Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Елім-ай 10580 0 пікір 23 Қыркүйек, 2014 сағат 08:09

ӨЗБЕК БОЛЫП ЖАЗЫЛҒАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Жуырда  редакцияға Шымкент қаласының  тұрғыны, кәсіпкер Хамид Исақов, белгілі тарихшы Е.Бұрлабайұлы ағамыздың ұлы – ұлтжанды бауырымыздың бірі Ербол Еркебайұлы мен қарымды әріптесіміз Әбсаттар Әлім келіпті. Мәселенің мәні - өздері  осы өңірдің жергілікті қазақтары болғанымен ресми құжаттарында ұлты өзбек болып жазылып кеткен бірнеше мың қандасымыздың тарихи шындыққа қол жеткізе алмай жүрген жанайқайын басылым бетінде жариялау көрінеді. Қазақ тарихының бетінде есімі қалған Төбет батыр мен оның ұлы Тілеулі батырға барып тірілетін Досым - өзбекше «Дуст атаға» қатысты Е. Бүрлібайұлы  ағаның «Жанубай Козағастан», «Сайрам съадосы», «Ар-дақ» және «Қазақия» газеттерінде жарияланған зерттеу материалдары мен шежіресі Момбек Әбдәкімнің «Қарабатыр шежіресі» мазмұнымен таныс Хамид бауырымыздың әңгімесінен арғы аталарының тарихын тереңнен білетіндігі айқын аңғарылып тұрды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың жұрағатымыз деп жүрген бауырларымыздың   шыңдыққа жете алмай шырылдағандарына түсіністікпен қарағанымыз сол, олардың сөздерін қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.

                                                                                                                                         О.ТӘЖИЕВ,

                                                                                                               «Қазақстан жолы» газетінің

                                                                                                                                      бас редакторы.

Қазақстан Республикасы Президенті

Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы мырзаға        

 

Аса мәртебелі Президент мырза!

Біздің Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының тұрғындары, мыңнан астам отбасы атынан Сіздің атыңызға жазылған Ашық Хатқа қол қоюдағы мақсатымыз – бабаларымыздың әруағын мазаламайтын және өскелең ұрпағымыздың  басын тік көтеріп, замандастарының бетіне тура қарай алатын өмір шындығының салтанат құруына қол жеткізгіміз келеді. Біздердің ешқандай саяси ойынға қатысымыз жоқ, тек тағдыр тәлкегінен құтылғымыз келеді. Бұл бірнеше мыңдаған адамның тағдырына қатысты өзекті мәселенің жайы төмендегіше болып отыр.

Біздер – құжаттарымызға ұлты өзбек болып жазылып келе жатқан қазақпыз, оның ішінде оңтүстікте туып өскен, осы өңірдің төл перзенттеріміз.

Біздің түбіміз он екі ата Сіргелінің жетінші ұрпағы Төбеттен тарайды. Төбет атаның қазақ әйелінен туған ұлы Тілеулі қазақ тарихында аты қалған батыр болған. Оған Бұхар жыраудың: «Қазақ деген халқыңнан, Батыр деген даңқыңнан, Сіргелі Қара, Тілеулі» деген жыр-жолдары мен Қожа Ахмет Иассауи кесенесі ішіндегі: «Сіргелі Тілеуке батыр» деп жазылған көктас айқын дәлел болып отыр.

Төбет атаның екінші өзбек әйелінен Досым, Есім атты екі баласы болғанымен, олар нағашы жұртында - өзбектер арасында өсіп ер жетіпті.

Қалмақпен болған соғыстың бірінде 1718 жылы Төбет батыр қайтыс болады. Төбет ата өлерінің алдында ұлы Тілеуліге: «Ақсу бойындағы өзбек ішіндегі қос бауырыңды елге әкел» - деген аманат қалдырыпты. Тілеулі іздеп келсе, Досым үйленіп қойған, оны орнына көтеру қиындау болған соң, Тілеулі бозым жас Есімді Арыстанды  өзені бойына ертіп кетеді.

Досым ата ұлының есімін өзбекшелеп Қурғончи деп қойса, осыдан кейінгі ұрпақ өзбек тілінде сөйлеп, кірме болып сіңіп кеткен. Досым атаның анасы - өзбек қызы болса да, өзі өле-өлгенше немере, шөберелерінің құлағына: «Сендердің ұлы аталарың қазақтың батыры Төбет» дегенді құйып кеткені сонша, арада 300 жыл өткеннің өзінде оны біздің бүгінгі бала-шағаларымыз қайталап айтумен келеді. Осыдан кейін біз қалай қазақ болмаймыз?

Досым ата бүгінде «Дуст Ото» болып, оның үлкен ұлы Таңаттан - Бидан би - Нияз кұл кози – Новча - Низамиддин – Бодриддин – Содриддин - Акромиддин, ортаншы ұлы – Ғойибтан – Болтабой, Тешабой, Болтабойдан – Ғойиб 2 – Муса – Анортой – Султониез – Мурад, ал кенже ұлы Қурғончидан –Жаммат, Уммат, Бекон – Эрмат – Хожимат,  Исмоил, Исроил, Исоқ, Шерматтан тараған ұрпақтардың қазіргі 1000-нан астам отбасы Сайрам ауданының Қарабұлақ, Манкент ауылдары мен Шымкент қаласында тұрып жатыр. Манкентте тұратын 83 жастағы Акромиддин атамыздан бастаған ақсақалдарымыз өсіріп отырған өз ұрпақтарының ресми құжаттарындағы ұлты қазақ болып жазылуын бір Құдайдан сұраумен күн кешіп, әлі де үміттерін үзбей келеді.

 

Аса мәртебелі Президент мырза!

Сіздің  ұлт тарихын тереңнен білетіндігіңізді баршамыз да жақсы білеміз.  Біздің 1700 жылдарда өмір сүрген атамыз Досымды қазақ бауырларының өз қатарларына қосып ала-алмауына сол кездегі тарихи жағдай себеп болған деп түсінеміз. Досым атаның інісі Есім ағасы Тілеулімен тізе қосып туған жерді қалмақ басқыншылығынан қорғауда ғұмырын ат үстінде өткізгеніне тарихи деректер жеткілікті. Сол Есімнің туған ағасы Досымнан тараған ұрпақтың бүгінде өзбек болып қалғаны баршамыздың қабырғамызға аяздай батып жүр. Біздің бүгінгі өскелең ұрпақ тағдырдың жазмышымен өз ұлтының өзбек болып өзгеріп кеткенінен хабардар болғандықтан, біздерден тарихи шындықтың әйгіленуіне пәрменді іс-қимыл жасауымызды сұранып, үнемі мазалайтындығын жасыра алмаймыз. Біздер үшін де өз Ата қонысымызда жүріп, қазақ екенімізді біле тұрып, өзімізді өзбек деп айту оңай емес, жан-дүниеміз күйзеліп кетеді.

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біздер осы өзекті мәселенің шешімін іздеп жергілікті жердегі қаншама билік органдарының есігін тоздырдық. Біздерді ешкім қазақ бол деп үгіттеп отырған жоқ, қайта өмір шындығын дәлелдеп, ұлтымызды ресми түрде қазақ етіп аламыз деген талабымызды селқос тыңдап, немқұрайлылық көрсетіп жатқандардың дені ұлты қазақ шенеуніктер. Облыста бірнеше мыңдаған жандардың, әсіресе қаны қазақ жас өскіннің  өтінішін тыңдай қоятын азаматтар шыға қоймаған соң, амалсыз Сіздің атыңызға Ашық хат жазуымызға тура келіп отыр.

Сізге деген кіршіксіз сенімімізді  серік етіп, Сізге деген шексіз құрметімізді жеткізе отырып, хатқа қол қоюшылар –  

 

Досым ата әулетінің ұрпақтары атынан: Хамид Исақов, Ербол Еркебайұлы, Әбсаттар Әлім.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1797
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1794
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1508
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1404