Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Даңғыл 4824 0 пікір 8 Тамыз, 2015 сағат 02:00

"БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ - 2020". АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТУДЕ

Мемлекеттiк бағдарламалар ауыл кәсiпкерлерiнiң де тынысын кеңейтуде. Соның арқасында шалғай елдi мекендерде түрлi жобалар жүзеге асып, көптеген адамдар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Ауылда жүзеге асқан жобалардың бiрi – Түлкiбас ауданынан ашылған «Түлкiбас нан» ЖШС-нiң заманауи нан зауыты (ОҚО). Кәсiпорын бүгiнде 7-8 мың дана нан өнiмдерiн шығаруда. Ал, жоба бойынша оның қуаты күнiне 7,5 тонна ұн өңдеп, 10 мың дана нан өнiмдерiн шығаруға жетедi.

Нан зауыты биыл наурыз айында iске қосылған. Құрал-жабдықтар Түркиядан әкелiнген. Бизнес-жобаның құны – 146 млн. теңге. Оның 59,3 млн. теңгесiн кәсiпкер «Қазақстан Халық Банкiнен» несиеге алған.

Айта кетелiк, «Қазақстан Халық Банкi» мемлекеттiк бағдарламалар аясында шағын және орта бизнес секторын белсендi қаржыландырып келедi. Кәсiпкерлер үшiн ақпараттың қолжетiмдiлiгiн ұлғайту және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды дамыту үшiн бiрқатар iс-шаралар кешенi қолға алынған. Бұл орайда ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен «Қазақстан Халық Банкi» арасында меморандум да бар. Екi тарап оған 2014 жылдың 25 маусымында қол қойған. Осының негiзiнде банк бизнестi қаржыландырып қана қоймай, кәсiпкерлерге кешендiк кеңес берумен де айналысады. Кәсiпкер бизнестiң ерекшелiгiн есепке ала отырып, болжамды қаржыландыруды дұрыс құрылымдау, кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысанын есепке алу мен салық салу мәселелерi, мемлекеттiк бағдарламалардың талаптары туралы тек Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтарынан ғана емес, «Қазақстан Халық Банкiне» келiп те мағлұмат ала алады. Бұл арада кәсiпкердiң мүмкiндiктерi мен мүдделерi ескерiле отырып, аса оңтайлы шарттар ұсынылады.

Бүгiнде «Қазақстан Халық банкi» «Бизнестiң жол картасы –2020», «Өңдеу өнеркәсiбi саласында жұмыс iстейтiн шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiнi қолдау» мемлекеттiк бағдарламалары мен «Даму» кәсiпкерлiктi қолдау қоры iске асыратын өзге де бағдарламаларды жеңiлдетiлген несие беру арқылы қаржыландырып отыр.

Түлкiбастағы нан зауыты «Даму-Өндiрiс» өңдеушi өнеркәсiп саласындағы жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қолдау бағдарламасы бойынша қаржыландырылған. «Қазақстан Халық Банкi» АҚ – осы бағдарламаға қатысушы әрiптес банктердiң бiрi. «Түлкiбас нан» ЖШС-ға 6 пайыздық өсiммен жеңiлдетiлген несие зауытқа қажеттi құрал-жабдықтар алу үшiн берiлген.

– Несие алу барысында бiзге «Қазақстан Халық Банкiнiң» де, «Даму» қорының да мамандары көп көмектестi. Өзiмiзде дайын бизнес-жоба болған, олар кем-кетiгiн түзеп, толықтырып, кеңестерiн аяған жоқ, – дейдi нан зауыттың директоры Уәлихан Өтемiсов.

Түлкiбас – өндiрiстi аудан. Кейiпкер, кәсiпкерiмiз тамақ өндiрiсiн таңдаған. Бизнеске ақша саларда нарықты терең зерттеп, талдау жасапты. Сонда аудан халқын нан және нан өнiмдерiмен көршiлес Сайрам ауданы мен Жамбыл облысы қамтамасыз етiп отырғанын анықтаған. Қалтасында заңгер және экономист деген қос дипломы бар Уәлихан Құрбантайұлы тамақ өнеркәсiбi саласындағы бизнеске осылай келiптi. Арнайы дипломы, тәжiрибесi бар технологтармен араласа жүрiп, өзi де нан пiсiрудiң қыр-сырын меңгерiп келедi.

– Сырт жаққа шыға қалсам мiндеттi түрде нанның түр-түрiн сатып алу әдетке айналды. Жұмысқа әкелiп бәрiмiз дәмiн татып көрiп, ерекшелiктерiн талқылаймыз. Пiшiнiне көңiл бөлемiз, – дейдi кәсiпкер.

Бүгiнге дейiн түсiнгенi, дәмдi әрi сапалы нан жабу үшiн жағымды аура керек. Нанның қамыры айналасындағы айқай-шуды көтермейдi. Әйтпесе, нан дұрыс көтерiлмейдi.

Қазiрше «Түлкiбас наны» туралы елдiң пiкiрi жоғары. Олардың бөлкесi формасымен ерекшеленедi. Өзге нан зауыттардың бөлкесiнiң шетi доғалдау болып келсе, бұларда бұрыштары тiп-тiк. Ендi олар өнiм түрлерiн көбейтпек.

– Зауыттың ашылғанына үш ай болды, нанның өтiмi жақсы. Қазiрше жетi-сегiз түрлi нан өнiмiн шығарамыз. Күнде кешке қызметкерлерiмiз аудандағы аурухана, балалар бақшасы, демалыс орындары, дүкендер мен жеке нан сатушылардан тапсырыс алып, жұмыс жоспарын соған сәйкес әзiрлеймiз. Бастысы, бiз сапаға, зауыттың абыройы үшiн жұмыс iстеймiз. Қолымызға сертификат алған соң стандарттан ауытқымауымыз керек, – дейдi ол.

Бүгiнде аталмыш зауыт ауданның 42 азаматын жұмыспен қамтып отыр. Олардың жалақысы уақтылы төленуде.

Алдағы уақытта зауыт аудандағы барлық 23 елдi мекеннен арнайы дүкендер ашуды көздеп отыр. Аудан әкiмдiгi тарапынан дүкен салуға қажеттi жер телiмдерi бөлiнген.

Уәлихан Өтемiсов мемлекет тарапынан кәсiпкерлерге жасалып жатқан қолдауларға дән риза. «Қазақстаннан басқа бiрде-бiр мемлекетте кәсiпкерлiктi дамытуға осыншалықты көңiл бөлiнбеген шығар. Бизнес-идеямыздың жүзеге асуына қолдау бiлдiрiп, кәсiп бастауға мүмкiндiк берген «Даму» қоры мен «Қазақстан Халық Банкiне» алғысымыз шексiз»,– дейдi «Түлкiбас нан» ЖШС-нiң директоры.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2013
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586