Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 6812 0 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 10:00

МҰНАЙЫМ БАР – МҰҢЫМ БАР (Жалғасы)

Жоғарыда көрсеткенімдей, Маңғыстау өндірісінің күре тамыры –  «қара алтынымыз»  бітпейтін мұң мен шерге айналды!.. Соңғы кездері  өлкеміздегі мұнай-газ өндірісінің төңірегіндегі  былық-шылықтар, «мұнай барондары» тарапынан орын алып отырған жөнсіздіктер, жең ұшынан жалғасқан қылмыстық әрекеттер үдеген үстіне үдеді!.. Ұйымдасқан мафия да, нағыз коррупция да осы саланың айналасында!.. Мен тек соңғы бір-екі жылда ғана осы мұнай мәселесінің төңірегінде бір томдық кітап жазатындай материал жинақтадым-ау деймін!.. БАҚ-тарда жарық көрген мақалаларымды айтып отырмын!.. Мен осы келеңсіздіктерді көріп отырып,  әрі арланып, қорланып: «Мұнайым бар – мұңым бар!..», «Қор болған Маңғыстауым!..», «Маңғыстаудың зиялы қауым өкілдеріне Ашық хат» атты мақалаларымды жарияладым. Қор болған емей немене, егер де аймағымнан 147 миллиард теңге (1 миллиард доллар!..) қолды болып жатса!..

Маңғыстаудың жоғын жоқтап жатқан ешкім болмаса!.. Молдавандық олигарх Анатол Стати топтарының 7-8 жыл қатарынан біздің елдің мұнай-газ құбырларын рұқсатсыз пайдалануы қалай?.. Оларда тиісті лицензия да болмаған!.. Әрине, бұл жерде біздің шенеуніктердің қатысуымен жең ұшынан жалғасып жатқан қылмыс бар!.. «Қазполмұнай», «Толқыннефтегаз» басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған!.. Бірақ, одан не қайыр?.. Жауап беретіндердің бәрі қашып кеткен!..  Айтпақшы, Сергей Корнегруц деген молдаван 4 жылға сотталған. Ұзамай, ол да Атыраудағы түрмеден қашып кеткен!.. Тіпті, оны «қашыртып жіберді!..» десе де болады. Бұл – тек жоғарыда көрсетілген екі компанияның арасындағы бір ғана мысал!.. Олардың қаншасы бізге, маңғыстаулықтарға беймәлім, оны бір Құдай біледі!..

Мен сорлы: «Келімсектерге жем болған Маңғыстауым!..», «Мұнайы өзіне сор болған  –  Маңғыстауым!..» атты мақалалар, Жаңаөзендік мұнайшыларды қолдау жөнінде «Маңғыстау жұртшылығына Ашық хат» жазып та  әлектендім!.. «Мұнайы маңдайына сор болған» деп қалай айтпайын, егерде «Маңғыстаумұнайгазды» – жекеге тиынға сатып алып, оны  –  қайта-қайта миллиардтаған долларға саудалап отырса!..

Өз байлығы өзіне бұйырмаған ел сорлы болмай қайтеді!?. Бұл ретте өз басым біраз қылмыстық әрекеттерді әшкерелегендей болыппын!.. Жемқорлық ауруы басына кеткен заманда менің мұным – Қожанасырлық-ау!.. Біздер, Маңғыстау халқы, күйсеп тұра беретін мал емеспіз ғой!.. Ойлау түйсігіміз бар емес пе?.. Қой болып жүре берсек  – жейтін қасқыр әрқашан да табылар!.. 

Жоғарыда көрсеткенімдей, біз, Маңғыстау елі, Қазақстан Республикасындағы жыл сайынғы өндірілетін мұнайдың 30 пайызын беріп отырмыз, бізді мұнайлы өлкенің бірегейі десе де болады. Мысалы, «Қазмұнайгаз» Барлау – Өндіру» акционерлік қоғамы мұнай өндіру көлемі жағынан еліміздегі компаниялардың арасында алдыңғы үштікке енеді. Алдыңғы жылы 11,5 млн. тонна мұнай өндірген бұл компания тәулігіне, шамамен, 232 мың баррель мұнай береді. 2006 жылы «Қазмұнайгаз БӨ» АҚ-ының 67 пайыз акциясы жекеменшікке өткен. Бұдан бір жарым жыл бұрын Үкімет, мұнайшылардың қарсылығына қарамай, «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгазды» біріктіріп, «Қазмұнайгаз БӨ» АҚ-ын дүниеге әкелген болатын (2011 жылы. - ред). «Бақсақ – бақа екен» дегендей, биліктің  сондағы әрекеті бұл кәсіпорындардың акцияларын жеке тұлғаларға сату екен ғой!.. Сонда, сатып алғандар – жоғарыдағылардың өздері болып отыр!.. Көрдіңіз бе қарапайым мұнайшыларды қалай алдап соққандарын!.. Ал, мұнайшыларға сол кезде құрғақ уәдені үйіп-төгіп берген жоқ па еді?.. «Бәрін де қатырамыз, жалақыларың көбейеді, Жаңаөзен қаласының да әлеуметтік жағдайы жақсарады!..» деген жоқ па еді?.. Оның арты не болды?.. Ереуілдерге жалғасты!.. Қазірде осы компанияның акцияларын иемденген 20 мың жеке тұлға бар көрінеді!.. Ал, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшылары арасында маңғыстаулық қанша акционер бар?.. Түсінген адамға айта кету керек, бұл жерде белсенді акционерлер деген бар. Өкінішке орай, жекеменшіктегі 67 пайыз акцияның басым бөлігі – белгілі де, белсенді акционерлердің қолында. Бұл – мұнайдан түсетін мол қаражаттың тағдыры да солардың қолында деген сөз!..

Кейбір ақпарат көздерінде: «Қазмұнайгаз БӨ» компаниясының акционерлер құрамында Тимур Құлыбаев пен үндіс Лакшми Митталдың бар екендігі көрсетілген.

  2006 жылдың қыркүйек айында «Қазмұнайгаз БӨ» компаниясы «көгілдір фишка» деп аталатын IPO-ға, яғни, қаржы нарығына шыққанда  –  биржада 2 миллиард долларға жуық қаржы пайда тапқан!.. Міне, олардың жоғарыда көрсетілген екі байырғы кәсіпорынды біріктіруге асыққандағы мақсаттары – биржа нарығына өту болатын. Бұл, әрине, жоғарыда көрсетілген «мұнай барондарының» ойындары. Ал, біздің жаңаөзендік мұнайшылар болса: «Табысымыз аз, күн көріс қиындап кетті!..» – деп, еңбекақыны көбейтуді талап етіп, ереуілдетуге көшті. Апырм-ау, сонда жоғарыда көрсетілген 2 миллиард доллар қаржы қайда кетті?.. Жалпы, «Қазмұнайгаз БӨ» компаниясының 67 пайыз акциясының жекеменшікке өтуі – барып тұрған қылмыс!.. Ата заңымызда: «Жер, оның байлығы – халықтікі», – делінген. Жердің иесі Маңғыстау халқы болса – олармен неге санаспайды?.. Шындығында, «Қазмұнайгаз БӨ» компаниясының акциялары кімдерге сатылған, акционерлері кім?.. Халық оларды білмейді!.. Неге барлығы құпия?.. Биліктегілер өз мүдделеріне сай «заң-законды» қалайша тауып алған?..

Өлкеміздегі тағы бір ірі мұнай компаниясына «Маңғыстаумұнайгаз» (бұдан бұлай «ММГ» деп көрсетіледі) акционерлік қоғамына келетін болсақ, бұның бітпес жыры айтылып та, жазылып та жүр. Соның бәрі ел азаматтарына жетті-ау деймін. «ММГ» кәсіпорны 1996 жыл қорытындысымен тым жақсы пайдаға шыққан. Содан, келесі 1997 жылы әр түрлі желеулермен жұмбағы көп индонезиялық «Сентрал Азия Петролеум ЛТД» компаниясына сатылды да кетті!.. Бұл сауда-саттықтың нәтижесін, яғни, «ММГ» айналасындағы өрескел заңсыздықтарды, тіпті, қылмыстық әрекеттерді ел іші біліп отыр. Бірақ, ешкім жақ ашпайды!.. Бұл не деген құдырет?!. Олардың ауыздарын кім тігіп қойған?.. Мен тіпті түсінбедім.

Мен айтар едім: «ММГ»-ның төңірегіндегі заңсыз әрекеттер – маңғыстаулықтар үшін нағыз барып тұрған қорлық!.. Ата – бабаларымыздың аманат етіп кеткен мол байлығынан айырылып қалу - қорлық емей немене?!. Бастапқы кезде «ММГ»-ның 100 пайыз акциясы Сингапур азаматы Ахмад Садықтың, ҚР азаматтары Рашид Сәрсенов пен Юрий Гинатуллиннің (әрине, бұл азаматтар - қағаз жүзіндегі акционерлер, нағыз қожайындардың кімдер екенін өздеріңіз де біліп отырсыздар) «формальды түрде» иеліктерінде болды. Араға жылдар салып, «ММГ»-ның акционерлер құрамына Тимур Құлыбаев пен үндіс Лакшми Миттал енеді. Сөйтіп, бұл компанияның акциясы қайтадан бөліске түседі. 58 пайыз пакет – акция Т.Құлыбаев пен Л.Митталдың иелігіне өтеді де, 42 пайыз акция Р.Сәрсеновтың иелігінде қалды. Көрдіңіз бе  «ММГ» айналасындағы қитұрқы  былықтарды?.. Ақыры, 25.11.2009 жылы голландиялық «Mangistau Investments B.V.» компаниясы «ММГ»-ның 100 пайыз акциялар пакетін сатып алып тынады!.. Бұл шетелдік компанияның акционерлері, яғни, қожайындары  – тең дәрежедегі үлеспен қамтылған біздің «Қазмұнайгаз» ҰК мен қытайлық «CNPC» компаниясы. Сонда, осы арада өз елінде тіркелген голландиялық компания, не үшін керек болды?.. Сатып алушы инвесторлар «ММГ» акциясын өздері неге тікелей сатып алмайды?..

Маңғыстау мұнайының бітпес жыры осылайша созыла береді. 2010 жылы елімізде 80 миллион тоннаның үстінде шикі мұнай өндірілді.  Нақты қанша тонна өндірілгені жылдың қорытындысымен жақын арада шығып қалар. Ал, енді осынша мұнайдан түсетін пайданы қарапайым жолмен есептеп қарайықшы. Қазіргі уақытта мұнайдың бағасы 95 -100 долларға дейін өсті (2010-2011 жылдардағы нарық. - ред). Оның әлі өсетін түрі бар. Бұл жерде мұнайшылар көңіл бөлсін деп, тағы да қайталап отырмын. Енді қараңыздар, мұнайдың 1 баррелін (150 литр) орта есеппен 60 доллар деп алайық. Бір тонна мұнай 1400-1600 литр болады десек – соншама мұнайдың бағасы - 600 доллар. Ал, 80 000 000 тонна шикі мұнайдың құны - 48 000 000 000 доллар, немесе, 7056 000 000 000 теңге болады!.. Бұл – тек қана 2010 жылы өндірілген мұнайдың құны. Енді қараңыз, мен жоғарыда көрсеткенімдей, елімізде өндірілетін мұнайдың, кем дегенде, 30 пайызы Маңғыстаудың еншісінде дегенде  –  өткен жылғы өндірілген 80 000 000 тонна мұнайдың 30 пайызы  қанша пұл болады?.. Бұл дегенің Маңғыстаудан өндіріліп жатқан мұнайдың құны  –  14 400 000 000 доллар болады деген сөз!.. Енді осы долларды теңгеге шағып көріңіздер. Міне, бізге, қарапайым халыққа жетпей жатқан нәпақа деген осы, жерлестерім!.. Әрине, бұл жерде көрсетілген миллиардтаған доллардан мұнай өндірісіне кететін әр түрлі шығындарды алып тасталық. Тіпті, артығымен айтқанда, осы көп сомалардың 50 пайызы көрсетілген шығындарға кетті делік. Сондағы қалған миллиардтаған доллардың өзі аз табыс па?.. Бұл  –  тек жай ғана мысал, қарапайым есеп. Жалпы, мұнай-газ өндірісінің қитұрқы тұстары жоқ емес. Тіпті, нағыз коррупция, мафиялық топтар деген топ осы мұнайдың айналасында!.. Бұл орайда мені көп ойландыратын, мазалайтын бір жайт бар. Меніңше, бар пәле мұнайымыздың оффшорлық аймақтарда сатылуында жатыр!.. Мысалы, біздің мұнайымыз Сейшель аралдарындағы оффшорлық аймақтар арқылы сатылады. Бұл аймақтардың заңдары бойынша  –  мұнай өнімдерінің саудасынан салық ұсталмайды. Енді қараңыз, біздің мұнайымыз осы оффшорлық аймақтардан әрі қарай  әлемдік қымбат бағамен өз тұтынушыларына кетеді. Сөйтіп, біздің Қазақ еліне ондай мұнай экспортынан тиын-тебен де қайтарылмайды екен!.. Ал,  ел бюджетін жинақтағанда – барлық салмақ, негізінен, отандық кәсіпкерлердің мойнына түседі. Сонымен қатар, біз құсаған жарлы қазақтардың табысынан ұсталатын салық пен жеке кәсіпкерлердің табысынан ұсталатын салыққа түседі. Сөйтіп, өз еліміздің кәсіпкерлерін тұншықтырып, олардың қарқынды дамуын тежейміз!.. Есесіне, шетелдік алпауыт миллиардерлерді талтаңдатып қоямыз!.. Олар: еврей Александр Машкевич, қырғыз Алиджан Ибрагимов, өзбек Патох Шодиев, кәріс Владимир Ким және үндіс Лакшми Миттал!.. Бұл – нені білдіреді?.. 

Енді, құрлықтың мұнайы таусылып қалғандай, теңіз түбінен мұнай өндіруге кірістік!.. Мысалы: «Қашаған» кенорнындағы мұнай-газ өндірісі, «жаман айтпай - жақсы жоқ», Маңғыстауға өте үлкен қауіп!.. Каспий теңізі, бәрімізге белгілі, дүние жүзіндегі ең үлкен көл болып есептеледі және тұйық көл!.. Каспийден шығып, сарқырап ағып жатқан өзенді көргенің бар ма?.. Аты бар да, заты жоқ өзендер, бар болса, бар да шығар!.. Каспий теңізі, Парсы, Мексика шығанақтары құсап, мұхиттармен байланыспайды. Теңіз суы бүлінген жағдайда үлкен айдындағы (мұхиттардағы) мол сулармен араласа алмайды!.. «Каспий теңізі – тұңғиық үлкен көл», – деген тұжырым ақиқатқа жақын. Ондайда бүлінген теңіз суы  – өз қазанында қайнайды ғой!.. Мұндай жағдай да үлкен катастрофаға алып келуі әбден мүмкін!.. Әрине, оның бетін аулақ қылсын!.. Қоршаған орта бүлінсе – жағадағы халықтың өмір сүруі екіталай!.. Бір ғана мысал. 1985 жылы «Теңіз» кенішіндегі № 37 ұңғыда орын алған үлкен апат қалай болды?..  Ойламаған жерден, аяқ астынан болған жоқ па?.. Құрамында көп мөлшерде күкірті бар мыңдаған тонна улы газ бір жылдай атқылап, ақыры атмосфераға тарап кеткен жоқ па?.. Ал, Каспий теңізі астындағы мұнай-газдың құрамындағы күкірт  – «Теңіз» кенішіндегіні он есе орап өтетін көрінеді!.. Каспий теңізінен айырылсақ – не күй кешеміз!.. «Өткен жылы, сол Каспийдегі «Қашаған» кенорнында үлкен апат орын алды!..» – деген алып-қашпа әңгімелер ел арасында гулеп жүр!.. «Теңіз ішіндегі бұрғылау жұмыстарын жүргізіп тұрған мұнара құлаған!..» – деген де пыш-пыш  сөз бар!.. Егер, мұнай-газ атқылап тұрған апатты мұнара құлағанда - не болар еді?!. Осы оқиғаны Маңғыстау халқы білді ме?.. Әрине, білген жоқ!.. Неге бәрін жасырып, жылы жауып тастай береді?.. Қайта, Құдай сақтағанда, әйтеуір, арты аман!.. Біздер, маңғыстаулықтар, басқа планетада өмір сүріп жатырмыз ба?.. Ашықтық, жариялылық деген құрдымға кетті ме?.. Өздерін күні-түні саңқылдатып мақтайтын биліктің ақпарат көздері қайда?..

Біздер, маңғыстаулықтар, ертеңгі күнді ойлаймыз ба?.. Болашақ ұрпаққа не қалдырамыз?.. Бар байлығымызды күні бүгін құртуымыз керек пе?.. Ұрпақ тағдыры бізді неге ойландырмайды?.. Жан-жағының бәрі тоналып жатса немере, шөберелеріміз қайтіп күн көреді?.. Оларға не қалады?.. Барлық мұнай қорымызды бүгін сарқып алатындай, бізді, біздің билікті жау қуып келе  жатыр ма?.. Соншама неге асығамыз? Әлде, бұл  бүгінгі биліктің бәрін құртпақ болған ашкөздігі ме?.. Мен бұл өмірге тіпті түсінбедім. Менің ең басты алаңдайтыным: «Қасиетті ата – бабаларымыздың аманатқа тастап кеткен жері  – жатқа жайлы төсек, жұмсақ жастық болып кетпей ме?!» –  деген үрей. Ал, жерлестерім, сіздерді қандай үрей мазалайды?.. Сіздердікі: «Көк қағазды қалай көбейтсем?..» – деген тірлік шығар?.. Маңғыстау өңіріндегі қай мұнай өндіруші компания болса да (шетелдік компания ма, біріккен кәсіпорындар ма, басқа ма – біз үшін бәрібір), жергілікті халықтың тиісті үлестерін, яғни, аймағымызға тиесілі акцияларды бөлетін уақыты жетті. Жалпы, мұнай-газ саласындағы барлық келісім-шарттарды қайта қарайтын уақыт та пісіп – жетілді!.. Конституциямыздағы Заң талаптарына сәйкес, мұнай-газ саласындағы контрактілер де міндетті түрде ашық болуы тиіс!.. Өмір талабы, күнкөріс пен тіршілік талабы осы!..

Жоғарыдағы қордаланған проблемаларды халықтың талқысына салып, кең ауқымды пікір алмасып, болашақ тіршіліктің жөн-жосығын ескеріп, толыққанды өмір сүрудің жолдарын, амалдарын іздеген дұрыс болар!.. Қалай болғанда да, киелі Маңғыстауға экономикалық тұрғыдан тәуелсіздік керек!..  

Мені Маңғыстау қазақтарының (аймағымыздағы ең нашар тұратындар қазақтар, мол мұнаймыздың қызығын көре алмай отырғандар да солар) құрылтайын өткізсем деген ой да мазалап жүр!.. Жұртшылықпен үлкен ауқымда бас біріктіру ниетім бар!.. Әрине, құрылтай өткізу оңай шаруа емес!.. Көп түкірсе – көл, кім біліпті, көздеген мақсатым жүзеге асып та қалар деген сенімім де бар!.. Ал, енді осы шараға атсалысып, қолдау көрсететін азаматтар болса – құба-құп!.. Ынталы топ құрысуға,   ұйымдастыру алқасына мүше болуға ниет білдірушілерге – есік ашық!.. Бұл ұсынысқа құлақ асу  –  аспау – әр азаматтың ар-намысына сын!..

(Соңы. Мақаланың басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/view?id=4558).

Қамысбай Бесінбергенұлы

Маңыстау облысы.

Abai.kz

0 пікір