Жұма, 26 Сәуір 2024
Көк тудың желбірегені 7317 0 пікір 6 Қараша, 2015 сағат 16:08

БРИТАНДЫҚ БАСЫЛЫМДАР НЕ ДЕП ЖАТЫР?

Бүгінгідей дағдарыс дерті дендеп, Путин авантюрасы үшінші дүниежүзілік соғыстың отын  үрлеп, РФ мен Батыс елдерінің арасы суыған, алағай да бұлағай кезеңде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыстағы бірнеше мемлекетке ресми сапармен барды.

Әуелі Ұлыбритания премьерімен кездесіп, екі жақты бірқатар келісімдерге қол қойды. 1992 жылдан бері қарай жалғасып келе жатқан байланысқа екі ел басшылары жаңа серпін беруге ниетті екендіктерін білдірді.  Біздің білетініміздей, Қазақстан мен Ұлыбритания арасында сындарлы диалог орнатылған. Біріккен Корольдік Қазақстан экономикасына, әсіресе, мұнай-газ секторына құйған тікелей инвестициялар көлемі бойынша үшінші орында. 2005 және 2014 жылдар аралығында британдық инвестициялардың көлемі 11 млрд. АҚШ долларын құрады.

Қазақстандық статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қаңтар-қазан айларында екі ел арасындағы сауда айналымы 1,05 млрд. долларды құрады.

Қазақстан нарығында жұмыс істейтін британдық компаниялар: BG, Shell, AMEC, Invensys, BAE Systems, RioTinto, PETROFAC, Sun Group, Rolls Royce, HSBC, RBS, EY, Deloitte, PwC, KPMG, SNR Denton, GlaxoSmithKline, AstraZeneca. Олардың көбі лондондық қор биржасының тізіміне енгізілген. Сол тізімде бірқатар қазақстандық компаниялар да бар («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ, «Халык Банк» АҚ, «Kcell» АҚ (Фонд нарығы), Orsu Metals Corp., W Resources, Steppe Cement, Max Petroleum, Tau Capital, Roxi Petroleum, Central Asia Metals, Frontier Mining, Jupiter Energy, Kemin Resources (балама нарық).

Сонымен бірге өзге де құрылымдар жұмыс істейді. 2015 жылы 24 ақпанда «Самрұқ-Қазына» АҚ мен Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі Агенттігінің (UKTI) Іскерлік кеңесі және Британдық сауда палатасының Қазақстандағы өкілдігі ашылды.

Міне, осылай жалғасып келе ежатқан Қазақстан – Британ қарым-қатынасы енді қайта жанданып, британиялық компаниялардың Қазақстан нарығында жұмыс жасауына ҚР Президентінің осы жолғы іс-сапары жол ашқан еді. Британия Үлкен жетілік пен жиырмалыққа мүше, саяси ойыншы ретінде Қазақстанмен ынтымақтастығын арттыруды көздеуі өз кезегінде мемлекетіміздің Орталық Азиядағы рөлін айқындайтын болса керек-ті.

Президент Назарбаевтың Британияға жасаған сапары туралы қазақстандық БАҚ аз жазбады. БАҚ-тарда жарияланған мақалалар Қазақстан – Британ қарым-қатынасы жаңа қалыпқа келетіні туралы айтты.

Ал кейбір қазақстандық сарапшылар Назарбаевтың Батысқа сапарын «Қазақстан өзінің ескі һәм жаңа одақтасы Ресей ингерациясына балама ретінде Батыс елдерін таңдады" дейді.  Енді біреулерінің пікірі бұған мүлде қайшы болды.

Сонымен сараптап көрейікші. Батыспен байланысты нығайту арқылы Қазақстан өзінің Орталық Азиядағы ықпалын арттыруды көздейді ме? Керри не үшін келді? Франуца Олланд пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы қарым-қатынас қай деңгейде?

Әңгімені Керридің Қазақстанға сапарынан бастайық. Әйгілі Washingtonpost басылымы Керридің Қазақстанға сапары туралы былай деп жазды:

«Керри: Адам құқықтарын шектеу – экстримизмге жетелейді» атты мақалада (Kerry in Kazakhstan: Human rights abuses feed extremism ) автор – Карол Морелло «Мемлекеттік хатшы Джон Керри Орталық Азиядағы және Қазақстандағы адам құқықтарын шектеу мәселелеріне қатысты өз пікірін білдірді. «Терроризммен күрес түрі ретінде саяси оппоненттерге қысым жасау – экстримизмнің ушығуына әкеліп соқтырады» деді», – деп түйіндейді (https://www.washingtonpost.com/world/kerry-in-kazakhstan-human-rights-abuses-feed-extremism/2015/11/02/edc39c8e-7daa-11e5-bfb6-65300a5ff562_story.html).

Ал Президент Назарбаевтың көпвекторлы саясатына қатысты британдық басылымдар өзгеше көзқарас білдірген.

Мысалы, британиялық The Guardian басылымында «Қазақстан Президентінің Ұлыбританияға екі күндік сапары» атты мақала жарық көрді. Мақала авторы Люк Хардинг Қазақстан билігін сынаған.

The Guardian басылымы Қазақстаннан қашып барып, саяси баспана сұраған экс-банкир Мұхтар Әблязов пен экс-елші Рахат Әлиевтің  мәселелерін жіпке тізіп, «Президент Назарбаевты Ұлыбритания және оның халқы қолдауға ниетті емес» деген мақала жариялаған(http://www.theguardian.com/law/2015/nov/03/kazakh-leader-should-not-be-welcome-in-uk).

Британ журналисті Майк Уейл «Тони Блердің ҚР Президентінің кеңесші ретінде түк бітіре алмағанын, Жаңаөзен оқиғасын және оппозиция белсендісі атанған қамаудағы Арон Атабектің жайын сөз етіпті.  

Сонымен қатар, «Қазақстан соңғы жылдары әлемдік саясат аренасында  адам айтса нағысыз экономикалық жетістіктерге жеткен мемлекет. Алайда адам құқықтарын шектеу мәселесіне келгенде әлі де болса кеңестік режимнен арыла қоймағанын көруге болады», - дейді (http://www.theguardian.com/world/2015/nov/03/kazakh-president-arrives-uk-visit) батыстықтар.

Түйін: Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания сапары кезінде мемлекет басшысы Давид Кэмерон мен патшайымның арнайы қабылдауында болып, екі жақ бір мәмілеге келген болатын.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыстық интеграцияны қолдауы - Ресейдің Украина және Сириядағы жанжалдарға тікелей ықпал ететіні түсінікті. Қытай төрағасы Си Цзинпиннің Астанаға келуі, Жапония премьері Синдзо Абэнің Астанаға сапары, Ресей Президентінің Елбасының қабылдауында болуы, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Астанаға арнайы келуі мен Британия премьері Давид Кэмеронның Қазақстан Президентімен кездесуі, Франция Президенті Француа Олландтың Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы шақыртуы бір-бірімен өзара сабақтасады. Әрине, әлемдегі  орын алып жатқан жанжалдар мен Сирия және Украина мәселелерінде Қазақстанның позициясы Қытай мен Батыс үшін маңызды екені түсінікті. Олар Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның Ресей ығына жығылып кетпеуін қалайды және өзге мемлекеттер секілді Ұлыбритания да ОА-да державалық саясат жүргізуге құлықты. Саяси аренада мұндай ойын жүргізуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да кет әрі емес екенін біз білеміз.

Алайда британиалық басылымдар мен саясаткерлер Назарбаев саясатын қарапайым қазақстандықтардың қолдайтынын ескермесе керек. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде Қазақстан Орталық Азияда және әлемдік саясаттағы озық елдердің қатарына қосылғаны Елбасының еңбегінің жемісі екені рас. Кейде астам сөйлеп, артық қалағанымызбен, мәселеге көз жұмып қарау адамшылдыққа жат.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Бриятаниядағы  демократиялық принпиптер мен қазақтың далалық демократиясының арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Мәскеуде өткен ЕАЭО елдері басшыларының жиынында Белоруссия Президенті Александр Лукашенконың журналистерге дүрсе қоя бергендегі айтқан сөзін біз Британ журналистеріне айтқанды жөн көрдік.

«Лукашенко – оп-оңай ығыстыра салатын адам емес. Егер ол қалайтын болса – Президент болады. Мені Белоруссия халқы сайлады. Егер Белоруссия халқын құрметтесеңіздер – Лукшенкоға шыдаңыздар!», – деп еді Батька.

"Президент Назарбаевты Қазақстанның халқы таңдады, сайлады. Сондықтан, егер «Қазақстан халқын құрметтесеңіздер – оның Президенті Назарбаевқа да құрмет көрсетулеріңіз тиіс!" дегіміз келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Аbai.kz

0 пікір