Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қоғам 6554 0 пікір 10 Шілде, 2015 сағат 14:49

ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН ОЯТУДАН АЯҒАН ҚАРЖЫНЫ ИТ ЖЕСІН!

2014 жылдың тамызында, солтүстіктегі көрші ел президенті Путин «Қазақтарда Қазақстанға дейін, яғни 1991 жылға дейін ешқашан мемлекет болмаған» деп, қазақ тарихына топырақ шашты. Осыдан санаулы күндерден соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан 2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде үлкен көлемде тойлайтынsy мәлімдеп, бар қазақтың еңсесін көтеріп тастаған. Үлкен тойдың бір шарасы ретінде «Қазақ елі» атты 20 сериялы тарихи телехикая түсіру де қолға алынған. Тойдың басқа шарасы қалай өтіп жатқанын қайдам, дәл осы 20 сериялы телехикая әуелі 10-ға қысқарса, жақында қаржы жеткіліксіздігінен тағы да қысқаратыны айтылды. Тіпті, кеше осы салаға жауапты Мәдениет министрі халықтың қалталы өкілдерінен телехикаяның түсіріліміне қаржылай көмек жасауды сұрады. Осы мәселеге байланысты Abai.kz сайты ел алдында жүрген тұлғалардан «Қажет кезінде қажет нәрсеге табыла кететін мол қаржы Қазақ хандары туралы фильмге келгенде неге жетпей қалды?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Ғаббас Қабышұлы:

Мәселе ненің кімге, қашан, неге қажеттігінде. Егер президент Н.Назарбаев қажет етсе, ол мәселе бір минөтте оң шешімін тауып, артығымен жететін қаржы да табылар еді. Сондай-ақ, меніңше, ол фильмнің сценарийі де нақты тарихи ақиқатқа сүйенумен емес, Астанадағы анау Тарих институтындағы «академик-тарихшылардың» сыбырлап-күбірлеуімен, бүгінгі билікке жалтақтаумен жазылған болса, «Көшпенділерше» бытықы-шытықы бірдеңе болып та тынар.

Қазыбек Иса:

Ұлттық рухы жоғары ел мерекелік басты киносын түсіру үшін елден жылу сұратып қоймайды. «Қажет кезінде қажет нәрсеге табыла кететін мол қаржы Қазақ хандары туралы фильмге келгенде неге жетпей қалды?»- деген сұрақты сәл өзгертуге де болады: «Қажет кезінде қажет емес нәрсеге де табыла кететін мол қаржы Қазақ хандары туралы фильмге келгенде неге жетпей қалады?»-деп!.. Бұл біздің елдегі үкіметтің руханиятқа өгей баланың көзімен қарауы дейін десек, бірақ «қажеті шамалы» шараларға аста-төк қаржы төгіліп жатқанын көріп жатырмыз. Мысалы, кешегі бір реттік қана шоу мен шу мәскеулік «МузТВ»-ға кеткен ақша осы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге киноның режиссері, ол аз болғандай еліміздің Мәдениет министрі де жылу сұраған қаржыдан кем жұмсалған жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде бір-ақ мәселе туындайды: Біздің билікте ұлттық рух жоқ! Сондықтан да Ұлттық рухтың - патриотизмнің басты көрсеткіштерінің бірі болып табылатын басты мерекеміз - Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильмге жеткілікті қаржы табылмай отырғаны. Ұлттық рухы жоғары елдерде, мысалы, көрші Өзбекстанда басты мерекелерінде басты киноларын түсіру үшін елден жылу сұратып қоймайды.

Жылдың басында үш министрлік пен Ассамблея жылдың мерекелеріне байланысты жиын өткізгенде мен айтып едім; «Қазақ хандығының 550 жылдығы Ассамблеяның тасасында қалып кетпесе болғаны» деп... О баста жоспарланған 20 серия -10 серияға бір-ақ қиылғанда сол сөзім еске түсіп еді... Енді, міне, миллиардтаған қаржы жетпей жатуы тағы да күдігімді күшейте түсті... Сонда немене, бұл киноға жауаптылар, Мәдениет министрлігі қаржысын есептегенде қайда қараған, айға қараған ба? Әлемдегі елулікке кірген, енді отыздыққа омыраулай ұмтылып бара жатқан Қазақ елі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған киносына елге алақан жайдырып қойғаны дұрыс емес. Бұл жерде біздің Мәдениет министрлігінің қауқары да шамалы екені білініп қалды. Қазақтың рухынан аяған қаржыны ит жесін!

Геройхан Қыстаубаев:

Мен сол о бастан-ақ осы істің соңы оңбайтынын білгенмін. Себебі қанша уақыт жыр болған "Көшпенділер" фильмінен кейін- ақ елдің көңілі қалған болатын. Жемқорлық жайлаған мына қоғамда барлық іс әуелі қалтаны толтырудан басталатыны белгілі ғой. Сондықтан "Қазақ Хандығының 550 жылдығына" түсірілетін фильмнің жағдайына қызығушылығым болмаған еді. Міне, соңы тура мен ойлағандай болып шығыпты. Бұл салаға бір Саакашвили керек болып тұр.

  Қалила Омаров:

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» - бұл тақырыптың кенттен көтерілуінің өзінде үлкен мән жатыр. Елбасының жанында жүрген жандайшаптар бұған дейін әлемге жар салып, президентке: «Қазақтың мемлекеттілігі сізден басталады» деп келді.  Олар Президентке жақсы көрінгісі келді. Ал, шын мәнінде біздің хандығымыз, рухы мықты хандарымыз болмаса, осынша ұлан-байтақ жер болмас еді ғой. Қазақтың мемлекеттілігі Назарбаевтан басталады дегенге орыстың тарихшылары ыржалақтап күлді. Ақыр-аяғында президенттерінің өзі «Қазақта Назарбаевқа дейін мемлекет болған жоқ» деп салды. Масқарасы – Жириновский қазақты мазақ етіп, «сендер ел болмағансыңдар, қайдағы жоқ ру-тайпалардың жиынтығысыңдар» деп келеке етті. Олар осы сөзді бостан-босқа айтқан жоқ, бұған дейін Қазақ президентінің өзі айтқан сөздерге сүйеніп айтты.  Осыдан кейін барып Елбасы қандай қателікке жол бергенін түсінді. Шын мәнінде бұл Президенттің ғана қателігі емес, оның кеңесшілерінің қазақ қоғамының, қазақ зиялыларының қателігі еді. Себебі тәуелсіздіктен кейін ел болып тарихымызды түгендеуіміз тиіс еді. Елбасы кеш те болса қазаққа тарихымен мақтанатын жол ашып берді.

Біз анау арыға кетпей-ақ, Алтын орданың өзін алатын болсақ, Қазақтың ежелден бергі билеушілері – Шыңғысханның ұрпағы. Ал, Совет  үкіметі, ар жағындағы Ресей патшалығы, бұлар Қазақ халқын мемлекет ретінде тоздырып жіберу үшін, уысында ұстау үшін олардың басындағы екі әлеуметтік топты жойып жібергісі келеді. Әуелі төрелер. Неге?  Төрелерден арылмай қазақ мемлекеттілігін жою мүмкін емес еді, себебі: Қазақ хандарының қай-қайсысы болса да қазақ жері үшін жандарын пида етті. Олар осы мақсатта төрелерді мейлінше халыққа дұшпан етіп, қатігез етіп, жеккөрінішті етіп көрсетті. Халықтың жүрегінде төрелерге деген антикөзқарасты оятуға тырысып бақты. Сол кездегі Ресейдің Олег Беров сияқты шығыстанушылары қазақ халқының арасына іріткі салу үшін үлкен монографиялар жазды. Оладың мақсаты қазақ рулары мен төрелер арасына үлкен жік түсіру болды. Әрине,  бұл қазақ мемлекеттігін жоюға бағытталған жұмыстар еді.

 Екіншісі, қазақты рухани тұрғыда санасын жаулап алу үшін қожаларға, молда-ишандарға тиісті. Яғни қазақты мұсылмандықтан ажыратса, қазақ орыстанып сібір халықтары сияқты Иван деп ат қойып кетер еді ұрпақтарына.  Совет үкіметі кезіндегі зиялылар қудаланды. Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы тіптен орыстың шымбайына батты. Өйткені, ол орыс халқына, орыс мәдениетіне, арғы кездегі орыс мемлекетіне қазақтардың түп атасы Түрік мәдениетінің жасаған үлкен ықпалын ашып көрсеткен болатын. Бұл жерде бодан болушы елдің, өздерін бодан еткен елдің тарихында үлкен әсері бар болып шыққанын орыстар мойындағысы келмеді. Ал, егмендіктен кейін Ресейдің конфессиясымен білім алған тарихшылар қазақты қолында ұстаған  төрелер, Шыңғысханның ұрпақтары бізге неге керек деп, тарихты бұрмалады. Қазақ тарихын еуроцентрлік емес, шығыстық көзқараспен жазу керек деген үлкен конфессия бар. Оны барлығымыз толығымен қолдаймыз. Осының аясында, билікте рулық қауымдағы қазақ тарихын хандарсыз жазу керек деген ұғым болды ма, не ойлағандары белгісіз. Олар сөйтіп, Елбасын «тарих сізден басталады» деп тақыр жерде алдады.

Енді, кино түсіруге қаржы жоқ деген мүлде күлкілі нәрсе. Миллиардтап ақша ұрлаған бір-екі шенеуніктің мал-мүлкін конфискация жасап, осы киноға бере салсыншы, қазақ тарихы туралы керемет кино түсіруге болады. Бұл жердегі басы ашық мәселе: Қазақ тарихы туралы киноны көрерменнің ыстық ықыласына бөлеу үшін хандардың обыразын жақсылап ашу керек. Хандардың қайраткерлігі, қолбашылығы, стратегиялық шешімдері кинода ашып көрсетілмесе, бәрібір оны ешкім көрмейді. Ал, оны ашып көрсету үшін, патшалық Ресейдің озбырлығын бұлжытпай бейнелеу керек. Оны көрсетуге екінің-бірінің дәті жетпейді. Тақырып ашық  қойылды. Елбасының өзі бастап берді. Алайда, «бас жаққа барысуға» кино түсірушелрдің жүрегі дауалап отырған жоқ. Осы себептен олар қаражатты сылтау етіп, киноны қысқартып тастамақшы.

***

Abai.kz-тің «Қазақ елі» тарихи сериалының қысқарып қалуына байланысты сұрағына жауап берген режиссер Қалила Омаров, өзі түсіріп жатқан «Қазақтың соңғы ханы Кенесары» туралы деректі филімі туралы да айта кетті. Режиссордың айтуынша, ол бұл филімге байланысты Мәскеу, Петрбург мұрағаттарында, Ресейдің тарихшыларымен жүздесіп, сондай-ақ, Түркияда түсірілім жұмыстарын жүргізіп қайтқан. Алда Ресейдің Барнаул қаласындағы Кенесары туралы ғылыми дисертация қорғаған бір әскери тарихшымен және қырғыз тарихшыларынан дерек алатын жұмыстар қалған. Жыл аяғында көрмермен қазақ тарихы туралы мемлекет тарпынан түсірілген шолтиған телехикаямен қатар Омаровың да "Кенсарысын" көріп қалатын шығар.

 

Abai.kz

0 пікір