Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Қоғам 4849 0 пікір 14 Шілде, 2015 сағат 14:52

ЖЕРДІ ИГЕРУГЕ ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ШАҚЫРУ КЕРЕК ПЕ?

Біз өткен жолы «Жерді «жаппай» сату жақсылықпен біте ме?» деп (http://jetysunews.kz/?p=2005) сауал тастап, бірқатар көзге көрініп тұрған жайттарды айтқан едік. Бұл жолы жер игергуе қатысты қол жетімді деректерді саралағаннан кейін туындаған ойларды ортаға салмақпыз.

Жалпы, еліміздегі жер қатынастарына қатысты ұстанымның тым көмескілігі бізге әлі біраз уақытқа дейін өз қолымызбен жасалған қылмыспен күресуге тура келетіндігін байқатып келеді. Тоқсаныншы жылдардың жуан ортасында жүзеге асырылған жерді жекеменшікке айналдыру саясатының белгілі топтардың мүддесін көздеп жасалғандығы енді айқындала бастады. Жерді өмір бойына жалға беру мен бөлшектеп сатуға берілген рұхсат мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық мақсатын жүзеге асыру үшін жасалғанымен, шынтуайтында ол тек латифундистер мен алып-сатарлардың мүддесіне қызмет етіп кетті.  Бұл енді айтуға ғана оңай болып қалған тарихи факт. Мұның салдары мен себептерін анықтау мен сезіну қазіргідей жүйеде тіптен мүмкін емес екенін біліп отырсыз…

Тағы бір-екі себеп туралы айта кетелік…

Қазір қазақ жерінің қай аймағын алсаңыз да, игерілмей жатқан жер алқаптары көптеп кездеседі. Бұл еліміздегі ауыл шаруашылығына қатысты жасалып отырған жұмыстардың өз деңгейінде еместігінің дәлелі. Болмаса, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін субсидияның қомақты бөлігі жер игеру мен өнім өндіруге бағытталып отырған салада игерілмей қалған жер емес, егін өсіру мен мал бағуға жер жетпей жатыр деген «жағымды проблема» туғызуы тиіс еді…

Сондай-ақ, бұл отанымыздағы еңбек қоғамы мен тұтыну өндірісіне қажетті және азық-түлік белдеуіне қатысты саясаттың да әлсіздігін білдіреді. Әсілі, бұл жерде «Мақта қыз бен мысық» ертегісіне бергісіз жүйе қалыптасып алғандығы ақиқат. Біздіңше, сырт елдердің тауар өндірушілерімен ауыз жаласқан делдалдар тобы биліктегі лоббилер арқылы еліміздің ауыл шаруашылығына, оның ішінде жер игеруге де аяққа тұруға мүмкіндік бермей келді және бұл қазір де жалғасуда.

Жалпақ жұртты жалқау деуге болмас, бірақ, бір кездері жекешелендіруге жаппай ұмтылған адамдар алқаптарды игеруге келгенде неге бойкүйездікке ұрынуда?

Жер игеру тек еңбек күшін ғана талап етпейтіні белгілі. Жоспарлы бизнес, есептеулі шығын мен өнімнің болжамдалуы сияқты нәзік экономикалық талаптарды былай қойғанда, технологиялық һәм техникалық сұраныстың болмай қалуы қазақ жерінің қай пұшпағында болмасын қурай өскен қараусыз жердің көбеюіне себеп болған сияқты. Яғни, мемлекет халыққа жер берді, оны игеруге лайықты тетіктерді іске қоспады. Былайша, зиялылар аузымен көп айтылатындай, адамға «балықтан бұрын қармақ берілді», бірақ… өзенге баратын жолдар жабық еді ғой! Анығында, табан астындағы қара жердің табыс көзі екендігін, оны лайықты игеру арқылы дәулетке кенелу мен мемлекеттің дамуына үлес қосуға болатындығын түсіндіретін идеология болмай қалды. Рас, биік мінберлерден, дуалы ауыздардан айтылып жатты. Бірақ, тетіктер іске қосылмады. Тіпті, жерді кепілге қойып, оны игеруге қажетті қаржыны несиге алу жүйесінің жолға қойылуына Президент бірнеше мәрте араласқаннан кейін барып қана қозғау салынған еді. Демек, атқарушы биліктің өзінде жерді игеруге қатысты дайын жоспар болмады немесе лауазымдылар оған мүдделі емес еді…

Бірақ, ел ішінде жерді жекешелендіру жақсы жүрді және ол жалғасып та жатыр. Латифундистер мен агромагнаттардың арасы жер мен көктей болғанымен, бізде осы екі топ та тез қалыптасып алды. Қалай болған да, бұл екі топ үшін қуануға болады. Салық тәртібі бойынша түсетін түсім үшін… Ия, кейінгісінің азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан аз-кем үлесі бар, оны ұмытпауымыз керек.

Енді негізгі қауіп туралы айтсақ: біздің миымызға бір түсінік ақырын-ақырын сіңіріліп болды. «Қазақ жер игере алмайды…». Жоқ, бұл жерде біз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғалған, ата-бабадан мұраға қалған жерге қауіп төніп тұр деуден аулақпыз. Қауіп, қазіргі қазақтың санасында сияқты… Мыңдаған гектарлардың иесіз немесе игерусіз жатуы және бұл үрдіске ұзақ уақыт бойына назар аударылмауы күдігімізді қоюлата түседі. Ия, «Қазақтар есік алдындағы алқабының өзін игере алмай жатқанда, мыңдаған гектарларға қалай ие болсын… Бос жатқан жерді шетелдіктерге жалға беруден қорықпау керек-мыс…» деген түсінікке көндігіп келе жатқан жоқпыз ба осы?

Осындай емеурін Елбасының да, министрдің де аузымен айтылып жүргені жасырын емес қой, рас, нақты шетелдіктер туралы әзірге сөз жоқ, бұл біздің тұспал ғана… Тек, қараусыз қалған жерден өнім алуға шақыру… отандық аграрлар үшін аңыз екендігін билік білмейді деу қисынсыз. Демек, лоббилер лигасы қазақтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер алқаптарына қатысты өзгерістерді әрі оның шет елдіктерге де жалға берілуіне рұхсатты заңдастыруды күн тәртібіне шығаратыны анық. Бізде бұл дүдәмал іске миссиясы аяқталуы жақындаған Парламенттің осы депутаттары нүкте қойып кете ме деген күдік бар…

Ал, жерді, мейлі ол мың жерден игерілмей жатса да, шетелдіктерге ашық келісім шарт арқылы жалға беру дегеніміз – еліміздің аумақтық тұтастығына төнген қатер болып табылады.

Айтпақшы, жерді екінші мемлекеттің пайдалануына беруге байланысты Қазақстанның тәжірибесі жеткілікті. Бір ғана Ресейге берілген әскери — техникалық мақсаттағы жерлердің тағдыры туралы таңға жырлауға болады…

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Дерек көзі: http://jetysunews.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2184
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2494
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679