Сенбі, 4 Мамыр 2024
Алашорда 8452 0 пікір 15 Қаңтар, 2016 сағат 09:14

ИСАТАЙ БАТЫР ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕН?

Шындықты сіз айтады деп сенемін!

Ноэль Шаяхметовпен бірге Исатай батырдың мүрдесін іздеген жалғыз тарихшы профессор Зәкіратдин Байдосовқа (СУРЕТТЕ) хат

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе облысы, Қобда ауданындағы Шейітсайда Исатай батырға арнап кесене орнатылған болатын. Бірақ батырдың жамбасы тиген жер төңірегіндегі дау әлі тиылар емес. 
Ақтөбе облыстық "Ақтөбе"  газетінің редакциясына Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, зерттеуші Ғаділше Өтебәлінің белгілі тарихшы Зәкіратдин Байдосовқа жазған хаты келді. "Біз хатты жариялай отырып, тарихшы ағамыздан жауап күтеміз. Өзге де тарихшылардың, зерттеушілердің пікірлері болса, көпшілік назарына ұсынуға әзірміз" деп жазады аталған газет  http://www.aktobegazeti.kz/?p=35409  

Құрметті Зәке!
Сол 2009 жылы 8 шілде күні Ақтөбедегі үлкен мешіттегі жұмыс кабинетіңізде Сізді мұқият тыңдадым. Байқасаңыз, қалың қара дәптерім қолымнан түспеді. Түртіп отырдым. Сіздің әуелден анық сөйлеп, екіұшты-асығыс пікірге жоқ екеніңізді білетінмін. Сол Шейітсайда Ноэль Шаяхметов белгілі төрт қабірді қазғанда зерттеушінің қасында болыпсыз. Әрқайсысынан қандай мүрделердің табылғанын жіліктеп айтып бердіңіз. Ғалым адамның ұқыптылығы болар, алдыңыздағы біржапырақ қағазға сол төрт қабірдің орналасу схемасын сызып (батыс-шығыс бағдарын көрсетіп) маған ұсындыңыз. Исатайдың сүйегі жоқ. Сіздің осы жазбаңыз қолымдағы Исатай мұрағатындағы мен үшін құнды құжат.
Үшінші қабірдегі ірі ересек адамның сүйегін Н.Шаяхметов жан-жақты тексергенін айттыңыз. Сіздің қолыңыздағы менің кітабымның («Жемқор хандықтың құрбаны» 2010 ж., бірінші басылым) 50-ші беті: «Сүйек түгелдей сыртқа шығарылды. Бас сүйекте тарихи әдебиетте дәлелденгендей, қылыштың ізі байқалмаған. Сондай-ақ, еш жерінде оқтың ізі де жоқ болған. Екі метрге жуық бойшаң адамның сүйегі. Сондықтан Н.Шаяхметов мына сүйек Исатай Таймановтікі деп айта алмайтынын білдірген. Шаяхметов осы бас сүйекті Алматыға алып кетіпті.» Осы жолдар Зәкеңнің деректеуінше жазылды. Зәкіратдин Байдосов — Н.Шаяхметовтың Шейітсайдағы қазба жұмыстарының басы-қасында болған бірден-бір жергілікті тарихшы. Бірнеше жылдан бері қолда бар материалдарды таразылағанда, жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қылыш кескен, оқ тесіп өткен адамдардың мүрдесі кездеспегеніне қарап, Қиылдағы Шейітсайға Исатай батырдың, оның сарбаздарының денесі әкелінбеген деп ой түюге болады.
Қобдалық Жауғашты Жұмағалиев үш-төрт жылдан бері «жаңалық ашып», Атырау облысын аралап, Атырау университетінде Шейітсайда Исатайдың сүйегі «табылғанын» жариялап, дәріс оқыпты. Жоғарыдағы бір сөйлемге бір ғана сөз қосып: «Ноэль Шаяхметов Исатайдың бас сүйегін Алматыға алып кетіпті» — деп жазды («Жас Алаш», 05.09.2014 ж.). Исатай батырдың сүйегі «табылған» болып шықты. Жауғашты кім? Н.Шаяхметовке көмекке Ойылдан қосылған он шақты жұмысшы жігіттердің бірі. Төзімділік танытып, экспедиция жұмысының аяғына дейін болған. Жоғарыдағы төрт қабірді ашып қарағанда, Н.Шаяхметов екеуіңіздің қасыңызда бола қоймағандай. Уақыт өте бара, бір жаңалық айтқысы келгендегі уәжі де. Және бұл ағайын үлкенді-кішілі газеттерге берген мақалаларда «Н.Шаяхметов экспедициясында Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының (Байсалбай Жолмырзаевтың) тапсырмасымен біздің басшымыз тарихшы З.Байдосов болды», — деп айтпайды. Сіз жоқсыз. Н.Шаяхметов тірі болса да алыста. Шейітсайда он шақты күн жер қазып бейнеттенген Жауғашты сөйлемегенде кім сөйлейді? Солай дегенмен, тарихтың бетін ашпай сөйлеп (жазып) жүрген тарихшылармен салыстырғанда Жәкеңнің пендешілігі кешірімді.
Ақшалы «спонсорлар» тарих не дейді, батырдың соңғы соғысы қай жерде болды деп сұрамайды. Ал атыраулық тарихшы, профессор А.Шамғонов ең болмаса, Қобда ауданының топо-картасын (2009 ж. Ақтөбе, «Батысгеодезия») қолына алып, Карл Гекенің 13.07.1838 жылы Орынбор губернаторына жолдаған рапортын неге оқымайды деп ренжимін. Исатайдың Ақбұлақ өзені жағасында өлтірілгені туралы алғашқы құжат. Әр ауылдық кітапханадағы «Махамбет әлемі» көптомдығының 9-шы кітабы, 290-292 бб. 1991 жылдан бері Исатай батырды жоқтаушыларды (әсіресе батырдың тікелей ұрпақтарын) көрер көзге шатыстырып, Шейітсайда жыл сайын «ескерткіштер» ашылуы тарихи сауатсыздықтың жарнамасы болды.
Соңғы сөйлескенде (телефонмен) Сіз: «Ғаділше, соны қайтесің, салынған ескерткіш салынып қалды. Әйтеуір соғыс осы маңда болды. Исатайдың да өлген жері осы шамада» — яғни Шейітсайда дегеніңіз. Менің: «Зәке, Сіздің алты жыл бұрынғы алғашқы әңгімеңіз басқаша еді», — деп сөз жалғастыруым мүмкін болмады. Сізге, Сіз қатарлас көзіқарақты ақтөбеліктермен хат арқылы хабарласуды ұйғардым. Сізді көп жылдан бері білемін. Білімді, турашыл азамат түбі бір шындыққа бас ұрар деп жүретінмін. Қиыл өтіп, Суықбұлақ асып, Ақбұлақтың бастауында соңғы соғыс ойраны болған 30 шақырым қашықтықтағы Шолақмолда қорымын «осы маң, осы шама» деуге келіңкіремейді. «Хан ұлы басып өткісіз» Исатайдай тұлғаның қасиетті сүйегі жатқан жерді анықтауда «Жайықтың суы қырық бөшкеге» жол берілмеуі керек-ті.
Осы тақырыптың соңынан қалмай жүргенім — Халел Досмұхамедұлының сөзінің тарихилығына сенімім. Тағдырдың тәлкегін қараңызшы. Осы Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 2013 жылы қараша айында «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Исатай батырдың сүйегі Шейітсайда жерленгені туралы қаулы қабылданыпты (Ж.Берқалиев, «Егемен Қазақстан» 21.03.2014 ж). Ж.Жұмағалиев та өз мақаласында осы жиналысты атап көрсетеді. Осы жоғары оқу орнының ғалымдары Қиыл-Ақбұлақта болып, батырдың зиратын іздестіру жұмыстарын жүргізіпті деген ақпарат көзіме түспеді. Кімдер, қай жылдары? Конференцияның қолға ұстары – Ақтөбедегі «Исатай қорының» төрағасы Е.Құрманбеков пен Ж.Жұмағалиевтардың «естелік»-ұсыныстарынан аспаған. «Н.Шаяхметовтің өзі не айтты, Шейітсайдағы қазба жұмыстары кезінде бірге болған тарихшы З.Байдосовтың естелігі» («Жас Алаш», 23.10.2014 ж. Баян Сәрсембинаның мақаласы). Негізгі құжаттардың бірі – 1978 жылы Н.Шаяхметовтың журналист Жанболат Аупбаевқа (бүгінгі «Егемен Қазақстанның» бас редакторы) берген сұхбаты. Бірнеше басылымдарда жарық көрді.
Исатай батырдың зиратын іздестіру атүсті қаралып, сол советтік науқаншылдықпен атыраулықтар бірауыздан шешім қабылдапты. Тарихшы Халел Досмұхамедұлы өзі өз атындағы университетте алғашқы исатайтанушы ретінде қаншалықты бағаланды? Ағайындар-ау, Алаш көсемдерінің бірегейі, елімізде ғылымның бірнеше саласында көрнекті із қалдырған Халел Досмұхамедұлы ату жазасына кесіліп, халық жауы деген қаралаудан 1958 жылы ақталып шыққан жоқ па еді? – «За отсутствием состава преступления.» Жалпы, осы тақырыптың барлық зерттеу жұмыстарының жүгін көтеріп алатын қара нар — Халел Досмұхамедұлы университеті бола алса, Исатайға ең мәңгілік ескерткіш — оның сүйегі жатқан жерді анықтау, 1838 жылы халық батырының қаны төгілген топырақты жаңғырту.
Құрметті Зәке!
Сізді бір-екі рет Ақтөбеге арнайы іздеп баруым, телефон шалып мазалап жүргенім — Исатай батырдың соңғы шайқасының Ақбұлақ өзені бойында нақ қай жерде болғаны, қан майданда ата жауларының кескілеп өлтірген денесінің қай жерде топыраққа берілгенінің осы уақытқа дейін анықталмай келе жатқаны. Бүгінде тарихшы Халел Досмұхамедұлының «Исатайдың сүйегі Шолақмолда деген молада» пікірін жоққа шығарушылар баршылық. Солардың қарекетін жазып отырмын. Білікті тарихшы ретінде Сіздің сөзіңіз Исатай тағдырының бір кезеңін болса да анығырақ жазуға көмектеседі деген үміт қой.

Құрметпен Ғаділше ӨТЕБӘЛІ,
Батыс Қазақстан облысы.
6 желтоқсан 2015 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1201
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1094
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 831
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 967