Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Дат 7826 0 пікір 2 Қыркүйек, 2015 сағат 13:44

МАҢҒЫСТАУЫМ ТОНАЛЫП ЖАТЫР!

 (Миллиард тонна мұнай өндіре отырып, неге кедейміз?..)

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған күннен бергі уақытта 1 (бір) миллиард тонна мұнай өндірді. Бұл – бұлтартпас факт. Осы көлемде өндірілген «қара алтынның» 30 пайызы менің Маңғыстауымның еншісінде. Бұған ешкім қарсы уәж айта алмас. Қазақ елі тек соңғы екі-үш жылдың өзінде жыл сайын 80 миллион тоннадан кем мұнай өндіріп отырған жоқ. Бұл да дау тудырмайтын ақиқат.

Жылына өндірілетін   мұнайдың бүгінгі нарықтағы құны, шамамен, 52-55 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Бұл деректер соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездесіп жүр. Дей тұрғанмен, мұнайдың айналасында келеңсіз жайлар көп!.. Өздері өндіріп отырған мұнайынан толыққанды еңбекақы ала алмаса, Маңғыстау мұнайшылары қайтіп ереуілдетпесін!.. Ал, біздің биліктегілер болса, жұртшылықты: «Пәлен миллион теңге бөлдік!..» - деп жұбатып, арасында азды-көпті миллиардтаған теңге бөлініп жатырғанын жарнамалап көрсетіп (бұл миллиардтардың да қолды болып жатырғаны ел-жұртқа белгілі. Оған Атыраудағы шенеуніктердің жаппай қылмысқа тартылуы нақты дәлел.), қара халықты алдарқатуға шебер!.. Сөйтіп, біздің басымызды теңгемен шырмап, ал, аты шулы «көк қағазға» келгенде – бұл билік ауыз ашпайды. Олар жыл сайын мұнайдан түсетін 50 млрд. доллар шамасындағы   пайданы неге айтпайды?.. Жалпы, мұнай экспортының бағамы АҚШ долларымен есептелмей ме?.. Мұнайдан түсетін түсімнің де бағамы сол ғой!..

Енді әлемге әйгілі доллармен есептелген (жоғарыда көрсетілген 52-55 млрд доллар – соңғы кездегі жыл сайынғы өндірілетін мұнайдың құны) миллиардтаған түсімді теңгеге шағып көрейікші!.. Сонда - талай триллиондардың бастары қылтиып шықпай ма?.. Жоғарыда көрсетілген мол қаржы – біздің елімізде мұнайдан түсетін табыстың тек қана бір жылдық үлес – пайдасы. Бұл көл-көсір табыстан – инвесторлар да көп пайда көреді. Бірақ, олардың пайда мөлшері біз үшін жұмбақ болып тұр!..

Енді, күні бүгінге дейін өндірілген бір миллиард тонна мұнайды – әр жылдардағы «қара алтын» бағасының көтерілу бағамдарымен жобалап есептеп көрейікші!.. Қалай болар екен?.. Бұл жерде, «миллиард» деген бағам бұғып қалып, бір миллиард тонна мұнайдан түсетін табысымыз – триллион долларға жетіп жығылатыны айдан анық!.. Мұндай мол қаржымен – инвесторларды да жарылқап, біздің қара халықты да кенде қалдырмауға болатын еді ғой!..

2000 жылдан бері мұнайдың бағасы үздіксіз көтеріліп, соңғы он жылда «қара алтынның» бір баррелі 50 доллардан  түскен жоқ. Рас, 2009 жылы 45 долларға дейін төмендеді. Бұл жерде алып бара жатқан айырмашылық жоқ. Бұл көрсетілген бағамның 140 долларға дейін жетіп, тіпті, асып жығылған сәттері де болды. Сөйтіп, мұнайдың бағасы, жоғарыда көрсетілген 50 доллар бағаммен салыстырғанда, үш есеге жуық өсті. Қазіргі уақытта мұнайдың бағасы 110 доллардың айналасында құбылып тұр (Мақаланың 2011 жылы жазылғанын ескертеміз. - ред). Жылына 80 млн. тонна мұнай өндіріп отырған елге бұл да аз баға емес. Сонымен, 2003 жылдан бері мұнай өндіру көлемі 50 млн. тоннадан төмендемеген жоқ, керісінше, жоғарылау үстінде, тіпті, шарықтап өсіп келеді десе де болады. Бір «ТШО» компаниясының өзі жылына 24-25 млн. тонна мұнай өндіреді. Бүгінгі күні жылдық мұнай көлемі 82 млн. тоннаға жетіп жығылған болар!.. Тек қана мұнайдың өзінен триллион долларға жуық пайда тауып отырып, бар болғаны, 16 миллионнан астам тұрғынды асырай алмай отырмыз!..

Бұл аса мол қаржының аз ғана халықтың игілігіне жарамауы – біздің елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтау шегіне жеткенін білдіреді!.. Ал, «қара алтыннан» триллион долларға жуық пайда тауып отырған қазақ елінің мұнайлы Маңғыстауы (триллион долларға жуық табыстың 30 пайызы біздің өлкенің мұнайының үлесінде) қандай күй кешуде?.. Бүгінде Маңғыстау халқының 25-30 пайызы жұмыссыз!.. Менің бұл болжамыма ешкім қарсы келе қоймас!.. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыссыздық қатты белең алған. Әр екі үйдің бірінде жұмыссыздар «мен мұндалап» тұр!.. Мұнайшылары болса анау: «Толыққанды еңбекақы дәметеміз!..» – деп, түрмеде отыр. Жолдары болса мынау – көлікпен жүріп-тұру – азаптың азабы!.. Әсіресе, Бейнеу-Шетпе тас жолының қорлығы жетіп – артылады. Жолаушылар мұндай жолмен жүруге бетінен басады. Бұл қорлығы аз дегендей, экологиялық апатты жағдайда тұрған Маңғыстауға: «АЭС саламыз!..» – деп елді тағы дүрліктіріп отыр!.. Каспий теңізінің табанындағы мұнай-газ өндірісінің қауіп-қатері бұл Маңғыстауға аз ба екен?..

Аймағымызда жұмыссыздықтың өршіп тұрғанын дәлелдейтін бір мысал келтіре кетейін. «Тек Жаңаөзен қаласының өзінде ғана 30-40 мың адам (бұл қалада 150 мыңдай халық бар) жұмыссыз, қаңғып бос жүр!..» – десем – Құдайдың алдында күнәһар болмаспын!.. Осы қаланың әкімі Серікбай Тұрымовтың өткен жылы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбаты есіме түсіп отыр. Оның айтуынша: «Бұл шаһарда жыл басында жұмыссыз ретінде тіркелген адам саны – 3382, бүгінде олардың 2214-і жұмысқа орналасқан!..». Бет алдына бұлай бөсуге бола ма?.. Сонда, 150 мыңдай тұрғыны бар Жаңаөзенде қалған барлық жұмыссыздардың жұмыспен қамтылып болғаны ғой!.. Бұған кім сенеді?.. Әкім бүйтіп кімді алдағысы келеді?.. Осы қаланы асырап отырған «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнында 9700-10000 шамасында мұнайшы бар. Енді осы компанияға қатысты салалық мекемелерді қосып есептегенде онда барлығы 14500-15000 жұмысшы еңбек етеді. Бұл қалада басқа айтарлықтай өндіріс ошақтары жоқ. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, шауып шықса, 15 мың болар. Мектеп оқушыларын 20 мың деп алайық. Соның өзінде 50 мыңға әрең жетеді. Сонда қалған 80 мың тұрғын немен айналысады?.. Сұрақ көп. Әкім айтқандай: «3382 адам – жұмыссыз», – дегенге кім сенеді?..

Менің қақсап отырғанымдай, мұнайдан түскен триллион долларға жуық мол табыс баяғыда-ақ бүкіл Қазақ елін үлде мен бүлдеге орамайтын ба еді?.. Әлде, бұл билік өз дегенін істеп, Маңғыстау өлкесін бұрынғыша аяусыз сора бере ме?.. «Менің Маңғыстауым ашкөзділікпен тоналып жатыр!..» – деп жар салуым орынды. Мұнайдан пайда көрмей отырған, қайыршы жерлестерім-ау (әрине, арамызда ұрлықпен қарындарын қампитқандар жоқ емес), «Қайырсыз мұнай!..» – демей қайтейін, мұнайшыларымыз Жаңаөзеннің тәуелсіздік алаңында жеті ай бойы ереуілдеп, тіпті, түнеп жатып, жандарын қинады!.. Оның арты не болды?.. Жазықсыз мұнайшылар түрмеге тоғытылды!.. Бар пәле – «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы мен «Ембімұнайгаз» АҚ-ының біріктіріліп, «Қазмұнайгаз» Барлау – Өндіру» компаниясына айналуынан және де бұл акционерлік қоғамның бірқатар акцияларының жекеге өтуінен болған. Бұл екі кәсіпорын 2004 жылы қосылып, «Қазмұнайгаз» БӨ» компаниясы атанып, Астана қаласында орын тепкен. Тап сол уақытта мұнайшылар арасында, тіпті, Жанаөзен тұрғындарының өз ішінде де жалақыға, қаланың болашағына байланысты көптеген қобалжулар орын алған. Аталған шаһарда кезінде түрлі басқосулардың көбейіп кеткені ел – жұртқа аян. Сол кезде Жаңаөзен қаласына жалғас жатқан Теңге кентінің ардагерлер үйінде ақсақалдармен кездескенім үшін – менің де (осы жолдардың авторы ) жауапқа тартылғаным бар!.. Осы өлкенің азаматы ретінде менің де жоғарыда көрсетілген келеңсіздікке өз пікірімді білдіргенім бар!.. Содан, облыстық Ішкі істер департаментінің қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бөлімінің жинақтаған материалдары негізінде (әкімшілік жаза қолдану) сотқа да тартылдым!.. Әйтеуір, адал судьяға тап болып, ақталып та шықтым. Іс – әрекетімде қоғамдық тәртіпті бұзған жайттар дәлелденген жоқ!.. Сол уақытта қалалық әкімшілік, сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» басшылары тарапынан қайта – қайта жиындар өткізіліп, жұртшылықты сабырға шақырған. «Мұнай кәсіпшілігінде де, қаламызда да бар тіршілік қалыпты жағдайда сақталады!..» – деп сендірген. Оның арты не болғанын бұрнағы жылы көріп, ел болып қайғырған жоқпыз ба?!. Жоғарыда айтылған біріктірілуден кейін «Өзенмұнайгаз» кәсіпорны өз құрамында түрлі салалық өзгерістерге ұшырап, кейбір нысандары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналып, жекеге өтті. Ақырында, 2006 жылы «Қазмұнайгаз» БӨ» компаниясының 40 пайыз акциялар пакеті (жекеге өткен акциялардың мөлшері жөнінде сұрақ көп) Қазақстандық (KASE) және Лондон Қор Биржасында жеке инвесторларға сатылумен аяқталды. Бірақ, күні бүгінге дейін бұл компанияның сатылып кеткен акциялары төңірегінде түрлі ақпараттар өріп жүр!.. Мысалы, осы компанияның ақпараттық саясат және инвесторлармен байланыс басқармасының директоры А.И.Гладышевтың «Жас Алаш» газетіндегі (30.11.2010 ж.) сұхбатында аталған компанияның 67 пайыз акциясы сатылғаны көрсетілген. Ал, Жаңаөзен мұнайшыларының сотында куә ретінде сұралған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бұрынғы директоры К. Ешманов осы акционерлік қоғамының 63 пайыз акциясы – Лондон биржасында сатылғанын тілге тиек еткен. Сонымен қатар: «Бұл компанияның 11 пайыз акциясы Қытайға сатылды», – деген ақпарат тағы бар. Зиялы қауым өкілдерінің Президент пен Премьер-министрге жолдаған мәлімдемесінде («Жас Алаш» газеті. 11.01.2013 ж.) ел байлығы тоналып жатқаны хабарланған. Биліктің әу бастағы пиғылы да, көздеген мақсаты да аталған кәсіпорындардың акцияларын жекеге өткізу екен ғой!.. Кейбір ақпарат құралдары: «Бұл компанияның инвесторлар құрамында Тимур Құлыбаев пен үндіс Лакшми Митталл бар», – деп көрсетеді.

Мен өз басым, «Қазмұнайгаз» БӨ» акционерлік қоғамын әуелден-ақ осындай мақсатпен құрылған компания деп есептеймін. Өйтпесе олар Астанада орналасып алып, сонда 400 қызметкер ұстайтындай не қылған айдаһар?!. Ал, ел-жұрттың не ойлайтынын мен қайдан білейін? Сөйтіп, бұл компанияның біраз акциялары жеке инвесторларға өткеннен кейін «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнындағы мұнайшылардың хал-ахуалы нашарлай бастады. Жекеге өткеннен кейін меншік иелері қаржыны үнемдей бастайды, яғни, тиын санайды!.. Әрине, санау деген – әркімнің өз шаруасы!.. Дегенмен, оның айналасына зияны тимегені жөн ғой!..

Осылайша, меншіктік тұрғыдағы өзгерістерден кейін жағдайлары төмендеген мұнайшылардың арасында аштық жариялау, ереуілдету белең алды. 2008 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты «УОС-5» мекемесінде жұмысшылардың заңды талаптары бұзылып, екі тарап арасындағы шиеленістің арты аштық жариялауға ұласты. Оған тек БАҚ араласқаннан кейін барып қана мәселелер оңды шешіліп, мұнайшылар тынышталған болатын. 2009 жылы «Бұрғылау» ЖШС-і мұнайшыларының ереуілі бұрқ етіп, онда да аштық жарияланған. Әйтеуір, бір айға жетпей, мұнайшылардың талаптары шала-шарпы орындалған болды. Осылайша, мұнайшылардың жанайқайы одан әрі жалғасып, арты өздеріңе белгілі 2011 жылдың желтоқсанына әкеліп соқтырған!.. Қазіргі уақытта қарап отырсақ, алдыңғы жылғы жеті ай ереуілдеткен мұнайшыларға берілмеген қаржы – бүгіндері Жаңаөзен қаласының қордаланған проблемаларын шешуге үйіліп-төгіліп жатыр!.. Бұл жайттар нені білдіріп, нені меңзейді?.. Биліктің бұл саясатын қалай түсінуге болады?.. Әлде, бұл – қолдары қанға былғанған биліктің өз кінәсін жуып-шайып, ақталып жатқан сиқы ма?!. Қалай болғанда да, бұлар қара халыққа азды-көпті иіле бастады!.. Дер кезінде мұнайшыларға бөлінбеген қаражат бұқараға енді ғана бұрыла бастады!.. Бұған да тәуба!.. Жалпы, менің пайымдауымша, дер кезінде мұнайшылардың жалақыларын көтермеудің   негізгі себебі – биліктің «басқа аймақтардағы мұнайшылар ұйқыларынан оянып кетпесін!..» – деген сақтығынан шыққан болатын!.. «Еліміздің басқа өңірлеріндегі мұнайшылар да ештеңе дәметпесін, яғни, оған да жоқ, бұған да жоқ!..» – деген бағыттағы ұстаным еді. Біздің биліктің ереуілдеткен мұнайшыларды жеті ай бойы қақсатып қойып, артынан оларды күшпен тұншықтырғаны бүкіл әлемге аян болған жоқ па?!. Әрине, бұл жерде – атышулы компанияның меншік иелері өзгеріп, бұларға инвестор болып қол созған алпауыттардың да қырсығы тимей қалмады!.. Турасын айтсақ, бар гәп – «Қазмұнайгаз» БӨ» компаниясында – меншік иелерінің өзгеруінде!.. Яғни, жоғарыда көрсетілген белсенді акционерлердің қитұрқы әрекеттерінде!.. Олардың кімдер екендерін жоғарыда топшылап өткендей болдым. Арғы жағын өздеріңіз ажыратып аларсыздар.

Мұнайшылардың, қала берді, жұртшылықтың негізгі талаптарының жылдан-жылға күшеюі – (бұл жерде аштық жариялау, ереуілдету т.б. факторларды атап өтуге болады) еліміздегі мұнай-газ секторларындағы шетелдік инвесторлармен арада жасалған контрактілердің жабық күйінде қала беруінен!.. Мұрттары майланған мұнай барондарының неше түрлі қитұрқы әрекеттері, керек десеңдер, шытырманы көп былық-шылықтары осы келісім-шарттардың ішінде!.. Бұл құпия құжаттардың бетпердесі ашылып, халыққа жария болатын мезгілі жетті деп есептеймін!.. Бар пәле – осы контрактілердің ішінде!.. Бұл құжаттарды көрмей, оларды екі шұқып, бір қарамай – қара халықтың бағы еш уақытта ашылмайды!.. Бұл менің көріпкелдігім емес, бұл – айдан анық ақиқат!.. Мұнай-газ саласында шетелдік инвесторлармен жасалған келісім-шарттардың ашықтығын бүкіл ел-жұрт болып, жаппай талап етуіміз керек!.. Мен, өз кезегімде, осы бағытта талаптанып, нақты іске кірістім. Сөйтіп, ҚР Үкіметін – мемлекеттік орган деп есептеп, бұл құзырлы органды сотқа жетелеп, өзімнің конституциялық құқығымды қорғап отырмын!.. Ата Заңымыздың 18 бабының 3 – тармағында біздерге құқықтарымыз бен мүдделерімізге қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуға мүмкіндік берген. Осы мүмкіндіктерімізді бірге қорғауға шақырамын!.. Жоғарыда көрсеткенімдей, мұнай-газ секторындағы шетелдік инвесторлардың ішінде өзіміздің шенді-шекпенділеріміз де жоқ емес!.. Олар жеке компанияларын шетелде тіркеп, инвесторлардың атын жамылып, өз ақшамызды өзімізге құйып отырған!.. Арадағы контрактілердің ел-жұртқа жария болуын қауымдаса, бірлесе талап етуіміз керек!.. Билік болса, біздің енжарлығымызды пайдаланып, «қара алтыннан» түсетін мол қаржыны сорпаша сапырып, мұрттары майланып, ойына келгенін істеуде!.. Керек десеңдер, қара халықты мәңгүрт санап, жұрттың басын: «2030 жылы, қала берді, 2050 жылға дейін шыдай тұрыңдар, ар жағында жұмақта өмір сүресіңдер!..» – дегендей желсөздермен айналдырып келеді!.. Онымен қоймай, жемқорларды бетіне жіберіп, олардың шетел асуына жағдай туғызып, жымқырғандарын алып кетуіне мүмкіндік беріп келеді!.. Мысалы, миллиардтап асап, мол қаржыны жымқырып, шетел асқан шенеуніктер көбейіп кетті!.. Айтпай кетуге болмайды!.. Коррупцияға батқан облыс әкімдерінің жауапкершілікке тартылмауы – ел-жұртты қатты алаңдатып отыр!.. Бұлар – заңға тартылмайтындай не қылған құдірет иелері еді??? Мысалы: «Атырау облысының бұрынғы әкімі Б.Рысқалиевтің қарамағындағы жауапты қызметкерлер ұйымдасқан түрде қылмысқа барып, елімізге 72 миллиард теңге көлемінде зиян келтірді», – деп қамалып жатса, облыстың бұрынғы басшысы шетелде талтаңдап жүр!.. Оны неге құрыққа түсірмейді?.. Бұны қалай түсінуге болады? Осындай қылмыстар бір күнде, не, бір жылда жасалған жоқ қой!.. Кезінде неге тиісті шаралар алынбаған?.. Құқық қорғау органдары қайда қараған?..

Ал, біздің биліктегілер болса, болатынын болдырып, қыратынын қырып алып, бар шаруа біткендей, Жаңаөзен қаласының атын өзгертумен әлектенді!.. Тынышына жатқан қасиетті атамызда бұл биліктің не алмағы бар екен?!. Аруақты қозғап, елді дүрліктірді!.. Онымен қоймай, бұл билік сайқымазақ – ойынға өздерінің «дежурный», ал, бізше «жандайшап» ақсақалдарын қосып, ел алдында олардың да абыройын төкті!.. Адайдың ұранына айналған қасиетті бабамыздың атақ-даңқы алыс-жақын жұрттарға да белгілі. Ата рухы адайлардың жүрегінде онсыз да мәңгі сақталады!..  (Автор Жаңаөзен қаласына Бекет Ата атын бермек болған жоғары жақтың ұсынысын айтып отыр. - ред)

Бұл арсыз биліктен, ойына не келсе соны істеп отырған биліктен Маңғыстаудың әр азаматы өлкеміздің жер қойнауы байлығынан түсетін табыстан өз несібесін талап етуі керек!.. Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің әр азаматының құқықтары мен мүдделері нақты қорғалған. Сондықтан, Ата Заңымызды басшылыққа ала отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне тікелей араласуымыз керек!.. Аймақ әкімдерін, одан төменгі әкімдерді де жалпы халықтық сайлау арқылы таңдауымыз керек!.. Оған жаппай ел болып атсалысу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабы. Жергілікті халықтың арасынан әкімдерді таңдап, оларды өзіміз сайламай – бүгінгі тонаушылық әрекеттерден құтылмаймыз!.. Жоғарыда көрсеткенімдей, мұнайдан түскен триллион долларға жуық мол қаржы (тағы да қайталаймын, бұл көлемдегі қаржының 30 пайызы – Маңғыстау мұнайының үлесінде) біздей қара халыққа неге жетпейді?.. Бұл деген – Қазақ елінде тонаушылық әрекеттің шарықтау шегіне жеткендігі!.. Сондықтан бұл  биліктен теңдігімізді сұрауға толық қақымыз бар!..

Қамысбай Бесінбергенұлы,

Маңғыстау облысы.

Abai.kz 

 

 

0 пікір