Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4628 0 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 11:50

ШҚО-ДА АБАЙДЫҢ 170 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ БАСТАЛДЫ

Шығыс Қазақстанда Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы салтанатты түрде басталды. Қазақтың бас ақынының тойы Семей қаласы мен ақынның туған жері Абай ауданында кеңінен аталып өтбек. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Ұлы ақынның тойы кеше,  5 тамызда Семей қаласында сағат 18.00-де музыкалық кешпен ашылды. Шараларға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар, ғалымдар, түркологтар, аудармашылар қатысуда.

Бүгін, 6 тамызда ақынның өмірі мен шығармашылығының беймәлім қырлары баяндалатын «Абайдың ұлы жұмбағы» атты деректі фильмі ұсынылады. Ұлы ойшыл туралы рухани-ағартушылық бағыттағы интернет-энциклопедия Президенттің бастамасы бойынша Елбасыға берілген «Жібек жолы» әлемдік сыйлығының қаржысына түсірілді. Аталған фильмді шығыс өңірінің тумасы, мемлекеттік «Дарын» және «Серпер» сыйлықтарының лауреаты Ақберен Елгезек «Tengri Films» кинокомпаниясымен бірге түсірді. Тапсырыс беруші - мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Сонымен бірге Қазақстан қоғамын ұлы ойшыл мұраларымен таныстыру мақсатында «Абай және әлем өркениеті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция сағат 10.00-де Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде өтеді. Бұл жиынға алыс және жақын шет елдерден, Қазақстаннан белгілі әдебиеттанушылар, тіл мамандары, Абай шығармаларын аударушылар, мәдениеттанушылар, тарихшылар, педагогтар қатыспақ.

Сағат 14.30-да Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» салтанатты шарасы өтіп, Абай туындылары бойынша театрландырылған қойылым, концерт ұсынылады.

7 тамызда ақын мерейтойы Абай ауданында жалпыхалықтық мерекелеуге ұласады. Меймандар «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені, ақынның музей-үйі, «Еңлік-Кебек» мазарында болып, аудандағы этноауылды тамашалайды. Бұл күні сағат 10.30-да Қарауыл ауылында Мамай батыр ескерткішінің ашылуы, 10.45-те «Қазақ күресінен» ел чемпионаты, 11.00-де «Абай тойы - халық тойы» мерекелік іс-шарасы, 12.00-де «Жорға» жарысы өтпек. 

Ал сағат 15.00-де аудандық Мәдениет үйінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты ақындар айтысы өтеді. Оған Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева сынды еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатыспақ. Ал 16.00-де Қарауылтөбеде аламан бәйге ұйымдастырылса, 17.00-де «Абай тойының бас палуаны» атты күрес өтпек.

 

Абай-ақпарат

0 пікір