Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 4267 0 пікір 15 Ақпан, 2016 сағат 13:44

АТАҚ

Мен, мені кім деп тұрсыз?.. Мен Алмалы облысы, Талхиз ауданы, Жалпыаяқ ауылы, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматымын»! Бұл, бұл Менің өзімнің үйім болғандықтан мұндай атақты алуға толық құқым бар.

Үйдегі қатын бастапқыда бұл атағыма қарсы болды. «Сен бұл үйдің «Құрметті азаматы» атануың үшін даңғарадай үй сал, балаларды ішіп-жемнен тарықтырмайтындай қор жина, астыма есік пен төрдей көлік әпер. Сосын, әкесі-ау, мен саған атақты аяйын деп тұрғам жоқ. Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» деген атаққа Ерінгүл Ескермесқызының «Құрметті күйеуі», «Ерінгүлден туған балалардың «Құрметті әкесі» деген мансапты қосып берейік» деді.

Әйелдің сөзінде жан бар. Атақ алу үшін сол атаққа лайық қызмет жасау қажет қой. Мұны неге ойламағанмын?. Мен дереу Жалпыаяқ ауылының әкіміне бардым. Даңғарадай кеңсеге сыймай отырған әкім менің келгеніме қуанып-ақ қалды. Десе де, өзіңіз білесіз? Қазіргі шенділер тегіңнің артында тележкідей тіркеме болмаса, сөзіңізді тыңдамайды. Басқаны ұқпасам да, мұны жақсы білемін. Кім тексеріп жатыр дейсің. Әкімнің қолынан қысып ұстап тұрып: «Құрметті, Әкім мырза! Мен  Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда (мұным өтірік енді) отырып тамақ ішкен, болашақ Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» Мансапқұмар Мықтыбеков деген ініңіз боламын», – дедім.

– Бұл атағыңды дәлелдейтін қағазың бар ма? – деді әкім мес қарнын қолымен сипалап.

Мен ауыз ашқанша өзі сөйлеп кетті.

– Мені білесіз, Жалпыаяқ ауылының білдей әкімімін. Міне, әкім екенімді дәлелдейтін құжат.

Сыртында елтаңба бедерленген, қою көк, өте сұсты құжатты қолыма ұстата салды. Оқып шықтым, бұ кісі расында да осы ауылдың әкімі екен.

– Мен «Нұр-Отан» партиясының мүшесімін, мен аудандық мәслихаттың депутатымын, мен... мен... мен...

Алдымда тау болып, қызылды-көк құжаттар, анықтамалар, медаль мен ордендер үйіліп қалды. Сол құжаттарға көміліп қалған мен байқұс әкімнің алдынан қайтып қашып шыққанымды білмеймін, бір есімді жисам, Талхиз ауданы әкімінің алдында отырмын.

Ол кісінің атақ-даңқы ауыл әкімінікінен екі есе көп көрінеді. Сол мансаптарға тағы көмілдім. Қашып кетпек едім, әкім дереу аяғымды байлатып тастады. «Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, болашақ Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» екеніңді дәлелде» дейді.

Құдай оңдады, әйтеуір! Дәл осы кезде біз отырған кеңсеге Алмалы облысының әкімінің өзі кіріп келмесі бар ма? Мана ғана даңқтың буына масаттанып тұрған шоң адам әп сәтте шоңайнаға айналып кетті. Облыс қожасына жабысып, әуектеп өліп барады. Мұндай жиіркенішті болар ма, пәтшағар! Дәп бір жынысын өзгерткен «көгілдір» жандай қожасын айналып-толғанғанда атақты болудың оңай шаруа емес екенін түсінгендей болдым.

Нән әкім мән-жайды сұрап біле салып, көмекшісіне қоңырау шалды. Он минут өтті ме, өтпеді ме бір топ адам, құшақ-құшақ атақтарды кеңсеге көтеріп кіргізе бастады. Ат шаптырым бөлме қағазға лыққа толды.

– Міне, менің еңбегімнің дәлелі. Сенің дәлелің қайсы?, – деді дәу әкім ызадан булығып.

Мен жылап жібердім. Жылап жатып: «Әкім мырза, қағаз жүзінде бәрі керемет шығар. Жоғары жақтағылардың медальдері бұдан да көп. Мемлекетміздікін айтсаңызшы, ЭКСПО-ны өткізуіміздің өзі қандай мәртебе? Бірақ, халық неге кедей? Неге қайыршы? Сіздей нән мырзалар басқарған ел неге гүлденіп кетпейді?» деген болдым еңкілдеп...

Облыс әкімінің иманы бар екен. Қолына телефонын алып, көмекшісін шақырып, мөр сұратты. Сол арада бір ақ қағазға «Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің «Құрметті азаматы» – Мансапқұмар Мықтыбеков» деп жазып, астына қол қойып, мөр басты. Сөйтті де, қолыма салтанатты түрде атағымды табыс етті.

Тегінде мен де адам болмаймын ғой. Әйелімнің айтқандарын тізбелеп, міңгірлей бастап едім, екі әкім байлаудағы аяғымды шешіп, құйрығымнан бір тепті.

Енді міне, өздеріңіз көріп отырсыздар! Мен Қайрат Нұртасты тірідей көрген, MS Сайлаубекпен бір тойда, бір дастарханда отырып тамақ ішкен, Қаймана қазақ көшесіндегі елуінші үйдің "Құрметті азаматымын"!

Енді даңғарадай үй салып, балаларды ішіп-жемі үшін әуреленіп қажеті жоқ. Атақ қолда, бала-шаға туған әкесінен безер деймісіз...

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

0 пікір