Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 6335 0 пікір 14 Қазан, 2014 сағат 10:27

БҮГІНГІ РЕСЕЙЛІК БАҚ ЕРТЕҢ СОРЫМЫЗДЫ ҚАЙНАТАДЫ

Ресейдің ақпараты Қазақстанды қос қапталдан қысып тұрған азат елімізде қазақ тілді БАҚ орыстың «жазғыштарына» бақталас бола алмай тұр. Егемендік алғалы еліміз Кеңес Одағынан қалған ақпараттық агрессиядан әлі күнге арыла алмай келеді. Ал ел ішіндегі қазақ журналистикасы орыс тілді жорналшыларға нарықтық заманда бәсекелес бола алмай отыр. Оның үстіне, неге екені бөлек әңгіме – орыс тілді газет-журналдар, телеарналар, радиолар, сайттар қазақ тілді БАҚ-тан екі есе көп.

Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетейік. Мәселенки, елімізде тіркелген қазақ тілді басылымдардың саны 344 болса, орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдары – 758. Қарапайым мөлшерге салғанда 2 еседей көп. Бұған қоса қос тілді 727, үш тілді 282 басылым және бар. Ал саусақпен санарлық отандық телеарналардың өзінде 11 тілде (өзбек, украин, поляк, ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, дүнген, түрік, татар, парсы) хабар таратылады.

Еліміздегі Ресей сойылын соғып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарына қысқаша тоқтала кетсек, «Аргументы и Факты», «Известия – Казахстан», «Московский комсомолец в Казахстане» тікелей Мәскеудің қаржыландыруымен күн көріп келеді. Бұның ішінде «Известия – Казахстан» Мәскеудегі түп тамыры «Известия» газетінде Байқоңырдағы «Протон-М» зымыран тасығышына байланысты «Россия запустит «Протон» без одобрения Казахстана», «Казахстан разрешил запуск «Протона» с Байконура» атты материалдары жарияланғаннан кейін, біздің билікпен келіспей қалған болуы керек. Оның үстіне дәл осы кезде Кремль мен Ақорда арасында Байқоңыр мәселесі ушығып тұрған-ды. Ақыры аталмыш басылымның өмірі баянсыз болды. Дегенмен, жарияланған мақаланың құрылысына көз тіксеңіз, Мәскеу Ақорда басшылығына «Известия» арқылы тізесін батырғысы келгендей әсер қалдырған.

 

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер:

– Ресейлік БАҚ-тың Қазақстанда осыншама көп болуы кешегі Кеңес Одағындағы ақпараттық жағдайдың сарқыншағы деп санаймын. Керек десеңіз, саяси инерцияның бір көрінісі. Сол себепті біздің көптеген көрермендер мен оқырман әлемде болып жатқан оқиғаларға нақ осы ресейлік БАҚ журналистерінің көзімен қарайды, солар берген бағаны санаға сіңіреді. Ал ол БАҚ-тың редакциялық саясатын Кремль анықтап отыр. Украинаға қатысты оқиғалар тұсында осы жағдай ерекше сезіліп тұр. Бұл жағдай Қазақстанның ақпарат кеңістігінің қауіпсіздігіне зор қауіп төндіріп отыр.

Ақпарат кімнің қолында – сол адам әлемге иелік ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігінің аспектілерін қайта қарап, тиісті шаралар қолданатын уақыт келді. Соның ішінде тәуелсіз қазақ тілді БАҚ-қа, әсіресе телевизия мен сайттарға нақты қолдау көрсету керек. Тәуелсіздік алғалы отандық, соның ішінде қазақ тілді баспасөз біршама қалыптасып қалды. Журналистердің кәсіби біліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі жоғарлады. Билік қаншама қудалап, соттап, жауып жатса да, ол басылымдар сахнадан кете қойған жоқ. Олар ел арасында танымал. Ресми газеттерді оқитын оқырмандар қоғамдағы оқиғалар туралы балама ақпарат беретін осы тәуелсіз басылымдарды іздеп жүріп оқиды.

Бұдан басқа сым арқылы тарайтын отандық теле-кеңістікте «НТВ», «РБК», «Культура», «РЕН ТВ», «Россия 24», «Бірінші Евразия» сынды телеарналар жетіп артылады. Осылардың ішінде «Евразия» арнасы Қазақстан тарапынан қаржыланатынына қарамастан, көршіміздің өнімдеріне көбірек көңіл бөлетінін соқыр көріп, саңырау естіп отырса да, Ақпарат министрлігі көрмегенсуін қояр емес. Бұл жалғыз осы арнадан ғана ұшырасатын көрініс болса жақсы ғой, жараға тұз сепкендей, жартысынан көп акциясы ресейлік «СТС» компаниясына сатылып кеткен «31 арнада» дәл осы қойылым айна қатесіз қайталанып келеді. Ең сорақысы сол – кешкі жаңалықтардың («Информбюро») қазақша нұсқасы орыстардан кейін эфирге шығатындығында. Осы көріністер қоңыртөбел халықтың көзіне шоқтай басылып жүрсе де, Ақорда билігі тарапынан «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылар емес...

 

Болат Мүрсәлім, «31 арнаның» ақпараттық бағдарламалар департаментінің директоры:

– Біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасында ақпараттық шекара жоқ. Екіншіден, Ресей Қазақстанды ақпараттық тұтынушы санайды. Бұған қоса, Қазақстан Украина сияқты ресейлік ақпараттық өнімдердің таралуына тыйым сала алмай келеді. Үшіншіден, шындығын айтқанда, жалпы сапа бойынша бәсекелесе алмаймыз. Ресей арналарының бағдарламаларын Қазақстан көшіреді, ал Ресей оны Батыстан көшіреді. Төртіншіден, Қазір «31 арна» басшылығы қазақша және орысша бағдарламаларды блок қағидасымен беріп отыр. Яғни, кешкі 20:30-ға дейін орыс тіліндегі өнімдер көрсетіледі. Ал 20:30-дан бастап, кешкі прайм-таймда қазақша дүниелер басталады. Қазақша жаңалықтар сол кешкі, көрермен ең көп көретін уақыттың басы.

Жекелеген зерттеушілердің пікіріне қарағанда, ресейлік ақпарат агрессиясы Қазақстанда асқан жымысқылықпен жасалуда. Ондай интервенциялық саясаттың барысын біздегі қауіпсіздік органдары бақылауға алып отыр ма, жоқ әлде бұл саладағы мүддеміз де жемқорлықтың тауарына айналған ба – ол жағын жығып айта алмаспыз.

Бірқатар сарапшылардың ой-пікірін екшеп, ақпарат нарығындағы мамандардың болжамына дес берсек, Қазақстан ақпарат әлемін жаулап алуға Кремль тарапынан ресейлік «Сібір корпорациясына» нақты міндеттер жүктелгенге ұқсайды. Оның нақты мақсаты – қазақстандық ақпарат нарығында жүрген орыс тілді басылымдар мен интернет-сайттардың бірқатарын астыртын сатып алу, енді біреулеріне қаржылық қолдау көрсету арқылы олардың ұстанымын ресейлік көзқарасқа бұру, танымал орыс тілді жорналшыларға интернет-сайт ашуға жәрдем жасау және олардың ұстанымын Ресейдің саясатына қарай ықшамдау.

Инсайдерлік дереккөздің осы жоралғысын електен өткізер болсақ, бүгінде Қазақстанда өздерін тәуелсіз атайтын интернет-сайттардың тең жарымына жуығы ресейлік саяси көзқарастар ағымын қолдайды немесе «х» сағаты туған шақта Кремльдің Қазақстанға қарсы ақпараттық агрессиясын бастап кетуге әзір отыр. Оның үстіне «Қазнет»-тің интернет көзі бүкіләлемдік ғаламторға Ресейдің оптика-талшықтық байланыс жүйесі арқылы шығатынын ескерер болсақ, біздің бүкіл интернет коммуникациямыз көршіміздің уысында отыр деген сөз.

 

Сонымен бірге газет-журнал өнімдерін тарату жүйесіне де ресейліктер қол сұққаны соңғы кездері жиі айтыла бастаған тақырыпқа айналды. Мәселен, газет-журналға жазылу жүйесі тек қана «Қазпошта» арқылы ғана емес, сонымен бірге қожайындары Ресейде отырған қазақстандық коммерциялық тораптар арқылы да жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Оның айқын дәлелі – баспасөзге жазылудың бір тұтқасын ұстап отырған «Урал-пресс» серіктестігі. Бұл серіктестік негізінен қазақстандық тұтынушыға тек қана ресейлік өнімді ұсынады.

Сол сияқты, әсіресе Ресеймен шекаралас аймақтардағы газет-жорнал тарату жүйелері негізінен ресейлік қожайындардың қолына өткен деген сөз бар. Олар жергілікті нарықта қазақстандық баспа өнімдерін жасанды түрде тапшылыққа айналдырып, есесіне тұтынушыға тек қана ресейлік газет-жорналдар ғана ұсынады. Бұл дегеніңіз кәдімгі қара базардан жергілікті сүт өнімдерін ығыстырып, оның орнын тек қана ресейлік тауарға толтыратын қарапайым мысалға дәл келеді. Газет-жорнал өнімдері нарығындағы жағдай да дәл осындай жасанды монополия арқылы жүзеге асуда. Мұндай жағдай бүгінде тек қана шекаралық аймақтарда ғана емес, тіпті Алматы мен Астанада орын ала бастағанын газет-жорнал өнімдерін шығарушы қазақстандық баспагерлер де айта бастады.

Қазақстанда интернетті пайдаланушылар қатары жыл өткен сайын артып келеді. Сөзімізге 2011 жылы 5 миллион ғана болған «Қазнет» тұтынушыларының 2013 жылы 11 миллионнан асып жығылғаны айқын дәлел бола алмақ. Бұл – қазақтардың да ғаламтордағы қатары көбейе түсті деген сөз. Бірақ мұнда да Ресейдің «Интерфакс», «Новости» сынды ақпараттық сайттарының «Интерфакс-Казахстан», «Новости-Казахстан» клондарынан көз сүрінеді. Сайттарды былай қойғанда, «Агент», «Мой Мир», «Однаклассники», «В Контакте» сияқты әлеуметтік желілері қазақстандық интернет тұтынушылардың жүрегі мен санасын жаулап алды. Ал бұл желілер ресейлік арнаулы қызметтің қазақстандық контентке әлеуметтік зерттеу жүргізетін құралына айналған.

Қалай десек те, бүгінде қазақ ақпарат әлемі Путин бастаған шовинистік империяның «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» тұр. Болашақта ғайыптан тайып, уақыт өз дегенін алып, қазақстандық билік ауысып, Евразиялық одақтан шығатындай болсақ, Кремль Украинаға жасағанын бізге қайталамасына кім кепіл?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясын көтеріп, қазақ қоғамы арасында бұрқ-сарқ пікір тудырғаны баршаға мәлім. Ол идеяның мәні мен мазмұны бөлек тақырыптың арқауы. Бірақ осы «мәңгілік елде» тәуелсіз баспасөздің өрісі шектелгенін, оның орнын орыстық оғаш ошақтар жаулап жатқанын идея авторы біле ме екен? Еуразиялық одақ дүрмегімен көршіміздің көлеңкесіне жантаямыз деп жүріп, ұлттың жаны мен рухынан айырылып қалмасақ болғаны.

Есдәулет ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 36 (260) 09 қазан 2014 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1446
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1292
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1047
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1101