Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Әдебиет 5099 0 пікір 15 Ақпан, 2016 сағат 03:00

ҚАРТАЙҒАН ҚҰМДАРДЫҢ ҚОЛЫМЕН, СИПАДЫМ ЖҮЗІМДІ

Түн кешу

Жолдан - сабыр сұрадым, құстан - қанат,

Жылағанда төбемнен мыстан қарап.
Жанарымнан жұлдыздар төгіледі
Қара түннің кеудесін құшқанда алап...

Еміреніп, егіліп көл толқиды,
Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.
Есірік күй еңсемді езгілесе,
Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.

Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,
Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.
Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,
Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.

Үзілмеген түстерден таптым медет,
Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).
Көлеңкеме қолымды созып тұрып,
Обалымның отына баттым кенет?!

Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,
Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!
Мынау шексіз ғаламның тақсіретін
Таспасына тағдырдың жылап ойдым.

Қайтара алмай аспанның жасын, отын.
Күрсініс боп төгілер қасіретім,
Мінәжатын оқимын сынған айдың
Жалғанбаған жолдардың басып өтін.

 

Сосын мені көтеріп дүрия аспан,
Табанымнан түрткелер дүлей асқан.
Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,
Қойынына әкетер дүния астам.

Алагөбе шақ келер Арды байлап,
(Алауыз таң тап келер қарғы байлап.)
Арманымды Хақ көрер сонда менің,
“жалғыздығын отырған қалғып-ойлап...”

 

 

***

Мен Ташкентте өлер ем –
Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы.
Есенғали Раушанов

Олар да Алматыны түсінбей ме,
Түсінбесе болады қандай ақын?!
Хамит Есаман.

Сен ғана ма ең түсінер бұл қаланы,
Көктем де өткен, 
қашанғы ол мұңданады?!
Достарға айттым... 
Сырада басым қалғыр,
Құстарға айттым - олар да тыңдамады...

Құстар, құстар - адалдық серті ме едің?!
Көктің саған бұйырған көркі керім.
Көктем келе күтіп ем, (кеще басым),
Сары шалдың қасында мен кім едім?!

Көше жатыр адасқан ұлға күліп,
Ақын. 
Өлең. 
Теректер тұрған ұлып...
Кімдер енді қалады бұл маңайда,
Кімдер енді келеді?!
жылдағы үміт...

Бірі - көшін таба алмай, (бірің - шешім),
Қарға досқа, қайтейін, ұрынса өшім...
Қай даланың қаламыз жерін құшып,
Қай көктемнің оқимыз жырын сосын...

Ару қалар еске алып бақтарды әлгі,
Қайғысымен қарыған ақпан қарды.
Сосын, сосын сыр айтып масаң түнге,
Отырарсың шығарып жоқтан барды.

Несі қалды өткеннің парқын білмек?!
Алдың - құрмет, көргенің, артың - дүрмек.
...Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін,
Әділетсіз қаланың салтын күндеп...

 

 

***

Кеңістік сөйлейді салдақы көшелер тілінде,
адасқан арудың айғыздап жүрегін...
Мен болсам бұл түні 
бұлыңғыр сұлбалар итерген күнәмнің алдында сүрінгем,
білемін...

Білемін, 
көп қабат қораптар - не түрлі 
үміт пен үрейдің мүрдесін көтерген санасыз қалпында.
Ондағы сауатсыз таңба мен жазулар қашалған жарлар да
Александриялық пақырдың ең ескі иероглифтері секілді 
xайуанға сенуге шақырған
шартында...

Осының бәріне көз жұмып, 
Жетінші авеню бойында шылымын сорғылап отырған 
ессіздеу бір шалдың көңілін демегім келеді...
Сенсеңіз, менің тым ақылды жолдасым
Тәурәтті төбеге көтеріп шоқынған -
Көздерді дуаның ұшына байлаудың байырғы үлгісін білді ғой, 
демек, үндемеді...

Демек, ол - 
жөніне түсуге құлықсыз жандардың тірісін таба алмай,
әсерлі түсі мен ірілі-ұсақты картина ішінде асылған Құдайын іздеген.
...Аспаннан іздеген, 
дастаннан іздеген...

Түсінуге тырыстым 
тағы да, тағы да,
Шіркеуде қартайған сақалды, сәлделі әруақ бола алмай.
Осылай барлығы:
ізгілік ұстанған жүректің ішіне бейуақ қонақтар келеді ағыла,
кетеді ағыла.
...қона алмай...

Ал кейін
басыма қарғыстай айналып оралған 
есепсіз жат арман, бақсыкек -
жәшіктің ішінде жатады бүктеліп.
Олардың иесі - алжыған ақыл мен 
өртенген тақсірет 
Жазаның бетіне тік келіп,
жылайды...

Жылайды құлшылық:
балағын түрмеген күмбездің басында,
Мен болсам қартайған құмдардың қолымен сипадым жүзімді.
Қаралы аспанға қонбаған сөздердің қанаты, 
расында,
қастерлі жолдардың көзінде үзілді.

Сана мен мыңжылдық дәрменсіз ойлардың сұлбасы -
босаған қаңылтыр артында теңселіп барады.
Күндегі қырғыннан шаршаған мейірлі бұқаның мүйізін бағытсыз бұрғасын,
жап-жасыл қағаздар сенім мен сезімнің өлшемін еңсеріп барады.

Жарнама парағы - пірлер мен монарxия көсемі қолынан тұр басым.
(Шынымен күлген бе Джоконда?!)
Меніңше,
Ең ескі кітаптар - ғасырдың құрдасы,
жаңасы - өткенді қайталау болғанмен,
Әйелдің кінәсі жоқ онда...

Сөз

Оралар сөзге ақыры қайтіп, 
Ойларды, қайтем, ісінген?! 
Бұлдайды уақыт ақылын айтып 
жұмбақ кітаптың ішінде...

...Жұмбақ кезеңдер жасырды нені? 
Басынды кері өмірім. 
(Елестер сипап басымды үнемі -  
Шығармаушы еді жоқ ырым...)

Кеудеме зарлы тосын бойлай мұң, 
Төбемде тұрды сол қарға... 
Өзін алдаған досымды ойлаймын, 
Ізі қалмаған жолдарда...

...Ол неге мылқау, 
Ол неге бөтен. 
Ол неге бәрін жасырған? 
Мен мұндай түсті көрмеген екем... 
Өлмеген екем, 

ашынғам...

Жаныма солай жақын ғой қайғым, 
Сөзімді, қайтсін, жат өре. 
Қолымды алмаған ақынды ойлаймын, 
Жолыға алмаған кафеде... 

 

 

Ида

Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең.
Мына ғалам ертегі оқып тұрса бір қызға,
Сен де аспан қызғанған айналарсың жұлдызға,
Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем.

Ида,
Ида,
Қайда еркім?
Ессіз бола алар ма екен мұнша адам?!
Көлеңкемдей жасырып жүр ай көркін,
Аяулым-ау,
Күн жыласа, -
жыр саған,
Түн жыласа, -
жыр саған...

Не күтейін қадірі жоқ ісімнен?
Тағы қайтып сезімдерді жұтты үміт.
(Тұрар ма едің көк тұманның ішінде,
Бұл ғаламға әділдікті ұқтырып?!)

О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған...
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам.

Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..

 

 

 

***

Әлгі елес от болып кететін сияқты
тиіп қалсам,
Әлгі ару жоқ болып кететін сияқты 
сүйіп қалсам.

Әлгі есік ашылмай қалатын сияқты

қайтып барсам,
Әлгі сөз жасынға айналатын сияқты 
айтып қалсам.

Әлгі үйлер өртеніп кететін сияқты

оралмасам,
Әлгі ойлар ерте өліп кететін сияқты
жол алдаса...

Бір кезім өтпей қоятын сияқты
мұң ұрлаған,
Бір сезім жетпей қоятын сияқты 
бүгін маған.

Бір өлең жылап кететін сияқты 
құлынынан,
Бір әлем құлап кететін сияқты

тұғырынан...

Сонда сен құс болып кететін шығарсың,
жан біліп пе?!
Сонда мен түс көріп кететін шығармын 
мәңгілікке...

 

Көк қызы

Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын,
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін.
Өшіре алса қайтеді естен бәрін,
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.

Жарылқамас жанымды түндер – керең,
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?!
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә,
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең. 

Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып,
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып...
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан.
...Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып...

Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?!
Пәтуасыз жүріске құныққан ем.
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып,
Періштелер тасада тұрыпты әрең...

...Қара түн де жабырқау, жылап тынды,
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды.
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі...
Шақырады...
Шақырды бірақ кімді?!

 

Изадора 

...С тобою грех мне лицемерить, Ты слишком ангел для того...
Михаил Лермонтов 

Биле,
Биле -
Қар биін,
Қара түннің құшағында қалғиын.
Сен солай-ақ сүйе аласың көктемді,
Сен солай-ақ ұға аласың жан күйін...

Тағдырыммен қасарысып, қағына
"Танго,
Танго, 
Танго" - дедім тағы да.
Ол - сүюдің ең ғаламат үлгісі,
Ол - өткеннің зары ма?!.

Алжасайын ақылдан да, естен мен,
Онсыз да, еркем, қиянатқа дес бергем.
Тас төбеңнен сұқтанатын көздерден
Құтқаратын жолдар барын кеш көргем.

Бұл ғаламның азабын да көтерем,
Мазағынан елеместен өтер ем.
Соң-соң даусым тыныштыққа жұтылып,
Көздеріңде өртеніп-ақ кетер ем...

Сол бір дұға...
Менің дұғам...
Ертеңім
шексіздікке жетелейтін белгісіз.
Ол жақта да ару жүрер, көркемім,
Ол бақтарда бақыт бары - сенгісіз...

Қорғай алсаң, қорғай тұршы сезімді,
Жолым солай - 
маxаббаттан басталған.
...Алақаның жаба салсын көзімді
Соңғы дұға естілгенде аспаннан...

 

***

Сурет салдым ауаға –
Із болып көрінді ме?
Бұлт түсірдім, төбеден
Мұз болып төгілді ме?

Жерге әкелдім құстарды
Ұша алмай, торықтың ба?
Түннің бетін көрсеттім,
Құшардай – қорықтың ба?

Жапырақ үздім деміммен,
Қараша – куә алдыңда...
Жасын төктім гүлдердің –
Балаша қуандың ба?

Енді...
Естелік теріп жүрмін
Сүймеген еріндерден.
Сендегі сезім –
жастың
тимеген жерінде өлген.

Мен солай
Жаураған көшелердің
досына бара жаттым.
Дүние, неге бүгін
Басыңа қара жаптың?!.

 

 

Серт!
( Ғайсадан Мәдіге дейін...)



1.

...үйім емес - бұл шаһар, 
күйім - елес, 
жоқ тегім... 
...мұнша өзімшіл, 
мұнша кербез, 
мұнша паң - 
сүю де кеш көктемін... 

Сүю де кеш - 
жолықтырмас жолдарын, 
айықтырмас көшесін. 
Тағы ұқтырар құдіреттің ол барын, 
Жалықтырар, о, сосын. 

Жалықтырар -
зарды ұқтырған кескіннен, 
жарлықтардан ескірген, 
жақындардан өштенген, 
ақылдардан кеш кірген.

2. 

Қасы көптің болдық бірі, 
басы жоқтың тағы да... 
"Құдайларды" көрдік тірі - 
жете алмаған тағына. 

...жете алмадым баққа мен де, 
кете алмадым, шарқ ұрдым... 
Адалдықты ақтап өлгем, 
сақтап өлгем антымды...

Соқ, Орфейдің зарлы желі, 
Жұбат солай әлемді... 
Сөз артынан заң жүреді, 
Ар күледі және енді.

3. 

Жағамыздан жау алғанда, қас қылып, 
Қалар ма еді жылып іш?! 
Жанымызды жіберердей тас қылып, 
төнген шақта - "Ұлы Күш"...

Артымызға желеу болған сөз бекер... 
Жалқымызды құтқаратын түстерге... 
Әділдік пен ақиқатқа көз жетер - 
Хорасанға қара белгі түскенде...

Аңыздардан арамызды қашық қып, 
Ғұрыптарды құрықтады бұл ара. 
Өзімізді құтқаруға асықтық - 
Жүзімізді жасыра алмай күнәға... 

4. 

Сендегі - осынау таққа құт: 
дос - тіреу, 
БАС - тіреу, 
Қос тіреу... 
(...Ұлылар құтылды ақталып, 
Мақталып құтырды мас біреу...) 

Мендегі - сол сезім, 
сол дәрмен, 
Іздедім ақылсыз достарды - 
(...көмуді үйренген қолдар мен 
"өлуді" үйренген көш қалды...)

Біздегі іңкәрлік төр көріп - 
Есікте тапталды "бос томдық" - 
(..."Үйірлі" шалдарға жол беріп, 
"Мейірлі" сөздерді қош көрдік...) 

5. 

Өркениет жылағанда тасада, 
Құлағанда алыптардың қамалы - 
Жазықсыздан жанарына жас ала, 
Бөрі ұлиды жаралы... 

Ессіздерге айналғанда біз қайтып, 
жай қалғанда сөз ақыр 
алдымыздан көре алмасақ ізді айқын... 
...қол алмасақ - өз ақым.

Өткенімнен таба алмадым сұрап құр 
өлеңімді елестерге асылған... 
Біздің ғасыр, 
біздің ғасыр жылап тұр - 
Әмірxанның басында...

Айбол Исламғалиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1487
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1235
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1209