Сенбі, 4 Мамыр 2024
Болған оқиға 7050 0 пікір 9 Қазан, 2015 сағат 06:29

БАЙТҰРСЫНОВ "БАЛМҰЗДАҚТАРЫ" ЖАЛАҢАШ БИЛЕП ЖҮР

Кішкентай күнімізде әжелеріміздің бейбастақтық жасап, еліріп, есерсоқтанып, сөзге тоқтамай кететін балаларға қарап, «топалаң тигір өңкей» деп ұрсып отыратынын жиі еститінбіз.

Көргенсіздер қай заманда да бар. Әсіресе, бүгінгі заманның көгермегірлері дәл ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінен шығады деп кім ойлаған?

Ғаламтордағы youtube.com видеохостинг сервисінде «студенттер ҚМУ» (https://www.youtube.com/watch?t=3&v=iyVtZYRp_2Uатауымен видео жазбаны көргеннен кейін жағамызды ұстадық. Бейне жазбада бір топ жастардың сахна үстінде анау-мынау емес… іш киіммен билеп жүрген сәті жазылып қалған. Қайда дейсіздер ғой? Ахаң атындағы білім ордасының сахнасында!

Ұят болса да айтайық, бұттарында іш киімнен басқа лыпа жоқ бір топ тыриған ер бала бөкселерін қиқаңдатып асыр салып жүр. Мына көргенсіздердің дені өзіміздің қаракөздеріміз. Ең сорақысы, бәрі қаумалап, орталарына бір қыз баланы (ол да қаракөз) алып, соны айналсоқтап, ербең-ербең, бұраң-бұраң етіп жүргенін сөзбен қалай жеткізсем екен? «Сиыр көзін сүзбесе…» десек қалай? Ал тепсе темір үзетін жастағы еркек атаулының «жібектей есіліп» жүргенін көргенде, «біртүрлі» ойлайды екенсің. Рас, жерге кіре жаздадым. Мынау арсыз көрініс студент қатарына қабылдау концерті өтіп жатқанда қойылыпты. Өзі 11 секундтық таспада небір тайраңның бәрі бар. «Мен Ахаң атындағы киелі білім ордасында жүрмін-ау» деген ой жоқ біреуінде. Тыртың-тыртың, ыржың-ыржың жүргендеріне мәз бәрі.

Міне, осы жүгенсіздіктің жай-жапсары жайында аталған оқу орнының бірінші проректоры Орынбай Тағаевқа барғанымда, ол кісі Астанаға шаруамен кетіп қалыпты. (айта кетейік, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті ректоры басқа қызметке кеткендіктен, қазір орны бос тұр). Апарған хатымды тағы бір проректор А.Әбсадыққа қалдырғанымда, ол кісі оқиғаның болғанын қысқаша баяндап берді: «Университетімізде студент қатарына қабылдау шарасы өтіп жатты. Жюри құрамы қорытынды жасау үшін сыртқа кеткен кеткен кез. Сол мезетте көрермендерге үзіліс болып қалмас үшін жоғары курс студенттері мына әдепсіз қойылымды көрсетіп шыққан. Бірақ көп уақыт өтпей, ұйымдастырушылар оларды тоқтатып үлгерді».

Бұл проректордың ауызша айтқан әңгімесі. Артынша менің хатыма жауап келді. Ректордың міндетін атқарып отырған Алмас Әбсадықтың атынан. Бұл жерде оқиға басқаша өрбіп сала берген. Онда «Факультет ішінде жыл сайын өтетін «Студенттер қатарына қабылдау» іс-шарасының дайындығы кезінде Инженерлік-техникалық факультетінің 1-курс студенттері әдепсіз билегені анықталды… Сахнадағы бұл жағдай, факультет ішілік дайындық кезеңінде болғандықтан, оның өтуіне жауапты тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары жұмыстан босатылды…» делінген.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегеннен аулақпыз, әрине. Расымен де Әбсадық мырзаға қарамағындағылары оқиғаны біресе олай, біресе былай жеткізуі мүмкін. Әйтпесе, университеттегі студент қатарына қабылдау шарасына қатысқан шәкірттер әлеуметтік желіде («Вконтакте») ондағы суретті жариялағанын көзіміз көрді. Сурет астына шараның жоғары деңгейде өткені туралы пікірлер де жоқ емес.

Расымен де университетте болатын шаралар осындай «деңгейде» өте ме, әлде студенттердің «деңгейі» соған сай болып кеткен бе, түсіне алмадық. Ал шәкірт қауымы 1-курсқа келмей жатып әдеттерін әдепсіз биден бастап жатыр екен. Ертеңгі күн әлгі бейбақ ұлдар диплом аларда бір-бірімен «біртүрлі» қол ұстасып, тіпті, тырдай жалаңаш келіп тұрса да, таң қалмайтын шығармыз.

 

Қыдырбек Қиысханұлы, Қостанай

"Қазақстан ZAMAN" газеті

Түп-нұсқадағы тақырып: "АТЫҢ ШЫҚПАСА - ЖАЛАҢАШ БИЛЕ"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1150
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1053
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 785
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 908