Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоғам 6134 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 15:02

ҚАЙДА КЕТТІҢ, ҚҰСАЙЫНОВ? САҒЫМ БОЛДЫҢ, СЫЗДЫҚОВ...

Тұрғын Сыздықов & Әбілғазы Құсайынов

Патша көңілді, Abai.kz-тің аса талғампаз оқырмандары! Жоғарыдағы екі есім сіздерге таныс па? Көбіңіз ұмытып та қалған боларсыздар. Бұл кісілер - президенттік сайлауға түскен кадндидаттар. Иә, Қазақстанның президенттігінен ресми үміткер болған жандар. Тоқсан бірдеңесінші жылдары емес, осы биыл ғана. Биыл болғанда календардан күніге көріп жүрген 2015 жылдың сәуірінде.

Тұрғын Сыздықов  - Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Қазақстан президенттігіне үміткер болған. Тұрғын Ысқақұлы - Қазақстан Коммунистік Халық партиясының  Орталық комитетінің хатшысы. Көкшетаудың тумасы. Тракторшы болып еңбекке етін үйреткен Сыздықов бір-екі рет аудан әкімі болып, Ақмоланың түрлі мекемесінде жауапты жұмыстар атқарыпты. Айтпақшы ол кісі бірнеше күн бұрын ғана 68 жасқа толды. Егер ол кісі президент болғанда Астанада жыл сайын 2 тамыз ұлан-асыр той болар ма еді?!

Әбілғазы Құсайынов – Асылы «Нұр Отанның» мүшесі. Алайда, бұның да коммунистігі бар. Құсайынов заманында КПСС-ке көп еңбегі сіңген адам. Қазақстан коммунистік партиясы Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы деңгейіне жеткен. Сыздықовқа қарағанда бақандай 5 жас кіші болғанымен, ол отырғаннан жұмсақтау креслоларға отырып көрген. Ресейден алған ресми «саясаткер» деген білімі де бар. ҚР Экономика және сауда вице-министрі, Индустрия және сауда вице-министрі, Көлік және байланыс вице-министрі, Көлік және байланыс министрі, Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған. Сонымен қатар құрылғаннан бері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келе жатқан президенттік «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы болған. Ол,  1996 жылдан - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 1999 жылдың наурызынан - ҚР Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары. 2001 жылы министрліктегі жұмысқа ауысқанға дейін арасында депутат та болып жіберген. Құсайынов қазір 2013 жылдан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. Азды-көпті еңбегіне алған алты-жеті орден-медалы да бар.

Оқырманның есіне есімімен бірге бұл екі тұлғаның сайлауалды бағдарламасын да салайық.

Президенттікке өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов «Экология мен өндірістік қауіпсіздік» дейтін ең өзекті тақырыпты ту етті. Кандидат табиғаттың тиімсіз пайдаланылуына, қоршаған ортаның қалдықтармен ластанауына, биологиялық түрліліктің азайып бара жатқандығына алаңдаушылық білдірген. Экология проблемаларына тоқтала келе Ә.Құсайынов адамзатты табиғатпен келісімде өмір сүруге шақырып: "Адамдар биосфераның даму заңдарын, оның не себепті ыдырауы мүмкін екендігін білуге тиіс. Қоғамда биосфераның даму заңдары бұзылмайтындай жағдай қалыптастыруға тиіспіз”, - деген еді. «Тиістісіңдер» деген жоқ, «тиіспіз» деді, өзін де қосты.

Ал, Сыздықов «Жастардың батыстың жалған идеалының жетегінде кетуіне жол бермеуіміз керек» деп бірден Батыстан іргесін бөлетін президент болатынын білдірді. Ол, сондай-ақ «жалдамалы еңбекті капиталистік қанау мен материалдық игіліктерді бөлудің буржуазиялық принциптеріне» қарсы ашық күрес жариялайтынын мәлімдеді. Коммунистерден кандидат болған Сыздықов «Материалдық игіліктер әлеуметтік жағдайына қарамастан бүкіл қоғам мүшелеріне бөлінуі тиіс» екенін де айтты. Ол сайлауалды тұғырнамасында батыстық мәдениет пен құндылықтардың көлеңкелі тұстарына өте-мөте көңіл бөлуіміз керегін жиі ескертті.

Сайлау өтті.

Сайлаудан бері толық жүз күн өтті.

Осы жүз күнде БАҚ бетінен, қоғамдық мінбелерден не Құсайыновты, не Сыздықовты көрмедік. Көрмей қалған шығармыз деп архив ақтардық, сұрастырдық. Еш із болмаған соң ол кісілердің өзін іздедік.

Алдымен ҚКХП-ның қып-қызыл сайтын ашып, номерін зорға таптық. Нотариуспін деді бір келіншек. «Қайта соғыңыз, бір нөмірді олар да, мен де пайдаланатын едім»,- деді ол. Қайта соқтық. «Жәрдем» қорымыз деді. Бірнеше қоңыраудан кейін ғана, «Сыздықовқа алдын ала жазылу керек екенін, немесе поштамен хат жіберіп, жауап күтуге тиіс екенімізді» ұғындырды партия атынан қоңырау қабылдаған кісі.

Кәсіподақтар комитеті төрағасымен сұхбаттасу үшін де «жазылу, хат жазу, күту» деген этаптардан өтуге тиіс екенбіз. Комитетке қоңырау соққанымызда қабылдау бөліміндегілер ол кісінің Астанада екенін, жұмыста екенін, өте қарбалас екенін айтты.


 

Экологияның екінші жанашыры, қадірменді Құсайынов мырза!

Мүмкін сіздің хабарыңыз жоқ шығар. Сіз президент болғыңыз келген Қазақстанда үлкен апат орын алды көктемде. Құзырлы орындар берген сан бойынша 130 мыңнан астам киік қырылып қалды айналдырған екі айда. Протон ұшатын Байқоңырмен көршілес обылыстарда мал қырылды. Індет әлі тоқтаған жоқ. Өткен аптада ғана Қызылорда облысында ұсақ мал қырылып жатқаны туралы хабар тарады. Киік пен малды қойшы, жердің құрты емес пе, өсер-өнер...

Таудан аққан селден, халық хабарсыз қалған табиғи апаттан Алматыдағы үш бірдей ауданның халқы қырылып қала сақтады оншақты күн бұрын. Коммунист біткен сенбейтін Құдайды жиі аузына алатын Божко бұл жолы да кешігіп жетті Алматыға. Қайта, Есімов ерте тұрып, тікұшақпен тау аралап қайтыпты. Олар бөгет жарылмады дейді, сонша топан судың қайдан шыққанын бір құдай біледі. Ол – ол ма, шыңдарына мұз жамылып, қар бүркенген Алатаудың кез-келген сайынан топан су бұрық ете түсуі мүмкін дейді.

Божко орнынан кеткен жоқ, протон да тоқтамай ұшырылып жатыр. Өзен-көлдеріміздің жағалауы қоқысқа толған. Қатты ыстықтан мұздар ғана еріп жатқан жоқ, далалы аймақ, жайлымдар өртеніп жатыр. «Экология» деп еңіреген ешкім жоқ. Сіз де жоқсыз? Қайда кеттіңіз? Елге еңбек ету президенттік жұмыспен өлшенбейтін шығар, мынау елдің экологиясына ес болатын біреу болмаса, «жасыл ел» деп ағаш егіп жүрген азғантай бригадан басқа бас ауыртқан ешкім жоқ...

Бізге бүкпестен Батыстың бар сырын айтқан, Сыздықов мырза!

Сіз жақтырмайтын Батыспен, біз, алыстау былай тұрсын, жақындасып жатырмыз. Бас штабы Батыстың қақ ортасы – Женевада орналасқан Дүниежүзілік Сауда ұйымы дейтін ұйымға ресми мүше болдық бір апта бұрын. Елге бұқпантайлап кірген кейбір батыстық бассыз мәдениет қана емес, ел ішінде буржуазиялық принциптер де жалғасып жатыр. Сіз айтатын экономикада ілгерлеу жоқ. Керісінше теңгеміз тағы құнсыздана түсті. Келімбетов әлі өтірік айтып жүр. Сіз ұстанған материалдық теңдік қағидасы, бүкіл қоғам болып игілігін көру дегеніңіз сол сіз сөйлеген залда қалып кеткен болуы керек. Билікпен бұқара қандай алшақ болса, сол бұқараңыздың бай мен кедейі де сондай алшақ. Байларда ынсап жоқ, билікте халықсүйерлік жоқ. Сайлаудан кейін сіз де жоқ болдыңыз...


 

Тұрғын Сыздықов & Әбілғазы Құсайынов!

Сіздер қайда кеттіңіздер? Мүлде көрінбейсіздер, тіпті. Шаршады дейін десем ширек ғасырдан астам ел басқарып, аянбай еңбек етіп келе жатқан Елбасының жанында не істедіңіздер сіздер? Бір айға да толмайтын үгіт-насихат науқанынан соң ұзақ демалдыңыздар. Мұндай демалыссүйгіш екендеріңізді білмей қалай кандидат қып жібергенбіз. Мүбәдә президент бола қалсаңыздар мынау ел не болар еді?


 

Биылғы сайлауда Қазақстанға бақандай 27 кісі басшы болғысы келді. Біз неге Қасымов пен Елеусізовті, немесе Амантай қажыны іздемедік? Себебі олар ресми кандидат болу бақытына ие болған жоқ.  Ал, біз атын атаған, ұмытылып бара жатқан екі кісі, атап айтсақ Сыздықов - 98 мың 384 адамның сенімімен кандидат боп тіркелді.  Ал, Құсайынов өзі басқаратын  Кәсіподақтар комитеті қазіргі Президентке қолдау білдіргеніне қарамастан, 153 мың 152 қол жинап президенттікке кандидат болып тіркелді. Мұнша қолдау – осыншалықты қолдау ғана емес осыншалықты сенім мен осыншалықты үміт қой.

Сайлау нәтижесінде Тұрғын Сыздықов 1,87 пайыз, Әбілғазы Құсайынов 0,68 дауысқа ие болған еді. Алайда олар президент болсақ өзімізді сайлаушыларға ғана деп емес, халыққа қызмет етеміз деп уәде берген.

Егер сіздер осы күйі елге еңбек етуді доғарсаңыздар, онда бұл мақала сіздер туралы жазылған соңғы мақала болуы да мүмкін.

 

Нұрғали НҰРТАЙ

Abai.kz

0 пікір