Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Мәйекті 8226 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 10:43

ШЫҢҒЫС МҰҚАН ОППОЗИЦИОНЕР МЕ?

Адамның жаратылысы қызық. Маған кейде жалпы пенде қателіктер жіберіп, соны түзеу үшін өмір сүретіндей көрінеді. «Жаңылмайтын жақ, сүріндейтін тұяқ жоқ» дейді қазақ... Дегенмен, қатесін түсініп, қаперіне алатын адамдар да азайып барады...

Мысалы, қалың қазақ мені «оппозиционер» деп ойлайды. Неге? Өйткені, билікпен қатынасым жоқ. Ал, билік мені өзіне қарсылас санайды. Шынына келгенде, мен ешкімге қарсылас емеспін, тек қазақтың қамын ғана айтамын. Қазақтың қамын айтатынның бәрі оппозиционер болса, Атилладан басталып, Алтынбек Сәрсенбаевпен бітпей ме?!.

Жоқ! Меніңше, қазақтың қайғы-мұңына ортақтың бәрі өзінің елі мен жұртына қарсы емес. Қазір біреу білсе-біреу білмес, мысалы, бүгінгі Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН да бір кез­де «Жас Алаш» газетінде жур­налист болып жұмыс іс­теп, билікті аяусыз сынап, та­лай мақалалар жазған... Сон­да ол да «оппозиционер» ме?..

«Жас Алаш»-тың бір заман­дағы жас тілшісін есіме ал­ып отырған себебім, Nur.kz ақ­параттық порталынан мынадай ақбар оқыдым: «...Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан батыс өңірдегі діни ахуалды ушықтырып жатқандарға алаңдайтынын айтты. Шыңғыс Мұқан діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстаннан үлгі алуға ұсыныс тастады.

«Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерде үлкен қауіп төніп тұрған салафизм ағымына шектеу қойылды. Біз әлі шектеу қоя алмай отырмыз. Осы мәселеге қайтып оралмай, түбегейлі шеше алмаймыз деп ойлаймын.... Елдегі діни қатынасты реттеу үшін Өзбекстан мен Тәжікстан тәжірибесін қолдануымыз керек», деді Шыңғыс Мұқан...»

Әрі қарай Атырауда теолог мамандардың көмегіне 916 адамның жүгінгенін айтқан Шыңғыс бауырымыз өңірдегі қыл үстінде тұрған діни жағдайды реттеудің басты жолы жайында былай дейді: «2012 жылы түрлі лаңкестік әрекетке ұмтылудан кейін біраз жұмыс жүйеленді. «Дінмен тек діндарлар айналысу керек» деген түсініктен кеттік. Дін қоғамның проблемасы. Спортшылармен де жұмыс істеу керек. Олар өзге күштерге көбірек сенеді. Спортшыларымыз дінге бір табан жақын. Қазіргі қоғамда сақалға құмар спортшылар өте көп...

...Пікір қайшылықтар алаңында соғыстағыдай құлдықтағы адамды жай тартып ала алмаймыз. Санаға әсер етуіміз керек. Қазір бізде имамдарға «сіздердікі дұрыс екен» деп келіп жатқандар бар. Бірақ, «егер мен сіздерді тыңдасам, мені өз жамағатым күстәналайды. Олардан сәл секем аламын» деп келіп жатқандар бар. Былтыр басқа ағымнан 55 адамды қайтардық. Біздің көршілес елдердегідей қамап та тастауға болады. Бірақ, кез келген нәрсенің теріс әсері болады. Диагнозын біліп, емін білмейтін секілді...

...Мықты математик жасау үшін мектептен тереңдетіп білім береді. Ал, имам болатындар тек мектеп бітіреді. Имамдыққа ҰБТ-дан тест тапсырып, түсе алмай қалғандар баруы мүмкін. Қайтеді енді... Тест келіспеген соң, діни оқу орындарына барады. Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бармайды. Сондықтан мектептен бастап білікті діни мамандарды дайындауды қолға алмай, жағдайды түбегейлі шеше алмаймыз...»

...Меніңше, жаман ойлар емес. Жанашырлық та сезіледі. Керек десеңіз, қазіргі қызметіндегі тікелей міндеттерінің бірі ғой, Шыңғыстың...

Жасыратыны жоқ, біздің батыста дін мәселесінде мейлінше сақтық пен тереңдік керек. Жат жұрт­тың жаласы да, бөтен үйдің аласы да жетерлік. Адам­заттың ең нәзік сезіміне зорлық та, бұйрық та жүрмейді. Қайбір жылы өзі араб елдерінде талай жылдар елші болып келіп, қазақта дін мәселесінің ресми өкіл-басшысы қызметін атқарған біреу айдың күні аманында ешкім естімеген «умеренный ислам» дегенді шығарып еді. Онысын ешкім түсінбеді. Бұл не, өзі: «тәбеті тартылған» деген мағына ма, әлде, «Аллаға толық емес, аздап сену керек» деген адасушылық па?..

Адамда сенім не болады, не болмайды. Жартылай сенім сенім емес. Олай болса, алдымен: «Имам болатындар тек мектеп бітіреді. Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітірген бала имамдыққа бармайды» деп алып, артынша қалайша: «Санаға әсер етуіміз керек»...

Ислам бейбітшілік пен бірліктің діні. Меніңше ислам жайлы айту үшін, дін туралы тіл кеземес бұрын, ең құрығанда, мұсылманның бес парызының біреуін үзбей, үнемі, қаза қылмай орындау керек, ол намаз. Қазақ­стан­ның бірде-бір заңы мұсылманға намаз оқуға тиым салмайды...

Әйтпесе, «Мектепті «5»-пен оқып, алтынмен бітір­ген бала имамдыққа бармайды» деген сөз қазақтың Мұсылман Басқар­ма­сына, барлық имамдарға ғана емес, күллі мұсылман жамағатына қарата айтылған аса ауыр сөз! Адам аңдап сөйлеу керек! Аңдамай сөйлеудің ақырын әр қазақ жақсы біледі...

Абай: «Ақырын жүріп, анық бас...» дейді. Сөз-ақ қой...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, 

«Қазақ Елі» халықтық қозғалысының төрағасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1641
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1570
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1309
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1261