Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 4687 0 пікір 19 Ақпан, 2016 сағат 11:04

НҰРМАҒАНБЕТОВ ОСЫЛАЙ АЙТАДЫ ДЕП ОЙЛАМАППЫН

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Ол кезде мен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасарымын. Бір жолы Түркиядан Штаб бастығы келді. Қасында көп әскерилері бар үлкен делегация екен. Олардың сапары аяқтаған соң Совет Одағының батыры, Армия генералы және сол кездегі Қазақстанның қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге түрік әскерилерін шығарып салдық. 

 Олар өздерінің арнайы ұшағымен келіпті. Біз оларды ұшақтарының алдына дейін апарып, аттандырып салған соң әуежайдың екінші басындағы көліктерімізге қарай бірге келе жаттық. Екеуміз ғана. Әдеттегі қызмет жағдайында болса ол кісінің көп нәрсені ашылып айта бермейтіні түсінікті. Өйткені, үстіндегі әскери форма, кеңсе дегендер адамды еріксіз басып, тек қызметтік жағдайдағы сөздермен шектейді. Бірақ, мен ол кісінің өзге әскерилер секілді тек әмір-бұйрық қана беріп, дүңкілдеп, зіркілдегенді ғана білетін адам емес, айтары бар, ойы терең тұлға ретінде санайтынмын. 

Сонымен мен қатарласып келе жатқан генералға «аға», - дедім, - қызмет бабындағыдай аты-жөнін айтқан жоқпын, - «егер бізге Қытай шабуыл жасайтын болса әскеріміз оған қауқары жете ме?»,-деп сұрадым. 

«Жоқ, ұстап тұра алмайды» деді. «Ал, Ресей шабуыл жасаса ше?» «Онда да ұстап тұра алмайды». «Болашақта өзбек, қырғыздармен арада қақтығыстар болуы мүмкін бе?». «Ондай болмайды». «Егер Қытай мен Ресейден қорғана алмасақ, ал, өзбек, қырғыздар онсыз да бізге тиіспейді екен, онда бізге осынша мол қаржы шығындап, әскер дайындап, қару-жарақ сатып алып не қыламыз? Мемлекеттің бюджеті де аз?»,-деген сұрақ қойдым. 

Сонда генерал ойланып келе жатып, «Қытайдың әскері бізден көп болғанымен олардың қазір күшпен басқа елге шабуыл жасау ойы мүлде жоқ, ал, қырғыз, өзбек елдері бізге туысқан, олардан қауіп күту орынсыз болар еді, бірақ, Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатер төндіретін бірден-бір мемлекет Ресей болады, түбі содан сақтану үшін әскери дайындыққа кірісе беру керек» деді. 

Иә, бұл менің де ойымдағы дүние еді. Бірақ, мына сөзді Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов айтқанда таңғалып қалдым. Ол кісінің Совет әскери мектебінде тәрбиеленген адам болғанымен, үлкен патриот, мемлекетшіл тұлға екенін толық таныдым. Расында ол кісі министр болғанда орыстарға көп жақындаған жоқ. Офицерлер оқыту, қару-жарақ алу мәселесінде көбінде олардан аулақ жүріп, Түркиямен жақын байланыста болды. Ал, С.Нұрмағамбетов кеткен соң Ресеймен әскери байланыста өте тонның ішкі бауындай болып кеттік. 

Бұл дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының айтқан әңгімесі. Бүгінгі Ресейдің Украинаға қаратқан саясаты ардагер тұлға, нағыз әскери қайраткер Сағадаттардың қаупі қалай дәл келгені қайран қалдырады. Бүгін де сол Генерал Сағадаттардың деңгейінде ойлайтын әскери қолбасылырымыз, генералдарымыз бар ма екен? Өйткені, сондай табанды, ұстанымы берік мемлекетшіл генералдардың қаншалықты қажет екенін Ресей бізге өз әрекетімен айқын аңғартып отыр...

Мұрат Алмасбекұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір