқан Әбдiрәшевтi конкурсқа жiбермей, ұстап қалғаны есiмiзде. Әйтпесе, Жарасқан кiмнен кем едi?

Ендi сол алынған қаулы да, тоқтасқан пәтуа да далада қалып отыр. Аруақты тағы да қозғадық. Егер Шәмшi мен Жұмекеннiң жөнi бөлек, Мем¬лекеттiк әнұранның авторлары ретiнде конкурс шартына қарамай-ақ, орта жолдан қостық дейтiн болса, онда әнұран мәтiнiнiң екiншi авторы президенттiң де аты-жөнi неге аталмайды? Әйтпесе, тiрiлермен жарыстырып, аруақтарды мазаламай-ақ, ерекше құрмет көрсетiп, арнайы Үкiмет қаулысымен марқұмдардың өздерiн жеке неге марапаттамасқа? Мемлекеттiк саралаудан өткен, Парламент бекiткен, мәтiннiң жаңа нұсқасын Нұрсұлтан Әбiшұлы Назар¬баевтың өзi жасаған қасиеттi әнұранды кезiнде ұсынбай, ендi әкелiп конкурсқа салудың бiзге белгiсiз әлдебiр сыры бар ма? Сондықтан да бiздер өзiмiздi-өзiмiз сыйлайтын болсақ, мемлекет¬тiк рәмiздерiмiздi қастерлейтiн болсақ, Әнұран авторларына олардың мәртебесiн төмендетпей, жалпымен жарыстырмай, жеке құрмет көр¬сету керек емес пе?! Ал, олай болмайтын болса, осы ке¬леңсiздiктi дәстүрге шын айналдырғымыз келсе, аруақтарды алаламай, ұлт мүд¬десi тұрғысынан тұтас қарайық. Арыға барып, Абайды мазаламай-ақ қояйық, Алаш арыстарынан бастап, кеңес заманында дүниеден өткен әйгiлi тұлғалардың бәрiн түгендеп шығайық. Ұлт үшiн бастарын оққа байлаған Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтардың қайраткерлi¬гiн былай қойғанда, арттарына қалдырған асыл мұраларының кез келгенi Мемлекеттiк сыйлық алуға қақылы. Соңына «Күй», «Күйшi», «Құлагердей» поэмалар қалдырған Iлияс Жансүгiровтi, қара сөздiң майталманы Бейiмбет Майлин¬дi, сырлы сазды Сәкен Сейфуллиндi, қазақты әлемге танытқан жыр алыбы Жамбылды, дастан дүлдүлдерi Иса Байзақов пен Нұрхан Ахметбековтi, Мұқағалидың өзi табынған Қасым Аманжоловты, сөз зергерi Зейiн Шашкиндi қайда қоямыз? Одан берi түссек, кеше көзiмiз көрген Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Оспанхан Әубәкiров, Тәкен Әлiмқұлов, Қанипа Бұғыбаева, Зейнолла Шүкiров, Еркеш Ибраһим, Сағат Әшiмбаев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшiлiк Мырзабеков, Жарасқан Әбдiрәшев, Марат Қабанбаев тағы басқалар бар.

Музыка саласына келсек, Парижде әлемдi қазақ әнiмен таңғалдырған Әмiре Қашау¬баевты, «Қорландай бiр ән шығарсам арманым жоқ» деп Шәмшiнiң өзi табынған Естай Беркiмбаевты, әйгiлi «Махаббат вальсiнiң» авторы Бекен Жамақаевты, қазақ ән өнерiнiң жарық жұлдызы Әсет Бейсе¬уовтi қайтемiз? Дәстүрлi әннiң бұлбұл көмей, жезтаңдайлары Жәнiбек Кәрменов пен Мәдина Ералиеваны қалай ұмытамыз? Замандасы Қайрат Байбосынов, шәкiртi Бекболат Тiлеуханов алған сыйлықты Жәнiбекке, әрiптесi Мақпал Жүнiсова алған сыйлықты Мәдинаға неге бермеске? Осылардың бәрi де Мемлекеттiк сыйлыққа лайық марғасқалар! Сондықтан дүниеден өткен¬дер¬дi рет-ретiмен, жөн-жобасына қарай кезекке қойып, нөмiрлеп, шетiнен Мемлекеттiк сыйлық берейiк те отырайық. Сонда аруақтар да риза болады. Мiне, «дәстүр» деп осыны айтады.
Ал, Тәуелсiздiк алған жиырма жылдан берi әдебиет пен өнер саласында әлемдi аузына қаратып отырған азат Қазақстанның бүгiнгi тынысын толғаған, ауыз толтырып айтарлық талай тамаша туындылар дүниеге келдi. Тек оны көре бiлетiн көз, таразылай бiлетiн түйсiк, саралай бiлетiн зерде, бағалай бiлетiн биiк өре керек, ең болмағанда, көркем шығарманы қазақша түсiнiп оқи алатын сауат керек. Өзгенi айтпағанда, биылғы Мемлекет¬тiк сыйлыққа ұсынылып, ал¬ғашқы талқыдан өтпей қалған Мұхтар Мағауин, Смағұл Елубаев, Жәркен Бөдешов, Сейiт Кенжахметов, Софы Сматаев, Рахымжан Отарбаев, Адам Мекебаев, Жолтай Әлмешев тағы басқалардың Тәуелсiздiк тұ¬сында тудырған тегеуiрiндi шығармалары әдебиетiмiздiң үлкен олжасы екенi анық. Тәуелсiз Қазақстанның тұғырлы тарихын жазу, жасампаз келбетiн жырлау қазақ қаламгерлерi барда мәңгi жалғаса бередi. Сыйлық алса да, алмаса да!

Егер ешқандай өзгерiс болмайтын болса, Мемлекеттiк сыйлықтың биылғы жылғы бәйгесiн ендiгi жерде әрi қарай жалғастырудың мәнi жоқ деп бiлемiн. Осымен тоқтатса да болады. Өйткенi, тарихта ар¬уақпен жарысып абырой тап¬қан адам жоқ! Марқұм Жұмекен мен Шәмшi ағаларымыздың рухтары разы болсын! Мәселе сыйлықта емес, аруақты сыйлай бiлуде! Өлi аруақпен жағаласып, етегiне жармасып жату тiрiге жараспайды. Менiң бұл пiкiрiме бәйгеге түсiп жатқан қаламгер әрiптес¬терiм де қосылатын шығар. Аржағын Мемлекеттiк комиссия мүшелерiнiң ар-ожданы бiлсiн. Өлгенмен жарысып, өнеге қалдырмай-ақ қояйық! Өлгеннен кейiн бiздiң де кезегiмiз бiр келе жатар...

Жас Алаш №46 (15504) 10 маусым, бейсенбі 2010 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1031
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 904
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 679
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 759