Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәйекті 6823 0 пікір 2 Желтоқсан, 2015 сағат 14:50

ОДАҚБАСЫ РҰҚСАТ БЕРМЕСЕ, АШ ОТЫРАСЫҢ!

Қазақстанның Түркиядан тасымалдайтын тауарларын Ресей кеденшілері шекарада өткізбей тұрғандығы туралы ақпарат қазақстандық және түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарында жазылуда.  Шекарашылар түркиялық тауарларын өткізбей тұрған Ресей үшін Қазақстан миллиондаған доллар шығынға батпақ. Бұл туралы nur.kz сайты жазады.


Ал түркиялық «Дүния» газетінің мәліметтеріне сүйенсек, Ресеймен қарым-қатынастың шиеленісуі салдарынан түркиялық көкөніс пен жеміс экспорттаушылары көретін шығын шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды.  

«Ресей аумағына жеткізе алмағандықтан жолда шіріп кететін, немесе бүлінетін көкөністердің шамамен салмағы 190 мың тонна. Ақшалай есептегенде ол $150 млн. Ол жүктер қазір порттарда, шекара мен қоймаларда тұр», – деп жазады басылым.

Басылым жазғандай, осы жүктер Ресейге жеткізілмегенімен Түркияның ішінде көкөніс – жеміс бағасы көтеріліп келеді.

Басылым Түркияның Жүк тасымалдаушылары халықаралық қауымдастығының төрағасы Четин Нухоглудың пікірін мысалға келтірген. Ол Ресеймен шекарадағы жағдайдың шиеленісуі себепті шекарада тек Ресейге ғана емес, Ресей арқылы Орталық Азияға бағыт алған жүктерде тұрып қалды деп айтып отыр.

«Осы жағдайға байланысты каспийлік бағыт белсенді қолданылатын болады. Егер паромдар Каспий теңізі арқылы толық жүктемемен істейтін болса, жүк тасымалдаушылардың жол ақысы 30%-ға арзандар еді», – дейді Четин Нухоглу.

Естеріңізде болса, «Атамекен» палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов елімізге Ресей арқылы транзитпен келетін жүктердің әлі де Ресей мен Грузия шекарасында тоқтап тұрғанын «Астана» Астана  арнасына айтқан болатын.

Оның мәліметінше, Қазақстанға өтуі тиіс болған 78 көлік шекарада тұр. Баламалы бағыт ретінде жүктерді Грузия мен Әзірбайжан арқылы, Каспий теңізі портымен алып өту мәселесі қаралып жатыр. Бірақ  бұл тасымалдың құны қымбатқа түсіп тұрған көрінеді.

“Грузия мен Әзірбайжан арқылы, яғни Ресейден басқа территория арқылы өту туралы маршрутын министрлікпен келісіп, кәсіпкерлерге айтып бердік. Сондықтан кәсіпкерлерге көмектесуге дайынбыз. Ақтау арқылы, Баку арқылы қазір Әзірбайжан теміржолдарымен Әзірбайжан портымен де келісіп жатырмыз. Ол арадағы бағаны төмендету туралы. Сол ақысын төмендетсе, біздің кәсіпкерлерге көп шығын әкелмейді”, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Еске сала кетсек, осыған дейін Түркиядан Қазақстанға тауар әкеле жатқанондаған жүк көлігі Ресей шекарасынан өте алмай тұрғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Ресей 26 қарашадан бастап Түркиядан келетін азық-түлікке бақылауды күшейтті және шекарада қосымша тексеру жүргізіп жатыр. Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, Роспотребнадзор ішкі нарықтағы да түркиялық тауарларға қадағалауды күшейтіп отыр.

Ал Ресей премьері Дмитрий Медведев атып түсрілген Су-24 ұшағынан соң Түркияға қарсы экономикалық санкция қолданатынын ашық айтқан.  Тіпті, Ресей аймағындағы түрік кәсіпкерлерінің инвестицияларын бұғаттауымыз мүмкін деді. Сондай-ақ, түрік тауарларының импортына шектеу қойылатынын мәлімдеді. Оның сыртында Ресей премьері ЕАЭО  мүше мемлекеттер жетекшілеріне аталмыш санкциялар талалтарын орындауға шақырған.

Түйін: Көресіні Ресейден көретін күн алыс емес болса керек-ті. Түркиядан Қазақстанға бағыт алған 70-тен астам жүк көлігі Ресей шекарасында қаңтарулы қалды. Экономикалық соғыс – Ресей мен Түркия арасында басталды. Тек мұнда Қазақстанді киліктірердей Владимир Владимиричті не түлен түртті?. ЕАЭО-ға төрелік етіп отырған көршілеріміз қазақстандық жүк көліктерін бірінші рет бұғаулап отырған жоқ. Естеріңізде болса, осыған деййін 150 жүк көлігін кеденде кептеп қойып, әр күніне 7000 рубль төлеткені тағы бар. Одан кейін Еуропа елдерінен Қазақстанға бағыт алған жүк көліктерін Ресей санкциясы үшін тағы бұғаулап қойған. Енді міне,  Түркиядан Қазақстанға беттеген  жүк көліктерін шекарадан өткізбей отыр. Сондағы Ресейдің көксегені не? Экс-империя тізгіншісі аталмыш елдерге арқасымен қарап, теріс айналды. Содан ерегесіп, санкция салу деген ескі әдетіне қайта басты. Бұл Ресей Президенті Путин мырзаның не өзім жемеймін, не сендерге жегізбеймін дегені болса керек.

Ал біздіңше, дереу арада Қазақстанның көлік және кеден комитетінің өкілдері жиналып, Ресейдің кеден қызметіне сұрау салып, хат жолдауы тиіс. Керек болса, бұл мәселені еліміздің Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Ресейдегі елшілігі араласып анықтауы керек. Әрине, біз мәселенің ретін табарынан  үміттіміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір