Сенбі, 4 Мамыр 2024
Мәйекті 16465 2 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 10:29

«ҚАЗАҚ» АТАУЫНЫҢ ҚАЙНАРЫ «ОҒУЗДАН» БАСТАЛҒАН

 «ҚАЗАҚ» ЭТНОНИМІНІҢ ШЫҒУ ТЕГІ ҚАҚЫНДА

(ғылыми мақала)

«Қазақ» атауы көптеген ғалымдар мен қаламгерлер пікір жарыстырып әбден жауыр қылған тақырыптың бірі. Бұған дейін ғалымдар тарихи түпнұсқаларды сүзіп өтіп, ғасырлар тереңінен жоқ іздегендей хронологиялық мол уақытты қамтыған тарихи және филологиялық зерттеулер жүргізіп, жүзден астам ғылыми мақалалар жарық көріпті. Бұл еңбектер - «қазақ» этнонимінің тарих аренасына шыққан кезеңін іздестірумен қатар этимологиясына, атаудың мән мағынасына сараптама жасауға талпынған еңбектер.

Зерттеушілер бұған дейін төмендегі екі тарапта «қазақ» атауын қарастырып келеді. Онда:

  1. Екі атау өзара бірігіп бір атауға айналған деген ұсыныс (кас+сақ; қай+сақ; һаз+сақ т.т.). Бұл ұсыныс ғалымдардың назарын аудара қоймады. Оның себебі; бірінші: тек қана филологиялық сөз ойнатудан аса алмаған; екінші ертеорта және орта ғасырда екі тайпаның бірігуінен пайда болған жаңа тайпалық одақ сол құрамға енген ру-тайпалардың атауының алғашқы буынынан құралып аталуы немесе екі атаудың өзара бірігіп бір атау құрғаны туралы тарихи дерек азиялық көшпелілерде кездеспейді. Әлдісі әлсізін басып алады. Сөйтіп ел аты жеңген күштінің атауымен аталады. Қараңыз: Түрік қағанаты дәуірінде моңғол, таңғут, тивет тайпалары түркі аталды. Моңғолдар күшейгенде түркі тайпалары моңғол атанғандығын Рашид-ад-диннің шежіресінде жазып қалдырған (Рашид-ад-дан 1952. т.І. ч.І. с. 92).

Демек, Қ. Салғараұлының «... олардың біріккенде әлсізі өзінен күшті тайпаның құрамына еніп, сіңісіп кетіп, сол үстем тайпаның атымен аталған, ал ыдырағанда, әлгі бірлестіктен бөлініп шыққан тайпаның атымен, болмаса көсемінің атымен аталған. Бұл иісі – көшпелілерге тән, ортақ тарихи заңдылық», -деген тұжырымы тарихи шындық (Салғараұлы Қ. 1995. -13 бет). Сондықтан бұл ұсынысқа тоқталмадық.

Ал, Моңғолдың құпия шежіресіндегі «Хасаг» деген атау арбаның құрсау теміріне байланысты қойылған атау. Мұны тайпа этнониміне байланыстырудың қажеті жоқ.

  1. Гуз (гузз), гозок (гузок, гузак, гозак), госок (косок, козак, кузок), казак, қазақ атауларының мәніне, іс-қимылы және әрекетіне байланыстыра қарастырып келді.

Бұл тарихи этнонимдердің түркі тілі заңдылығына байланыстылығы, және қалай пайда болғандығы, атауды қолданған елді мекеннің, халықтың тілінің ерекшелігі, әлеуметтік топтардың өмір сүру ритімі, дәстүр-салты, психологиясы, дүниетанымы т.с.с. қоғамдық үрдістері уақыт пен кеңістік аясында бір жүйеде қарастырылмаған.

Осының салдарынан «қазақ» этнонимінің мән-мағынасы бүгінге дейін толық ашылмаған даулы тақырыптың біріне айналып келді.

Біз бұл мақаламызда осы даулы тақырыпқа филолог әрі тарихшы ретінде өз пікірімізді ұсынуды жөн көрдік.

«Қазақ» этнониміне байланысты П. Бутков (1822. №23), А.Левшин (1832. с. 40), А.Н. Самойлович (1927. Вып.ІІ. с. 16), Бернштам (1949. №61. Вып.2. с. 64-65),  М.Б. Ахынжанов (1957), С.Г. Ибрагимов (1960. №3. с. 66-71), Ә. Марғұлан (Жұлдыз. 1984. №3), Г.Ф. Благова (1970. с. 143-156), М. Сейітов (1989. №2, с. 28-31; №3, с. 28-31), Ә. Сараев (1990. №5. с. 86-98), Ә. Қайдаров, Е.Қ. Қойшыбаев (1971, с. 46-49), Қ. Салғараұлы (1995. -5-28 бет),  З. Қинаят (2003. 24-қыркүйек, -11 бет), Н.Ж. Мыңбаев (2011), Қ. Қыдырбаев (2015) сияқты зерттеушілердің сараптамалық мақалалары жарық көрді.

Сөз еткен мақала авторлары тарихи түпнұсқаларға «қазақ» этнониміне қатысты төмендегі деректерді пайдалана отырып, өздерінің тұжырымдарын жасаған. Онда:

-         А. Вамбери, М. Ақынжановтар Фердаусидің (935-1020 жж). Шах-наме дастанынан: «қазақ», «қазақ хандығы» деген ел Көк теңізден (Арал. т) ары солтүстікті мекендеп отырған күшті және көп санды ел бар" деген дерек келтірген еді (Вамбери А. 1873; Ақынжанов М. 1957. -39-40 бет). А. Вамбери мен М. Ақынжановтың бұл дерегін С.К. Ибрагимов, германиялық Фриц Вульф (Fritz Wolff) – тың құрастырып, неміс тілінде 1935 жылы басып шығарған Фердаусидің «Шахнаме»-сынан іздестіріп тексерген екен. Өкініштісі, С.К. Ибрагимов «казах» деген атауды айтпағанда, «қаған, хан» деген терминдерді де таппаған (Ибрагимов. 1960. с. 67). 1965 жылы Москвадан орыс тілінде басылған (аударып, түсініктемесін жасаған Ц.Б. Бану-лахути) Фердаусидің үш том «Шахнаме» дастанын сүзіп шықтық. Мұнда да «Қазах», «қазақ хандығы» деген атау таппадық. Керісінше І томында «Хузистан» (гузистан = оғузстан) (с. 630), ІІІ томында «Хузийский край» (гуз = оғуздардың қыр өлкесі) (с. 354, 475) деген атауларды жолықтырдық.

-         1245 жылдары жазылған қыпшақ–араб сөздігін зерттеп, аударған М.Т. Хоутема. «Қазақ» атауының араб тіліндегі түсіндірмесін «Әл-Мужәррад» деп оқып (Houtgman. 1894), мағынасы «елін, отанын, туған жерін тастап кеткен кезбе қаңғыбастар» деп аударған еді.

-         1245 жылы жазылған қыпшақ-араб сөздігінің қолжазбасымен арнайы жұмыс жасаған жас ғалым Қалдыбай Қыдырбаев біздің көзімізді ашып, сөздіктегі «қазақ» атауының араб тіліндегі мағынасы «Әл-Мужәррад» емес, «Әл-Мухәррәд» екенін анықтап берді. «Әл-Мухәррәд – "үйлі болып бөліну, бөлек шығу" деген мағынада екенін тайға таңба басқандай дәлелдеді. Сөйтіп ол М.Т. Хоутсманың 100 жыл бойғы қателігінен бізді арашалап алып шықты (Қ. Қыдырбаев. "Егемен Қазақстан". 2015. № 97 (29575) 27-мамыр. 10-бет).

-         Византия императоры Константин Богрянародный (913-959 жж) «косагтар»-кавказдағы этникалық топтар (Ибрагимов С.К. 1960. с. 67) дейді.

-         Каспий теңізінің атауы, осы теңіздің маңында өмір сүрген «касог» тайпасының атымен аталады (Марр. Н.Я).

-         Х ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Масудидің «Мурудж ал-дзахаб» (934 ж) еңбегінде "Алан патшалығының сырт жағында Кабх (кавказ тауы) пен Рум (Византия) теңізінің аралығында «касог» деген халық бар. Олар магтардың дінін тұтынады" дей келіп,  ары қарай адамдары өте көрікті, «тала» деп аталатын мата тоқитынын мәлімдеген (Ә. Сарай. 1990. №5. -88 бет).

-         1282 жылдары Курск кіназдарының шақыруымен Пятигорскден барған черкасстар (шеркеш) «Газогтар (гозаг)» деп аталатындығын, олар түркі тілінде сөйлейтіндігін Д.Ж. Коков ғылыми еңбегінде мәлімдеген (Коков Д.Ж. 1965. с. 4).

-         Орыс жылнамаларында 965 жылдары болған оқиғаға байланысты «Касоги» (қараңыз... одоле Святолслов козаром и град их Белую Вежу взят и победе ясы и касоги, и приде ко Киеву» (ПСРЛ, т.ІІ. с. 245).

-         Араб-парсы саяхатшылар белгілеуінде «Гуз даласы (Музафат Әл-Гуззия)».

-         ХІІІ ғ. «Повести временных лет» нұсқасында «кашак». Түркі-қыпшақ басқыншылығына бағынғысы келмеген бір топ далалық көшпелілер Қара теңіздің, Донның сыртына қарай қашып кеткен. Бас бостандығын сақтап, қарсыласып қоныс аударған адамдарды «кашак» деп атаған деп хабарлайды орыс жылнамашысы Нестор (Бекхожин. Қ.Ә. 20. ХІІ. 1985 -15 бет).

-         Нестор 1223 жылы моңғолдардың орыстармен Калькада болған соғысы қақында: «Шыңғыс хан армиясы Кавказдан асып келіп Оңтүстік Орысқа шабуыл жасаудан бұрын қазақтарды бағындырды» (Русские летописи т.ІІ. с. 465) дейді.

-         М. Хайдар Дулатидің Рашидасында «қазақтар». Онда: «... Сүйтіп Керей мен Жәнібек өзінің елінен ірге бөліп қашып шығып, біраз уақыт қаңғырып жүрді. Оларды «қазақ» деп атады. Ақыры сол атқа ие болды (Материалы по ИК ханств ХV-ХVІІІ в. 1969. с. 222). М.Х. Дулатидің өзі де «қазақ» боп қашып шыққанын, әрі ол - Орыс ханның ұрпағымен жауласқан шайбаниліктердің ұрпағы. Сондықтан да ол көңіліне дық алып, «қашып шыққан», «қашқын» сөзін қолданған. Бұл арада әулет аралық жауластық бар. Ал, Керей, Жәнібек екеуі М.Х. Дулати сияқты елін, жерін тастап қаңғып кеткен жоқ. Өз жерінде, өз елінде билікке оппазиция болып бөлініп шығып Қазақ хандығын құрды.

-         ХVІ ғ авторы Ибн Рузбихан Исфаханиде «қазақтар». Онда: 1550-1560 жылдары Ақорда құрамында қыпшақ, қазақ, маңғыт тайпалары Еділден Сырдария аралығындағы алып аймақта мекендегенін паш етеді. Бұл тайпалар қазақ хандығын құрды (Ист. Каз ССР. 1979. с. 253-265).

-         ХІV-ХV ғғ. дерегі Шайбани–наме, Нусрат-наме іспетті түп-деректерде Орта Азияда «қазақ шығу» «қазақылану» деген атау қалыптасқандығын дәлелдейтін дерек сақталған (Марғұлан Ә. 1984 №3, с. 145).

-         1376 жылдары жазылған Шараф аддин әл-Йаздидің «Зафар-наме» кітабында Дешті-қыпшақ жерін, және Орданы, оның тағын қорғап тұрған күш бірлігін «Өлейт Чатур* қазақ» (Орданың тұрақты қорғаушысы) деп атаған (ölej-мықты; чадур-сенімді. Олардың сенімді қорғаушы жасағын осылай атаған. Цэвэн Я. 1966. -442, 630 бет).

-         Ақсақ Темірдің армиясында «қазақ мыңы» атты қарулы жасақ болғаны қақында дерек сақталған (Рукопись ИВ АНУ3 ССР. №4472 с. 155, 329; Ә. Марғулан. 1984 №3).

-         Масуди еңбегінде «касог / касек». Қаратеңіз жағалауына орналасқан Алан елінің қаласының атауы (Танибих. 1848; Бартольд т. VІІІ, с. 543).

-         Тағы сол Әл-Масудиде: «Гуз мемлекетінің бір бөлігі – көшпелілер, бірі – қала тұрғындары, бәрі Гуз тайпалары. Олар жоғары, төмен, орта болып үшке бөлінеді (1851. рр. 212)».

Бұл тарихи түпнұсқа деректерді «қазақ» атауына арнайы үңіліп, оның мән-мағынасын ашуға талпынған жоғарыдағы ғалымдардың ұсыныстарын бір жүйеде алып қарастыралық.

Өзіне дейінгі батыс зерттеушілерінің түсініктемелерінің басын қосып, сараптаған П. Бутков «касак», гозак / гузак, гозок /гузок, кашак, қазақ атауларының мәнін жазалаушы отряд, сағшы, күзетші, қашқын, жалданған сарбаз, жалданған шекара сақшысы, дүние табу үшін елін жұртын тастап кеткендер, кезбелер т.с.с. деп М.Т. Хоутсманың әсерімен түсініктеме берген (Бутков. 1832 №23).

В.В. Радловтың түркі тілдес халықтар, олардың ішіндегі қырғыздар (қазақ), шорлар, телеуіттер туралы «негізі жоқ қызықты оқиға іздеген адамдар» деген пікірінен де М.Т. Хоутсманың әсері көрініп тұр.

Г.Ф. Благава «алғаш кезде «жеңіл қаруланған», «азат аттылар», кейін «басыбайлылықтан қашқандар», деген тұжырым жасай келіп, бұл атауды көптеген халықтарда қолданғанын, соның ішінде орыс тіліне де енгенін ашық мәлімдеді (Благова Г.Ф. 1970. С. 143-156).

Орталық Азияға байланысты мұсылман авторларының жазып кеткен дүниелерін түпнұсқада жетік меңгерген, қазақтың ғұлама ғалымы Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан «қазақ шығу», «қазақ болу» ұғымына тоқтала келіп, ХІІ-ХV ғасырларда Орталық үкіметтен қуғын көрген тегіндер, сұлтандар, билер, батырлар Ордадан қырға қашып «қазақ» болып жүргенін дәлелдеді. Нақты деректермен атын атап түсін түстеп көрсетеді. Олар:  Хорезмдік Мухаммед Махди хан, Едіге, Шайбени, Әмір Темірдің ұрпақтары, Хусейін Байқара мен Алау-еддин мырза, Алтын Орданың Тоқтамыс ханы т.с.с. тарихта аты белгілі тұлғалар (Марғұлан Ә. 1984. №3).

Қ.Қыдырбаевтың түпнұсқа қолжазбаны зерттеп ұсынған пікірі Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан іспетті ұлы ғалымдардың ұстанымымен ұштасып, сабақтасты. «Әл-Мухәррәд» (үйлі болып, бөліну) дегені үлкен ордадан немесе билеуші биліктен бөлініп шықты деген мағына береді. Түріктердің санасына сіңіскен оғузшылдық (гуззшылдық) – қазақылық, қазақ боп кету менталитетін айқындап тұр. Өйтсе, қыпшақ-араб сөздігіндегі «қазақ» атауы «бөлініп оппозиция болу (қазақ боп кету)» деген мағына береді.

Біздің тарапымыздан жоғарыдағы тізімге әлемге аты әйгілі қолбасшылар мен хан, қағандарды қосуға болады. Онда:

  1. Сюнну (хунну – ғұн) көсемі әкесі Түмен ханға оппозиция болып, оны өлтіріп Сюнну империясын құрған Моудун (Бұмын. Қазақ баспасөзінде Мөде) оғуз-оқ (қазақ) болған.
  2. Жужан хандығына қарсы тұрып, қырға қашып шығып, өз тобын құрып, кейін оғуздарды жаулап алып, күшейген алғашқы Түрік қағанатын орнатушы Бұмын қаған да (545 ж) оғуз-оқ (қазақ) (оппозиция) болған.
  3. Таң империясына қарсы шығып, 17 нөкерін ертіп, тауға қашып кетіп, кейін өз армиясын жасақтаған екінші Түрік қағанатын орнатушы Құтлұғ Елтіріс қаған да алғашында «қазақ» болған.
  4. 1280 жылдары Темужин (Шыңғыс қаған) де өз тайпасынан ысырылып шетте қалып, қашқын болып жүріп, маңына төрт нөкерін қосып алып топ құрып, кейін нығайып алғаннан кейін өзінің тума Боржғын тайпасын бағындырып, одан соң әлемге әйгілі Моңғол империясын орнатқан.

Бұлда осылайша оппазиция болған.

  1. Барлас руынан шыққан Тарағай бектің ұлы Темір 1350-1360 жылдары шағын салт атты топтың басшысы болып сандалып жүріп, 1361 жылдан Тоғлұқ Темірге қызмет етті. Одан соң оны төңкеріп тастап билікті қолға алып өз хандығын құрған.

Бұл тарихи нұсқалар мен ғылыми мақалалардан төмендегідей қорытынды шығаруға болады.

  1. Гозак (гузок, қазақ) – ұлы далада еркін өсіп, жастайынан әскери өнерге жетілген жігіттер шоғыры. Олар ру-тайпасын тастап басыбайлылықтан қашып шығып сахараның сайыпқырандарына айналған. Мыңдаған шақырымды артқа тастап бай-манаптардың жылқысын барымталап, батыс, шығыстың бай саудагерлерінің керуенін олжалады. Түскен олжаны өз халқының кедей-кепшік, жоқ-жітіктеріне таратып беріп келген. Олар жергілікті билікке бағынбай оппозиция болып кетеді. Оларды ең әуелі халқы қорғайды, одан соң өздері де ізін жасырып үлгеретін болған. Олар үшін бұл әрекеттері үлкен ерлік, әрі қызық. Оларға халқы небір әндер арнап, жырға қосып, аңызға айналдырып, ұлықтаған. Қыран бүркіт, құмай-тазы, жүйрік ат, сұлу қыз осыларда болған ("Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған").  Міне, сондықтан да оларды қарсыластары «кезбе», «қаңғыбас», «үйсіз-күйсіздер», «тонаушылар» деп атаған.
  2. Бұла күші тасыған осы сайыпқырандарды ақылды байлар мен билер, сұлтандар, билік жүйесі өздеріне қолайлы жағдайда пайдаланып келген. Арнайы келісім бойынша, өз қызметтеріне шегіп, орда, шекара күзетіне, бай-манаптар арасындағы қақтығыстар мен соғыстарға пайдаланған. Сондықтан да газак / гузок = қазақтарды «сақшы», «шекара күзетшісі» деп түсінген.
  3. Орталық билік жүйесі - хандықтар оларды ерікті түрде өздеріне тартып, армия жасақтаған. Бұған мысал ретінде, Шайбанидің, Темірдің Қазақ мыңдығын т.с.с. атауға болады Әлішер Науи: «Шах «қазақ» болып кетсе, кім оған әскерін шығарып, кім қылыш көтерер еді» деп бекер айтпаған болар (Абушка, 322). Сондықтан да бұларды «қарулы жасақтар» деп атаған.
  4. Кей жағдайда өз ортасынан бөлініп шыққан салт атты топ бұқара халықтың қолдауын тауып, күш-қуаты толысқан жағдайда билікке ашық қарсы келіп, өз ұлысын, хандығын құрып, ел билігін қолға алған.

Енді мынандай сұрақ туады. Осылар бүгінгі Қазақ ұлтын құрап отырған қазақтардың ата-бабасы ма? Шығыс Түркістанның шығыс босағасы Ара – түріктен (Дун-хуан маңы), Алтайдың терістік шығыс сілемінен бастап, сонау батыстағы Қаратеңізге дейінгі онмыңдаған шақырымға жалғасқан алып аймақта қазақтар мекендеген бе?

Иә, сенгіңіз келмейді. Оқырманды иландыра алмайсыз.

Онда, гуз, гузз, гузистан, гузок, гозак, газок, косог, касог, косаг, казок, козак, қазақ, хасаки (хаски) атауларына фонетикалық сараптама жасалық.

Бүгінге дейін селжүк тобынан басқа түркі тілдерінің түркілік лексикалық қорында «g (г)»,  γ (ғ) дыбысымен басталатын түбір сөз тым аз. Текқана селжүк тобы «g (г)» дыбысымен 79 түбір ғана қолданады екен (ЭТЯС. 1980. С. 5-107). Ал қыпшақ тобының тілінде «g (г)»,  γ (ғ) дыбысымен басталатын түркілік түбір бүгінге дейін болмаған.

Аталмыш аймақта түріктердің «j» тілді оғуздар мен «ž» тілді қыпшақ топтары өмір сүрген. Солардың тұрғылықты (автохтондық) мекені. Көршілес жат жұрттықтардың әсерінен өзара тілдік ерекшеліктері ұлғая түсті. Сөз етіп отырған аймақтың сексенге жуық пайызында қыпшақ, оғуз-қыпшақ, оғуз-қарлұқ тілді түріктер өмір сүріп келген. Демек, гозок (гузок), газок (гузок), гозак (гузок) қайдан келді, түркі этносының тұрғылықты мекені болған осыншама алып аймақтағы халық қалайша бұлай атанған деген сұрақ туады.

Б.ж.с. І ғасырынан бастап (мүмкін одан да бұрын болар) Амудария, Сырдария бойында парсылар мен түріктер қоян-қолтық араласып өмір сүрді. Тайпалар мен хандықтар арасындағы шайқастарда да, сауда-саттық, мәдени-рухани алым-берімде де бірге болды.

Ол дәуірде Амудария, Сырдария бойын оғуз хандығы, оғуз тайпалық одақтары (іч-оғуздар (скифтер), печенектер, қаңлылар, оғуздар) мекендеді. Амударияның түрікше атауы «Окс үгүз-оғыз өзені» деп аталады. Кейін оны парсы текті ирандықтар Вахш (су иесі-рухы), арабтар «Жейхун» деп атап тарихи түпнұсқаларында жазып қалдырған.

«Окс» деген байырғы түркілердің «oγuz» (оғуз) тайпасының атауы. Амудария бойындағы қала Окс (оғуз) атанған. Осы Окс-үгүз (оғуз дариясы) бойындағы тұрғылықты түріктерді Орхон ескерткіштерінде Отуз-оғуз деп атаған.

Оғуз тайпалары мен тайпалық одақтарын араб-парсы деректерінде «guz/gyzz, guzzoq (guzoq)» деп белгілеген. Ал Кіндік Азиядағы (Моңғол үстірті, шығыс түркістан) оғуз тайпаларын «тоғузгузз / тоғузгуз» деп белгілеген (қараңыз. Бартольд т.VІІІ. 524). Түркілердің оғуз (oγuz) сөзін, парсылар мен арабтар өз тілдерінің дыбыстық заңдылығына сай осылайша «gyzz / guz», guzzoq / guzoq деп атаса, византиялықтар uz (уз) деп таңбалаған.

Байырғы Көк Түрік империясы (545-841 жж) құлағаннан кейін Орта Азияға мұсылман әлемінің ықпалы ерекше күшті болды. Араб әлемінің Орта Азияны экспансиялау барысы VІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап ерекше күш ала бастады. 50 мың араб үйелмені Орта Азияға қоныс аударды (Наджип Э.Н. 1989. с. 148). Мұсылман идеологиясын насихаттау қарқын алып, түркілердің дүниетанымы, ұстанымы 100 % өзгеріске ұшырады. Исламды қабылдаушылар салықтан азат етілді. Араб тілі билік тіліне айналды. Бұрынғы парсы, түрік тілдері отбасы ошақ қасының тілінің дәрежесіне құлдырады. Әдебиет, мәдениет сауда-саттық, жарлық, арыз-өтініштер араб тілінде жазылды. Әлемнің әртүрлі елінен келуші саудагерлер араб тілінде ғана қатынасты. Осылайша аз уақыттың ішінде жат жұрттық араб тілі билеуші тілге айналды (Наджип Э. Н. 1989. с. 149).

ІХ ғасырда Араб халифатының қуаты бәсеңдей бастаған кезде араб тілінің орнын парсы тілі иеленді. Сөйтіп, парсылар мен арабтарға солардың атап үйренген атауы бойынша guzoq (гузок / гозок),  gazok / газок, gozak (гозак), gazak (газак) деп айтылу қажеттілігі туындайды. Демек, тұрғылықты түріктер (оғуздар, қыпшақтар, қаңлылар, печенектер т.с.с.) түркі тілінің айтылымында «g», «γ» дыбысымен басталып айтылатын заңдылық болмағандықтан түркі тілінің дәстүрлі дыбысталуына салып «qazaq» боп айтылып қалыптасқан.

Амудария, Сырдарияның ежелгі түрғындары болған оғуздардың бір саласы печенегтерді оғуздар (гузздар) ығыстырып Балқан мүйісіне итеріп шығарды. Кейін осы жауынгер оғуздарды (гуздарды), қыпшақтар, және Кіндік Азиядан барған Тоғуз-оғуздың қарлұқтары тықсырып Кіші Азияға өткізіп жіберді. Міне осынау есеп-қисапсыз соғыс, шайқастың салдарынан ежелгі оғуздардың алдыңғы легі Қаратеңізге, Селжүк оғуздар Византияның Константинополына жетті. Бұлардың барған жерінде ерікті жасақтар, ата-бабасынан бермен қарай дәстүрге айналған оғуздық психология, оғуздардың оғузшылдық (қазақлық) әрекетімен өздерінің тайпа көсемдеріне, ұлыс хандарына, қожайындарына қарсы келіп, оппозиция болып өз ортасын тастап шығып отырған. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін өздерінің қарулы жасақтарын құрып далалық әрекетін барған жерінде қайталап отырған. Осы гуззшылық (оғузшылық-қазақшылдық) дағдының, әрекеттің нәтижесінде «қазақ» атауы өмірге келген. Осы атау кейін бүкіл бүтін бір ұлттың, мемлекеттің атауына ұласқан сияқты. Түркілердің өз қолдарымен жазып қалдырған, немесе өздері араласқан Рашид-аддин, Оғуз-наме, Әбулғазы шежірелерінде түркілердің арғы бабасы оғуздан шығаратынына тарихшылар көңіл бөлу керек сияқты.

Жоғарыда біз сөз етіп, арнайы тоқталған тарихи-түпнұсқа деректегі гуз, гузок, газок, госак, косок, казак, қазақ, атауының Кіндік Азиядан Қаратеңізге дейін таралу себебі осы тарихи оқиғаға тікелей байланысты.

Жалпы, «oγuz» (оғуз) этнониміне байланысты бұған дейін бірнеше ондаған мақалалар жарық көрді. Онда:

П.Пеллио (1930) oγuz > uγuz = уыз; Л. Легети (1949) oγuz (оғуз) > оғ (қ) «оқ» + уз – көптік шылау;

Д.Ж. Марков (1914) оқ (оқ) + уз (адам) = «мерген»;

А.Н. Бернштам (1946) «оғуз», «оғул» екеуі бір мағына береді;

Д. Синор (1935) «оғуз < окүз (өгіз)»; С.П. Толстов (1950) ежелгі массағаттардың «аугасси» тайпасының атауы. Мағынасы үкүз (өзен). Аугасси > оғуз;

В.В. Радлов (1893) «оқ» (ру),  Д. Банзаров (1890) оғ (оқ) – ру, тайпа; uz (з) – көптік жалғау деген ондаған ұсыныстар жасалған. Бұл көптік жалғау емес, сөз жасам жұрнағы. Осы ұсыныстарға академик А.Н. Кононов сараптама жасай келіп, «оғуз» - әлеуметтік «тайпа» деген атау деген қорытынды жасаған (1958, с. 83-84). Қазір әлем түркологтары осы тұжырымға табан тіреді.

Әйтсе де, есте жоқ ескі заманнан бері «оғуз» атанған қандай тайпа, тайпалық бірлестіктер (конфедерация) болды?

  1. Атақты ғалым, археолог, тарихшы С.П. Толстовтың анықтауы бойынша, ежелгі қола, темір дәуіріндегі массегаттардың «аугасси > оғуздары» тайпасы болған (1950. сэ. №4, с. 49-54).
  2. Қола, темір дәуіріндегі іч-оғуздар. «Геродот нұсқасында «skit» деген формамен белгіленген атауды орыс әдебиеттерінде «скиф» боп өзгеріп, бізге жеткен. Бұл этноним ассирия түпнұсқаларында «Ašγuz» (ж.с. дейінгі VІІ ғ.) деп белгіленген. Өйтсе, «skit ~ iskit ~ iškuz~ičγuz» болып тарихи өзгеріске түскен (Закиев М.З. 2011. с. 253-254). Іч –ғуз (ičγuz)  - ішкі оғуз.

Түпнұсқа деректері бойынша ж.с. бұрынғы Х-ІІІ ғғ-да Еуропаға жеткен түріктер - оғуздар екен.

  1. Қытай деректерінде оғуздардың арғы ата-бабаларын Дили, Чиди, Теле, Дилин, Гаочэлардан таратады. Бұлар жыл санаудан бұрынғы (ж.с.б) дәуірде Қытайдың солтүстігіндегі Хэбэй, Шэньсиден бастап Арал теңізіне дейінгі алып аймақта мекендеген халық. Қытай деректерінде Хань (ж.с.б. 206-ж.с. 220 жж), Тан (ж.с. 618-907 жж) дәуір аралығында Юаньхэ, гаочэ, чилэ, теле, уху, угэ деп аталған атаулар «оғуз» деген ұғым беретінін Чэн Чжумянь, М. Мори, Т. Ханэда, Э. Пулинбланк, Ж.Р. Гамилтон, К. Маккерс, А.Г. Малявкии, Б. Еженхан іспетті ғалымдар дәлелдеген (Сартқожаұлы Қ. 2014, -218-219 бет).
  2. Ж.с. VІ-Х ғғ. аралығында қытайдың Сүй, Тан дәуірінің деректерінде төмендегідей ақпарат сақталған. Онда:

Тоғыз – оғуз теле = цзю син тэлэ

Тоғыз – оғуз       = цзю син.

Тоғыз – оғуз түрік = цзю син туцзюг

Тоғыз – оғуз едіз = цзю син седе

Тоғыз – оғуз қырғыз = цзю син цзян кунь

Тоғыз – оғуз басмыл = цзю син ба-си-ми

Тоғыз – оғуз тоңры = цзю син тунло

Тоғыз – оғуз байырқу = цзю син баегу

Тоғыз – оғуз қарлұқ = цзю син гэлолу (Сартқожаұлы Қ. 2014, -220 бет).

 

  1. Байырғы түрік Орхон бітігінде: тоғыз – оғуз байырқу (керей), сегіз – оғуз байырқу (найман), үш – оғуз қарлұқ, отуз – оғуз (Сыр бойы оғуздары), шөлдік аз – оғуз кейінгі онгіттар, уақтар (Сартқожаұлы Қ. 2014, -221 бет).

Оғуз тайпалары: Чік, яғма, беріш елі, іділ (еділ), чігіл, абусы, таздар, айтаз т.с.с. Шығысы Хянган жотасынан батысы Еділ дариясына дейінгі, оңтүстігі Хан Тәңірінен Сібірдегі Лена дариясына дейінгі ұланқайыр аймақтағы тайпаларды «оғуз» деп атап тасқа басып қашап жазып қалдырған.

Аталмыш сөз еткен нақты деректер «оғуз» атауы ежелгі дәуірден бермен қарай тайпа атауы (этноним) болғанын дәлелдейді.

Тарихи нақты деректерді сүзе отырып, оны тарихи, этнографиялық, археолингвистикалық, фонетикалық және уақыт пен кеңістік аясында қоғам өміріндегі әр түрлі қилы оқиғаларға байланыстыра қарастырдық. «Қазақ» атауының қайнары «оғуз» (тайпа) деген әлеуметтік атаудан басталып, қоғам дамуының бір кезеңінде айтылымы өзгеріп, билікке қарсы келуші топтың – оппозицияның атауына айналып, ақыр соңында бүкіл бүтін қазақ халқының атауы болып қалыптасқан деген тұжырым жасауға алып келді.

Бұл біздің ізденісіміздің нәтижесінде жасаған қорытындымыз. Оқырман қауым, маман зерттеушілер бұл ұсынысқа сын көзбен қарап, өз тұжырымын айтар-ау деген сенімдеміз.

                                                                                                               

Қаржаубай Сартқожаұлы

филология ғылымдарының докторы,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1054
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 938
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 694
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 792