Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Қоғам 18341 0 пікір 20 Тамыз, 2015 сағат 09:51

АЛТЫН ОРДА – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ БАБАСЫ

Халқымның қиын да ерлікке толы тарихын суреттеу міндеті өмірімнің мәніне айналды. Елімнің өткенін әңгімелеу өмірімнің басты мақсаты болды. Мемлекеттік және ұлттық тұтастықтың өміршеңдігі мен оны сақтап қалу үшін болған күрес туралы шынайы тарихты көрсету. «Көшпенділерде» және «Алтын Орда» трилогиясында мен осы туралы айтқым келді. 

Ілияс Есенберлин.

 

Қазақстанның тарих ғылымы туралы сөз қозғағанда, советтік кезеңінен бастап Қазақстанда Ұлттық тарих тұжырымдамасы пайда болғанын атап өту керек. Онда «Ақ Орда» (Орда Ежен ұлысы) «Қазақ хандығының» түп бейнесі (прототипі) деп тезис түрінде қарастырылды, сонымен қатар, Алтын Орда туыстас, алайда шетелдік мемлекет деп саналды. Бұл дәстүрдің қалай пайда болғанын түсіну үшін, алдымен мәселенің тарихнамасын, деректердегі мәліметтерді және бұл дәстүр пайда болған әлеуметтік-саяси жағдайларды қарастыру қажет.

Шоқан Уәлихановтың сөздері және оның шығармаларының редакторлары тарапынан білдірілген пікірлер аса көрнекі эпизод болып табылады. Мәселен, Шоқан Уәлиханов: «Қырғыздар (Ресей әкімшілігінің революцияға дейінгі кезеңде қазақтарға қарата қолданған экзоэтнонимі – Ж.С.) дәстүрлері бойынша өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» [12, 163]. Шоқан  Уәлихановтың дүниеден озғанынан бір ғасырдан аса уақыт өткен соң пікір білдірушілер: «Өздерін Алтын Орданың ұрпағы деп қазақтар емес, тек Шыңғыс ұрпақтарының әлеуметтік тобы ғана санайды»[12, 369], - деп жазады. Осыған қарағанда, бұл жөнінен кеңестік кезеңіндегі пікір білдірушілер (1980-ші жылдардағы) ХІХ ғасырдағы қазақтардың замандасынан да жақсы хабардар болса керек. Оған қоса, ары қарай Алтын Орданы суреттей келе, пікір білдірушілер: «Алтын Ордаға қыпшақ далалары, яғни Жетісуды қоспағандағы  Қазақстанның бүкіл аумағы кірді», - деп жазады [12, 398].Егер де істің мәні осындай сипатта болса, қазақтардың ата-бабасы «алтынордалық татарлардың» ұрпақтары болып саналмаса, олар қай жерді мекен етті деген сұрақ түсініксіз болып қала береді.  Алайда, көптеген түпдеректер мен қазақ ауыз әдебиетінде қазақтардың Алтын Орда сынды мемлекеттің мұрагері болғанын дәлелдейтін айғақтар жетерлік. Мәселен, ХҮІ ғасыр басындағы автор Ибн Рузбихани: «тарих сахнасында Шыңғысхан пайда болғаннан бұрынғы кезеңде, қазақ әскерлерін, татар әскерлері деп атаған, ол туралы арабтар мен парсылар атап көрсетеді», - деп жазады [72, 35].Алайда, Қазақстандық ресми тарихи тарихнамада Алтын Орда «қазақтардың ата-бабаларының (бұл жерде қыпшақтар туралы айтып тұр) жерлерін жаулап алған» бөтен шетелдік мемлекет ретінде қарастырылады. Қазақстанның ресми тарихына саясаттың ықпал етуінің кейбір аспектілері Альфрид Бустановтың диссертациясында сипатталады[78].

Ортағасырлық Қазақстан тарихының алғашқы кеңестік парадигмасын құруға Б. Греков пен А. Якубовскийдің [17], 1937 жылы жарық көрген ғылыми монографиясы негіз болды. Осы еңбекте, ортағасырлық айғақтылығы әлсіз Нантанзи атты деректің негізінде, төмендегідей тезистер айтылды:

1. «Алтын Орда Жошы Ұлысы және Көк Ордамен біртекті» [17, 43-44];

2. Қырым, Қазан (Б. Грековтің айтуы бойынша, бұл Бұлғар хандығы да) және Астрахан хандықтары Алтын Орданың мұрагерлері болып табылады [17, 192].Борис Дмитриевич Греков осыған дейін КСРО Ғылым академиясының Академигі атанды және кейіннен Сталиндік сыйлықтың иегері болды. Бір мезетте оның сөздері Қазақстан тарихнамасына шығарылған үкім болды: Қазақ хандығы «Алтын Орда мұрагерлері» құрамынан ресми түрде шығарылды. 1937 жылдардағы репрессиялар тарихшыларды үрейде ұстады. Санжар Асфендияровтың 1937 жылы атылып кетуі тарихшылар жадында жаңғырып тұр еді. «1937 жылы 29-қыркүйекте «Казахстанская правда» газеті Марксизм-ленинизм Қазақ институты студенттерінің «Тарихшы рөліндегі жапон шпионы» атты хатын жариялады. Онда Санжар Асфендияров «миссионер Алтынсарин мен патша жендеті Уәлихановты әспеттеп, қазақ халқының тарихын хандарды ұлықтаумен алмастырды»,- деп айыпталды[45].

Кейін, Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлиханов қазақстандық тарих ғылымының жағымды кейіпкерлеріне айналды, алайда 1937 жылдың сабағы жақсы сақталып қалған еді. Ұлттық тарихты ұлықтаудың кез келген әрекеті ату жазасымен аяқталуы мүмкін еді. Бұл ретте Ермахан Бекмахановтың қудалануын, сондай-ақ Қ.И. Сәтбаевтың Едіге эпосын зерттегені үшін қудаланып, 1951 жылы Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Ж. Шаяхметовке және ЖКП(б) ОК хатшысы М.А. Сусловқа хат жазу арқылы республикалық және бүкіл кеңестік билік алдында ақталуға мәжбүр болғанын еске алуға болады [22, 132-150].

Татарстанда осы эпосты жариялағаны үшін Н. Исанбеттің де қудаланғаны назар аударарлық жағдай [33, 199]. Кеңестік кезеңде Татарстанда Алтын Орда тарихын зерттеу мен насихаттауға тырысқан ғалымдар мен зиялы қауымның қалай қуғындалғаны жайында Д.М. Исхаков жақсы суреттейді [33, 194-205]. Мұхтар Әуезовтың немере қарындасы, Кеңестік кезеңде Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев екеуінің жұбайлары орыс ұлтынан болғандықтан ғана қуғындаудан аман қалғандарын айтады [3, 217]. И.В. Ерофееваның пікірінше кеңестік ресми тарих талғамының жиі өзгеріп тұруы салдарынан қазақстандық тарихшылардың көбі «өздерінің тарихи көзқарастарын» түпкілікті өзгертті, не болмаса қауіпті тақырыптарды ғылыми сараптаудан саналы түрде аулақ болды [47, 138-139]. Осындай қауіпті тақырыптардың бірі – Алтын Орда болды.

 

1943 жылы «Қазақ КСР көне заманнан бүгінге дейінгі» тарихы жарық көрді[28]. Осы кітаптың «Моңғол шапқыншылығы және Алтын Орда кезеңіндегі Қазақстан» атты тарауында алғаш рет Ақ Орда Қазақ хандығының негізін қалаушы деген тезис айтылды: «Алтын Орда құрамынан бөлініп шыққан иеліктердің қатарында Ақ Орда болашақ Қазақ хандығының тарихымен неғұрлым тығыз байланысты болды. Ақ Орданың астанасы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласы болды. XIV ғасырдың басында Тоқты хан қайтыс болғаннан кейін, Ақ Орданың жеке хандық ретінде бөлінуі орын алды. Ақ Орданың алғашқы ханы Сасы-Бұқа мемлекетті әлі де Алтын Орда хандарының вассалы ретінде биледі [28, 132]. Бұл жерде біз  Қазақ КСР тарихы авторларының екі жыл бұрын, 1941 жылы жарияланған Материалдар жинағының екінші томындағы Натанзидің мәліметтерін сындарлы көзқараспен сараламай, қайта әңгімелеп беріп жатқанын анық байқаймыз. Кейінірек, сындарлы көзқараспен сараланбаған Натанзи мәліметтерінің осы нұсқасы Қазақ КСР тарихының 1949 және 1957 жылдары өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта басылып шыққан ресми нұсқасында бекітіліп кетті. Осы тұста, 1937 жылы Б. Греков пен А. Якубовскийдің Ақ Орданы Орда Еженнің ұлысы деп көрсеткен нұсқасы үстемдік еткенін атап өткен жөн. Алайда, 1960-жылдардың басында М.Г Сафаргалиев пен А.Г Федоров-Давыдов еңбектерінен кейін кеңестік тарихнамада Орда Еженнің ұлысы – бұл Көк Орда деген пікір басым бола бастады. Бұл пікір 1980-жылдары В.ПЮдиннің Өтеміс-қажы деректерін ғылыми айналымға енгізгеннен кейін қосымша дәйектемеге ие болды. Демек, кеңестік тарихнамада Ақ Орда мен Көк Орданың орналасу парадигмасы өзгерді, алайда Қазақстан үшін бұл өзгеріс елеусіз болып қалды.

1969 жылы Г.Ф. Дахшлейгер: «Ақ Орда өзінің құрамы жағынан, көбіне қазақтікі болды, бірақ халықтың атауы кейін анықталып, деректерге енді»,-деп жазады [19, 99]. Ақ Орда жайындағы тезис кейіннен 1970- жылдардың аяғы – 1980-жылдардың басында жарық көрген «Қазақстан тарихының» 5-томдық басылымында көрініс тапты. «Іс жүзінде XIII ғасырдың ортасынан бастап Орда-Еженнің ұлысы дербес мемлекетке айналып, шығыс деректерінде Ақ Орда деген атқа ие болды» [29, 129].  1990-жылдары жаңадан жарық көрген Қазақстан тарихының бес томдығында: «Алтын Ордада негізінен Батый ханның ұрпақтары, ал Ақ Ордада Орда Еженнің ұрпақтары билік етті» [30, 104], - деп жазылған болатын. 2013 жылы жарық көрген өз монографиясында Қ.З. Өскенбай: «Ақ-Орда – бұл Орда-Ежен және оның ұрпақтарының ұлысы. Көк-орда – бұл Шибан және оның ұрпақтарының ұлысы»,-деп жазады [70, 113].

Осылайша, «қазақтар Ақ Орданың мұрагерлері» деген тезис өзінің өмір сүруін тоқтатқан емес және де 2015-2016 жылдары шығарылуы жоспарланған Қазақстан тарихының он томдығында көрініс табуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, бұл орайда Алтын Орда (ескі кеңестік парадигма аясында) туысқан болғанымен де,  біздің мемлекет ретінде қарастырылмайды. Осы тұста терминдердің пайда болуының әртүрлі тарихын атап өту керек. Ақ Орда түпдеректерден алынған термин болса, ал, Алтын Орда тарихнамалық термин болып табылады. Бұл ретте, зерттеушілердің көбі Алтын Орданы Жошы ұлысының синонимі ретінде қарастырады, яғни тарихшылардың көбі Ақ Орда Алтын Ордамен тең қарсылас немесе вассалдық иелік емес, ол Алтын Орданың бір бөлігі болып табылады деген пікірде.

1. Түпдеректердегі Ақ Орда мен Көк Орда жайындағы барлық мәліметтерді бір кестеге жүйелеуге болады:

 

                Боз Орда (Йүз Орда)     Ақ Орда               Көк Орда

Муизз ал-Ансаб              Белгісіз                Белгісіз                Орда Ежен мен оның ұрпақтарының иеліктері

Орыс жылнамалары     Белгісіз                Белгісіз                Жошы ұлысындағы Шығыс иеліктер

Натанзи               Белгісіз                Жошы ұлысының шығысындағы Орда Еженнің ұрпағы алтынордалық түменбасы Ноғайдың балаларының иелігі       Жошы ұлысының батысындағы Тоқты (Батудың ұрпағы) ұрпақтарының иеліктері 

Шыңғыснама    Шибан иеліктері             Бату иеліктері Орда Ежен иеліктері

Абылғазы           белгісіз Шибан иеліктері Ақ Ордада орналасты              Жошы ханның резиденциясы Көк Ордада болды

Бахрәл-Асрар  Ақ Орда, Йүз Орда деп те белгілі           Шибан иеліктері Ақ Ордада орналасты, ол Йүз Орда деп те белгілі            Белгісіз

Хұсраумен Шырын        Белгісіз                Өзбек ханның ұлы, Тыныбектің иеліктері         Белгісіз[59, 65]

Қадырғали Жалайри    Белгісіз                Борис Годуновтың тағы [67, 31]              Белгісіз

 

Ақ Орда жайындағы Қадырғали Жалайридің шығармасындағы мәліметтер де қызықты. В.В. Трепавлов бұл жерде алтынордалық Ақ Орда мен Борис Годуновтың Ақ Ордасы арасында ешқандай байланыс жоқ деп есептейді [67, 31]. Ал, П.И. Рычков болса,  олардың арасында байланыс бар деп санайды[67, 209]. С.Антоненко «Ақ Патша» титулы да осы Ақ Орда атауынан туындаған деп пайымдайды [5].

Жоғарыда көрсетілген кестеден байқайтынымыз, бірде бір түпдеректе Орда Еженнің ұлысы (бұрынғы кеңестік тарихнамада айтылып келгендей) Ақ Орда деп аталмаған. Бұған дейінгі кездерде де  сілтеме жасалып жүрген Натанзи, Ақ Орда ОрдаЕженнің немересі Алтын Орданың түмені Ноғайдың ұрпақтарына тиесілі деп тұжырымдайды. Бұл тұжырымдамада күрделі екі ғылыми қате бар (Ноғай Орда Еженнің ұрпағы емес, ал оның ұлдары ешқашан Сығанақта билік құрмаған). Керісінше, екі дерек те тікелей және екі дерек жанама түрде Орда Ежен ұлысын Көк Орда деп атайды.

Төменде, Орда Ежен ұлысының қалай аталғаны жөнінде бірнеше автордың (1980-жылдардан бері осы тақырып төңірегінде сөз қозғаған авторлар) пікірлерін келтірген жөн.

Бұл жерде аталған тезистің ғылыми және саяси құрамдас бөлігін анықтап көрсетуге болады:

1. В.В.Трепавлов: «Қазіргі заманғы қазақстандық тарихшылар Жошы ұлысының сол қанатын Ақ Орда деп атап, Алтын Орда атауын Жайықтың Батысына қарайғы аумаққа ығыстырғанды қалайды. Ресей тарихнамасында Алтын Орда және Жошы ұлысы түсініктерін толық синоним ретінде қолдану сақталып келеді» [69, 7]. Бұл Қазақстанның тарихнамалық дәстүрінен туындаған қарама-қайшылық. Төменде, Орда Ежен ұлысының қалай аталғаны жөнінде бірнеше автордың (1980-жылдардан бері осы тақырып төңірегінде сөз қозғаған авторлар) пікірлерін келтірген жөн:

 

Көк-Орда – Орда Еженнің ұлысы           Ақ-Орда – Орда Еженнің ұлысы

Почекаев Р.Ю. [56, 189]               Өскенбай Қ.З. [70, 113]

Мингулов Н.Н., Пищулина К.А. [30, 114]             Мингулов Н.Н. [50, 85-86]

Варваровский Ю.Е. [13, 26]        Қинаятұлы З. [43, 180]

Сұлтанов Т.И. [35, 195]

Трепавлов В.В. [68, 91]

Костюков В.П. [39, 200]               

Вашари И. [14, 107]       

Көшкімбаев А.К. [41, 125]          

Исхаков Д.М., Измайлов И.Л.  [32, 88]

Қадырбаев А.Ш. [34]   

Маслюженко Д.Н. [48, 54]        

Егоров В.Л. [20, 160]     

Юдин В.П. [71, 28]         

Исин А.И. [25, 42-43]    

Мәжитов Н.А. Сұлтанова А.Н. [46, 362]              

Юсупов Ю.М. [74, 32]  

Файзрахманов Г. [73, 117]         

Алексеев А.К. [2, 57-61]             

Гарустович Г.Н. [16, 171-172]    

Иванов В.А. Злыгостев В.А. Антонов И.В. [24, 184]       

Селезнев Ю.В. [63, 145]              

Елагин В.С. [21, 78]        

Гаев А.Г. [15, 27]             

Григорьев А.П. [18, 141]             

Буляков И.И. [11, 35]   

Порсин А.А. [55, 45]      

Мыськов Е.П. [51, 47]   

 

Бұл кестеде көрсетілген қазіргі заманғы зерттеушілерден тек Қ.З. Өскенбай мен З. Қинаятұлы ғана Ақ Орданы Орда Еженнің ұлысы деген көзқарасты қолдайды. Н.А. Атығаевтың ұстанымы аса анық емес, алайда, жанама мәліметтерге қарағанда, ол, Ақ Орда – Орда Еженнің ұлысы деген пікірде [7].

Н.Н.Мингулов 1981 жылы бұл көзқарасты қолдады, ал 1997 жылы ол бұл пікірін қарама-қарсы бағытта өзгертті. К.А.Пищулина «Ақ Орда Қазақ хандығының бастапқы бейнесі» деген ескі парадигманы сақтап қалуға тырысады, алайда оның көзқарасында Ортағасырлық Қазақстан тарихы жөніндегі көнерген кеңестік парадигмадан бас тарту байқалады. К.А. Пищулина: «XIV ғасырдың ортасына қарай, жүз жыл ішінде бұған дейін шағын ғана болған Орда Еженнің монғолдық Көк Ордасы, жергілікті этникалық негіздегі ірі держава – Ақ Ордаға айналып,бұл атауымен қатар Шайбан ұлысының да ауқымды территориясын өз құрамына қосып алды. XIV ғасырдың екінші жартысынан бастап, деректерде өзбек ұлысы деп те атала бастады» [30, 114]. Сонымен қатар, автор «монғолдық шағын Көк Орданың қалайша, Ақ Ордаға...айналып» кеткенін дәйекті түрде түсіндірмейді.  Бәлкім, бұл бір жағынан кеңестік парадигмадан бас тартпай, сондай-ақ, Өтеміс қажы және Мүйіз әл Ансаб сынды зерттеушілердің бұған дейін айтылып келгендей, Орда Еженнің ұлысы Ақ Орда емес, Көк Орда екенін анық жазған жаңа деректерін ескеру үшін де жасалған шығар (алайда Мүйіз әл Ансабтан алынған мәліметтер 1940-жылдардың басынан бері белгілі еді). Дешті Қыпшақтың Шығысындағы мемлекеттің өз атауын бір-бір жарым ғасырдың ішінде үш мәрте (Ақ Орда, Көк Орда, Өзбек ұлысы) өзгертуінің ықтималдығы шындыққа жанаспайды. Бәрінен бұрын, бұл әдейі жасалған ағаттық іспетті, осының көмегімен автор Ақ Орда мен Көк Орданың өмір сүру хронологиясы турасындағы деректердің қарама-қайшылығын жоққа шығарғысы келеді. Яғни, Ақ Орда – бұл Орда Еженнің ұлысы деген тезис өзінің түп мағынасында қате болып табылады. Соған қарамастан бұл тезис инерция бойынша өмір сүріп келеді және Қазақстан тарихының 10 томдығында да көрініс табуы әбден мүмкін.

2013 жылы Қ.З.Өскенбай Орда Ежен ұлысын Ақ Орда, Шибан ұлысын Көк Орда, ал Батый ұлысын – Алтын Орда деп атаған тезисті ұсынды [70, 112-113].

2000-жылдардың аяғынан бері Ж. А. Cәбитов пен К. Көшкімбаев «Ақ Орда (Орда Ежен ұлысы) – Қазақ хандығының түп бейнесі (прототипі)», деген ескі тезистің қателігін ғылыми деңгейде дәлелдеп, Алтын Орданы Еуразияны мекендеген көптеген түркі тайпаларының, соның ішінде қазақтардың да ортақ ата-бабасы ретінде көрсетті. Сонымен бірге Ақ Орда Алтын Орданың құрамдас бөлігі (оның орталығы) болды, ал оның сол қанаты Көк Орда, оң қанаты Боз Орда еді[59].

2. В.П. Костюков: «Қазақ хандығының Орда Ежен ұлысынан шықты деген пікірдің нұсқасын таңдау, басқарушы элитаға қызмет еткен зиялы элитаның тарапынан толықтай рационалды болды»,- деп жазады. Бұл үлкен «символикалық капиталды» қалыптастыру үшін пайдаланған нұсқа еді (П. Бурдьенің пікірі бойынша) [40, 43]. Осы ретте КСРО дәуірінде (Алтын Орда пайдасына жасалған) басқаша таңдаудың болуы мүмкін емес те еді.

Осылайша, «қазақтар Ақ Орданың мұрагері» деген тезис әлі күнге дейін өмір сүруін тоқтатқан емес. Бұл ретте, Алтын Орда (кеңестік ескі  парадигма шеңберінде) туыстас, бірақ біздің мемлекет емес деп қарастырылады. Осы тұста терминдердің пайда болу тарихының әр түрлі болғанын да атап өту керек. Ақ Орда түпдеректерден алынған термин, ал Алтын Орда болса тарихнамалық термин болып табылады.

Бұл жерде осы тезистің саяси және ғылыми құрамдас бөлігін анықтап көрсетуге болады:

1. Саяси жазықтық (Ақ Орда vs Алтын Орда – Қазақ хандығының бабасы).

Осының бәрін ескере отырып, Ақ  Орда түсінігінің «символикалық өтімділігі» шамалы екенін атап өту керек, бұл идея ұлттық сана-сезімнің артуы немесе ұлттың ұйысуына ешқандай әсер ете алмайды. Оған қоса көптеген адамдар Ақ Орданың қандай болғанынан хабарсыз.

Т.А.Козыревтің жазғанындай: «тарихнаманың кез келген  ұлттық нұсқасында «Алтын ғасыр» және «мінсіз Отан» түсініктері негізгі болып табылады.Ұлттық ұжым үшін ұлттық мақтаныштың қайнар көзі мен оңтайлы уақыты болып саналатын тарихи кезеңді «Алтын ғасыр» деп атайды»[36]. Біздің пікірімізше, халықтың көп бөлігі Ақ Орданы «Ұлттың алтын ғасыры» деп қабылдамайды.

Т.А. Козырев: «қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы тарихын Шыңғыс ханның Монғол империясы, сондай-ақ,  XV  ғасырда Қазақ хандығының құрылуынан  бастаған жөн емес;оның бастамасы Шыңғыс империясы құлағаннан кейін құрылған Жошы ұлысы – Алтын Орданың құрылуынан бастап қалыптасады деп қарастырған абзал… Қазақстан тарихының алтынордалық кезеңін зерттеу мен зерделеу келешекте отан тарихының өзара іштей үйлесіп, қарама-қайшылықсыз баяндалуын құрастыруда ерекше маңызды болып табылады. Біздің ойымызша, дәл осы алтынордалық кезеңді Қазақ(стан) мемлекеттілігінің бастапқы нүктесі ретінде қабылдау,жемісті көзқарастардың бірі болып табылады» [36].

Кейінірек, Н. Абдуллаев қазіргі жағдайда қазақстандық элита үшін Алтын Орданы тұтастай алғанда «символдық капиталдың платформасы» ретінде қабылдау неғұрлым тиімді таңдау болар еді, деп жазды[1, 222]. Бұл идеямен Т.Козырев те келіседі [38, 22]. Оның үстіне ол бұл идеяны оған дейін де айтқан болатын[36]. Партиялық-коммунистік идеологияның толықтай үстемдік еткен Кеңестік кезеңде саяси элитаның мұндай таңдау жасауы мүмкін емес еді. 

Оның үстіне саяси элита өкілдері кейінгі жылдары Алтын Ордаға назар аударғанын атап өту керек. 2013 жылы Марат Тажин өз сөзінде:

«Алтын Орда, ордалық хандықтардың тарихы – Қазақ даласының жаңадан қалыптасып келе жатқан орыс мемлекетімен белсенді қарым-қатынасының басталған уақыты есебінде аса маңызды болып табылады» [66]

Осыдан кейін бір жылдан соң Н.Ә. Назарбаев өзінің Ұлытауда берген сұхбатында Алтын Ордадан (Ақ Ордадан емес)  бергі қазақтардың сабақтастығы желісін іс жүзінде белгілеп берді [52]. Алтын Орда жайында айтылған сөзге, Алтын Орданы саяси тұрғыда пайдалану туралы бұрыннан да жазып жүрген [36] [38],тек Т.А. Козырев қана мән берді [37]. 2014 жылдың желтоқсанында Н.Ә. Назарбаев Алтын Орданы Қазақ хандығының негізін қалаушы деп тағы да жариялады [53]. Осыған ұқсас мәлімдемелерді Г.А.Лукашенко [44], А.Ш. Атамбаев [6], П.Своик [62] та жасады. Сонымен қоса, дәл осындай көзқарастағы пікірлерді ғалымдар да білдіреді. Мәселен, башқұрт ғалымдары: «Жошы және Батый хандар ұлыстарының тікелей ұрпақтары ретінде өздерін бірінші кезекте қазақтар, ноғайлар және қырым татарлары санай алады» [27, 70], - жазады.

(Жалғасы бар)


Жақсылық Сәбит

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1800
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1799
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1511
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1406