Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4371 0 пікір 24 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ТЕКЕЛІ - ТІРЛІГІ ҚАЗАНДАЙ ҚАЙНАҒАН ҚАЛА

Моноқала бағдарламасы шеңберінде қыруар қаржы бөлініп, жаңарып жатқан жаңа қалаға аттандық. Тау етегіндегі тамаша Текелінің бүгінгі тынысын бақылап қайттық. Кеншілер қаласындағы сапарымызды гранит өңдеушілермен жолығудан бастадық. 

2006 жылдан жұмысын бастап, сәтті ісімен жалғасын тауып, қаланы сәндеп келе жатқан «Текелі гранит» ЖШС-ін ерекше атап өтуге болады. Үш ауысым бойы тынбай жұмыс істеп мемлекеттік және жекеменшік тапсырыстарды қабылдап отырған мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстық. Директордың орынбасары Валерий Успановтың айтуынша, Талдықорған, Текелі қалаларының құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруінің арқасында алдыңғы жылға да тапсырыстар бар көрінеді. Айына 300-ден 600 текшеге дейін гранит өңдейді. Граниттің ыдырауы тек 100-120 жылдан кейін басталатынын айтпағанда, зауыт өз өнімдеріне 25 жыл кепілдік береді. Шаһар тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуші зауыт өнімі өзінің жоғары сапасының арқасында тұтынушылардың оң бағасын алуда.

Валерий Михайловичпен бірге заводтың ішіне кірдік. Бірінші ауысымның жұмысы, қайнап жатқан қызу тірлік. Күртіден әкелінген үлкен тас кезекті өңдеуден өтіп жатыр. Жабдықтың бәрі жұмысқа қосылған. Барлығы механикаландырылған, бақылап, уақытылы ауыстырып отырса болғаны. Осы ауысым білікті маман бригадир Валерия Любченконың бастауымен екен. Өз жұмысын жанына жақын көретін тәжірибелі маман:

-         Жаныңды салып жұмыс істесең күткен нәтижеңді көресің. Мен таспен бұрыннан жұмыс істеймін. Әр тастың өзінің мінезі, көңіл-күйі болады. Соны түсіне білу керек. Тастарды алып келген сайын біз бұлардан қандай кереметті жасасақ екен деп ойлаймын. Біз кез келген тапсырысты орындай аламыз, – деді.

Біз одан қалада орналасқан өз туындыларыңызды көргенде қандай әсерде боласыз деп сұраған едік

– Әрине, мақтанамын. Граниттік плиталар, бордюрлер, жалпы заводтың басқа да өнімдері Жетісудің сәнін кіргізіп тұрғаны көңіл қуантады. Мен ғана емес, әріптестерім де мақтанады деп ойлаймын. Балам Иванның өзі сабаққа барар жолда көрген бордюрлерді сен істедің бе деп сұрайды. Кейбірін мен, кейбірін әріптестерім деп айтамын. Білемін, балам әкесімен мақтанады, – деп жауап берді..

 Нағыз ерлердің ісін атқарып, жүрген Павел Чербаков, Виталий Потанов, Николай Шкалдыков. Білікті мамандардың әдіс-тәсілін үйреніп жүрген жас фрезер Сәкен Әбділдинов те жауапты маман (суретте). Бұл ауысымда тоғыз адам жұмыс істейді. Ең бастысы, сапаның жоғары болуы. Тапсырыстар ешқашанда таусылған емес. Жұмысына қарай сыйақы да беріледі екен. Жалақылары да уақытылы, әлі көңіл қуантарлық. Заводта жұмысшылардың жағдайы жан-жақты қарастырылған. Мысалға, асхана, жуынатын бөлме, киім ауыстыратын бөлме бар. Қазір 40-тан астам еңбеккер мекеме жұмысын жандандыруда. Болашақта зауытты кеңейтіп, жұмыскерлерді қабылдап, тапсырыстарды молайту жоспарда көрінеді.

Қазіргі таңдағы экономикалық қиындықтарға қарамастан орта және шағын бизнес өкілдері өз жұмысын жалғастыруда. Аянбай еңбек етіп, мемлекеттік қазынаны толтыруға үлес қосып жүр. Солардың бірі ашылғанына көп уақыт бола қоймаған, соған қарамастан өз аясын кеңейтіп, сатып алушылар санын көбейтіп келе жатқан «Солнышко» дүкені. Текелі тұрғындары тәтті тағамдар шығаратын «Солнышко» өнімдерінің дәмін татып, тәнті болған.

 Нан пісіретін шағын цех пен дүкен бір ғимараттың ішінде. Тұтынушылар пештен жаңа шыққан ыстық өнімді, тәтті тоқаштарды дүкеннен бірден алып кететін көрінеді.

 Бірінші бөлмеде бауырсақ дайындалуда, келесісінде тәтті тоқаштар. Бір ерекшелігі, тұшпараны да өздері дайындайды. Тоқаш пісіретін мамандардың жұмыс орны да мұнтаздай. Осының бәрін бір жерге топтастырып, ақыл тапқан мекеме басшысы Наталья Крупнова. Заманға сай тіршілік етіп, тыным көрмей ары-бері шапқылап жүрген кәсіпкердің кез-келген іске деген шеберлігі байқалып-ақ тұр. Алғашында «Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы көмек алған екен. «Қазір де құжаттар дайын, мемлекет тарапынан тағы бір несиені күтудеміз» – дейді білікті басшы.

Бұйыртса, бәрі жөнімен болса, өнім сапасын арттыратын жаңа пештер алсақ дейміз. Бұл электр жүйесін үнемдеуге көмектеседі, сонымен қатар көп уақыт та алмайды. Қазір бұл техника көрші Ресейде қолданылады. Соны біз де байқап көрсек дейміз, – дейді ол.

 Жұмыстың қызығы мен қиындығы да қатар жүретінін жасырмады. Бағамның күрт өсуі бұл мекемені де айналып өтпепті. Бірнеше күн тіптен сауда болмаған екен. Наталья Крупнова сауда көкжиегін кеңейтсем дейді. Тек қана Текелі емес, Талдықорған тұрғындарына да өз өнімдерінің дәмін таттырсам деген жоспары бар.

 Қазір «дәмді» дүкенде 15 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақысы істеген ісіне байланысты беріледі. Ерекше айтып өтерлігі, нан пісіретін ортада керемет сыйластықпен, көтеріңкі көңіл күймен үлкен жүректі, адал адамдар жұмыс істейді.

 Құралбек СӘБИТОВ

Abai.kz

0 пікір