Дүйсенбі, 3 Қазан 2022
Әдебиет 14467 2 пікір 1 Қазан, 2014 сағат 10:23

ӘСЕМҒАЗЫ ҚАПАНҰЛЫ. ИТТІҢ ДАУЫСЫ

«Ит үрсе құт, ұлыса жұт»

Халық мақалы

 

Таймас жақында тағы туды, жаңылмасам бұл оның 38-ші күшігі. Жұдырықтай денесімен осынша көп күшіктегеніне қайран қалам. Мен оған тамақ берген сайын: «Таймас, сен жаман күшік болма, жақсы Таймас бол, саған үріп жүрген жарасады, мына табанымыздың астындағы тұрақты сен қырағы күзет!», - деймін. Бұл сөздерді ол түсінетін шығар, өйткені мен оның алдында осы тіркесті көп жылдан бері бұзбай қайталаумен келем, неге екенін өзім де білмеймін, Таймасты көрсем болды осы сөздер тіліме орала кетеді...

Көк қағаздың күшімен Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында ұлтарақтай жердің иесі атанып, сол жерге үй тұрғызбақ боп тырбынып жатқан алғашқы күні осы кәндек күшік шәуілдеп аулаға өзі келді. «Аула» деппін ғой, ол кезде қайдағы аула! Тек ұзақ жоспардағы үлкен үйдің бассұғарлық бір бұрышы дайын болғанша паналай тұруға киіз үй тігіп қойғанмын. Менің «Аула» деп отырғаным сол киіз үйдің айналасы болатын.

Ит келген сол күні біз туыс-туған дос-жаранмен асарлатып, ақылатып жүріп үйдің іргетасын бастап құйып жатқанбыз. Күшіктің маған ұнағаны оның шәуілдеген даусы еді... Алғашқы ішкен жуындыдан кейін-ақ ол мұнда өзін еркін сезінді. Ары бері жорта жүгіріп, киіз үйді бір-екі айналып шықты да, іргеге тұра қалып үре бастады, содан үлкен жолдағы қайшыласып өтіп жатқан көліктердің дөңгелегіне жармаса қуалап, әудем жерге барып қайта келді.

– Қаншық екен, қуып жіберейік, – деді құрлысшы жіттердің біреуі.

– Қазақ кәндек итті асырамайды, өзінің жарымаған түрін қарашы! Мұны қайтпексің? – деді тағы біреуі.

– Жоқ, бұл үрді, жұмысты бастаған күні келді ғой, ертең құмай тазы келгенше осы кәндек жүре тұрсын, – дедім мен қалжыңдап.

Ия, мен көшіп жүргелі қай заман, орда бұзар шақтан асқанша табан тірер тиянағым болмады. Енді міне, Құдай қаласа осында тұрақтаймын, бұл менің алғашқы жеке баспанам болмақ. Мен осы жердің иесімін! Мұнда менің үйім болады! Қарашы, әне, есік алдымда итім үріп жүр, ол да өз панасын тапқандай.

– Кәһ, кәһ, кәһ... келе ғой күшігім! Кел! Мен сені бұдан былай Таймас деп шақырам. Денең кішкентай екен, бірақ сен мен үшін үлкенсің. Сен үрдің, үре бер, Таймас! Үніңді шығарып үріп жүргенің сенің бар екеніңнен дерек береді, бір жағынан сен енді осы ауланы күзетесің!...

Содан бері табаны күректей он жыл өтті. Тоқымдай аула Таймастың әлеміне айналды, ол осында әлі жүр. Ешкімді қауып жаралап жаман атқа қалған жоқ, бірақ тынбай үреді. Таймас сол ащы шәуілімен–ақ бүкіл ауылға танымал болды. Әсіресе мектеп оқушылары оның күшігін алу үшін әрдайым үйге қарай ентелейді. Кейбірі айқайлап әзілдеп өтеді, олар менімен жақын араласатын Қояндылықтардың балалары болса керек. «Сен жаман күшік таппа, жақсы Таймас тап, күшіктерің қайда сенің? Сен оларды қырағы күзетпесең алып кетеміз» дейді... Мұнай кезде мен үйде отырып мырс етем, ал Таймас сыртта ащы даусымен шәу ете қалады.

Таймас әр төрт-бес ай сайын ылығады, әр жолы кем дегенде бір күшік, кейде тіпті бес-алты күшіктен шұбыртады. Ол ылыққанда бүкіл Қояндының иттері біздің аулаға жиналады. Сол кезде төбеттің неше түрін көресіз, бізге елеусіз болғанымен өзінше бір орта пайда болады мұнда, иттердің бәрі ұрпақ үшін өз мүмкіндігін жібермеуге талпынып жатады... Бір-бірімен сөйлескен сыңайлы ырылдасады, таласады, қыңсылайды.

Бұрынғыдай емес қазір Таймаста әкімдік тараптан берілген болат таңбалы құжат бар, демек оның мұндағы жүрістері заңды. Ол соны білгендей кейде ауылдың бір шетінен екінші жағына қыдырып кететінді шығарды, деседе алғашқы әдетінен еш жаңылған жоқ, ол тоқтаусыз үріп шауып жүреді... Мені еркелеп қарсы алады, үріп шығарып салады, менде базардан итіме жылы жұмсақ бірдемелер ала келем. Бұл салт екеуара бұлжымас уәдеге айналғандай. Оған үнемі өз қолыммен тамақ берем, кейде тамағын жеп тауысқанша қарап тұрам, қарап тұрып ойға кетем...

Бала күнімде біздің үйде осы қанденмен аттас Таймас дейтін бір кәрі төбет болған. Оның үлкендігі соншалық, жоны 5-6 жастағы менің бойымнан асып тұратын, тайыншадай дәу еді. Түрі тым сұсты, ашулы болғандықтан одан адам түгілі маңайдағы мақұлықтар да үрке қашатын. Көрер көзге қанішердей Таймас былайша өте момын, қойданда жуас болып қалған. Баламын ғой, мен оның құлағынан сүйрелеп, баурынан текпілеп жатсам да ол маған еш қарсылық көрсетпейтін, көзін ашып-жұмып мүләйімсіп жата беретін. Сенесіз бе? Байғұстың даусы жоқ еді, «мылқау» болатын. Ес білгелі мен оның ең болмағанда бір рет үрген үнін естімеппін. Әйтседе, қызық! Сәл бұрындар байлауда тұрғанда, Таймас кейде өзінше үрген кейіп танытады, аузын ашып-жауып, кәдімгідей аласұрып, тыпырлап жердің шаңын шығарады, бірақ қанша бұлқынса да одан «үп» еткен үн ести алмайсыз, өйткені ол тілсіз ғой. Тек ышқынған демі мен есіктей кеудесінен шыққан күшті тынысы оның үріп жатқанынан дерек беріп тұратын. Бара-бара бәрі өшті, біз алып иттің тек тірі жатқан денесін ғана көретін болдық...

Таймасты көзін ашпай тұрып біздің үйге бір туысымыз әкеліп тастапты. Бітімі тайдай тайсалмас кейпін байқаған әкем оған «Таймас» деп ат қойыпты әрі күндіз-түні шынжырлап ұстап, өз қолымен тамақтандырып жүріпті. Айтпақшы, күшік кезінде ол кәдімгі иттердей үрген екен, есейе келе арсылдағанда даусы жер жарардай болыпты. Ол кез мәдени соққыдан есеңгіреген елге ішкі өлкелерден(ішкі Қытай) сатымсақ-келімсектердің алғаш келе бастаған шағы екен. Ауылдың берекесі кетіп, ұрлық-қарлық жиілепті. Дәл сол тынышсыз ортаға қас қылғандай біздің Таймас та тез өсіпті, екі үш айда аюдай ақырып шыға келіпті.

– Мынау дию ма, не? Адамды көзімен ақ жұтып қоярдай, мен мынадан қатты қорқтым, – депті тыныштық тексере келген бір басшы.

– Қорықпаңыз! Менің жанымда тұрған адамды бұл қаппайды. Қазақтар итті құт санайды. Бұл біздің үйдің күзетшісі ғой, – деп күліпті әкем. Әлгі басшы да, одан кейінгі үлкен-кіші тексеретіндер де, келген сайын үйге кеуделей кіріп Таймасты көргенде тіксіне қалып, тайсақтай қашатын болыпты. Өз міндетін мінсіз өтеп жүген бұл итке үйдегілердің сенгені соншалық, есік, терезе, дарбаза, қашаны ашық тастап кете беретін болыпты. Өйткені өрістен қайтқан сиыр мен ауладағы тауық қазды төбет қораға өзі қайрып кіргізеді екен. Алып Таймастың айбарынан сескенген ұрылар содан кейін үйді қойып біздің көшенің маңайына жоламайтын болыпты.

Осылай өтіп жатқан күндердің бір күнінде Таймас түні бойы ұлыпты, ұли ұли даусы қарлығыпты, жаман ырымға балап қасына шошына жеткен әкем оның аузынан қан ағып тұрғанын бақапты. Сөйтсе өзі қабаған әрі қапсағай итке тісін басқан әлдебіреулер оған аяусыз қастық сайлапты. Анығы, бір кесек етке ине шаншып алдына тастаған көрінеді.

Ине жұтқан ит қатты ауырып өлімші күйге түсіпті, үйдегілер жалма-жан мал дәрігерлеріне жеткізіпті. Төбеттің көмейіне қадалған «тікенді» дәрігермамандар оның алқымын боршалап жүріп әрең дегенде алып тастапты. Ит жанды деген сөз бекерге айтылмаған ғой, Таймастың өзі қатерден аман құтылыпты, бірақ содан бастап ол үре алмайтын болып қалыпты, даусын мүлдем жоғалтыпты. Ең ғажабы, ол тілімен бірге өзге қасиеттерінен де біртіндеп айрыла бастапты...

Таймас күні бойы түсін суыққа салып аулада жатады. Тамақты берсең ғана жейді, әйтпесе іздемейді, апталап аш жата береді, қашадан сыртқа аттап шықпайды. Бұрындар өзі үйіріп, өзі айдап әкелетін сиыр мен қаз үйректерде қазір оның шаруасы жоқ, бөтен біреу басынан теуіп кетседе мық етпейді. Ешкімге еркелемейді, әуел десеңіз қасынан өткен ылыққан иттерге де ермейді. Бір сөзбен айтсақ, ит - иттік қасиетін мүлдем жоғалтқан...

Ит қорлықпен өткен өмірі-ай десеңші! Дегенмен қанша азғындап тозсада ол өзінің қазақы ұғымдағы «жақсы ит» екенін дәлелдеп кетті, өлігін көрсеткен жоқ, бір кешқұрым ізім-ғайым жоғалды, қайда, қалай кеткенін ешкім білмейді. Әйтеуір біржола көзден ғайып болды, оның соңынан іздеу салған да жан болмады...

Одан бері көп жыл өтті, Таймасқа тамақ бергенде осы әңгіме ауық-ауық есіме түсіп кетеді... «Тілдесу» деген жан иесі үшін үлкен бақыт екен ғой, ол адам түгілі итке де қажет болғаны ма? – деп бас шайқаймын. Әттең, Таймас-ай! Үре алғанда ғой, шіркін! Ана тайдай денесімен, ана айбынды бейнесімен ол өзі сияқты біраз іріні соңына қалдырар еді... Амал не! Қор болды! Тіліне жасалған қастандық оны ілікке алғысыз етіп, тұқымын тұздай құртты!

Жә, достарым, осы жерден доғардым, өйткені көңілім босап кетті. Әне, сыртта ит ұлып жатыр, кішкентай Таймасқа қастандық жасалмаса игі еді! Иттің тілін түсінбесем де қарап келейін... 

Әсемғазы Қапанұлы

Abai.kz

2 пікір