Сенбі, 4 Мамыр 2024
Қоғам 6355 0 пікір 22 Қыркүйек, 2015 сағат 16:54

ҚАЗАҚТАР ҚАНДАСТАРЫН ОҚҚА ТОСЫП ОТЫРА БЕРЕ МЕ?

Мен бұл әңгімені жазудан бұрын оқырмандардан өзімнің азан шақырып қойған атым мен төлқұжаттағы ата-тегімді шынайы қолданбағандығым үшін кешірім сұраймын. Себебі менің азаматтығым- ауғанстандық, туған жерім -Иран. Осыдан 30 жылдың алдында менің отбасым тұрған Құндыз қаласы  КСРО мен Ауғаныстан арасындағы соғыс майданына айналғанда сол жердегі халықпен бірге бүкіл әулетпен Иранға қоныс аударыппыз. Содан бері Иранда біз босқын халықпыз. Тек Иран үкіметі «ықтиярхат» берген. Қазіргі кезде ол жақта Иран туралы кез-келген жазба тексеріледі, сол себепті бұл мақалам менің отбасыма және туысқандарыма кесірі тимесін деп аты-жөнімді басқаша, Жәнібек Нәсірұлы деп атауды жөн көрдім.

Біздің «босқын» әулет Иранның Исфахан қаласында тұрды. Онда  мен танитын отыздай қазақ отбасы бармыз. Барлығымыздың тағдырымыз ұқсас, кезінде ата-бабаларымыз ашаршылық пен қуғын-сүргіннің салдарынан ауа көшіп, ақыр соңында Ауған жеріне тұрақтапты. Жоғарыда айтып өткенімдей, Кеңес-Ауған соғысында босқын болып Иранға барыпты. Иран елі сол кезде барған, бұл күнде саны 3 миллиондай адамды әлі босқын ретінде көреді. БҰҰ  өтінішімен біздің «босқындық картамызды» жыл сайын ұзартып отырады. Босқындардың Иранда мемлекеттік және қоғамдық-әлеуметтік жұмыстармен айналысуына тиым салынған. Тек қана тіркелген қалада құрылыста, қара жұмыстарда істейді. Базарда өз атынан дүкен ашып немесе жеке кәсіппен шұғылдануға болмайды. Бұл әлеуметтік жағы ғой. Ең қиыны біздерге Иранның «ықтиярхатымен» шекарадан бір шықсақ, екінші қайта келуге болмайды. Бұл «ықтиярхат» тек қана заңсыз босқындармен тұрақты босқындарды айыру үшін қолданылады және жүріп-тұру мен оқуға ғана құқық берілген.

Сонымен, Қазақстан тәуелісіздік алғалы 24 жыл болды. Содан бері қайда жүрсіңдер дейсіздер ғой? Біріншінден, біздің  босқындардың құжат мәселесі- Ауғаныстанға барып паспорт алу, виза аштыру бұдан бұрынғы соғыс жылдарынада қиямет шаруа болды. Оның үстіне Ираннан бір рет шекарадан шықтық, екінші қайта келуге болмайды. Ал, Ауғаныстаннан құжат алу бір рет барумен бітетін шаруа емес екенін көзі қарақты оқырман өзі білер. Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, біздің экономикалық жағдайымыз жар бермеді. Оны неге деп босқыннан ешкім сұрамайтын шығар.

Мен үйдегі төрт баланың екіншісімін, он екі жылдық мектеп бітірген сол жердегі қазақтардың ішіндегі ең көп оқыған - оқымыстысымын. Сондықтан, ағайын-туыс ақылдасып, ақ батасын беріп Атажұртқа аттандырды. Сүйінші хабарымды күтіп отыр. Ал, менің Ираннан шығып Ауғанға келіп, виза аштырып, Дубай арқылы ұшып келуімнің өзі бір хикая. Бұл Иранға қайта баруы керек болатын барлық босқынның басар жолы - қиыншылық, уақыт және ақша. Алайда, мен Кабулдегі ақсақалдардың және Қазақстан елшілігінің (олар бұл барсаң болды, тіркеліп азаматтық аласың деді, егер де сотталмаған туралы анықтама айтса ала келер едім) көмегі арқасында қиыншылық көрмедім, уақыт ұттырмадым.

Алла деп Атажұртқа келдім. Аспаннан Алматының әуежайына топ ете түстім. Қарсы алып тұрған ешкім болмаса да, қуанышымда шек жоқ. Қонақүйге жаттым, сонда уақытша тіркелдім. Интернетте танысқан досым Жұмаданның көмегімен Түркістанда тұратын әкемнің Ауғанстаннан ертеде келген танысының үйіне жол тарттым.

Құжаттарымды толықтап азаматтық алайын деп көші-қон полициясына барсам, бір құжатым кем екен. «Сотталмады» деген анықтама керек екен, сосын ғана азаматтық емес ықтиярхат береміз дейді. (Олардың айтуынан және ағайындардан сұрастырып білгенім, егер қолым жетсе, бұл ықтиярхат Иранның «босқын ықтиярхатынан» гөрі құқығы кең, мәртебесі жоғары көрінеді).

Солтүстік «қазақтарды шықырып жатыр, көмек береді» дегенді естіп, Павлодарға бардым. Көші-қон полициясымен оралмандарға көмек беретін ұйымның есігін қақтым. Расында, оралмандарға әлеуметтік пәкет ұсынып жатыр екен, берілетін үй қаладан 50-60 шақырым алыста, қыста 45 градус суық. От жағылады, жұмыс жоқ кейін орналастырамыз дейді. Жарайды. Ыстық жерден келсем де, суық аязға көнейін «Отанның құшағы ыстық» қой десем, шартым толмайды. Жалғыз адамға берілмейді отбасылы болу керек және де Түркістанмен бірдей құжат сұрайды. Баяғы «сотталмады деген анықтама». Бұл неге сол анықтамаға басын ауыртып тұр, жоқ сотталған ТЕРОРИСТ ПА, деп ойлап отырсыз ба?.  Мәселе мынада, шынында Ауғанстанда сотталған, сотталмаған барлық адамға құқығы тең деп паспорт бере береді (Қытайдан келген қандастардан сұрасам, оларда басқаша екен. Бұрын сотталған адамға паспорт берілмейді екен). Ал Ауғанстанда үкімет орындарында компьютер, интернет арқылы жұмыс істеу жоқтың қасы. Алар анықтамаларды қолмен жазып береді. «Сотталмаған» деген анықтама сұрап Ауғаныстанның бас елшілігіне бардым. Олар Ауғаныстанға хат жіберді. Жауабын күтіп жүргеніме 15 күн болды. Ауғанстандағы таныстарыма хабарласып сұрасам, хат әлі бармаған. Хат барып, оған Ауған ішкі істер министрілгінен жауап келгенше тағы бір ай кетеді екен. Ал менің визамның уақыты күн сайын қысқарып келеді.

Енді менің алдымда екі жол тұр: бірі- қалу, екінші- қайту.

Бірінші жолы қалу-арманым осы. Алайда, құжат оған жар бермейді. Құдай қаласа, хат келсе, қаламын. Мен қалсам, Иранда қалған бар ағайынға жол ашам. Оларды көшіріп әкелемін. Ал түк жоқ қайтып барсам, барлығының үміті үзіледі «Оқымысты Жәнібек» ала алмаған құжат бізге шетін көрсетпейді деп ойлайды, Атажұрт арман болып қалады.

Ал ықтиярхат алған күнде менің 4 жыл бойы әке-шешемді көруім қиын шаруа. Тек әуе жолымен жүруім керек. Ол көп қаражатты талап етеді. Жермен жүрсем, қауіпті және виза алуым екіталай. Дұрысы - азаматтық алуым еді. Бірақ ондай заң бұрын болған, қазір жоқ көрінеді. 

Екінші жол қайту-Ауғанға қайтам, қайта виза аштырып келуге ата-анам көнбейді. Бар қаражат осы жолғы келуіме кеткен, екінші келуге мүмкіндік аз. Одан ары Иранға барам, өмір бойы босқын болып өтеміз. Босқын болмаймыз десек, елмен бірге Еуропаға босамыз. Ол жақта бізді кім күтіп тұр?. Не өлем, не барам деп заңсыз жолмен шекара бұзып өту керек, жолда теңіз, бораған оқ. Ал заңды жолмен бару үшін елден босуға себеп керек Ауғанда тұра алмайтындай. Ондай себеп бізде жоқ, барлық Ауғандықпен бірдей жағдайда өмір сүріп жатырмыз.

Енді қайтсем екен?

Төрт тіл білемін (Қазақ, ағылшын, түрік, парсы), қара жұмысқа жастайымнан піскенмін. Жұмыс іздеп жүрмін. Атажұртқа ақша, немесе бір экономикалық көмек сұрап келгенім жоқ. Тек азаматтық алып, өз үлесімді қосайын, адал еңбек етейін деп келдім. Жұмысқа шақырғандар бар, барсам құжатымды көріп кері қайтарады, ең болмағанда әлгі «ықтиярхатпен» кел дейді. Ал кейбіреулері орысша білесің бе деп сұрайды. Отбасында ата-анамыз қазақсың деп қазақша сөйлетіп, қазақша үйретті. Алайда орыс деген ұлт бар екенінін естігенмін, бірақ орысша естіп көрмеппін. Сонымен танымайтын «таныс» өлкеде қара жұмыстың да қисыны жоқ.

Көші-қон заңына өзгеріс болады дегенді естіп, жаңалықтарды күнде көремін, кеше бір мақаладан үкімет «сотталмаған туралы анықтаманы» алып тастамайды дегенді оқып, салым суға кетті.

Ойлап отырмын, мен осы кіммін? Адаммын, Әлхамдилләх Мұсылманмын, Қазақпын. Сосын...... Оралманбын ба, босқынмын ба, қылмыскермін бе? Білмеймін...

Жәнібек Нәсірұлы

Дерек көзі: http://qamshy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1167
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1068
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 803
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 929