Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Қазақ жері 6767 0 пікір 25 Шілде, 2017 сағат 09:57

Шекараны қаламмен де қорғау кажет


Алақандай жерін жатқа беріп,  жау табанына таптатуды намыс көретін бағлан бабаларымыздан қалған  қанға сіңген қасиет бар бойымызда. Оның үстіне Алматы облысының ҚХР-мен  шекаралас аймағында дүниеге келіп, шекараның дәл іргесінде есейіп, ер жеткеннен болар шекарашы сарбаздарға қызығып, солардай болсақ деген арманымыз да болды.

Құмға түскен тың ізді көрсе штабқа жедел хабар беріп, ит жетектеген қос солдаттың із түскен бағытқа қарай жүгіре жөнелгенін талай аңдағанбыз. Қозы-лақ бағып тау тастың арасын тасалай жүргенімізде бәз бір бейнебаяндағыдай шекарашылардың назарынан тыс қалған, тәртіп бұзып заңсыз шекара асқандарды құрықтауға қол ұшымыз тисе деп қиялдайтынбыз. Алты алаш баласының апшысын қуырып, көңілін күпті қылған  Арқанкерген шекара заставасында болған оқиғаның салдарынан Алакөл өңірінің жұрты да тікесінен тік тұрған болатын. Сол кезде біз де шын қынжылып, қыларға қайран таппаған едік.

Шекарашы болам деген арманнан алыстап, өмірлік жолымыз өзге арнаға бұрылды. Дегенмен бала қиялдан қалған ұшқынның қылаң берген тұсында ел шекарасында нендей жайттар орын алып жатыр  екен деген оймен жаңалықтар таспасынан  жиі қарайтынымыз – осы тақырып төңірегіндегі дүниелер. Бірақ шекарашылардың қырағы қимылының жетістігі мен жемісін жарыса жазуда, сүйіншілей хабарлауда қазақ БАҚ-тары қырағылық танытпай отыр. Оның ішінде қазақ тілді басылымдардың бұл тақырыпты жазуға салғырт қараулары басым. ҚР ҰҚК Шекара қызметі жүргізген  жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ел шекарасының беріктігі артып, елдің экономикалық, саяси хал ахуалының жақсаруына жағдай жасалып тұрғаны анық. Ал осындай игі істердің қалың бұқараға тек ақпарат агенттіктері арқылы ғана жарияланып, жеткізілуін азырқанған жайымыз бар.  Шекарашылардың  бар қимылын  қалт жібермей жазып отыратын ақпарат агенттіктерінің қатарына bag.kz, today.kz, nur.kz, bnews, zakon.kz, newtimes.kz, kazinform-дарды  жатқызуға болады. Соңғы екі айда бір ғана kazinform ақпараттық агенттігінде шекарашыларға қатысты 14 материал жарияланса, қазақ тілді газеттердің бетіне осылардың бірі де шыққан жоқ.  Республикалақ басылымдардың көпшілігі айтулы даталар мен ерекше оқиғалардың орнауын күте ме әйтеуір әңгіме қылып отырған тақырыпта қалам сілтеулері қиындау.

Жыл сайынғы әдетінше Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті есірткі өндірісін жоюға бағытталған «Көкнәр» кең көлемді операциясын биыл да өткізді. «Көкнәр-2015» деген атаумен. Маусым айының бірінен қыркүйектің отызына дейін созылған осы операция туралы жазылған тұшымды дүние kazinform.kz ақпараттық агенттігінің  «Көкнәр-2015» шарасы барысында қазақстандық шекарашылар 61 келіден астам героин тәркіледі», және  bag.kz ақпараттық порталының «Есірткі қылмысын жасағаны үшін 3322 адам ұсталды» деген тақырыппен жариялаған ақпараттары ғана болды. Ала жаздай табандарынан таусылып, оңтүстіктің қиян даласының қиыры мен шиырын аралап, қала берді сырттан келген есірткі заттарының біздің елге кіріп, залалын тигізбеуін қадағалап жүрген азаматтар мен азаматшалардың еңбегіне берген бағамыз осындай боп тұр. Ал шынында олар талай сойқанның жолына тосқауыл болып,  қаншама адамның тағдырының тірі қалқанындай болып жүр.

Біздің назарымызға іліккен тағы бір дүние – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің сарбаздары Каспий теңізін күзете жүріп, суға тасталған бірнеше ауды анықтап, оған түскен бекіре балықтарын құтқарғаны жайындағы ақпарат.  Бұл туралы да көсіле жазған еш басылымды байқамадық. Тағы да сол ақпарат агенттіктерінің берген ақпараты ғана. Вag.kz  ақпараттық порталы 13 қазанда жариялаған «Шекарашылар Каспий теңізінен ұзындығы 10 мың метр болатын ау тауып алды» атты материялында  «браконерлерге қарсы жүргізіліп отырған операция кезінде, яғни 22 қыркүйектен бастап күні бүгінге дейін теңізден заңсыз балық аулаған 42 қазақстандық, 5 ресейлік азамат ұсталды, 129 370 метр ау жиналды (үлкен бір қаланы тұтас орап аларлықтай), 594 дана бекіре, салмағы 10 тонна болатын 1 975 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленіп, балық зауытына өткізілді. 27 дана әртүрлі шағын қайықтар, тіпті бір теплоход та тәркіленді» деп жазған болатын. Ал сол 130 мың метрге жуық ауға түскен балық браконерлердің қанжығасында кеткенде келтірер шығыны шаш етектен болар еді. Каспий балығының, яғни, бекіре балық етінің бір келісі Атыраудың қара нарығында  2,5-3 мың теңге, Астана мен Алматыда балық еті 12 мыңнан бастап 18 мың аралығында сатылады. Осыдан кейін өзіңіз есептей беріңіз. Бұдан бөлек қоршаған ортаға келтірер өлшеусіз зыяны тағы бар. Осындай алапаттың алдын алған Каспийлік шекарашыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал көсіле жазар  көлемді бір материалдың  жүгін бір ғана ақпаратқа арқалатып жіберген қазақ басылымдарының қылығына таңбыз.

Тамаша тақырыптың тұздығы, ауыз толтырып айтар оқиға 2015 жылдың 2 қыркүйегінде орын алды. Сарыағаш шекара отрядының аумағындағы «Қапланбек» шекара заставасының учаскесінде М.Ұлықбек атындағы орта мектептің оқушылары көмегімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекара режимін бұзушылар ұсталды. Өзбекстан Республикасының екі азаматы шекараны заңсыз кесіп өткен. Нұрдәулет және Елнұр есімді екі бала әлгілер жасырынған үйді байқап, шекара қызметкерлеріне дер кезінде хабарлаған көрінеді. Осыдан кейін  шекара бұзушылар құрықталады. Ұсталғандардың бірі 2014 жылдан бері халықаралық іздестірілуде жүрген қылмыскер болып шыққан. Бұл жайында да республикалық басылымдардың бетінен бір де бір материал байқамадық. Осы оқиға орын алған тұста Орағаң (Оралхан Бөкей) тірі болса, жарықтық, газеттің айқара бетіне айшықты бір очерк жариялар ма еді, кім білсін?  Айтар болсақ келтірер мысалдар жетерлік. Бұл баяндағанымыз басты назарға іліккендері ғана.

«Шекарашылардың баспасөз қызметін басқарып отырғандар өздеріндегі жаңалықпен тек орыс тіліндегі ақпарат агенттіктерін ғана құлағдар етулері де ықтимал» дейін десек, «Google» іздестіру жүйесіне «Шекара қызметі» деп тапсырыс берсеңіз, мекеменің ресми сайтын алдыңызға жайып салады. Ол жерде барлық ақпарат екі тілде берілген. Демек, Шекара қызметінің баспасөз қызметі қазақ тілді басылымдарды «шөміштен қағады» деу негізсіз. Біздіңше  қазақ басылымдарының бұл тақырыпты жазуға құлқы жоқ, немесе шет өңірдегі меншікті тілшілердің қызметіндегі мешеуліктің салдарынан жазылмай жүр.

Жазарлары Астана мен Алматыдан болмаса облыс орталықтарыннан арыға бармайтын мерзімді басылымдарға мемлекеттің шекарадан басталатынын ескерткіміз келеді. Сол шекарамыздың қарумен ғана емес қаламмен де қорғалғанын қалаймыз. Құдайға шүкір біздің елдің шекарасында тыныштық бар, бірақ шекарашыларда тыныштық ешқашан болған емес. Ел шекарасын күні түні күзетіп жүрген бүгінгі күннің батырларының  өлшеусіз ерлігі ертеңгі ұрпаққа аманатталып, жадында жатталса дейміз.

Досжан Сқақов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2197
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682