Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 7710 0 пікір 24 Тамыз, 2015 сағат 16:51

ИСАЕВ: ТЕҢГЕ БҰРЫНҒЫ ҚҰНЫНА ҚАЙТА ИЕ БОЛАДЫ

Бүгінгі ақпарат бойынша, әлемдік экономика ағынына тікелей ықпал етіп отырған мұнай шикізатының brent маркалысы барреліне 45 доллар болды. Ал, WTI мұнайының бағасы бір барреліне 39,85 долларға бағаланды. Теңгемен тығыз қатынастағы Рублдің құны болса, бүгін Мәскеу биржасында бір доллар 71,05 рубль, бір еуро 81,08 болып айтарлықтай құнсызданған. Осының бәріне қарамастан еркін саудадағы теңге бағамы долларға шаққанда 218-ге тұрақтады.

Теңгені босатып, айырбас бағасын ұлттық банк емес нарықтың еркіне жібергеннен кейін, жұрт мұнай арзандаған сайын теңге құнсыздана түседі деп күткен. Бүгін, алдыңғы аптаның жұмасына қарағанда, керісінше, теңге айтарлықтай құнға ие болды. Бұның сырын білмекке Abai.kz тілшісі белгілі қаржыгер Ілияс Исаевқа хабарласқан еді.

- Мұнай арзандай түскеніне қарамастан, Теңгенің бүгінгі бағамы босатылған күнге қарағанда айтарлықтай құнға ие болды, бұны қалай түсінуге болады?

- Теңге құнсызданды дейсіңдер. Осының алдын алу үшін мемлекет қазір әрекетке кірісті. Мысалы Елбасы аса қажет емес құрылыстарды тоқтату керек деді. Ал, Сағынтаев болса өнеркәсіпті қолдау керек екенін айтты. 6 миллиард теңгені бұрын дәнді дақылдарды экспортқа шығару үшін бөлген болса, енді құс етін, жұмыртқаны экспортқа шығару үшін бергелі жатыр. Енді ұлттық банк теңгенің бағамын анықтауға кіріспегенімен, Келімбетов «долларсыздандыру» жұмыстарын жандандыра түсетінін айтты. Бұлардың бәрі бір-бірімен байланысты дүние. Енді теңге бағамын нарықтың өзі анықтайды. Ауытқулар болғанымен, негізі теңге бір тоқсан ішінде өзінің әуелгі құнына қайтып келуі керек. Теңге еркіне жіберілгенде уақытша сұранысқа сай 255 теңге дейін шығып кетті. Енді ол 190-200 теңгелік межеге қайта түсетін болады. Келімбетов деодолларизацияға шындап кірісеміз деп бекер айтқан жоқ. Енді халықтың өзі де түсінеді. Доллар құны түсе беретін болады. Доллар арзандап, теңге бұрынғы құнынан қайтып келеді.

- Теңгенің қайта күшеюіне қандай негіз бар?

- Үкімет халықтың депозиттеріндегі ақшасының айырмашылықтарына өтемақы төлейін деп жатыр. Халықтың өзі бұдан былай теңгемен көбірек сауда жасап, қолданыс аясын кеңейтетін болады. Көршіміз Ресейде де осылай болды. Соған қарамастан олардың ақша массасын деодолларизациялауы 7 пайыз ғана екен. Бізде қазірдің өзінде долларсыздандыру 50-60 пайыздық деңгейде. Бұның дамуы халыққа, сенімен маған байланысты. Ұлттық банк енді мүмкіндігінше теңгеге деген халықтың сенімі үшін күреседі. Ал, доллардың, біреудің ақшасының керегі не бізге?

Егер біз өнеркәсіп ошақтарының бәрін теңгемен ұйымдастырсақ, жалақыны халыққа теңгемен берсек, дүкеннен затты теңгемен алсақ, онда бізге доллардың керегі не? Ұлттық банк ел ішіндегі жылжымайтын мүлік пен көлік саудасын доллармен жасауға тиым салды. Халық 25 жылда долларға үйреніп қалғандықтан әлі де доллармен бағалай беретін шығар мүліктерін. Бірақ, алдағы уақытта сауда теңгемен жүретін болады.

Шындығында отандық кейбір экспортерлер теңгенің құнсыздануынан немесе доллардың қымбаттауынан шамалы ұтты. Металл өндірісіндегі жартылай дайын өнімдерді, тау-кен өндірісіндегі шикізаттарды сатушылар осы орайды пайдаланып жағдайларын айтарлықтай дұрыстап алды.

Біз мұнай экспортына, тау-кен шикізатының экспортына өте тәуелді боп кеткен мемлекет болып қалдық. Доллардың қымбаттауы жағдайынан біз ел экономикасын осы бағыттарға тәуелділіктен құтқарып, қайта өңдеу саласын дамытуымыз керек деп жатыр үкімет.

- Болашақта доллардың ықпалынан біздің ел шығып кете алады деп ойлайсыз ба?

- Ойлау емес, шығу керек! Онсыз біз экомикамызды басқарудың тетігінен айырылып қаламыз. Әр кімнің шылауында, ит пен биттің илеуінде кетеміз. Сондықтан да валюталық шектеулерді қатайту керек. Ұлттық банк іске дұрыс кірісуі керек!

Норвегия кронасы 30 пайызға, 40 жыл бойы мызғымай келген юань да 5 пайызға жуық құнсызданды. Ресей рубльі 2 есе, Украина гривнасы 100 пайызға құнсызданды. Тіптен Еуропа елдерінде де, Еуроодақ валютасы еуро да құнсызданды. Валютасы мызғымас елді әлі күнге дейін естімедім.

- Біздің теңгеміздің әлсіреуіне Еуразиялық Экономикалық Одақтың кері әсері болды деп ойламайсыз ба?

- Оны жоғарыда да айттым. Біз экспортқа ғана тәуелді ел болып қалдық деп. Оның үшін мұнай, тау-кен шикізаты, минералдар, қара түсті темір сияқты металлмен, кейбір мыс сияқты бағалы, түсті металлдардың, астықтың экспортына сүйеніп экономиканы тыңайтып келдік. Біз экспортты сіз айтқан әлі системасы қалыптаспаған Экономикалық одаққа ғана жасамаймыз. Әрине, біздің үлкен сауда серіктесіміз Ресей. Оның да ықпалы бар. Біз экспортқа тәуелді болғандықтан да валютамыз тұрақты емес. Ал, экспортқа да, импортқа да тәуелсіз ел болса, сондай ғана олардың валютасы тұрақты болады. Біздің елде осы тұрғыдан айтарлықтай жұмыстар істеліп жатыр. Шағын бизнеске, ауыл шарушылық саласына айтарлықтай субсидия беріліп жатыр. Машина өндірісіне тағы 20 миллиард теңге субсидия берілді. Аяғынан енді тұрып келе жатқан машина жасау өндірісін біз әлсіретіп алмауымыз керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір