Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Қоғам 12325 0 пікір 7 Тамыз, 2015 сағат 11:10

БІЛІМ БӘЙГЕСІ: «СЕРПІН» ЖӘНЕ САНДАР СӨЙЛЕЙДІ


Жаздың соңғы айы күнтізбені аттаған 2015 жылдың 1 тамызы күнгі жұмыс соңына қарай талапкерлер тарапынан мемлекеттік білім грантына өтініш жазу кезеңі аяқталды. Осылайша мемлекет есебінен тегін оқу мүмкіндігін пайдалануға арналған аламан бәйгенің алғашқы белесі мәре сызығына жетті. Бұл кезеңде талапкерлер қалаған жоғары оқу орындары мен білім игеретін мамандықтарын таңдаған болатын. Әр үміткерге ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде таңдаған 4-пәнінің бағытына қарай республиканың кез келген жоғары оқу орнының 4 мамандығына  «айдар тағу» мүмкіндігі берілді. Бәйге нәтижесі, Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, 7 тамыздан кейін  белгілі бола бастайды. Әзірге, «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген алаң көңілді сабырлыққа шақырып, өткен жолды ой «дүрбісімен» шолып шығуға мүмкіншілік бар...

Биылғы білім бәйгесіне «жүлде» ретінде  салынған 32000-нан астам грантты үміткерлер арасында бөлудің өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік «Серпін-2050» әлеуметтік жобасына бөлінген 5000 грантқа байланысты туындады.  Өйткені аталған білім гранттарына тек оңтүстік пен батыстағы  бес облыстың, атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінің талапкерлері ғана үміткер. Жобаның басты мақсаты –  республика көлемінде орын алып отырған демографиялық ауытқуды және еңбек ресурстарын тиімді реттеуді жолға қою. Басқаша айтсақ, демографиялық өсімі жоғары оңтүстік пен кейбір батыс аймақтың жастары үшін еліміздің шығыс, солтүстік және батыс (Атырау, Ақтөбе, Орал) өңірлерінде мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндігі айқара ашылып отыр.

Әдетте, демографиялық өсімнің әлеуеті баланың туу және еңбек жасына жарамды жастардың саны сияқты индикаторлармен өлшенеді, бағамдалады. Осы орайда, оқырмандар назарына еліміздегі 14 облыстың мектеп бітірушілерінің, яғни кәмелетке толған, еліміздің экономикасының артуына нақты үлес қоса алатын жастардың жалпы санын көлденең тартқымыз келеді. Мәлімет  Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының сайтынан алынды.

2015 жылғы  ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілердің арасында ең көбі Оңтүстік Қазақстан облысынан - 18652 оқушы, ең азы Солтүстік Қазақстан облысынан - 2410 оқушы. Байқап отырғанымыздай, айырмашылық – жер мен көктей, жеті есе. Ал жалпы, бұл көрсеткіштерден оңтүстік өңірде демография жоғары екенін, ал керісінше ол солтүстік пен кейбір батыс облыстарда төмен жағдайда екенін айқын аңғаруға болады. Осы орайда, Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында былтырдан бері жүргізіліп жатқан «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы дер кезінде қолға алынған үлкен мемлекеттік маңызы бар бағдарлама екеніне анық көз жеткізе аламыз. 

            Ендігі кезекте оңтүстік өңірлерден ЖОО-ның гранттары байқауына қатысуға мүмкіндік беретін 50 баллдан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген оқушылар саны мен олардың арасынан «Серпін-2050» жобасына қанша өтініш түскеніне көңіл бөлейік. Аталған аймақтардан, ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша, ҰБТ-да 50 баллдан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген оқушылар саны (колледждерді бітірушілер саны есепке алынбаған) мынадай: ОҚО – 15744, Жамбыл облысы – 5498, Қызылорда облысы – 4122.

Ал сол «мүмкіндігі бар» талапкерлердің қаншасы «Серпін-2050» жобасына қатысқан? «Ә» дегеннен оқырманға ескерте кетейік, бұл ретте тілге тиек етілетін сандар - интернет көздерінен алынған мәліметтер. Сонымен, интернеттегі ақпараттар бойынша, талапкерлер тарапынан жобаға Жамбыл облысынан - 2380, ОҚО-дан - 6000 астам, Қызылорда облысынан - 3000 жуық өтініштер түскен (өкінішке қарай, өзге екі облысқа-Алматы мен Маңғыстауға қатысты қолымызда мәлімет жоқ).

 «Серпінге» үміткерлер қай өңір мен қандай ЖОО-ларды таңдады? Жалпы, оқырмандардың есіне салып кетейік, «Серпін» жобасында оңтүстіктегі, жоғарыда аталған, бес облыс - жіберуші, шығыс, солтүстік және батыс өңірдегі 8 облыстың 19 жоғары оқу орны - қабылдаушы жақ. Оларға 150 мен 450 аралығында білім гранттары бөлінген. Шағын сараптамамызда жобаға қатысушы ЖОО-ны түгел талдап шығу мүмкіндігі болмайтындықтан,  үміткер талапкерлердің өтініштері бойынша алғашқы «алтылықта» тұрған оқу орындарын ғана тілке тиек етеміз.

«Серпін-2050» жобасы шеңберінде бөлінген гранттарға ең көп өтініш берілген (1000-нан жоғары)  алты ЖОО қатарына мына оқу орындары кіреді (Ескерту: сараптама  2015 ж. 28 шілдесіндегі ақпарат негізінде жасалғандықтан 100% нақты, дәлме-дәл ақпарат деп қарауға болмайды):

  1. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті (КөкМУ);
  2. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (ҚарМУ);
  3. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты (ПМПИ);
  4. А.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университеті (АқтМУ);
  5. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті (ҚосМУ);
  6. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (БҚМУ).

Сараптама салмақты шығу үшін сандарды сөйлетейік. Ол үшін оқырманды мына «Алғашқы алтылық »диаграммасына көз салуға шақырамыз:

            Бұл бағандарға «жан бітіретін» болсақ, ол мынадай көрініс табады: Көкшетау университетіне 395 грант бөлінсе, өтініштер саны – 2536; Қарағанды мемлекеттік университетіне - 220 грант, өтініштер саны - 2030; Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының грант саны – 175, берілген өтініштер – 1351; Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінде – 135 грант, түскен өтініштер - 1303; Қостанай мемлекеттік универсиетіне бөлінген гранттар – 450, қабылданған өтініштер – 1191; М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде – 190 грант, тіркелген өтініштер саны – 1122. Бұл тұста бір талапкердің 4 түрлі мамандыққа өтініш бере алатындығын тағы да еске салғымыз келеді.

«Серпіндіктер» қалауына көп ілінген аталған «алтылықтың» ішінде төрт ЖОО - Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан университеттері оңтүстік жастары мен ата-аналары үшін жол жеңілдігінің оңайлығына байланысты қаланған, таңдалған сынды. Себебі ол оқу орындары теміржол бойындағы қалаларда орын тепкен. Айталық, Ақтөбе мен Орал қалалары Алматы–Мәскеу бағытындағы, ал Қарағанды, Көкшетау оңтүстіктен Астана бағытына қарай жүретін магистралды теміржолдың бойында орналасқан.  Бұл – бір.

Екіншіден, жол қашықтығы мен ауыс-түйіс боп баратын қиыншылық тағы бар. Демек, талапкерлер үшін транспорттық қарым-қатынас мүмкіншілігінің молдығы, ыңғайлылығы маңызды. Осы тұста  кең байтақ Қазақстанның ішкі аймақтарын өзара әуе, теміржол, көлік жолдары арқылы байланыстыруды көздейтін Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасының қаншалықты маңызды екені ойға оралады. Иншалла, бағдарлама жүзеге асса, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінің арасы транспорттық жолдар арқылы «жақындай» түседі деп үміттенуге әбден болады. 

Аталған «алтылықтың» ішінен оңтүстіктен тура келетін теміржол маршруты болмаса да, «серпіндіктердің» назарын өзіне бұрған екі ЖОО-ны ерекше атап өтуге болады. Олар – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты.

Қостанай мемлекеттік университеті оңтүстік талапкерлер тарапынан жол қашықтығы мен қиыншылығына қатысты туындайтын күдік пен уайым кедергісіне қарамастан, «Серпін-2050» жобасына алғаш рет қатысып отырса да, біраз үміткерлердің назарын ауылшаруашылығы және оны өңдеу, ветеринария, инженерлік-техникалық мамандықтарға аудара білді. «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде елімізде жүргізіліп жатқан инновациялық индустриялизациялау бағдарламасына мамандар даярлайтын 10 арқаулы жоғары оқу орындарының қатарына қосылып, өңірлік инновациялық өндіріс орындарына мамандар дайындауға белсене кірісіп отырған аталмыш білім ордасы үшін бұл – айтарлықтай табыс. 

Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты - «Серпінге» екінші жыл қатысып отырған үлгілі оқу орындарының бірі. Институт жобаға қатысушы ЖОО-лар арасында «Серпінге» жастарды тарту ісінде ең жоғары көрсеткішке ие. Биылғы бәйгеде оқу орнының «Серпін» жобасындағы бір білім грантына талапкерлердің 6 өтініші «таласады». «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» дегендей, ПМПИ ректоры Н.Аршабеков маусым айында «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Үйлестіру кеңесінің төрағасы М.Әбенов бастаған үгіт-насихат науқаны кезінде оңтүстік өңірді өзі аралап, оқу орнында атқарылып жатқан игі істерді жұртшылықтың назарына жеткізу үшін едәуір материалдық  күш те жұмсап,  БАҚ құралдары, жүздесу, кездесу форматтары арқылы насихаттық жұмыстарды да сәтті жүргізе білді. Оған осы мақаланың авторы - куә.

Дәл осындай игі көріністі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры А.Әлжаппаровқа да қатысты айтуға болады. Ректорлардың өздері бас болып мемлекеттік маңызы бар шаруаға қатысты жүргізген жұмыстары аталған оқу орындарына жоба шеңберінде ең үздік нәтижелерге қол жеткізуге игі септігін тигізді деп санауға әбден болады.

Сөз соңында айтарымыз: «Серпін-2050» жобасына қатысушы оңтүстік талапкерлері үшін «бап пен бақ» қатар шабатын сәтті кезең туып тұрған секілді. «Бақты» тәуелсіз еліміздің іргесі берік, болашағы баянды, тірлігі тындырымды болуын көздейтін жоба мақсаты туындатса, «бапты» үміткердің ҰБТ-да жинаған ұпайы айқындайды. Гранттан дәме еткен серпіндік жастардың үкілі үміттері білім бәйгесінен озып келуіне тілектеспіз!

 

Алмасбек Әбсадықов,

А.Байтұрсынов атындағы

Қостанай мемлекеттік университетінің

оқу және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1949
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2209
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1821
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1543