Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Міне, әңгіме! 7114 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 13:48

ӘЛИХАННЫҢ ЕСІМІН ЕУРАЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІНЕ БЕРУ КЕРЕК


Жақында қазақстандық ғалымдар  Астана қаласындағы Халықаралық Еуразия Ұлттық университетіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беруді ұсынды. Бұл туралы abai.kz сайты strategy2050.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстандық ғалымдар Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы – Әлихан Бөкейханның есіміне өзгертуді ұсынып отыр. ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» мәдени және рухани институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы осылай деп мәлімдеді (https://strategy2050.kz/ru/news/28770/).

«Ғалымдар тарапынан Әлихан Бөкейхан есімін Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне беру ұсынылуда. Ал Еуразиялық зерттеу орталығына Л.Гумилевтің атын берсе дұрыс болар еді. Қазір бұл ұсыныс тек қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарында ғана айтылуда. Келешекте бұл жалпы халықтық қолдауға ие болып жатса ұсыныс күйінде ғана емес, одан жоғары деңгейде қарастыруымыз керек», – деді С.Аққұлұлы.

Осыған дейін ЮНЕСКО-ның 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-сессиясында «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын тойлау туралы шешім қабылданған болатын (http://turkystan.kz/zhanalyktar/8186).

Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана десек, оның мерейтойына әрбір азамат бір кісідей атсалысуы тиіс.  Алайда жоғары жақтан нұсқау болмаса бейжайлыққа салынып, қимылдамайтын әдетімізбен қос мерейтойды назардан тыс қалдырмасақ жарар еді. Өйткені, Үкіметтің Әлихан Бөкейхан мен алашордашыларға деген көзқарасы дұрыс емес екендігі де жасырын емес. Мәселен Үкімет 2014 жылы Ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойына небәрі 15 миллион теңге ғана бөлген болатын (http://qamshy.kz/home/show/3611). Бұл әрине аз. Мүмкін Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тізіміне кіргеннен кейін Үкімет бұл мәселені қайта қарайтын шығар.

Әлихан Нұрмұқамедұлы Бөкейханның 150 жылдық мерейтойының руханият пен тарих алдында маңызының қаншалықты екенін тәптіштей түсіндірмесек те белгілі болып тұр. Бірақ, жалымыз күдірейіп, «Алаш қаласы» деп ауыз толтырып айтқанымызбен, Әлихан Бөкейханның есімін бірде-бір қалаға бере алмағанымыз сүйегімізге таңба болып басылатыны анық. Осыған дейін қазақстандық БАҚ-та қоғам белсенділерінің Семей қаласындағы пролетариат көсемі Владимер Ильичтің ескерткішінің орнына Әлихан Нұрмұқамедұлының мүсінін орнату сөз етілген (http://www.qazaquni.kz/?p=41219).  Егер жергілікті басшылар мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлы осы бір игі іске мұрындық болатын болса,  азат елдің рухын сілкіндірер серпін болары анық.

Неге десеңіз алдағы жылы көрнекті Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толады. Ә.Бөкейхановтың өмір жолына тоқталып, оны таныстыру басы артық әңгіме. Ең бастысы Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Демек, әлемдік деңгейде мойындалып отырған, Семейдің «Алаш қаласы» аталуына тікелей қатысы бар ұлт көсемінің есіміне көше берер кез жетті. Көше бергенде де «күн көсемнің» тегімен біржола қоштасып, Ленин  көшесіне беру керек. Ресейдің өзі КСРО құлаған бетте көп ұзамай әспеттеген көсемнің мәйітін Мәскеудегі мавзолейінен аластап, өзіне лайықты зиратқа жерлеп, облыс атауын да, қаласын да түбегейлі Санкт-Петербург деп өзгертіп тарихи әділ шешім қабылдап отырғанда, Алаш арыстарының қаласында Ленин атындағы көшенің сақталатын не жөні бар?! 

Түйін: Осы уақытқа дейін қазақстандық БАҚ-та Алаш көсемінің мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы  мәселе аз айтылған жоқ. Әлем мемлекеттері мойындап,  ЮНЕСКО назар аударып отырған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қарсаңында – «Алаш қаласына» Бөкейханның есімін беру, саясаткердің ескерткішін орнату, Астана қаласындағы ЖОО-на қайраткердің есімін беру т.б. ұсыныстар да айтылды. Алайда билік тарапынан қандай да бір үн естілмеді. Естіліп қалар деген үміт сонда да сөнбек емес. Десе де, «тұңғыш президент», «Алаш көсемі» болған Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын ескерусіз қалдыру – мемлекеттігімізге, одан қалса, әлденеден, «бақыттан басы айналып жүрген» Арыстанбек мырзаның министрлігіне сын болары анық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір