Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4186 0 пікір 9 Қазан, 2015 сағат 02:00

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНДЕ ЖАҢҒЫРҒАН ҰЛТТЫҚ САНА

Ұлытауда Президент Назарбаевтың «Хабар» телеарнасына өткен жылы берген тағылымды сұхбаты тек Ұлы Дала халқы емес, күллі түркі жұртының жүрегіне жол тапқан дәріс болды десек, артық емес. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, бүгінгі таңда Президент Нұрсұлтан Назарбаев – тек Қазақ елі ғана емес, түбі бір түгел түркінің көшбасшысы ретінде мойындалған және түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайтуға барынша күш жұмсап жүрген танымал тұлға.

Аталмыш сұхбатында Елбасы қазақ мемлекеттігінің байырғы тамырлары өте әріден, атап айтқанда, біздердің ата-тектеріміз болып табылатын ғұндар мен сақтардан, көк түріктерден және оның бер жағындағы Алтын Ордадан, ал одан да нақтырақ айтқанда, ХV-XIX ғасырлар аралығында қанат жайған Қазақ хандығынан бастау алатынын паш еткен болатын.

«Айтылмаса сөз жетім» демекші, Елбасы қазақ халқының мемлекеттілігіне қатысты тарихи шындықты қасиетті Ұлытауда дер кезінде айтты. Себебі, кейінгі кездерде кейбір шетелдік ақпарат құралдары «қазақтардың мемлекеттігі еш уақытта болған емес» деген жалған ақпарат таратуды әдетке айналдыра бастаған еді. Сондықтан, біле тұра білмегенсіп, көре тұра көрмегенсіп, шынайы тарихты қасақана бұрмалап, жымысқы ақпарат таратушылармен күресу тек қазақ тарихшыларының ғана еншісі емес, әділет пен шындықты ардақтайтын жасампаз еліміздің әрбір азаматының да ортақ мүддесі.

Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған Президент Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан пәрменді іс-шаралардың мәні ерекше. Сондай шаралардың бірі өткен жылдың қыркүйек айында Халықаралық түркі академиясында «Ұлы Даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» деген тақырып аясында өткізілген халықаралық семинар болатын. Ол шараға 12 мемлекеттен келіп қатысқан ғалымдар тобы түгелдей түркі жұртына ортақ тарихты ғұндардан бастап, көк түріктер арқылы сабақтастыра жалғастыруға толық қолдау білдірген болатын.

Сонымен қатар, академияда түркі тарихына қатысты және бірнеше бағыттар бойынша, атап айтқанда, «Шығыс түрік қағанатының тарихы», «Батыс түрік қағанатының мемлекеттік құрылымы» сынды іргелі ғылыми жұмыстар да қатар жүзеге асырылуда.

Ұлы Даладағы мемлекеттік дәстүр сабақтастығы туралы сөз қозғалғанда, қазақ даласындағы мемлекеттік дәстүрдің де шет қалмайтыны дау туғызбайтын шындық. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласының активімен өткізген бір кездесуінің барысында қазақ мемлекеттігінің тарихы Қазақ хандығынан бастау алатынын тағы да түйіндеген болатын. Президенттің бұл тұжырымын халық өте жылы қабылдады. Сосын, Қазақ хандығының 550 жылдығы 2015 жылы елімізде де, шетелдерде де кеңінен аталып, жалғасын тауып келеді.

Сондай іс-шаралардың бірі емес, бірегейі биылғы қыркүйек айының 11-і күні Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиын болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың терең тамырлы тарихи шындыққа негіздей отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына бағыштаған тағылымы терең аталы сөзі сол жиынға ұлан-байтақ еліміздің барлық аймақтарынан арнайы шақырылған аға буынды ел елеулілері мен қоғам қайраткерлерін ғана тебірентіп қойған жоқ. Тікелей эфир арқылы бүкіл ел құлағына бірден жеткен жанды сөз миллиондаған өзге отандастарымыздың да рухын оятып, оның ішінде, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақтың патриоттық сезімін де жалындатып, биік белеске көтеріп кетті. Сондай-ақ, күллі халықтың жүрегіне төте жол тауып, жаппай қолдауына ие болған осы бір ұлы той салтанаты дарытқан көңіл-күйдің сын-сипаты да өзгеше болды.

Біріншіден, Ұлы Даланың халқы жүрекке жылу сыйлайтын шешен сөз бен сананы жаңғыртып, дүр сілкіндіретін көсемсөзді тани алатынын да, ондай құндылықтарды қадірлей білетінін де бірден байқатты. Мұны салтанатты жиынның атмосферасы толық дәлелдеді.

Екіншіден, осыдан бес жарым ғасыр бұрын Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған батыр бабаларымызға арналған соқталы да шынайы сөздің бастан-аяқ мемлекеттік тілде сомдалғаны дүйім жұртты жігерлендіріп жіберді. Бұл көңіл-күй салтанатты жиынның үстінде рухы оянып, одан кейінгі сәттерде де қанаттанып бара жатқан адамдардың бет-жүзінен айқын сезіліп тұрды. Бұл сипат, сонымен қатар, халықтың жігері мен қуаты ұлттың тілі дәл осылайша қадірленсе ғана биіктейтінін айқын байқатты.

Үшіншіден, Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының әдеттегідей той тойлау үшін емес, ең алдымен, батыр бабаларымыздың мәртебелі рухына тағзым ету үшін және тағдыр талайының сан алуан тар жолы мен тайғақ кешулерінен сүрінбей өткен ата тарихымыздан тағылым алу жолында өткізіліп отырғанына ерекше екпін беріп, ел назарын сол нысаналарға қарай бұрды. Бұл уәж де көптің көкейінен шықты.

Төртіншіден, айтылмаса, сөздің атасы өледі демекші, Мемлекет басшысы әдетте ашық айтыла бермейтін еліміздің басыбайлы кезеңіндегі қасіретке толы тағдырына қатысты ащы шындықтың тығынын түгел ағытты. Мәселен, Президент Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептеріндегі жас ұрпақтың тек «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан ғана білім алуға мәжбүр болып, ата тарихынан мүлде алшақтап қалғанын да, сондай-ақ, кеңестік биліктің солақай саясатының салдарынан Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері бірте-бірте ел жадынан өшіріле бастағанын да, іштен шыққан жау жаман демекші, сұрқия саясаттың шашбауын көтеріп, өз хандарымызды өзімізге жамандап, өз ішімізден шыққан жандайшаптардың құрметке бөленіп келгенін де, Алматы мен Астана немесе облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде әйгілі хандарымыз бен батырларымызға ескерткіш тұрмақ, олардың атына білім мен мәдениет нысандары ғана емес, тіпті, жалғыз-жарым көше де бұйырмағанын, оны былай қойғанда, Қазақ хандарының аты атала қалса, оларға үстем тап өкілі деген келеңсіз шала байлап, қисынсыз айып таққанын үлкен өкінішпен ашық баяндай отырып, Кеңестік озбыр биліктің жасанды бет пердесін сыдырып тастады.

Президент ұлттық намысты қайрайтын және бір отты сөзді ел назарына ұсынды: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ… Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады… Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша  құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді.  Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады.».

Президенттің терең тебіреністі ұлтжандылықпен, осылайша, ұлы хандарымыз бен батыр бабаларымыздың өшпес рухына халық алдында тағзым етіп, әділ бағасын бергені салтанатты жиынның мәнін арттырып, ұлттық сананы қайта жаңғыртуына пәрменді септігін тигізді.

Бесіншіден, Елбасы Ұлы Даланың ел-жұрты тәуелсіздік жолында «мың өліп, мың  тірілген» халық екенін, сондай-ақ, Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымның, ең алдымен, Мәңгі Ел болуды көксейтін өз мемлекетіміздің киелі бірлігімен егіз екенін тағы бір мәрте еске салды. Батыр бабаларымыздың ынтымағы жарасқан замандарда даңқы асып, керісінше, бас-басына би болып, билікке таласқан кездерінде берекелері мен сиқы қашып, бөлшектеліп кеткенін бүгінгі ұрпақ санасына дөп тигізді. Сосын, бірлік – барлық жеңістердің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары, керісінше, алтыбақан алауыздық мемлекеттіктің негізін шайқалтатын жегіқұрт екенін айшықтай түсіп, тағы біраз тарихи шындықты ортаға тастады:

«Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы әлі қалыптаса қоймаған VI ғасырдың 552 жылы Алтайда Ұлы Түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке-дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің өз ішінде берекесі кетіп, билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды. VIII ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айырылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған». Міне, тағылым.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем ғылымы мойындаған ғұлама тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазба мұраларына сүйене отырып, Қазақ хандығының заманын ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі болғанын үлкен мақтанышпен түйіндеді. Сондай-ақ, Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1465 жылы Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығып, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының алғашқы шаңырағын көтергенін, олардан соң билік құрған Қасым ханның хандықтың іргесін бекітіп, керегесін кергенін, Хақназар ханның ел шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтіп, Тәуекел ханның Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратқанын, сол сияқты, Еңсегей бойлы ер Есім ханның елдің іргесін бекіту жолында қолбасшылығымен танылғанын, Салқам Жәңгір ханның Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы бергенін, Әз Тәуке ханның «Жеті жарғыны» енгізгенін әділетті айшықтай отырып, хандардың көпшілігінің өмірі көбінесе майдан шебінде өткенін, сондықтан да, қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапқанын еске салды.

Сөз қадірін түсінетін әрі оны санасына тоқи алатын әр азаматтың нақты ғылыми дәйектерге негізделген бұл тарихи тағылымнан да мол ғибрат алғаны күмән тудырмаса керек.

Алтыншыдан, Астанада өткен салтанатты жиын «қуанышты бөліссе, көбейеді» деген аталы нақылдың тозбайтын құндылық екенін тағы да бір дәлелдеп берді. Орайы келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығын бірге ұлықтауға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бесінші Саммитіне Президент Назарбаевтың арнайы шақыруымен келген Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз  Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиевтің қатысуы салтанатты жиын мен мәдени шаралардың мәнін арттырып, абыройын асқақтатқаны даусыз.

Жетіншіден, сырт көз – сыншы демекші, жаһандану заманында тарихи тағдыр талайының салдарынан бір-бірінен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түркі халықтарының бүгінгі көшбасшыларының қайта ынтымақ жарастырып, саясатта, экономикада, ғылым мен білімде, технологияда осылайша өзара ықпалдастық байланыстарды нығайтып жатқанына салтанатты жиынның құрметті қонағы ретінде шақырылған шетелдік тұлғалар мен елшілер де куә болып, ризашылық білдіріп отырғаны сезіліп тұрды.

Сегізіншіден, салтанатты жиынның ертесіне, Батыс әлемінің бірнеше тілінде тәулік бойы татымды әрі шынайы жаңалықтар тарататын, абырой-атағы биік «Euronews» телеканалы Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын мен мәдени шаралар туралы қысқа да нұсқа хабарды бүкіл әлемге мәлім етіп үлгерді. Шындықты ғана уағыздайтын ақпарат құралдарын төртінші билік деп бекер атамаған ғой. Ендеше, ендігі жерде Қазақ хандығымен сабақтасып жатқан бүгінгі «Ұлы Дала елі» деген қасиететті есімді иелене бастаған Қазақ мемлекеттігінің бай тарихынан бүкіл планета халқы да хабардар болды деуге толық негіз бар.

Сөз ретінде бүгінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Қазақстан халқының бірлігін паш етуге бағытталған, яғни, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған арнайы «Ұлы Дала елі» экспедициясы Отанымыздың түкпір-түкпірін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп, аталған тақырыпта дәрістер оқып жүргенін де айта кетсек, еш артықтығы жоқ. Өйткені, мұның бәрі өте қажет шаралар.

Қорыта айтқанда, мақалаға арқау болған Елбасының мызғымайтын ғылыми іргетасқа негізделген бұл дәрісін Ұлы Дала елінің бес жарым ғасырлық тарихын қамтитын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп қабылдаған лазым. Нақтырақ айтқанда, бұл құжатты Ұлы Дала елінің төл тарихының оқулығы ретінде орта мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары шәкірттерінің деңгейіне сәйкестендіріп, айналымға тезірек енгізіп жіберсе артық болмайды. Өйткені, Елбасының ұлағатты дәрісі Ұлы Дала елінің өткен дәуірлердегі тарихы мен бүгінгі болмысын ғана қамтып қоймай, жарқын болашағына да жөн сілтеп тұр.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркітілдес мемлекеттер

Ынтымақтастық кеңесінің жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі.

0 пікір