Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алашорда 8258 0 пікір 18 Ақпан, 2016 сағат 12:58

ӨЗГЕ ДИАСПОРАЛАР ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ ДЕПОРТАЦИЯЛАНДЫ?

Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын-сүргін кезеңіндегі негізсіз жазалау шаралары тек жекелеген адамдарға, дін иелеріне, әр түрлі әлеуметтік топтардың өкілдеріне ғана емес, сондай-ақ ұжымдық жауапкершілік ұстанымы бойынша жекелеген халықтарға да қарсы қолданылды.

Тоталитарлық жүйе жеке халықтарды саяси қуғындаудың депортациялау, яғни күштеп жер аудару әдісін қолданды. Жер аударылған халықтар репрессия зардаптарының барлық түрін бастан кешірді. Ол жөнінде 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңында көрсетілді. Жекелеген халықтарға мемлекет тарапынан әртүрлі қысымдар қолданылды: күштеп қоныс аудару; арнайы қоныстарға орналастыру; күштеп жұмыс істету арқылы құқықтарын шектеу; ұлттық ерекшеліктері жағынан мемлекетке өте қауіпті, сенімсіз халықтар деп тану.

Бұл жерде мына деректен дәлел келтірсек, қаралып отырған мәселе әлдеқайда түсінікті болары сөзсіз. Аудандық ІІХК бастығы жеткізген хабарламасында: «Кеңес Одағының фашистік Германиямен соғысына байланысты әр түрлі элементтер кеңес өкіметіне қарсы арандатушылық қауесет таратып жүр. Аудан бойынша кеңес өкіметіне қарсы пиғылдағы элементтер: бұрынғы банды көтерілісіне қатысушылардан 93 адам, 936 кәріс және неміс», - деп атап көрсетілген.

Мысалы, КСРО-ның ХКК мен БКП(б) ОАК-ның 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысында Қиыр Шығыс кәрістерінің қоныстарын аудару «өлкеге жапон тыңшыларын өткізбеу мақсатында» жүргізілгенін айтады. Қиыр Шығыста тұратын кәрістер түр-түсі мен көлбеті жағынан ұқсастығына байланысты «жапон тыңшылары» деген желеумен жер аударылып, сенімсіз халық деп танылды. 1941 жылғы 28 тамыздағы КСРО Жоғары Кеңесі төралқасының «Еділ бойында тұратын немістердің қоныстарын аудару» туралы жарлықта: «Мыңдаған лаңкестер мен тыңшылар бар, олар Германиядан келетін хабар бойынша жарылыстар ұйымдастыруды көздейді», яғни КСРО-ға қарсы бағытталған әрекет жасауда деп керсетілген.

КСРО-дағы жаппай қуғын-сүргін жылдарында 3 млн астам адам жер аударылды. «Сенімсіз халықтар» қоныстанған арнайы аудандар - солтүстік облыстар, Сібір, Орал, Орта Азия және Қазақ жері болды. Бұл халықтардың ең көп бөлігі Қазақ жері мен Сібірге қоныстандырылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының IV сессиясында жасаған баяндамасында жер аударылғандардың санының 1 миллион 200 мың екендігі туралы дерек келтірді.

Қазақ жеріне немістердің 38%-ы, шешен мен ингуштардың 83%-ы, кәрістөрдің 59%-ы, балқарлардың 55%-ы, қарашайлардың 58%-ы, гректердің 76%-ы, курдтардың 62%-ы күшпен қоныс аударылды. Қоныстанушылар іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылды және ІІХК-нің мынадай нұсқауларын орындады: «құпия тапсырмалар бойынша шет мемлекеттің агенттерімен байланыс жасамау үшін «сенімсіз халықтарды» шегаралық аймақтарға орналастырмау»; «қашып кетпес үшін теміржолдардан алыс жерлерге орналастыру»; «бақылауға ыңғайлы болу үшін топтарымен орналастыру». Сонымен бірге олар әрдайым комендатураға барып, белгіленіп тұруы тиіс болды.

Күштеп қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Бұрын өмір сүрген жерлерінде олар барлық дүние-мүлкін тастауға мәжбүр болды. Жүздеген мың «сенімсіз халықтарды», оның ішінде қарттар, әйелдер мен балаларды мал таситын немесе тауар таситын вагондармен әкелді. Егер жауапты адамдарға болмашы ғана наразылық білдірген жағдайда, сол жерде, тіпті пойыз жүріп келе жатып немесе аялдаған жерде, жазалайтын болған. Қазақстанда қоныстанушылар клубтарға, бос қалған мешіттерге, ат қораларға, шошқа қораларға, қоймаларға орналастырылып, мұндай орындар да жетпей қалғандары ашық аспан астында өздеріне жертөлелер қазып алды. Қоныстанушылар арасында эпидемиялық жұқпалы аурулар - іш аурулары, қызылша, дизентерия кең тарап, оба және тырысқақ аурулары, бит басу күшейіп кетті.

Климаттың күрт ауысуы, өте ауыр тұрмыс жағдайы, нашар тамақтану, антисанитарлық жағдайда өмір сүру қоныс аударушылар арасындағы өлімді кебейтіп жіберді. Бұл жқнінде ІІХК-ның қызметкерлерінің құпия мәліметтерін­де: «Мұндай жағдайға жеткізуге болмайды, бұл - қылмыс», - деп жазған, Мұндай жағдайды жылқылар да көтере алмаған, сол себепті ІІХК қызметкерлері жұмыс істеу үшін әлдеқайда төзімді өгіздерді жіберулерін сұраған. Депортациялық саясаттың қатал жағдайында Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген халықтардың жан сақтауы тек қазақ халқының туысқандық көмегінің арқасында ғана мүмкін болды, Қазақ халқы аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретін басынан өткерсе де, басын қауіп-қатерге тіге отырып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен халықтарға ең қиын сәттерде қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсетті.

Зорлықпен кешірілген халықтар қилы заманда Қазақ өлкесінен пана тауып қана қойған жоқ, бастарынан қиыншылықтарды бастан өткізе отырып, өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды, көпұлтты Қазақ өлкесінен өзіне лайықты орын тапты.

[1] ҚР Президентінің мүрағаты, 708-қор, 5\2 жазба, 187-іс, 28 п., 28-6.

e-history.kz

0 пікір