Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4364 0 пікір 17 Ақпан, 2016 сағат 10:34

ҚАЗАҚ ТІЛІ. ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Бүгін осындағы достарым талқылап жатқан негізгі тақырып - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Алматыдағы жиында орыс тіліне қатысты білдірген пікірі екен.

Мұндағы қазақтілді достарымның көпшілігі "Ойбай, Президент қазақ тілін - орыс тілінің астына жығып берді! Құрыдық, біттік" деп байбалам салса, орыстілді аудитория "біздің тілдің мәртебесін асырды, болды енді кез-келген жерде орысша сөйлей береміз" деп бөріктерін аспанға атып алақайлап жатыр. Екі тарап өкілдерінің көзге көрініп тұрған өрескел қателері - тақырыпқа қатысты заң баптарымен бейтаныстығы. Енді, ҚР кез-келген лауазымды тұлғадан жоғары тұратын Конституциясы, Заңы не дейді екен, соған тоқталайық...

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 24 бабына сәйкес, лауазымды адамның мемлекеттік тілді білмеймін деген желеумен арызды қабылдаудан бас тартқаны үшін және басқа да жолдар арқылы мемлекеттік тілдің қолданылуына кедергілер жасағаны үшін заң актілерімен жауапкершілік көзделген. Аталған бапқа сәйкес, жауапкершілік меншік нысанына қарамастан, мекеменің бірінші басшысына жүктелген. Оған қоса, 2007 жылы Мұхтар Шаханов бас болып өзгеріс енгізген Заң жобасына сәйкес, кез-келген мемлекеттік қызметкер өзі қызмет атқаратын мекемеге жүгінген азаматтың хатына (өтінішіне, арызына, т.б.) мемлекеттік тілде немесе сол жүгінген тілде жауап беруге ЕРІКТІ (орысша айтқанда "на свое усмотрение"). 

Онымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР 2010 жылдың 4 мамырындағы №274-IV Заңының 24 бабының, 1-тармағына сәйкес, «Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті». Енді қасаң тілмен жазылған осы баптарды "жалпақ тілмен" "тәпсірлейік"...

Егер, сіз кез келген мемлекеттік мекемеге мемлекеттік қазақ тілінде өтініш немесе арыз білдірсеңіз, сізге сол мемлекеттік тілде жауап беруге МІНДЕТТІ. 

Енді мемлекеттік емес (коммерциялық, коммерциялық емес) мекемелер де сіз қай тілде жүгінсеңіз (хат жазсаңыз) - сол тілде жауап беруге міндетті. Оған екінші келтірген ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы міндеттейді. Сондықтан, құр шулай бермей, қолданыста бар Заң баптарына сүйеніп, әрекет ете берген дұрыс.

Нұраддин Садықов

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір