Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Қоғам 7582 0 пікір 13 Шілде, 2015 сағат 07:33

ДЕРЖАВАЛАР АРАСЫНДАҒЫ САЯСИ ҚҰПИЯ САУДАЛАР

Сириядағы режимге қарсы 2011 жылы қаңтарда басталған халықтың наразылық шерулерінің соңы азаматтық соғысқа ұласты. Ел президенті алауиттік көзқарасты ұстанатын Башар Асадқа қарсы бағытталған күреске әлемнің әр жерінен исламдағы радикалдық жолды ұстанатын «жиһадшылар» да қосылып, Асад режиміне қарсы күрес діни сипат алды. Башар Асадты да одақтастары Ресей мен Иран қолдап, режимнің радикалды «жиһадшылармен» күресіне қол ұшын созып келеді.

4 жылға созылған Сириядағы соғыс бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Соғыс салдарынан бүгінге дейін Сирияда 250 мыңға жуық адам қаза тауып, үш миллионнан аса адам босқын атанды. Режимге қарсы соғысқан «жиһадшылар» бас кезінде ислам шариғатына сәйкес "жиһад" көрсеткенімен, кейіннен көзқарастары мен мақсатын өзгертіп айнып кетті. Ислам жиһадында жоқ тұтқынды жұрт көзінше бауыздау, адам өртеу, жас, кәрі демей бәрін қырып салуымен әлемнің үрейін алды. Исламға да кір келтірдi. Өздерін аймақта шариғат орнатамыз деп, «Ислам мемлекеті» (ИМ) деп жариялап та үлгерді. ИМ «жиһадшылары» қазір Сирияның үштен екi бөлігін жаулап та үлгерді.

Ұзаққа созылған Сириядағы соғыс неге бітпейді? Украина дағдарысы мен Сириядағы соғыстың қандай байланысы бар? Кім нені қалап отыр? ИМ-ді кім қолдайды, Таяу Шығысқа кімдер мүделлі? Режим құлаған соң ИМ «жиһадшылары» енді қайда бармақ? деген сұрақтарға жауап іздеп, күштер арасында құпия саяси сауда да болғаны туралы нақты деректерге сүйеніп жазған саяси болжамдарды сіздерге ұсынамыз!

31 мамыр күні Лондондағы араб тілінде жарық көретін Asharq Al-Awsar газетінде «Ресей Сириядағы арасында әскери мамандары да бар 100-ге жуық азаматын көшіріп ала бастады. Ресей билігі әлсірей бастаған Башар Асадты қолдаудан көңілі қалды. 2011 жылдан бері Кремль Сирия президенті Башар Асадқа көмегін арттырып, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарар кабылдауына кедергі болып келген еді. Енді міне Сирияны қарсы тарапқа беріп, елден шығып жатыр. 2011 жылы Башар Асадқа қарсы толқулар басталғалы Ресей Жерорта теңізіне әскери эскадроларын жіберіп, Иранмен бірге Башар Асад режимін сыртқы күштердің әсерінен құлаудан қорғап келген еді» деп жазады.

 

Кремль үшін Сирия Украинадан да маңызды

Мәскеудің Сирия үшін тартысқа түсуінің екі стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, Мәскеу Сирия жері арқылы Сауд Арабиясының газ құбырын Еуропаға жеткізуге қарсы. Иранның да газ құбырын аумағынан өткізбеуге Сирияны көндіріп отыр. Екіншіден, Сириядағы Асад режимі Ресеймен одақтас. Бұл одақтастығы Кеңес одағы мен АҚШ арасында қырғи қабақ соғыс уақытынан қалыптасқан. Сол кезеңде Ресей Таяу Шығыста, яғни Сирияда өзінің Тартус атты әскери базасын да салған. Кеңес одағы құлаған соң да Сирия Ресейдің қару саудасында тұрақты тұтынушысы болып келеді. Екі жақты саяси келісімдер арқасында Ресей Таяу Шығыста геосаяси орнын сақтап қалған. 2011 жылдан бері көтерілісшілермен күресіп келе жатқан Асадтын билікте қалуына Ресей қол ұшын созып келеді.

Сирия президенті Башар Асадтың билікте қалуына да Ресейдің біршама пайдасы тиіп жатыр. Сирияға АҚШ пен НАТО-ның бітімгершілік күштерін кіргізуден Ресей сақтап отыр. Сондай- ақ, Ресей бұндай ықпалын постсоветтік елдерге де жүргізе бермек.

2011 жылы БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қабылдаған қарарда Ливия «ұшуға тыйым салынған аймақ» деп жарияланған. Ол кезде Ресей бұған қарсы шықпады. Нәтижесінде Франция бастаған НАТО күштері Ливиядағы саяси тартысқа араласып, наразылық толқуларында заңды үкіметтің биліктен кетуіне атсалысқан. Ливияның көгілдір отыны Ұлыбритания мен Францияның мұнай өндіру компаниялары арқылы батыс пайдасына жаратылды. Бұл жағдайлардан соң, Ресейдің өз жақтастарының алдында беделі біршама төмендеп қалды. Ендігі кезекте Кремль Сирияның ішкі ісіне НАТО және Араб елдерінің де араласуына жол бермеуге, БҰҰ кеңесінiн Сирияға қатысты қандайда да бір қарар қабылдамауына күш салып келеді. Тіпті Сириядағы режимге қарсы күресіп келе жатқан оппозициялық күштермен келісссөздер жүргізуден де бас тартқан жоқ. Әйтсе де бұл оппозициялық күштер әр түрлі топтарға бөлінуі, әлсіз, әрі режимге қиын талаптар қоюы Мәскеудің Асад режимін қолдай беруіне де серпін берді.

Мәскеу одақтасы Тегеранмен бірге Асад режиміне қару беріп және қауіпсіздігіне кепіл болуын жалғастырып, дипломатиялық алаңдарда «адвокаттығын» жасап келеді. 2012 жылдың орта шенінде Сирия мәселесін шешуде Мәскеу Вашингтонмен бірге Женева конференциясын ұйымдастырған едi. Бірақ, тараптардың көзқарастары әр түрлі болып, келісе алмаған.

 2013 жылы Асад "көтерілісшілерге қарсы химиялық қару қолданды" деп, әлем назарында үлкен дауға қалған болатын. Путин «Асадтың химиялық қаруын жою керек» деген Обаманың шартты тілегін орындап, одақтасы Асад режимінінің тақтан ерте құлауынан аман алып қалған еді.

 

Путиннің Сирия жөнінде Вашингтонмен құпия саяси саудасы

Соңғы кездері Сириядағы жанжалды тоқтату мәселелері төңірегінде Ресей мен АҚШ арасында саяси саудаласу басталғаны туралы мәліметтер пайда бола бастады. Путин соңғы уақытта Асадқа көмегін азайтып жатқаны туралы да мәліметтер бар.

Құпия саяси саудада Ресей АҚШ-қа НАТО-ның Ресей шекарасына таяу жақындамауды, Ресейге салынған санкцияларды алып тастауды талап етіп отырған айтылады. Ал, Еуропа басшылары Ресейдің агрессорлық саясатына сенімсіздік танытып, санкциялардың жалғаса бергенін қалап отыр. Вашингтон да өз кезегінде, Кремльге одақтасы Асадтың орнын босатуын өтінеді. Ресей бұған, ақыры уысынан шығып бара жатқан Асад режимін радикалды ИМ «жиһадшылары» арқылы емес, режимге қарсы күресіп жүрген оппозициялық күштер арқылы ауыстыруды, олардың басшылыққа келiп, әрі режим құлаған соң АҚШ пен НАТО-дан ИМ «жиһадшыларымен» аяусыз күресуін сұрап отыр.

Бірақ, мұндай құпия саяси саудаласу болғаны туралы пікірлерге қарсы Ресей сыртқы істер министрінің көмекшісі Сергей Рябков «АҚШ пен Ресей арасында Украина немесе Сириядағы жанжалға қатысты қандай да бір саяси саудаласу болмайды. Ресейдің Украина және Сирия мәселесіне қатысты ұстанымы өзгермейді» деп айтты.

21 мамырда Ресей сыртқы істер министрі Михаил Богданов «Ресей АҚШ пен Сирия мәселесін шешуде жаңа келісімдерге әзір. Әйтсе де соңғы шешімді Сириялықтар береді» деп мәлімдеген.

Ал, Израильдік Israel Defense сайты да израиль қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасаған мақаласында Сириядағы соғыстың бітуі үшін Кремль мен Вашингтон арасында құпия кездесулер жүргізілгені туралы айтылады. Сирияда бейбітшілік орнауы үшін жасалған келісімдерде Сирия мемлекетінің бөлінуі және аймақта жаңа мемлекет құрылуы да мүмкін екені жазылған.

Бұл ақпарат көзі бұған дейін де Сирияның оңтүстігіндегі оппозициялық күштерге ИМ «жиһадшыларымен» күреске әуеден көмек (әуе шабуылы) берілетіні туралы да жазған болатын. Сондай ақ, бұл сайт «Кремль мен Вашинтон жанжалдың аяқталмайтынын түсініп, бір келісімге келген. Вашингтон Ресейге, яғни, Асадтың Шамның үлкен бөлігін және Тартус базасымен Голан жоталарын бақылауға алуға кепілдік береді. Ал, Сирияның қалған аумағы опппозициялық күштердің бақылауына өтпек» деп жазады. Басылым дерегiнше, казір соғысып жатқан тараптар бітім орнағанша неғұрлым үлкен аумақтарға ие болып қалуға тырысып жатыр. Израильдік бұл ақпарат көзінде «Кремль - Ақ үй келісімдері нәтижесін беруі мүмкін. Иран және Хезболла ұйымы да Асадтың билігі шекаралы аймақтарға да жүретін болса, бітімді қолдаймыз деп отыр» деп жазады.

31 мамыр күні Лондондағы араб тiлiнде шығатын Asharq Al-Awsar газетінде, Сирия оппазициясының мәліметтеріне сүйеніп, «Ресей Сирияның Лаские әуежайынан араларында әскери мамандары да бар 100 ге жуық азаматын көшіріп алды» деп жазады. Бұл жаңалықты Ресейдің "Интерфакс" агенттігі 28 мамырда «Сирияға қайырымдылық көмек жеткізген "Ил-76" ұшағы Ресей және ТМД ның 80- ге жуық азаматын аймақтан эвакуациялады» деп жариялады. Сондай- ақ, Asharq Al-Awsar  жаңалығында Сириядан эвакуацияланғандар арасындағы әскери мамандардың Шамда Иран және "Хезболла" ұйымымен бірге жұмыс істегені айтылады. Газеттің жаңалығында соңғы үш айда Ресей Шамдағы елшілігіндегі қызыметкерлер санын азайтқанын, тек негізгі қызметкерлер ғана қалғанын жазады. Asharq Al-Awsar сонымен қатар «Сирия армиясындағы Ресейде жасалған әскери ұшақтарды жөндеп беру келісім шартын Ресей ендігі орындамайды. Ресей Сириядан кетіп жатыр» деп жазады.

Бірақ, бұндай «Ресей АҚШ- тың ұсынысын қабыл алды, тараптар арасында саяси сауда жасалды, ендігі Мәскеу Башар Асадқа қолдауын доғарып, Асад режимінің құлауына қарсы тұру амалдарын тоқтатады» деген ақпараттарды Мәскеу ауыр кабылдап, негізсіз деп жариялады. Мәскеу Башар Асадтың әлі Сирия президенті екенін мойындайтыны, оған керек барлық көмекті әлі де аямайтынын кезекті рет мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер комитетінің басшысы Алексей Пушков Twitter-де «Сирия мәселесін шешуде таңдау қарапайым. Я Асад, я ИМ. Оппозициялық топтарда күш-қуат жоқ. Асад биліктен кетіп, Сирия армиясы тарап, елдегі билік «жиһадшы» топтардың қолына өтуімен аяқталады», деп жазды.

 

Сауд Арабиясының Ресеймен өз саудасы

Бұдан бұрын Мәскеуге Башар Асадқа жасайтын көмегінен бас тартқызу үшін Сауд Арабиясының да Мәскеумен саяси сауда жасағаны туралы ақпараттар тарады. 2015 жылдың 15 ақпанында The New York 
Times газетінде бір дипломаттың айтқанына қарағанда Сауд Арабиясынын өз мұнайларын пайдаланып әлемдік мұнай бағасына ықпал ететінін, бұл арқылы эконимикалық қиын жағдайдағы Ресейді Асад режиміне көмек беруден бас тартқызуды мақсат етіп отырғанын жазады.

Бұл жаңалыққа қарсы Сирия және Таяу Шығыс жөніндегі Ресейлік маман Анатоли Әл Мурид Сауд Арабиясының мұнай бағасын түсіру арқылы Ресейдің Асадқа болысудан бас тартқызу ұсынысынын саяси арандату екенін, Кремль ешкімнің де мұндай ұсынысын қабылдамайтынын, мұның "экономикалық қысым көрсету арқылы саяси ұпай түгендеу" екенін айтады.

Мәскеудің Асадқа көмек беруден бас тартуынын өтеуіне Сауд Арабиясы мұнай бағасын көтеруге уеде беріп отыр. Ресей бұл уәдеге сенімсіздікпен қарайды. Сондай-ақ, Сауд Арабиясының бұл ұсынысын қабыл алса одақтасы Сирия мен Иранның көңіліне кеп қалмақ, бұл таңдауды қабыл алу Ресейге ауыр болмақ.

Ресейдің Ливиядағы елшісі Александр Засыпкин «Ресей Сирия президенті Башар Асадты биліктен кетіруді ойламайды. Сириядағы билікке қарсы күрес Сирияның ішкі мәселесі. Біз біреудің Сирияның ішкі ісіне араласуына жол бермейміз. Сол сияқты Ресей де Сирияға қандай да бір ықпал етуді көздемейді» деген мәлімде жасады.

 Тегеранның да өз есебі бар

Асадтың тақтан түсуі Иран үшiн аймақтағы ең маңызды одақтасынан айырылу дегенді білдіреді әрі Еуропаға жеткізілуі жоспарланған Иран-Сирия газ құбыры жобасы жүзеге аспай қалады. Бұл үшін де Иран Асадты қолдап келеді.

Сириядағы режимнің тағдырын белгілеуге Иран мен Сауд Арабиясы таласып келеді. Сауд Арабиясы да Сирия және Түркия жерлері арқылы Араб түбегінің газын Еуропаға тартуды ойлайды. Ресей Сирия билігі арқылы одақтасы Иранның не Сауд Арабиясының Сирия жері арқылы газ құбырын өткізуіне рұқсат бергізбеуге тырысып келеді. Бұның өтеуіне Ресей Асад режимінің соңғы күші қалғанша едәуір көмектесіп те жатыр. Екі жақтан қолдау көрген Асад режимі әзір құлай қоюы екіталай болып отыр.

АҚШ пен Батыс, Сауд Арабиясы газ құбырын Еуропаға сәтті жеткізер болса, Иран мен Ресей экономикасына өте ауыр соққы болмақ. Батысқа газ сату арқылы экономикасына қан жүгіртіп отырған Ресейдің экономикасы шатқаяқтап кетуі ғажап емес. Әлемдік саяси аренада да беделі мен салмағынан айырылары сөзсіз.

Әрине, экономикалық қиын жағдайдағы Ресейге, Башар Асад тағынан құлауға жақын қалса да Сириядағы ұрыстардың жалғаса беруі әзірше тиімді. Ресей Тегеранның одақтасы саналғанымен Еуропаға газ жеткiзу маселесiнде жеме-жемге келгенде екеуінің арасы алшақтай түседі. Екеуінің де Башар Асад режимін қолдауда өз мүдделері барын ескеру керек. Дегенмен, Вашингтонмен бұл ойынында ұтылып отырғанын Кремль сезіп те отыр. Ал, Еуропа мен Сауд Арабиясы Сириядағы соғыстың тезірек аяқталуына, Асадтың биліктен кетіп, оппозициялық күштердің билікті қолдарына алуына асық. Еуропаға Сауд Арабиясының газын жеткізуге, құбыр салу жұмыстары мен қауіпсіз тасымалдануына әзірге Сириядағы соғыс кедергі келтіруде.

Былтыр Ресей Болгария жері арқылы Еуропаға газ жеткізуге кірісті. Бірақ орта жолда Болгария үкіметі мен Еуропа Одағы келісімін бермей, Болгария жерінде құбыр салу жұмыстары тоқтаған. Ақыры Кремль Еуропаға газды Түркия жері арқылы, Қара теңіз астынан өткізіп жеткізуге қол жеткізді. Сирияда соғыс болып жатқанда газ құбырын Болгарияны айналып салса да Еуропаға газ жеткізуге асығып, көмірсутегі сатудағы бәсекелестері Сауд Арабиясы мен Иранның алдын орағандай болды.

 

Асад режимі құлаған соң ИМ «жиһадшылары» қайда бармақ?

 Ресей үшін Асадтың биліктен кетуі оның орнына ИМ-нің келуімен бiрдей. ИМ - Ресейдің ең үлкен проблемасының бірі. Сирияның құлауы - ИМ-нің жеңісі. Асад билiгi құлаған жағдайда Ресей Таяу Шығыста геосаяси тұрғыда ұтылмақ. Ресейдің Сириядан қол үзуі, одақтасы Иранмен де қарым- қатынасына әсерін тигізбей қоймасы белгілі.

 Сириялықтарға аймақта Ресейдің ықпалын жоғалтпағаны маңызды. Бұрыннан бері Сирия мен Ресей арасында дәстүрлі байланыс орнаған-тұғын. Қауіпсіздік пен барлау ұйымдарының режим ауысқан соң да күн көрулері Мәскеуге де маңызды. Путин батыс өкілдерімен кездесуінде «Асад режимі құлаған соң, Сирия армиясы тарап кетер болса, Ирактағыдай хаос болып, қызметтерінен аластатылған әскерилер де ИМ «жиһадшыларының» сапына қосылып шыға келеді» деп әркез қайталап келеді. Путиннің бұлайша жиі айтуына қарағанда, Мәскеу АҚШ пен НАТО-ның Асад режимі құлаған соң ИМ «жиһадшыларына» қарсы белсене соғыс ашатынына сенбейді.

Сирияда бітім орнағаннан соң да ИМ «жиһадшылары» тыншымасы анық. Режимге қарсы күрес барысында қолға түскен және жан жақтан келген қарулар ИМ «жиһадшыларының» қолына түссе тағы бір мәселе болмақ.

Ресейде автономды республика болып, Кремль саясатына салқын қарайтын этностар жетерлік. Сирияға Кавказ, Шешенстан, Дағыстан, Орталық Азия аймағынан барған радикалдар елдеріне оралып, Ресейдің империялық саясатына қарсы көтерілмейді деп ешкім айта алмайды. Бұлардың Ресейден тәуелсіздік алу жолында сырттан қандай көмек болса да бас тартпайтыны анық. Саяси қарым қатынасы ушығып тұрған Вашингтон Ресеймен мәселесін ИМ содырлары арқылы шешіп алуы да мүмкін. Қазіргі экономикасы мен саясаты шатқаяқтап тұрған Ресей мен Орталық Азияда соғыс өрті бұрқ ете қалмайтынына ешкім кепілдік бермейді.

 Қорытынды

 

Өткен жылы да Кремель Асадты қолдауды азайтуға келісіп, бұның өтеуіне біршама халықаралық ұпайын түгендеуге кіріскен-ді. Бірақ, бұл келісімдер нәтижесіз аяқталды.

Ресейдің Сирия президенті Башар Асад режимін қолдаудан бас тарту үшін АҚШ һәм Сауд Арабиясымен жасырын саяси сауда жүргізгені Ресей билік өкілдері тарапынан терістелсе де, тараптар арасында саяси саудаласу болғанын жоғарыда айтып өттік. Асад режимінің орнында қалуының Мәскеу үшін бірталай маңызы бар. Асадтың биліктен кетуі үшін тараптар Путинмен қандай саяси сауда жасаған болса да, бір нәрсе айқын. Путиннің - Сирияны саудаға салу арқылы, Ресейге салынған санкцияларды алып тастауға қарсыластарын көндіре алмаған. Ендігі Сирия дағдарысы біткен соң да, Ресейдің саяси- экономикалық жағдайы қиындайтыны байқалады. Бұл саяси саудада Ресей қарсыластарының талабын қабыл алса, «азаматтық соғыста Асадтың өз жеңілiсі» деп әлемдік саяси аренада мойындалмақ.

Мақаланы әзірлеген Назар Тұрықбайұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2158
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1782
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1534