Сенбі, 4 Мамыр 2024
46 - сөз 4842 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 09:51

"САҚШЫ КЕМПІР"

 

Ауылды «ұстайтын» жігіттер деген болушы еді, ауылды «ұстайтын» кемпір дегенді естіп пе едіңіз? Біздің ауылды Женейдің апасы «ұстайтын». «Ұстағанда» да жәй емес, бүріп «ұстайтын».

Ол кісі отырған жерден, әсіресе, қыз-келіншектер айналып өтуге тырысатын. Көйлегінің жағасы төмен немесе етегі жоғары болып қалса Женейдің апасы отырған жерге аттап баспайтын. Ол кісі көп ішінде «әй, пәленнің келіні»,«әй, пәленнің қызы» деп өзіне қаратып алып кесіп-кесіп айтып тастағанда қыз-келіншектердің бетінен оты шыққанын бала кезімізде талай көргенбіз. Тойда үй толы адамға тұрған бойда еңкейіп шай құйып жатқан келіншектің кеудесі ашылып қалғанда айтқаны ауыр енді… «Әй, Байболдың қатыны! Жарқыратпай жап андағы емшегіңді! Еркек біткенді емізейін деп едің, ентелейсің ғой өзің» дегенде шай құйып тұрған келіншек жылап отыра кеткен екен. Әй, мыңболғыр, тұқымың өскір біздің ауылдың келіндері-ай, біреуі сөз қайтармаған дейді сол кісіге! Ауылдағы кісілердің айтуынша кейде тіпті жөнсіз де соқтығып кететін кездері де жоқ емес секілді. «Әй, қатын! Күйеуің отарда, малда жатыр. Сен не ғып сонша жаңа түскендей сылаңдап алғансың? Байқа!» дейтін көрінеді. Кейін естідім, ол кісі тіпті жүрісі жеңіл қыз-қырқын, қарлық қылған қатын-қалаштың айыбын да аңдатып, «аяқтарыңды аңдып басыңдар тегінде» деп тектеу жасап отырады екен. Сондықтан да біздің ауыл ол кісіні «сақшы кемпір» атап кеткен. Көбі «Женейдің апасы» дейді.
Сонымен не керек, сол Женейдің апасы Қазақстанға көшіп келді. Талдықорғанның Көксу ауданы, Қызыларық ауылына қоныстанды. Бардым, амандасып шықтым. Маңайдағылардың айтуынша апамыз ол ауылды да «ұстай» бастапты. Үйлеріне орамалсыз келіншек кіргізбейді екен. Айт, мереке күндерінде қыдырып келген көрші әйелдердің жалаңбас келгені болса: «Әй, қатын! Байдан қайтып келіп пе едің? Басыңды ора!» деп тікесінен тартады екен. Келін, немерелері келген қонақтардан кешірім сұрап әлек дейді. Апамыз қайтпайды. «Жалаңбас келсең, екінші кірмей-ақ қой» деп кесіп тастап қарап отырады екен.
Бір күні мынадай бір қызық болыпты.
Бұрын көшпелі тұрмыста бала өзі отырып «кіш» еткенге қолайлы болу үшін шалбарының ауын ашып қояды екен. Шалбарын өзі шешіп отырып тұрғанға, яғни, екі-үш жасқа дейін солай істейді. Шалбар былғамайтындай ес кіргенде барып ауын тігіп береді. Сол әдет (қазір памперс, гаршок бар болса да) біздің ауылда әлі бар. Қазақтың «ол мен көргенде ауы ашық бала болатын» дейтін сөзі содан қалған ғой. Қысқасы, Талдықорғанға көшіп келген асау апамыздың үйіне көрші келіншектер қыдырып келмей ме! Ауын ашып тастап, салақтатып отырған апамыздың кішкентай немересін көрмей ме! Содан бірін-бірі түрткілеп, сықылықтап тұрып күлмей ме! Ондайға үнсіз қалмайтын апамыз: «Не болды әй қатындар! Сайтан түртіп отыр ма?» деп түйілмей ме! Келіншектің біреуі: «Ананың әне жерін неге ашып қойғансыздар?» деп саусағымен көрсетіп, аузын басып айта алмай күледі. Сонда апамыз, әй сөз тапқыш қой: «Біз сендер құсап әбден үлкейгенде ашпай, кішкентай кезінде ашып қоямыз. Таза болады» деген екен. Отырғандар шолақ көйлектерінің етегін тізелеріне тартқылап қысылып қалыпты. Шүкір, ол ауылдың адамдары да апамызды қатты сыйлайды екен. «Асау апа» деп атап кетіпті. Келіндер алба-жұлба болып алдынан шықпауға, орамалсыз үйіне бармауға тырысады екен.
Ал біздің ауылдың келіншектері бір-біріне: «Сақшы кемпір кетті әйтеуір…» деп әзілдесетін көрінеді. Кетеді ғой, қанша жүрер дейсің…

Ұларбек Нұрғалымұлы
Namys.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1177
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1076
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 811
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 942