Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Кеше мен бүгін 4849 0 пікір 23 Қыркүйек, 2015 сағат 13:15

НҰРАЛЫ КЕТТІ, АРХИМЕД КЕЛДІ. НЕ ӨЗГЕРДІ?

Сонымен, Қостанайда Сәдуақасовтың сергелдеңі аяқталып, облысты басқарған үш жылдық тарихына түкте қойылып, сахнадан сырғыды. Оның орнын Ақтөбенің бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов басты. Дәл қазір мұның дұрыс-бұрыстығын айтып, баға беруден аулақпыз. Алайда көңілді күпті еткен бірер жайды оқырман талқысына салуды жөн көрдік.

Алдымен айтарымыз, Нұралы Сәдуақасовтың орнынан алынуы әделттілік деп санаймыз.

Оның осы өңірді басқарған үш жылдың ішінде жұрттың есінде қаларлық ештеңе де тындырған жоқ. Экономиканың тұралап қалғандығын айтпағанның өзінде қазақтың өнері  мен мәдениеті мүлдем ескерусіз қалды. Төрімізді Ресейдің әншілері мен бишілері басып алды. Бюджеттің қаржысы армяндар мен сығандардың қалтасына құйылды. Ал ең бастысы ол кісі қасына қолдарынан ештеңе келмейтін, тек жағымпаздық пен көзге түсуді ғана білетін дүмшелерді жинады. Мәдениет саласын бөтен ұлттың өкілі биледі. Білім саласын аты қазақ демесең, қазақтың тілінен де, мәдениетінен де мақұрым адам ұстады. 20 жылдан астам орынбасарлық орынтақтан түспеген, бір шала қазақты сенатор етіп әрең құтылып едік, оның орнына бұл саладан мүлдем хабары жоқ, аты да заты да белгісіз, тек мықты біреудің туысы дейтін Мұрат Дәрібаевты қойып еді, ол жақында «есің барда, еліңді тап» деген принципті мықтап ұстанды ма, кім білсін, бір күнде Алматы асып тынды. Бір бөлесін Қостанай қаласының әкімі етіп қойып еді, ол ашкөздікпен ұсталып тынды. Тағы бір досы, бұрын мас болып, жұртты мылтықпен қорқытып, сотты болған Асан Нұрғазинов облыстық әкімдіктің аппарат басшысының орынбасары болып әлі отыр. Тағы бір «комсомолдық» досы — Жанділді Мақанов дегенді, жұмыссыз қаңғып жүрген жерінен, алпыстан асса да ішкі саясат басқармасының басшысы етіп көтеріп еді, ол осындағы жалғыз қазақ газетін өзінің жеке меншігіне айналдырып, қазір «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұр. Ал өзі осында үш жыл әкім болғалы сол жалғыз қазақ газетінің құрылтайшысы бола тұра, еш уақытта есігін ашқан емес. Оның есесіне орыс газеттерінің нағыз жанашыр досы. Мінекей, ол кісінің «командасының» сиқы осы.

Мен, кейбіреулер ойлайтындай, кеткен әкімнің сыртынан топырақ шашып отырғаным жоқ. Ол кісінің «кереметтері» туралы осы сайтқа талай жаздым да. Оны көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Жалпы, мен үшін әкімдердің жақсы-жаманы жоқ. Егер ол халқына жақын болып, игі істер тындырса - жақсы да, ал егер өз құлқының қамын ойласа - жаман. Менің критериім осы ғана.

Екінші бір жайт мынау. Иә, жаңа әкім келді. Қызметі қайырлы болсын. Алайда ол қалыптасқан дәстүр бойынша ылдам-жылдам тағайындалып қойылды.

Облыстық мәслихат депутаттары бір кісідей дауыс берді. Сонымен іс бітті. Сонда қалай, депутаттардың ешбір сұрағы болмаған ба? Осындағы халық қалаулары Архимедтің қандай басшы, қандай адам екендігін жақсы біле ме? Ақтөбе облысы қанша дегенмен өнеркәсіпті өңір, ал Қостанай негізінен ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өлке. Оның бұл саладан қаншалықты хабары бар? Алдағы жоспарлары қандай? Алдымен қандай мәселелерді шешпек? Міне бұл сауалдар жауапсыз қалды. Жоқ, олар мүлдем қойылмады. Жә, депутаттарды да түсінуге болар. Олардың қай-қайсысы да не кәсіпорын директоры, не шаруашылық қожайыны немесе ірі банкир. Енді олар "жаңа келген басшының қырына ілігіп қаламын" деп қорқады. Мұны да түсінуге болар. Алайда халықтың қамын кім ойлайды? Әлде олар негізгі міндетіміз тек бюджетті бекіту ғана деп түсіне ме?

Сосын, жоғарыдан келгендер Сәдуақасовтың не себептен түсіргендігін, қандай олқылықтарға жол бергендігін, нені тындырып, нені тындыра алмағандығын саралап неге айтып бермеді? «Бөтен қызметке ауыстырылды» деген не жұмбақ? Ол қандай қызмет? Жоғарылады ма? Онда алғыс айтып, орден беру керек шығар.

Жаңа әкім тағайындалар тұста тағы бір келеңсіз жағдай орын алды. Осы мәселеге арналған жиналысқа журналистер іріктеліп шақырылып, билікке қолайсыз дегендері әкімдіктен тура 200 метр жерге ығыстырылды. Мінекей, біздегі жағымпаздардың жаңа әкімнің көзіне түсуге деген белсенділігі осындай болып тұр. Мұны Архимедке жақсылық ойлау емес, қайта оны халыққа қарсы қою деп түсінген жөн шығар. Бірақ, әй-қайдам, мұндағы иіс алмастар соны бажайлай қояр ма екен. Күні ертең Архимедтің басына күн түскен тұста аяқтан шалуға дайын тұрары сөзсіз. Әттең, мұны Сәдуақасов кеш түсінген сыңайлы.

Айтпақшы, «сол жиналыста бұрынғы әкімді сөйлетпей, ауыздан қаға берді»  деп жұрт шуылдап жүр. Әрине, бұл құпия жиналысқа біз қатысқан жоқпыз, сондықтан бұған төрелік айта алмаймыз. Алайда күні кеше ғана Нұралының қолтығына тығылғандар бүгінде одан сырт айналғандығын білгенде ол жайтқа да таң қалмаймыз. Ал әзірге Архимедіміз аман болсын. Қалғанын көре жатармыз. Қанша дегенмен, күндердің күнінде әкімге баға беретін халық. Соны күтейік.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1672
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1621
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1355
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1287