Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Тұлға 7242 0 пікір 2 Қыркүйек, 2015 сағат 12:28

ҚАЙРАН ДҮНИЕ...

                                            Екі ауыз сөз...

                                   І.  Шіркін, егер...

Жақында фейсбуктан Сәрсенғали інімнің шаңырақ құрғанын оқып екі ұдай сезімге бөлендім.

Әуелі, әрине,  қуандым!.. Қуанғаным – қырық бестен асқанда інім ақыры жар сүйіп, отау тігіпті. Құтты болсын!.. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды»... Алла жар болсын!..

Сосын еріксіз ойға қалдым... Ойланғаным – кеше қандай ек, бүгін қандаймыз? Кеше кім едік, бүгін кімбіз?!

Қазіргі күні елімізде бетке ұстар бес-алты күйші болса, соның бірі – Сәрсенғали Жүзбаев. «Әу» дегеннің бәрі әнші емес. Құдайға шүкір, қазақта домбыры ұстаған жігіттер аз емес, бірақ бәрі «Шәмші емес»...

Сәрсенғалидың басқалардан тағы бір артықшылығы – домбыра мен қобызда бірдей ойнайтындығы.

Есіме өткендегі бір кездесуіміз түсті. «Тұраға, күй шығардым... Тыңдап атын өзіңіз қойыңыз!» - деп арнайы келген. Көп отырдық. Көсіле күй тартып, шешіле сыр шертті. Талай әңгіменің басын қайырдық. Кетер кезде «Тұраға, күйден қадір, кісіден қайыр кеткен заман ғой. Айтарымды айтып, тартарымды тарта алмай жүрмін. Ертең көзіміз кеткен соң Сәрсенғалидың саусағын кім бағалайды?!» деп еді.

Айтпақшы, күйдің атын «Қайран дүние» қойдық!.. Оған да бірталай уақыт бопты.

«Қазақ радиосы» Алматыдан Астанаға қоныс аударып, Сәрсенғалидың да астаналық болғанына үш жылдың жүзі болыпты. Бәріміз қатар келдік. Құдай жазды – біз көндік. Көнбегенде қайтесің?!

Қазір күйші інім «Шалқар» ұлттық арнасында – жүргізуші-редактор. «Наридірген», «Күй – шежіре» атты авторлық хабарлары өнер сүйер қауымға жақсы таныс.

Қырық беске келгенше қыз таппай жүрген ештеңесі жоқ, жағдайы болмады. Қырық бес жыл өмірінің жартысынан көбі кісі есігенде өтіпті. Пәтер жалдаумен. Қазір де солай. Шықпа, жаным, шықпа деп, айлықтан айлыққа зорға жетеді. Жасыратын несі бар, бәріміз солай!..

Сөйтіп жүріп уақыт өткізіп алды. Қанша дегенмен ел алдында жүрген адам. Намыс көрді ме, кім білсін? Белгілі жағдай ғой... Кісі жас келген сайын жасқаншақ бола береді. Кейін тартар кедергі де көбейеді. Түсінікті жәйт. Десе де, ештен кеш жақсы... Қайырлы болсын!..

Үкіметтен қайран жоқ. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына іліне алмасы айтпаса да түсінікті. Біріншіден, «Қазақстан» теле-радио корпорациясы – Акционерлік қоғам. Екіншіден, жаңа құрылған жас отбасы болғанмен – жасы келмейді. Баяғы сол – бітпейтін сылтау. Қол жетімді баспанаға біз сияқты бейшара қазақтың қолы өлсе де жетпейді. Сай сайға, бай байға құйған заман.

Бір қызығы, Астанаға келген үш жылда үш пәтер ауыстырдым. Үшеуі де мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген үйлер. Егер, шынымен, үйсіз-күйсіз жүрген мұқтаж адамдар болса, өздері неге тұрмайды? Таң қаламын. Сұрастырып көрсем, көбі сондай. Бұл бір үлкен бизнеске айналған секілді. Нарық саясаты. Үйі – үй, ақшасы ақша жасап жатыр. Бір қазақты бір қазақ талаған заман.

«Қайыры жоқ байлықтан, ел қонбаған шөл артық»... Кейде ойлаймын, байлық адамға не үшін керек? Әрине, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін. Ал ол – қандай мүмкіндіктер? Ойға алған ісіңді, алға қойған мақсатыңды орындау. Жақыныңа, досыңа, жұртыңа жақсылық жасау. Артыңда қалар іс бітіру.

Ал біздің бүгінгі байлар қандай? «Жарлы байға, бай құдайға жетсем деген» атанжарыс. Даңғаза дарақылық. Бірінен бірі асады. Не елге, не жерге қайыры жоқ!..

Қайырсыз байлық, кісіліксіз билік құмға сіңген су сияқты... Көзден кеткен соң, көңілден де өшіп, із-түзсіз жоғалады. Мұрат сол болса, алдыңнан жарылқасын!..

Бір ғана ісімен мәңгілік қалғандар бар. Алысқа бармай-ақ Әбділданың Мұқағалиға, Нұрғисаның Шәмшіге жасаған қамқорлығын алыңыз!.. Ешқашан ұмытылмайды. Қазақ барда!..     

Қай байдың, қай әкімнің есте қаларын уақыт көрсетер. Бәріне – болашақ төреші. Бірақ бір даусыз шындық – қазақ барда, қазақтың күйі барда – Сәрсенғали бар. Қазақ қалған жерде – Сәрсенғали да қалады!.. Сол кезде ертеңгі ұрпақ «Бұл қалай? Елі қайда, жұрты қайда?!» демей ме? Сонда не дейсіз?..

Жақсының аты жақсы іс, үлгілі сөзімен, өнегелі өнері мен ірі тірлігімен қалады. Басқаның бәрі – алдамшы, өткінші нәрсе.

Зұлқарнайынға «Күннің көзін көлегейлемей, былай тұр!» - демесе, Диогенді бүгін кім білер еді?!

Шіркін, егер менің қолымда сондай мүмкіндік болса, тойға тарту ретінде Сәрсенғали ініме үй сыйлар ем!.. Әттең, қол қысқа!..

Дегенмен, «Төбесіз жер, егесіз ел болмайды»... Сәрсенғали інімнің де елі, жері бар. Кім біледі, бірі болмаса – бірі естір, бірі болмаса – екіншісі ойланар!.. Біздің еліміз, біздің жеріміз! Қасиетті Созақ жұрты!..

                                              ІІ.  Егер менде...    

«Дейді-дейді» әңгіме көп. Бірі ананы, бірі мынаны айтады. Теңгемізден құн кетті, елімізден сын кетті дейді. Бірі атын өзгертейік десе, екіншісі затын өзгертейік дейді. Тағы біреулер тіпті «Жүйе өзгермей ештеңе өзгермейді!» дейді. Дұрыс...

Қанша Үкімет, қанша Парламент ауысты. Екі премьеріміз істі болып, қанша министрлеріміз бен әкімдеріміз ұры боп шықты? Қанды балақ қарақшы атанғандары да аз емес. Тағы не қалды?!

Екі ауыз сөз... Тек жүйе ешқашан өзгермейді. Иә, иесі өзгермей!..

 Қанша мінсіз жоспар жасасаң да, небір ғажайып бағдарлама дайындасаң да – ештеңе шықпайды.

Иә, ниет өзгермей!..

 Абай атам айтпақшы, «Егер менің қолымда... заң күші болса», алдымен соны өзгертер ем!.. Бірақ ондай заң қайда?!


Тұрмағанбет Кенжебаев – ақын,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

Abai.kz                              

0 пікір