Бейсенбі, 1 Маусым 2023
Билік 5449 0 пікір 23 Шілде, 2015 сағат 16:56

Ұлт Жоспары көздеген шаралар сот жүйесін дамытуға серпін бермек

 

Кеше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының республика соттарының 2015 жылдың бірінші жартыжылдықты қортындылауға байланысты кеңейтілген кеңесі өтті. Кеңестің негізгі тақырыбы  азаматтық және қылмыстық істер бойынша  бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға арналды.

Елбасының сайлау алдындағы бес институционалдық реформа жүргізуге  бағытталған 100 қадамнан тұратын Ұлт Жоспарында елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудің барлық жолдары қарастырылған. Заң үстемдігі – қоғамның, мемлекеттің дамуының бірден-бір негізі. Заңның үстемдігін қоғамда орнататын бірден бір орган ол – сот органы. Сот – биліктің бір тармағы ретінде азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, оларды қорғаудың кепілі болып табылады. Сондықтан да сот жүйесін  жетілдіруге,  сотқа азаматтардың қолжетімділігін барынша қамтамасыз  етуге қоғамның өзі ұмтылып отыр.

 Сот жүйесінде бүгінгі күні атқарылып жатқан кешенді жұмыстар сотқа деген  қоғамның, азаматтардың сенімімнің артуына ықпал етіп отыр. Азаматтардың сотқа жүгінуі көбейді. БҰҰ Даму Бағдарламасының Құқықтық саясатты зеттеу және қоғамдық пікірді зерделеу орталықтарымен бірлесіп жүргізген әлеуметтік сұрауларының қортындысы  бойынша елімізде соттардың жұмысына сұралғандардың 71,3 пайызы қанағаттанатындықтарын білдіруі соттар жұмысының  жақсарғанын білдіреді. Оның үстіне,  сұралғандардың  80 пайызы сотқа сенетіндіктерін көрсетсе, 83 пайызы судьялардың іс қаруға дайындықтарына  қанағаттанатындарын білдіріп отыр.

Қазіргі таңда  облыстық соттың құрамында  апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар жұмыс істеп жатыр. Апелляциялық сатыдағы сотта заңды күшіне енбеген сот актілері қаралса, кассациялық сатыдағы сотта күшіне енген сот актілері қаралды. Ал Жоғарғы Соттың қадағалау алқасы да күшіне енген сот актілерін тексеруде. Заңды күшіне енген сот актілерін  қайта-қайта тексеру дамыған елдердің тәжірибесінде жоқ.

Сот жүйесіне байланысты жүргізілетін өзгерістер бойынша істерді қараудың үш сатысы бекітілмек. Бұлар: бірінші сатыдағы сот, апелляциялық сот және кассациялық сот.  Бірінші сатыдағы сот ретінде – аудандық және оған теңестірілген соттар, апелляциялық сатыдағы соттар ретінде – облыстық соттар, ал кассациялық сатыдағы сот ретінде – Жоғарғы Сот істерді қарайтын болады.

Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын  арнайы алқа құру көзделіп отыр.  Бұл инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тетігі болмақ. Сонымен қатар, Жоғарғы Сотта халықаралық консультативтік кеңес құрылмақ.

 Судьялық қызметке алудың  жаңа жолдары қарастырылуда. Судьялық қызметке  тағайындалатын азаматтардың  жасын ұлғайту, судьялық қызметке үміткерлерге шәкіртақы төлей отырып, тәлімгерліктен өткізу, бұл қызметке сот өндірісімен байланысты қызметте кемінде бес жыл істеген азаматтарды алу қарастырылып отыр. Жаңа тағайындалған судьяларға бір жыл сынак  мерзімі белгіленетін болады.  Бір жылдан кейін судьяның жұмысы толығымен тексеріліп, Сот жюриі бұл судьяның жұмысты әрі қарай жалғастыруға қабілетті немесе оны жарамсыз деп танып, шешім шығаратын болады.   

Бұл шаралардың бәрі  сот жүйесінің  жұмысын одан әрі жетілдіріп, сот әділдігін атқаруға қабілетті сауатты  азаматтарды  тарту арқылы  сот билігінің мәртебесін  көтеруге бағытталып отыр.

 

Әділ Құрықбаев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

0 пікір

Үздік материалдар