Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Елім-ай 7784 0 пікір 3 Қыркүйек, 2015 сағат 17:01

КӨШІ-ҚОН ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАЙДА?

Елбасымыз 2020 жылға дейін қазақтың санын 20 миллионға жеткізуіміз керек дегенде бөркімізді аспанға атып алақайлап едік. Бұдан бірнеше жыл бұрын айтылғанда шынымен бұл санға қол жеткізетіндей  көргенбіз. Қарап  отырсақ, сол 2020 жылға дейін де төрт жылдан сәл асатын уақыт қалыпты. Енді қалған уақытта ол 20 миллионға жететінімізге сенім аз. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық» болып, «Көші-қон туралы» заң да көштей созылып қабылданбай қойды.

Қыркүйектің 2-ші жұлдызы Парламенттің қос палатасы жұмысын бастады. Демалыста бірі сайлаушыларды аралап, бірі жақын-жуығын жағалап, ел ішінде болып, ет жеген депутаттар креслоларына қайта келіп жайғасты. Жақсы тыныққандары жайрандаған жүздерінен анық байқалады. Қарқындары да қатты көрінді, «40-50 заң жобасы қарауға түсті, соның бәрін қабылдаймыз» деп желпініп отыр. Қазақтың мүддесіне қажет заңдар болса, «бәрекелдіден» басқа ештеңе айтпаспыз-ау.  Осы 40-50 заң жобасының ішінде «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы бар ма?

Бұл сауалымызды Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Сейтмағамбетова ханымға жолдаған едік. Ол жақтан келген жауапқа қарағанда қаттаулы тұрған 40-50 заң жобасының ішінде «Көші-қон» туралы заң жобасы жоқ. Ол Үкіметтің қарауына жолданыпты. Сол жақтан әлі бері шықпағанға ұқсайды. «Келесі апта келіп қалуы керек» дейді. Соған қарағанда үкіметтегілер әр жерінен жұлып-үзіп, қысқартып жатпаса неғылсын. Өйткені, мынау жаһандық экономикалық дағдарыс бар, басқасы бар әйтеуір, үкімет қазақтың санын көбейткісі келмесе сылтау жетерлік. Бұл жерде ұлт атынан сөйлейтін халық қалаулылары бір қайрат танытуы тиіс қой. Талап болмаса, соңынан сұралмаса, үкіметтің «ұмытшақтық» ауруы ұстап, заң жобасы тағы біраз жатып қалуы әбден мүмкін. Ал біз үшін әр минут, әр сағат қымбат. Халқы аздау солтүстік өңірлерде ұлттың санын көбейтуіміз керек. Қазір қауіп-қатер күшейген уақыт. Халқымыздың «жау жоқ деме – жар астында» деген ескертпесі – ескертпе. Қамсыздықты енді Құдай кешірмейді. Сондықтан оралмандардың санымен тезірек ұлт санын көбейткеніміз абзал. Елбасымыздың өзі 2020 жылға дейін ұлтымыздың санын 20 миллионға жеткізуіміз керек деп отырғанда, қазақтың саны өскенін қалайтын үкімет мұны ұрандатып әкетпес пе еді?!

Көші-қонға қатысты алып-қашпа сөз желдей есіп тұрғанда елге аяқ артқан кейбір ағайындардың көңіліне алаң кірген жайы бар: «Көштің бетін кері түзейміз бе, қайтеміз?». Осы алаң көңілді орнықтырар Көші-қон туралы заң қабылданса, көп күңгірт мәселенің беті өзінен-өзі айқындалар еді...

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір