Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Біртуар 12750 0 пікір 24 Қыркүйек, 2014 сағат 13:25

ШАҢ БАСҚАН ШЕЖІРЕЛЕР, ЖАРЫҚҚА ШЫҒАР КҮН ҚАЙДА?!

«Ақсақалы елдің болмаса, жастары болар диуана» деген екен қазақтың дауылпаз ақыны Махамбет Өтемісұлы. Біз бүгін ақылман ақсақалдардың аздығынан, дәлдіріш шалдардың көптігінен дүние қуған диуана болдық. Бұрынғының ақсақалдары ел мен жердің тағдырына араласатын, даудың түйінін шешіп, төрелігін айтатын, жастары іздеп барып батасын алатын... «Ақсақал» деген абыройдың асқар биік шыңы еді. Ал бүгінгі күннің шалдары құтырған, ақсақалы жұтылған, қарты көп, қариясы жоқ заман болды. Сақалын саудалап шапан алатын, абыройын шашып, ақша табатын, «шалсың» десең шалқасынан түсетін, ақсақал деуге аузың бармайтын, өздерін «ардагерміз» деп санайтын, қырма сақал, кемпір бет, жәдігөй-жантық шалдар көп. Бірақ, мемлекеттің атағы мен даңқын солар алады, омырауына көтергенше «шылдырлағын» тағады, әкімдердің аузын бағады, сөйтіп билікке жағады.

Әрине, өмір болғасын ақ пен қара, ел болғасын жақсы мен жаман болары хақ. Ақсақалдарымыз мүлдем жоқ емес, бар, бірақ саусақпен санарлық қана. Соның өзін ардақтай алмай жүрген жоқпыз ба? Сондай абыройына дақ түсірмей, халықтың ерекше құрметіне бөленген, ақсақалымыздың бірі - Алаштың десем асылдық болар, Адайдың абыз ақсақалы – Жетібай Жылқышыұлы жайында сөз қозғамақпын.

Себебі мен сол Жетібай ақсақалдың соңына еріп жүрген інілерінің бірімін. Жетекең сегіз қырлы, бір сырлы дана кісі. Ол -Адай елінің 500 жылдық тарихын жинақтаған шежіреші ғалым. Ол,- «Батаменен ел көгерер» атты обылыстық байқауда бас жүлде алған Маңғыстаудың батагөй ақсақалы. Ол - 1965 жылы  атақты компазиторы  Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновтердің батасын алып, тұңғыш рет «Ақерке Ақжайық» әнін орындаған жез таңдай әнші. Ол - халқы қиналғанда қасынан табылған, аталы сөзімен қамыққан жұртын жұбақан, ел тағдыры сынға түскенде ханға да, датын айтытқан ел ақсақалы.

  «Батырды жауда, биді дауда сынайсың», «нағыз достың қадірін басына сын туғанда білесің, ақсақалдың беделін ел басына күн туғанда көресің» деген екен бұрынғы өткен аталар.     Мен Жетібай ағаның қадіріне 2011 жылғы 16-17 желтоқсандағы Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды қырғын кезінде көзім жетті.   Сол оқиға кімнің кім екенін анық көрсетті. Әншиінде, «елім» деп еңіреп, «халқым» ұрандатып жүретін биліктің «ардагар» шалдары полиция қалқанының артына тығылып, елін сөзбен кінәләумен болды.

Ал, Жетібай аға бастаған Маңғыстау ауданының ақсақалдары жинап алып, сол күндері Елбасына үндеу жолдап: «қазалы болған шаңыраққа қолдау», «жаралы болған азаматтарға» көмек сұрады. «Жалалы болып қамалғандар бостандық берілсін!» деп  хат жазды,

 Азаматы оққа ұшып қара жамылған шаңырақтарға барып, ақсақалдық басу сөзін айтып елін жұбатыпты.

   Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасы бойынша жалалы болып қамалған азаматтырдың Ақтаудағы сотына күн құрғатпай барып тұратын. Сонда Жетекең: «сотқа ықпалымыз болмаса да, қамауда отырған балаларымыздың көңіліне медеу, қиналған ата-анасының көңіліне демеу болып, елдігімізді білдірейік» дейтін. Халық, Жетіекең бастаған ел ақсақалдарына риза болды.                                      

  Шаң басқан шежірелер жарыққа шығар күн қайда?!

    Біз, енді Ж.Жылқышыұлының шежірешілік, жазушылық қырына тоқталайық. Жетібай ақсақал 90-жылдардың басына дейін мәдениет, есеп саласында түрлі қызметтер атқарды. Еліміз егемендігін алып, өткен тарихын түгендеп, әр ата өз шежіресін жаза бастаған кезеңде ел азаматтарының өтініші бойынша Жетібай аға  халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының шығармаларын жинақтап, кітап етіп басуға кіріседі. Жетекеңнің айтуы бойынша «шежіре, кітап жазу сол кезде басталды» дейді. Ақсақал жырма жылға жуық уақытын шығармашылыққа арнап, осы жылдар ішінде бірнеше кітабы жарыққа шықты. Атап айтар болсақ олар:                                                                 

1. «Жырдария» ақын-жыршылар шығармалары. 1995 ж. «Ақтау» баспасы.

2. «Аманат» С.Жанғабылұлының жыр жинағы. 1996 ж. Алматы қаласы. «Ер-Дәулет» баспасы.

3. «Дала сахнасындағы дүбір» 2008 ж. Алматы қаласы. «Нұрлы әлем».

4. «Қайыртпай кеткен Қашаған» 2011 ж. Алматы қаласы. «Жазушы».

Бұлар кітап болып басылып шыққандары ғана. Алайда, ақсақалдың көптеген еңбектері қаражаттың жоқтығынан, қолдың қысқалығынан жарияланбай, қолжазба күйінде шаң басып әлі жатыр. Атап айтсақ:

1. «Адай шежіресі» 5000 мың бет

2. «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» 1000 беттік жинақ.

3. «Мұхаммед Пайғамбардың хадистері» 2000 хадиске топтасқан 170 беттік жинақ.

4. «Рабғузидің ізімен. Тіршіліктің басталуы» Ұлық Пайғамбарлар туралы аңыз-әфсаналар 325 беттік жинақ.

5. «Ата көрген оқ жонар» Маңғыстау малшылары туралы. 300 беттік жинақ.

6. «Сөз мұрасы – халық қазынасы» 210 беттік бірнеше тақырыпқа топтасқан 5000 мақал-мәтел.

7. «Алтынбек Сәрсенбайұлы» жөніндегі жинақ.

8. «Жаңаөзен мен Шетпе. 2011 жыл 16-17 желтоқсан. Қанды қырғын» жинағы.

9. «Жиған-терген» 250 беттік жинақ.                                 

10. «Өмірде қалған із бар «өнер» деген» 250 беттік жинақ.                                            

     Бұдан басқа да бірнеше еңбектерін аудандық мұражайға тапсырды. Осыншама мол еңбекті жаяу ел аралап жинақтап, қол машинка мен жазып шығу қаншама күш қуатты талап етеді. Әрі пайғампар жасынан асқан қарияға оңай емес. Әттең тек ақсақалдың еңбегін бағалай білетін азаматтар болмай тұрғаны өкінішті-ақ.

Ж.Жылқышыұлының бар жинағын бір мақалаға сыйғызып, оқырманға  таныстыру мүмкін емес, дегенмен екі кітабының тарихына тоқталып өтейін.

Біріншісі, «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» атты еңбегі (1000 бет). Бұл жинақта Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Өскінбай, Сәттіғұл, Сүгір бастаған 45 ақын аталарымыздың сөз мұралары енген. Жинақ, Маңғыстау ақындарының энциклопедиясы десек артық айтқандық емес. Кітап қазір компютерге теріліп дайын тұр, бірақ кітапқа демеуші жоқ.                                                                                                                         
Бірақ, биылдың өзінде Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтің қолдауы мен жергілікті ақын- жазушылардың 50 томдық жинағы жарыққа шықты. Оған ел болып қуандық, өкінішке орай, Ж.Жылқышыұлының бұл кітабы жинаққа  енген жоқ. Бұл жарылқауға әкімнің босағасын күзетіп жүрген «ардагер» шалдар мен жас ақын балдардың жырлары енді. Нағыз ел тарихы далада қалды. Әрине оған облыс басшысының қатысы жоқ, кемшілік өз аулымыздың азаматтарында болып тұр.

Екіншісі, 12 томдық «Адай шежіресі»  Бұл тарихи шежіре кітапты Ақсақал 1994 жылы бастап, 2004 жылы жазып аяқтаған болатын. Сол уақыттан бері қаржының жоқтығынан ақсақалдың жеке архивінде шаң басып, әлі жатыр. Бұл жинақта атамыз Адайдан бастап дүниеден өткен миллионнан аса аталарымыздың есімдері жарияланып отыр. Кітап тек адам аттары жазылған шұбаланқы шежіре ғана емес, бес ғасырдың тарихын баян еткен құнды қазына. Онда Адай атадан тараған бахадүр батырлар, қайыртпай кеткен ақындар, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, әнші- жыршылар, күйшілер, көріпкел-емшілер, әулиелер, ит жүгіртіп, құс салған аңшылар, тастан түйін түйген тамшылар, зергерлер, шымырау қазған құдықшылар, мешіт ұстаған молдалар, қара қылды қақ жарған билер, жауырыны жер иіскемеген балуандар, ат баптаған сейістер, шежіреші шалдар, тарихтан ұмытылып өшіп бара жатқан оқиғалар – бәрі кең көлемде қамтылған.

Осыншама мол қазынаны жинау, оны қағаз бетіне түсіріп, кітап етіп шығару Ақсақалға оңай болған жоқ. Бұл еңбекті жазу жолында Жетекең, Қазақстанның түкпір-түкпірін тегіс аралады. Сонымен қатар Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақ елін, Ресейдің көрші облыстарындағы ағайындарға барып осы кітапты  жинап шықты.

 Осыншама мол қазына, кітап болып толық шықпағасын көрінгеннің қолында кетіп жатыр. Ақсақалдың жанына бататыны, жүрегін ауыртатыны да осы.

Талай «мен» деген қаражаты бар азаматтар, «Жетіеке, бұл кітапты шығарамыз» деп уәде беріп кетсе, кейбіреуі «қатырамын» деп қолжазбаның көшірмесін құшақтап алып кетті. Бірақ сол кеткеннен мол кетіп отырды, қайтып оралмады.

Бір күні ««Адай тайпасы» деген кітап шығыпты» деген сүйінші хабарды естіп ел болып қуандық. «Апырым-ай, кім көмектесті екен?.. Кім де болса азамат екен» дестік. Кітап қолға тигенше асыға күттік. Жинақ қолға тиген бойда көңіліміз су сепкендей басылды. Неге? Кітаптың мұқабасында авторы «Сайын Назарбекұлы» деп тұр. «Ау, сонда Жетекең қайда?» дейсіңдер ғой, Жетібай ақсақал Сайын інісінен кейін «қосымша» автор екен. «Күштінің арты диірмен тартады» деген, оған да көндік, «Адайдың тарихы жарыққа шықса болды» дестік. Сөйтсек, бар қызығы артында екен. Бұдан 10 жыл бұрын Сайын Назарбекұлы Жетібай Жылқышыұлының 12 томдық жинағын «демеуші тауып шығартамын» деп алып кетіп, арада 10 жыл өткен соң, 12 томдық жинақты 8 кітапқа сыйдырып, «артығын» әр жерінен кесіп қидырып, бастырыпты. «Жақсы ән еді, мұрыны пұшық қор қылды» демекші. Армандап күткен кітапты, жүнін жұлған тауықтай қылыпты. Сайын ағамыз әлгі кітапты 1000 дәнемен шығарыпты. 960 дәнесін Cайынның өзі алып,  Жетекеңнің «адал еңбегің, маңдай терің» деп 40 түйірін беріпті. Қалғанының қызығын өзі көріпті. Ақсақал бұл жинақты жазуға қанша уақыты сарп етті десеңші, төгілген  тердің, қажырлы еңбектің  өтеуі осы болғаны ма?

Біз осы қандай халықgыз?. Сонда біз 75 жастағы Жетібай Жылқышыұлы кітабына ақша сұрап менің алдыма келген жоқ деп жүре береміз бе? Мен білетін Жетекең ешкімнің алдына барып алақан жайып бармайды.  

 Кеше Жетібай ақсақалмен тағы да жолықтым, бірақ өзі жөнінде мақала жазып жатқанымды айтқаным жоқ. Айтсам рұқсатын бармес еді.   Қал-жағдайын сұрадым. Сонда ақсақал: «Айналайын, мен жасарымды жасадым, өмірдің ащы-тұщы дәмін де таттым. Халқыма бар берерімді жазып қалдырдым. Алла енді ел-жұртымның, бала-шағамның жамандығын көрсетпей алдарында иманмен алса деймін» деді. Жетібай ақсақал көзі тірісінде талай жылғы еңбегінің, кітап болып жарыққа шыққанын көруі керек. Мақала ел азаматтарына ой салар деген үміттемін. Олай жасай алмасақ, елдігімізге сын, азаматтығымызға мін болары сөзсіз!

Жәнібек Қожық

Abai.kz

0 пікір