Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3871 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 10:25

ЕНДІ БАЙҚОҢЫРДА ПРОТОН ҚҰЛАСА РЕСЕЙ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУГЕ МІНДЕТТЕЛЕДІ

Үкімет енді Байқоңырдан ұшқан зымыран апатқа ұшырған жағдайда Ресейден айыппұл өндіруді заңмен бекітіп алды. Бұдан-былай көршілеріміз ғарыш айлағынан «Протон» ұшырар кезде алдын- ала Қазақстанға ескертуі тиіс.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Ал, зымыран көкке жетпей құласа 12 сағаттың ішінде екі жақтан бірдей комиссия құрылып, шұғыл зерттеуге кіріседі. Сонда шығынды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады екен. Және құжат адам денсаулығына, табиғатқа зиян үшін айыппұл төлеуді де міндеттейді. Бұған дейінгі апаттарда Мәскеу өтемақы төлемей, түлкі бұлаңға салып келген болатын.

Үкіметтің Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалануға қатысты 17 жыл бұрын қабылданған келісімді қайта қарауына себеп бар. Өйткені, ескі заңда апат кезінде тараптардың нақты әрекеті дұрыс жазылмапты. Құжаттың шикілігінен шенеуніктер 2013 жылы Қызылорда облысының аумағына  құлаған Протон үшін Ресейге өтемақы төлете алмай отыр.

Біздің атқамінерлер «төгілген 600 тонна улы гептилден экологияға үлкен зиян келді» деген қорытынды шығарып, шығынды 13 миллиард теңге бағалаған еді. Бірақ, Мәскеу бұл соманы төлеуден бас тартқан.

"2006, 2007, 2013 жылдары  3 рет апат болды. Барлығының  санитарлық, экологиялық, техногендік зияны анықталған. Және екі тарап бірлесіп тексеру жүргізді", - дейді Ішкі істер вице-министрі Марат Демеуов.

Биыл Ресей «Байқоңырдан» тағы 18 зымыран ұшырмақ. Оның 12-сі  улы гептилмен қозғалатын протон. Сондықтан Ішкі істер министрлігі ғарыш айлағын пайдалану туралы келісімге шұғыл өзгеріс енгізіп отыр. Енді көршілеріміз зымыран ұшырар алдында 8 сағат бұрын ескертеді және апат болған жағдайда 12 сағаттың ішінде екі елдің мамандарынан комиссия құрылып, зиянды зерттеуге кіріседі. Яғни, тұрғындардың ерте қамдануына да мүмкіндік тумақ.

"Апат алған жағдайдағы Ресей тараптарының құзыреті, Қазақстан тарапынан атқарушы органдардың құзыреті және адам денсаулығына, мүлікке, экологияға, топыраққа, жан-жануарларға әсер ететін жағдайда соның айыппұлын міндетті түрде төлеу осы заңда қаралған", - дейді  сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы.

Ал, бұған дейін Ресей Байқоңыр маңындағы апат туралы еліміздің құтқарушыларына бірден хабарламайтын. Мәселен, мамандар екі жыл бұрын «Протонның» құлаған орнын екі күн іздеп әрең тапқан көрінеді.

"Орынды тапқанда онда тек шұңқыр ғана қалыпты. Сөйтсек, бізден бұрын Ресей тарапының арнайы құтқару тобы сол сәттен іске кірісіп, сол түннің өзінде зымыранның қалдықтарын алып кеткен. Бұл Қазақстан тарапынан ешқандай да ескертілмеген", - деді сенат депутаты Икрам Адырбеков.

Ал, гептил өте жылдам жанып кететіндіктен, оның ауа мен топыраққа зиянын уақыт өткен соң дәлелдеу қиын екен. Осыны пайдаланып Ресей тарапы  өтемақыдан мұлдем бас тартып отыр. Көршілеріміздің 2013 жылғы апатқа да  айыппұл төлемейтінін Ішкі істер вице-министрі Владимир Божконың өзі мәлімдеп еді, енді төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы бұл мәселе әлі шешілмегенін айтып, журналистерге екі ұшты жауап берді.

- Ресей әлі төлеген жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр.

- Өтемақыны дәлелдей алдыңыз ба?

- Жұмыс істеп жатырмыз.

Ресейден екі жылдан бері ала алмай жүрген 13 млрд теңге өтемақыға қатысты Ішкі істер министрлігіндегілердің де пікірі бір-біріне қайшы.

Божко отандық мамандар гептилден келген зиянды көршілерімізге дәлелдеп бере алмады десе, Қасымовтың екінші орынбасары Марат Демеуов Ресей экологиялық шығынды тауар мен түрлі қызмет көрсету арқылы кезең-кезеңмен өтеуде деп отыр.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар