Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Өз сөзі 6699 0 пікір 11 Қараша, 2015 сағат 10:48

ПУТИННІҢ «ОРЫС ӘЛЕМІНІҢ» АСТАРЫНДА НЕ БАР?

Ресей 5-6 қарашада халықтар бірлігі күнін атап өтті. Ресей президенті Путин осы жиында «Әлемнің түкпір түкпіріндегі орыс әлемі дамыған үстіне дами береді. Мақсатты түрде орыс тілін тұншықтыру, әдейілеп орыс театрлары мен мәдениет үйлерін жабу әрекеттері жасалуда. Алайда, Ресей қай елде болмасын орыс диаспорасының мүддесін ойлайды. Әсіресе орыс тілді мектептердің, қарқынды жұмыс істеуін қадағалайды. Әр түрлі себептермен Ресей аумағынан тыс жерде өмір сүріп жатқан орыс тілділердің мүддесін әрдайым қорғаймыз. Қай бұрышта жүрсеңіздер де сіздердің жүректеріңізде отаным Ресей деп соғатынына сенемін» деді.

Байқаған адам Путиннің «орыс халқы» деп емес «орыс әлемі» деп сөйлеуінің өзінде үлкен саяси астар жатқанын біледі. Бұдан кейін өз Ресейінде 140 млн, ал әлем бойынша шамамен 250 млн адам орыс тілінде сөйлей тұрып, орыстың тілі жуық арада қолданыстан шығып қалады дегенге сенесіз бе?! 

Қазақ боп туған жүрегім дәл осылай менің де Елбасым «қазақ әлемі дамыған үстіне дами береді, әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған қазақ әлемі Қазақ еліне сеніп арқасүйеп отыра берсін, сіздердің мүдделеріңізді әрдайым қорғаймыз, оған сеніңіздер» дей түссе шіркін деп армандағанымды жасыра алмаймын. Әлемнің әр түкпірінде қазақ өнері шарықталып, қазақ тілді қауым мың сан болып көбейсе... Қазіргі 11 млн адамға жетеғабыл қазағым 110 млн боп өсіп өрбісек шіркін!..

Бұл арманымның қай уақытта орындаларын кім білсін. Десе де арман адамды жетелейтіні рас. Ұлы даланың ұланы – бұл қазақ қайтіп құлдық санадан арыламыз, қалай ғана өз елімізде, содан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде өз тілімізде сайрай аламыз?

Елімізден өзге тілде сөйлейтіндерді шықпыртып қуып шығалық. Не ұтамыз?! Медицина саласындағы білгір мамандардың біршамасы өзге тілділер. Олардан айрылып қалсақ сорламаймыз ба? Диханшылықта, сәулет өнерінде, экономика саласында, тағысын тағы толып жатқан мемлекетіміздің тұрақты дамуына ықпал етіп отырған мамандардың көпшілгі өзге тілділер. Оларды күнделікті өмірімізде жиі кездестіреміз. Түзу сәлемдесеміз. Ендеше қарапайым адамдардың қарым қатынасында тұрған ештеме жоқ. Көкейіміздегі «өз тіліміз қазақшамызбен солармен сөйлессек» деген арманның да сөкеттігі жоқ.

Мұндай арманға жету үшін алдымен елдің өз тұлғаларын қалыптастыра білуі өте керек. Тіл мәселесінде әлемнің керекті деген оқу-әдістемелік әдебиеттерінің бәрін қазақшаландыруға тырысу қажет. Мұндайда аударма тілі негізгі құралымыз болмақ. Әсіресе, кино, анимация, хит шығармашылық өнімдер мен әлем шедервлерінің қазақша сайрағаны өте дұрыс. Біртіндеп өзге тілде сөйлейтін сұранысқа ие мамандар аудитория қазақ тілді болғандықтан қазақ тілінде сөйлей бастайды. Қазақ тіліне деген сұранысты қалыптастырмайынша қазақ тілінде қызмет көрсету ұсынылмайды. Бұл экономикалық заңдылық. Сұранысты өзіміз – қазақ тілді қауым қалыптастыруға тиіспіз. Бұл орайда сыпайы бола тұрып, қазақ тілді қауымның талап ете алардық үдесі бар екендігін өзгелерге сездіру де маңызды. «Өзгені сыйлаған өзін де сыйлата біледі». Құлдық ұру мен сыйластық білдіру – екі түрлі дүние. Жылап отырып айдауға көнуге де болады, жымия отырып мүддемізде көзделмеген жайттардан бас тартуға да болады. Ұлт мүддесі дегенде ұрпақ өрбіту мәселесімен медицина және әлеуметтік саланың мамандары қол қусырып отыра алмайды. Бала санын көбейту үшін әлеуметтік хал-ахуалдың төмен болуынан гөрі, денсаулығы мүмкіндік бермейтін факторлар жиі кездесетіні ащы шындық. Қазақстандық адам ұрпағын өрбіту емханасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда отау құрғандардың 30 пайызында бедеулік бар. Бұл қорқынышты көрсеткіш. Айналып келгенде, саяси-экономикалық, әлеуметтік-идеологиялық жағдайды оңтайлы қалыптастыруға өзімізден бастап дұрыс қадамдар жасасақ ғана ықпал етеміз. Бұған әр адам орасон зор үлес қоса алады. Баланы өмірге әкелуден бастап, тұлға етіп қалыптастырып тәлім-тәрбие беру, парақорлықтан алыс болу, ұлтын сүю, салт-санасын қалыптастыру сияқты амалдарды жасау қолымыздан неге келмеске...

Параны алмауға, бермеуге, ұстаздарды сыйлауға, заңға бағынуға, адамдардың жеке басына құрметпен қарауға, тағысын тағы моральдық құндылықтарды алға қою керек.

Қазақ халқы ежелден ұлттық құндылықтарды бағалай білген ел. Жаңа ғасырда да ұлтын сүйген, өзгені де сыйлайтын, өзі де құрметке ие, отанына қызмет етуші жаңа тұлғаларды өмірге әкеледі деп сенемін. Біз де ауыз толтырып айтарлық қазақ әлемін қалыптастырамыз әлі-ақ.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1457
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1307
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1061
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1112