Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4368 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 08:45

ОҚО: ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТА ЖАҢА ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Бүгін, 26 қазанда облыс басшылығы мен «Цзинь-Ту-Ди» (Қытай. Дацин) қытай компаниясы жетекшілігінің арасында іскерлік кездесу өтті, - деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған компания Қытайда  суды үнемдеуді ендіру технологиясы бойынша ірі компаниялардың бірі болып табылады.  Кездесу барысында «Оңтүстік» Индустриалды аймағында зауыт құрылысын бастау  туралы келісімге қол жеткізілді. Жаңа зауыт толық циклды тамшылатып суару құрылғыларының жабдықтарын шығаратын болады. Жобаға салынып отырған қаржының жалпы құны 28 млн. АҚШ долларын құрайды. Нысанның құрылысы екі кезеңде іске асырылатын болады. I кезең – 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталса, II-кезең 2017 жылы бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жергілікті шаруалардың ауыл шаруашылығы бойынша біліктілігін арттыру мақсатында зауыт аумағында оқу орталығын құру жоспарлануда.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда 19 индустриалды аймақ құрылып жатқанын жазған едік. Бүгінде оның төртеуі Шымкентте іске асса, жалпы көлемі 153 га құрайтын 2 индустриалды аймақ Түркістан қаласы мен Созақ ауданында пайдалануға беріліп отыр. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте «Оңтүстік» индустриалды аймағы» ЖШС директоры Мұхтар Тұрабеков хабарлады.

Жыл соңына дейін «Оңтүстік» индустриалды аймағын қосқанда бұл көрсеткіш 12-ге артса, 2016-2017 жылдары аудан-қалаларда 7 индустриалды аймақтың құрылысы аяқталмақ. Олардың қатарында Арыс қаласы, Сайрам, Сарыағаш, Отырар, Төлеби, Ордабасы аудандарындағы индустриалды аймақтар мен Шымкент қаласы маңындағы агро-индустриалды аймағы бар. Осылайша өңірде өнеркәсіптік өндіріс пен бизнес үшін 975 гектар аумақта дайын өнеркәсіптік алаңдар қалыптаспақ.

Биыл Қазақстан-Түркия бизнес форумында екі ел басшыларының келісімімен қазақ-түрік индустриалды аймағын бірлесіп басқару бойынша Анкара қаласының кәсіпкерлік палатасы мен «Оңтүстік» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы» арасында келісім-шарт жасалды.

Сондай-ақ, фармацевтика, машина жасау және металлургия секілді салалардың кластерлік дамуына бағытталған 292 га құрайтын «Бадам», «КТИЗ» және «Тассай» индустриалды аймақтары құрылып отыр. Мұнда тартылған жеке инвистиция көлемі 82 млрд теңгені ($450 млн) құрады.

Қазақ-түрік индустриалды аймағымен қатар Қазақстан-Қытай индустриалды аймағы құрылмақ. Бұл үшін Хэбэй, Шаньси, Шаньдун провинциясында Қытай халықаралық сауда палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жалпы, облысымыздағы барлық индустриалды аймақтарында құны 177 млрд теңгені құрайтын 148 инвистициялық жоба іске асып, нәтижесінде 15 829 жаңа жұмыс орны ашылды. Іске асқан жобалардың 75-сі облысымыздың аудандары мен қалаларында орналасқан.

Абай-ақпарат

0 пікір