Сенбі, 27 Сәуір 2024
Қорған 9059 1 пікір 15 Қазан, 2014 сағат 10:56

ЛИБАЙ ҚАЗАҚ ЕМЕС (Басы)

Белгілі тарихшы Әлімғазы Дәулетхан ондаған жылдар бедерінде баспасөз бетінде даулы әңгімеге айналған қытай ақыны Либай төңірегіндегі мақалалар мен ой пікірлерді топтап, кітап етіп шығарыпты. Бүгіннен бастап «Либай қазақ емес» атты кітапты жариялауды бастап отырмыз.

Abai.kz

(Қытай ақыны Либай туралы Қазақ баспасөзінде жарияланған

мақалалар мен ой пікірлер топтамасы)

Құрастырушыдан

      Қадірлі оқырмандар, назарларыңызға ұсынылып отырған ұжымдық шағын жинақ жөнінде аздаған анықтама-түсініктеме бере кетуді пайдалы көрдік. Өйткені бұл жинаққа енген мақалалар әр жылдары, әр турлі басылымдарда жарық көргендіктен, олармен жүйелі танысып, ой таразысынан өткізу мүмкіндігі болмағанын, сондай-ақ, бұл мақалаларда көтерілген даулы тақырыптардың елімізде ғана емес, халықаралық, өңірлік мүдделер қақтығысына тікелей қатысы болғанын ескеріп мәселенің неден, қалай, кімдер жағынан, қандай мақсатпен ортаға шығу барысына назар аудару керек болды.

  Естеріңізге сала кетейін — «Ли Бай – Елдібай - Елібай» елесі соңғы он жылдықтар шамасында қазақстанды кезіп, талай-талай адамдардың делебесін қоздырып, «өлгені тіріліп,өшкені жанғанын» алақайлап жарнамалауға дейін барды. Осынау аса қатерлі әдеби әрі саяси авантюра мемлекеттік тіпті халықаралық сипат алып қазақстан окіметі мен парламентін, күллі БАҚ өкілдерін дүрк қозғап, сенатор Өмірбек Бәйгелді мен арандатқыш Мұқтархан Оразбайға алғыстарын айтып тауыса алмай дүрбелеңге түсірді!

  Ендеше, сөзді Ли Бай-Елдібай елесін кім, қашан, не мақсатпен қазақстанға алып келді  дегеннен бастаған жөн сияқты.

1997 жылы “қазақ әдебиеті” газетінің 12 Тамыз №32 -іңде «Көне Қытай жазбаларындағы түрік ақындары» атты мақаласында Дукен өмірде мүлде болмаған «Қарлұқ Кегменер үлгеұлы» дегенді оқырмандар назарына тықпалады. Соған іле-шала жалған профессор Мұқтархан Оразбай оны «Қарлұқ қамбар ақын» деп қазақыландырып, 2001 жылы «Қазақ унивесситеті» баспасы құрастырған «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты оқулыққа енгізіп жіберіпті. Ол олма, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың қүрастыруымен «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2000 жылы шыққан «Екі мың жылдық дала жыры» атты кітапқа да еніп үлгеріпті.

  Дукен мен Мұқтархан екі жақтап жалаулатқан, акадимик Ә. Нысанбаев пен профессор Т.Кәкішевтер шүйіншілей жарнамалаған “Қарлұқ Кегменер-Қамбар ақын” туралы нағыз шындықты білгісі келген оқырман Қытай тіліне жетік архелог Сағынтай Сұңғатайдың “Ақ жол” газетінің 2004 жылғы  9 қаңтарында жарялаған «Біздің “қытайтанушылар” ғылымды неге былғайды?» деген мақаласын тауып оқуына болады. Ол мақаланың ықшамдаған нұсқасың «Қазақ әдебиеті» газеті 2008 жылғы 28 ақпандағы нөмірінде «Канменер деген қандай ер?» деген атпен жарялаған болатын. Дәл осы нұсқаны «Қазақстан» газеті 2009 жылы қараша айында қайта басқан еді. Бұл мақала “Аңқау елге арамза молдалық” жасағысы келген зерттеуші-аудармашысмақтардың адами һам саяси бет пердесін айпарадай ашқандықтан бұл арада ол туралы тоқталып жатпаймыз.

  “Канменердің” қандарй ер екені әшкере болғаннан кейін одан қорытынды шығаруды былай қойып «Қазақ әдебиеті» газеті 2007 жылдың сәуір айындағы қос нөмірінде Мұқтарханның «Қытайды қайран қалдырған қандасымыз Елдібай ақын туралы не білеміз?» атты арандатушы мақаласын жарялап жіберді. 2008 жылы «Әдебиет» баспа үйі дегеннен «Елімен қауышқан Елдібай ақын» атты кітап Мұқтарханның алғысөзмен, әрі аудармасымен оқырмандарға ұсынылды. Ал 2009 жылы Ли бай-Елдібай елесін нақтылы қазақылық, оданда дулаттық образға айналдырған «Елдібай. Ли Бай. Ли Бо» атты 540 беттік кітап ҚАЗ ақпарат баспасынан жарық көрді. Кітапқа алғы сөзді тарихпен де әдебиетпен де мүлде қатысы жоқ сенатор Өмірбек байгелді мен қосанжарласа доктор Сауытбек Әбдірахман жазыпты.

  “Елдібай-Ли Бай елесін”жалаулатқан мақалалар мен кітаптарды  арт-артынан бұрқыратқан Мұқтарханның “тарихи еңбегін” Сенатор Өмірбеқ өз атына аударып алудан қымсынбай-ақ «Қазақстан» газетінің тілшісі Сәуле Қабанбаймен (2 сәуір, 2009) болған сұхбатында “тарихтың түиінін тарқатумен айналысып жүрмін” деген мәлімдеме мәнзелдес сөзінде “701 жылы Қытайда туылған Елдібай (Ли Бай) деген ақынды аштым” деп айды аспанға шығарды.

  Сол-ақ екен Қазақстандық Өкіметке тәуелді газет-журналдар мен радио-телевидениесі “ұлы жаңалықты”жарыса жарнамалап “ауызы дуалы” делінетін кәрі-жас қаламгерлер астанада дүбірлі жиналыс өтқізіп, “еңбекті бағалау елдікке сын” екенін ұрандап көкелерінің “ерлігін елеп”, медениет қайраткері атағымен әспеттеді. Біз оны қызғанып отырған жоқпыз. Мәселенің қауіпті шекке жеткені сонша, елдігіміз бен егемендігімізге, мемлекеттің аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін саяси, дипломатиялық арандатуға жол ашқандай болғаны жанмызға батты. Мұқтархан құрған торға сенаторларымыз бен сорпа бетіне шығар жақсы-жайсаңдармыздың топ-тобымен шырмалып бара жатқаны үрей тудырды.

  Ол-олма, Астанадағы мемлекеттік іс-шараға айналған дүбірлі бас қосуда алдағы уақытта:

  1. Қытайда жазылған 38 серялы телефильмнің алғашқы бес серясы (Ли Байдың балалық шағын) ол туып-ості деп өздері заңдастырған Шу-Тараз жерінде түсіру.
  2. Ли Байдың мәрмәр ескерткішін орнатып ,Шу жерінен мұражай ашу.
  3. Ли Байдың 25 томдық өлеңдер жинағын түгел қазақшалап, баспадан шығаруға өкіметтен қаржы бөлу.
  4. Ли Бай тану институтын немесе орталығын Астана мен Алматының біреуінен ашу. т.б ұсыныстар ортаға қойылды. Оны Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Сәбит Досан, Ақселеу Сейдімбек марқұм, сол тұстағы мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-мұхамед, білім және ғылым министрі Жансейт Түймебаев, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов сияқты атқамінерлер қолдап-қуаттайтыны белгілі болды. Енді тек нақтылы қаржылай қолдау мен ұйымдастыру мәселесі ғана қалды.

Осындай әсіре науқаншылдықпен тарихи, рухани һам саяси өміріміздегі бұра тартуға шыдамай дауыс көтерген бірінші адам қытайтанушы профессор Клара Хафизова болды. Ол «Алаш айнасы» газетінің (16.09.2009 №160) тілшісі Қаунышбек Қаримен болған сұхбатында бетке ұрғандай етіп, “Біздің елде қытайтанумен көбіне Қытайды білмейтін адамдар айналысады.” - деп мәмімдеді. Сондай дүмше, ұрыншақ қытайтанушылардың кесірінен Қазақ мемлекетінің абыройы мен мемлекеттік тұтастығына қауіп төндіретін саяси авантюраға жол ашылып жатқанын ашына жазды. “Қазір біздегі Ли Бо туралы айтылып жатқанның бәрі кілең спекуляция! Бірінші спекуляцияны қытайлар 1969 жылы бастаған еді.” -деп тұжырымды сөзін айтқан болатын.

Бұл туралы білгісі келеген оқырман осы жинаққа енген мәтіннің толық нұсқасымен таныса алады.

Мен 1961-1966 жылдар аралығында “Шинжяң университетінің” Қытай тіл-әдебиеті факультетінде оқып, Қытай тарихы мен әдебиетінен жүйелі білім алған бір адам ретінде Ли Бай туралы айтып жатқан саяси, әдеби арандату жөнінде өз көзқарасымды білдірмей тұра алмадым. Оның үстіне Ли Бай өмір сүрген дәуірге тікелей қатысты Батыс түрік қағанаты мен Түркеш қағанаты (692-766 жылдары) тарихын зерттеп, ол туралы ондаған мақалалар мен арнаулы монография жазып жариялаған тарихшы ретінде айтары бар адам екенімді сезініп, әрі ұлтым мен мемлекетімнің тағдыр-тәлейіне қатысы бар үлкен іске араласуды перзенттік парызым деп есептеп тәуекел кемесіне отыруға бел будым. Өйткені, мен кімдермен, қандай дүлей күшпен бетпе-бет айқасуға тура келерін, күштінің арты диірмен тартып кету қаупі бар екенін біле тұра нар тәуекелге бардым.  Алғашқы сөзді “Елібай –Либай ақынды ашқан” Сенатор Өмірбек Байгелдіге арнаған “Тарих түйінін сізше тарқату күнә” атты ашық хат арқылы айттым. Сенатордың әлем мойындаған, қарапайым сауатты адамдардың бәріне белгілі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар жөніндегі ой жоталарының қисынсыздығын ұғынықты тілмен дәлелдеп, ақсақалды байсалды ғылыми айтысқа шақырып едік. Ақсақалдан дыбыр-дыбыс естілмеді. Сондықтан Ли Байдың кім болғаны, қай жерде туылғаны жөнінде Қытай Ли Байтанушыларының  1300 жылдан бергі тарихнамасын үлкен төрт кезең бойынша талдап, таныстырылған «Ақиқат пен аңыз», «Байгелді “Елібай” деп жүрген Қытай ақыны Ли Бай шынында қай жерде туған?” -деген көлемді мақала жариялап тарихи шындыққа құрмет етуге үндедік. Баяғы жартас, бір жартас. Ақсақалымыздан ақылды жауап күткеніміз бекер болды. Солай болса да Ли Бай жөнінде сенатор көкемізге де, доктор Сауытбекке де жалған мөлімет беріп, тарихи шындыққа қасақана қиянат жасаған, сөйтіп қазақ зиялы қауымын ұятқа қалдырған арандатқыш Мұқтархан Оразбайдың 15 өтірігін маңдайына ұрып отырып әшкерелеген « Аңқау елге арамза молда немесе Мүқтарханның 15 өтірігі» атты көлемді мақала жазып жарияладым. Ниеті қалыс, ақыл-есі дұрыс адамдардың “Ли Бай -Елдібай елесі жөніндегі шатысып-бытысқан ұғым-түсініктерін айқындап тарихи-шындыққа көзін жеткізеріне кәміл сеніп едік. Ол солай болса да, Тарихшылар мен әдебиетшілерді былай қойғанда,  Қазақстанның түкпір-түкпірінен менің көзқарасымды қолдап-қуаттаған мақалалар мен қысқа пікірлер баспасөзде, интернет сайттарында арт-артынан жарияланып жатты. Оларды да топтастырып осы кітапшаға енгізіп отырмыз.

  Бір таңданарлық парадокс — біздің “Елдібай-Алқабишіл” қарсыластарымыз жұмған ауздарын ашуға жарамады. “Жарамады”  дейміз-ау, олар “ит үреді, керуен көшеді” дейтін халық даналығын бетперде етіп өздерінше шалқақтап жүретін көрінеді. Қайтсін-ай! Іші қазандай қайнағанмен күресерге дәрмені жоқ болған соң не шара?!

Мұқтарханның арандатушы мақаласын алғаш жариялаған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштай мен Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинның атына арнайы хат жазып,  “Елдібай — Ли Бай” сандырағын әшкерелейтін «Аңқау елге арамза молда, немесе Мұқтарханның 15 өтірігі» атты мақаламды газеттерінде жариялауды сұрандым. Иә, кәдімгі үнсіздік, безбүйрек жауапкерсіздік. Бас редакторды іздеп бірнеше барып, ақыры жолықтым. Мүйізі қарағайдай бас редактор, көріністе белсенді қаламгер Шаштайұлы:

— Әлеке, мен сізді түсініп отырмын, мақалаңызбен таныстым. Қолдаймын. Бірақ мен Нұрланның бір ауыз сөзінсіз ешнәрсе істей алмаймын. Сол кісіге барып жолығыңыз, мен де айтамын. Бұл өзі қиын мәселе болып тұр ғой, анау жаққа тікелей (оң қолын ауа қармай көтеріп) байланысты нәрсе болғаныдқтан амал жоқ, - деп міңгірледі.

—                  Ой, сонда кімнен қорқасың, әлде Астыңдағы креслодан айырылып қалам ба деп үрейленесің бе? – дегенімде ол беті бүлк етпестен:

—                  Әлеке, біз де сіздердің аяқтарыңызды алып келе жатырмыз ғой, бала-шағаны бағу керек, әрине қорқамын, - деді.

— Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторға бір жарыған екен ғой, рахмет!  - деп шығып кеттім.

Төраға Нұрланды кабинетінен кездестіру мүлде мүмкін болмады. Мақаламен, арнайы хат мәтінімен танысқанына қарамай жауапсыз қалдырды.

Осы аралықта профессор Талас Омарбековтің «Жалған ғалымның жетегінде кетпейік» -деген аса байсалды әрі шамырқана ашынған мақаласы «Қазастан» газетінде (26.11.2009) жариялана қалды. Мәлімдеме сипаттас шағын мақала Мұқтархан тәрізді жалған зерттеушінің шимай-шатпақтарынан аңқау да сенгіш зиялы қауым өкілдерін сақтандырғысы келетінімен аяқталады.

Профессордың сақтандыруы ескеруісіз қала қоймаған екен. Академик Мәлік Асылбеков бастаған тарихшылары мен әдебиетшілері қол қойған арнайы үндеу хаты жазылды. «Тарихи сананың тазалығын сақтайық, —Қазақстан тарихшылары мен әдебитешілері және Қазақстан Республикасының Білім-Ғылым министірлігі мен БАҚ өкілдеріне үндеу» -деп аталатын аса маңызды мақаланы да Нұрлан Оразалиннің қабылдау бөлмесіндегі тіркеуге алынғанына қарамай жыл аяғына дейін жауапсыз қалдырды.

2009 жылдың 30 желтоқсаны күні профессор Мекемтас Мырзахмет пен Мамбет Қойгелдиев үшеуіміз үшбу үндеудің жауабын есту үшін Нұрланның кабинетіне кірдік. Тұп-тура екі сағат әңгіме болды. Нұрекең жорға жүрісіне салып талайға дейін сырғақтаумен болды. Алайда зілбатпан күрдіздей мойын бұрғызбас шындық деген бір алапат күш бар емес пе еді. Қара жерден коньки тебуге шебер Нұрекең қанша бұлталақтаса да қолға тоқтауға мәжбүр болды -ау деймін, ол былай деді:

—Әзірге дейін, (осы минутқа дейін деп үстеп қойды) мен Өмірбек көкем жағында болып келіп едім. Енді әзірден бастап сіздер жаққа өткенімді мойындаймын. Тарихи сауатымды ашқандай болдым. Болды, келістік, мен Жұмабайға айтып «Үндеулеріңізді» газетке жариялауға сөз берейін. Бірақ сіздер де мені дұрыс түсініңіздер, сыйласып жүрген ағамыз еді. Сол кісінің алдынан бір өтейін. Мына бір Мұқтархан деген алаяқтың алдауына еріп, араңдап қалғанына көзін жеткізіп, ендігі айыптының Мұқтархан екенін қазақ оқырмандарына анықтап, әшкерелейтін мақалаларды жариялайық деп айтайын. Бәлкім ол кісі де түсінер, райынан қайтар, ал олай болмаса, бізідің пікірмен санасқысы келмесе амал жоқ. Бізге де өкпелеуге негіз қалмас,  - деді.

Біз оған да келістік. Жөн -ақ уәж сияқты. Бірақ Нұрекең сөзінде тұра алмады. Білдей төрағаның, дардай еркек адамның өз сөзіне өзі ие болмауы дегенді қалай түсінеміз. Мінеки, содан бері табаны күректей 900 күн өте шығыпты. Нұрекең қара жерде коньки теуіп мәз болып жүр. Ұят-ай, мені қойшы, жасы сексеннен асқан қазақтың ардагер ғалымы Мекемтас ағадан ұят болды.

Біздің зиялыларымыздың, жазушылар одағы деп аталатын киелі шаңырақтың төрінде отырған төрағамыздың азаматтығы мен жауапкершілігінің сыйқы осындай екен!

Әйгілі «Үндеуді» еліміздің “бас газеті” деп жалаулатқан «Егемен Қазастан» газетіне, оның бастығы Сауытбек мырзаның атына жазған шағын хатымызбен бірге жібріп едік. Хат 2009 жылдың 8 қарашасында жіберілді. Тапсрып алып, тіркелді. Бірақ тырс еткен дыбыс шықпады. Хатта үш түрлі ұсыныс айтылған болатын. Соның бірі — араңдатқан Мұқтарханның алаяқтығын әшкерелейтін «Аңқау елге арамза молда, немесе Мұқтархан Оразбайдың 15 өтірігі» атты көлемді мақаламды газеттеріңде жариялау өтініші еді. Күні бүгінге дейін «Егемен Қазақстан» үнсіз жатыр. Сонда, республиканың «Бас газеті» Мұқтарханның «жыртық» абыройын қорғаушы, «Ли Бай — Елдібай елесін аластауға құлықсыз, былайша айтқанда “мүдделес топтардың” газеті болғаны ғой.

Мен «Егемен Қазақсатн» газеті басшылары арқылы Қазақстан жазушылар одағы басқармасымен «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымы бас болып мүдделі тараптарды толық қамтыған беделді комиссия құру арқылы ғылыми сарап жасап, әділ баға, тұрлаулы үкім шығаруларын да талап етіп едім.

Сонда ұсыныс–талап неге ескерусіз қалдырылды? Қытай халқында “Байлардың өрт қоюына болады, ал кедейлердің от тамызуына неге рұқсат етілмейді?” –деген ащы мәтел бар. Республиканың екі бірдей “бас газеті” («Егемен Қазатсан» мен «Қазақ әдебиеті») Мұқтарханның ғылымға да, әдебиетке де саясатқа да ешбір жанасымы жоқ сандырағын жалаулата жарнмалап басқанда алды–артына қарауға мұршасы келмеген еді, ал бізге келегнде неге кежегесі кейін тартып, бізідң тамызған отымызды неге тұтандырмай өшіріп тастауға мүдделі болды?

Егемен елдің баспасөз жөніндегі заңдары қайда қалды? Авторлық құқық пен Конституциямыз берген азаматтық құқық неге аяққа басылады? Әділет, жауапкершілік дегендердің осылайша әдірем қалғаны ма? Бір ғана сенатор Өмірбек Байгелдінің қаһары мен зілі барша хақ–құқтардан тегеурінді болғаны ғой.

Сөйте тұра үлкен сахналар мен баспасөз беттерінде жер тәңірісініп шірене сөйлегенде, демократия мен адамгершіліктің алтын таразысын ұстаған кісімсінген сықпыттарын көргенде жерге түкіруден басқа амалың қалмайтыны өкінішті–ақ.

Көңілге медеу боларлық бір жағдай, Қазақстандық тарихшылар мен әдебиетшілер, Қазақ елінде болып жатқан осынау келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын отаншыл азаматтар баспасөзде өз пікірлерін үздіксіз жариялап барынша қолдап отырды.

2009 жылдың 26 қарашасында профессор Талас Өмірбековтің «Жалған ғалымның жетегінде кетпейік» деген үндеу мазмұндас шағын мақаласы («Қазақстан» апталығында) жарияланды. Ол өз мақаласында ашына: “Қой терісін жамылған Мұқтарханның қалай “тарихшы” атанып жүргенін еліміздің белгілі тарихшылары жақсы біледі. Қазақстанның Тарих ғылымында Мұқтархан Оразбай деген тарих ғылымының докторы, мұндай есімді профессор, оның өзі ойдан шығарған VIII ғасырдағы дулулардың жалған ақыны Елібай тәрізді өмірде жоқ, мұндай есімді тарихшыға біздің елімізде тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілген жоқ.”-деп  жазды. Біз осы жағдайдың ақ-қарасын айқындау мақсатымен сол тұстағы “Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің” төрағасы Н.Қалабаев атына сұрау салып едік. 2010 жылдың 17 қыркүйегінде ол кісіден: “1992-2010 жылдардағы мәліметтер қорына сәйкес, Мұқтархан Оразбайға ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежесі берілмеген, доцент немесе порфессор ғылыми атағы берілмеген. Мұқтархан Оразбай басқа елдердің аттестациялық органдары берген ғылым докторы дәрежесіне ие болуы мүмкін, бірақ «Ғылыми дәреже беру ережесіне» сәйкес Қазақстан Республикасында комитет берген ғылым докторы мен кандидаттары дипломдары ғана танылады.” -деген жауап хат алдық.

Ол хаттың толық мәтіні осы жыинаққа түгел енгізілді. Мінекей,  қазақ баспа сөзінде біресе тарих ғылымының докторы-профессор, біресе филология ғылымының докторы-профессор атағын жалаулатып сұқбат беруден ұялмайтын Мұқтарханның шын сиқы ,бар шындығы осы болатын.

Мүқтарханның Анкара университетінен қалай қуылғаны, “сценаристер курсын бітірді” делінген шимай қағазды Бейжиң университеттерінің бірінің дипломы деп түріктерді алдағаны әшкереленіп жұмыстан қуылғанын ашына жазған түркиалық Қалман Қочигт («Жас алаш» 8.XII.2009) “Абай болайықшы”деп ағайындық сөзін айтқан болатын.

Жалпы алғанда 2009 жылдардан 2011 жылдар аралығында Мұқтархан мен сенатор Өмірбек Байгелді атына сын пікір айтқан авторлар саны оннан асады, интернет сайттарында да үздіксіз пікір білдірген адамдар тіпті коп болды.

Қолдарыңыздағы жыинаққа солардың барлығын дерлік енгізіп, бұл тақырыпқа қызыққан оқырмандардың жүйелі пікір, жосықты ой топшылауларына жәрдемші болуға тырыстық.

Ендігі сөзді ықшамдап, жүйелер болсақ мынадай сұрақтарға жауап табуға, жауаптасуға саятын сиақты:   

1. Кегменер — кан-ман-эр — Қамбарлар мен Либай-Елдібай Елібайларды Қытайдан қазаққа айналдырып бірінен албан-суан, бірінен дулат жасау жай ғана рушылдық пен жершілдік желіктірген жалған отаншылдық па, әлде алысты көздеген Қытай саяасатының мылтықсыз майдан десанттарының мақсатты, жоспарлы әрекеттерінің нәтижесі ме? Олай болмаса өткен ғасырдың екінші жартысында Қытайда жұргізілген аты шулы саяси науқандар тұсында, әрі Орыс-Қытай шекара жанжалы (1962 жылы Іле-Шәуешектегі 29 май қанды оқиғасы мен 1969 жылдағы Даман аралымен Жалаңаш көлдегі шекара қақтығыстарға ұласқан жер дауы) Қытай ішкі-сыртқы барлау қызыметтері қолдан жасап, баспасөз желікпесіне ұласқан Кан-ман-эр, Шу жерінде туылды делінген Либай дабырасының шуы басылып, саяси авантюра ретінде терістелген тақырыпты Қазақстанға әкеліп, Қытай тарихынан,  Қытай саясатынан бейхабар Қазақстандық қазақтарды арандату кімге, неге керек болды?

Мұқтархан деген кім?  Оның саяси бет-бейнесі, өмір тарихы,  алған білімі мен істеген қызыметі қандай деген сұрақтармен айналысу біздің құзырымыздағы іс емес екенін түсінеміз. Алайда көзге ұрып, көңілді күпті етіп тұрған нақтылы мәселелерге ой-пікірімізды білдіре кетуге Мұқтарханның өзі бізді мәжүбірлеп тұр .

Мұқтарханның біз білген өмірбаянында, оның 7, 8 сыныптан артық партада отырып алған жұйелі білімі, ол туралы куәліктері мен дипломдары мүлде жоқ. Онымен бірге оқыды делінген (Қытайда да, Түркиада да, Қазақстанда да) бірде-бір сабақтасы жоқ. Ал оның осы жинаққа ендірілген «Мұқтархан Оразбай» атты өз қолымен жазылған өмірбаянын оқып, бізбен бірге қай жағаларыңызды  ұстарларыңызды өздеріңіз білесіздер.

Біздің мекемелер мен жоғары оқу орындарындағы кадырлар бөлімі қызыметкері өз адамдарын жұмысқа қабылдарда қандай  қиямет-қайымнан өткізетінін жақсы білеміз. Ал соңғы 20 жылдан бері Қазақстанның бір қанша жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтарын адақтап шыққан Мұқтарханның не жоғарғы оқу орнын бітірген дипломы, не ВАК талаптарына сай келетін ғылыми атақ-дәрежелері жөніндегі дипломы жоқ екендігіне қарамай докторлық-профессорлық жалақы төленіп келгені ғажаптандырады.

Тек Елдібай-Елібай жөніндегі дауға біздің араласқанымыздан кейін, 2010 жылдан былай қарай ол қызмет ететін С.Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің кадр бөлімі мен кафедра басшыларының табанды талаптарына жауап таба алмаған жалған профессор амалсыздан “аға оқытушы” дәрежесімен айлық алуға көнсе керек. Сонда 20 жыл бойы қазақ мемлекетін, оның кадр саясатын тәлкек етіп, арам айлық алып келген алдамшыға қазақ өкіметі, оның құзырлы өргандары бей-жай қарап отыра бере ме?

Бұл іске “Мемлекеттік  қызмет жөніндегі агенттік” қалай қарайды екен? Қаржы полициясы мен Әділет министірлігінің қатысы неге болмасын? Жалған документ жасаған адмға қолданылар заң тармақтары бізде жоқ па?

Бұны басқа білмесе де сенатор Өмірбек Байгелді мен Қазақстан газеттері АҚ басқарма төрағасы, профессор, доктор Сауытбек Әбдірахмановтар кіммен, қалай істес, мүдделес болып отырғанын білуге тиіс емес пе еді?!

2. Сеноатор Өмірбек Байгелді екі мемлекет арасында ат сабылтып 2-3 жыл шапқылағанда түсірген пәленбай сериялы құжаттық фильміне «Табылмай келген қазына» дегент ат беріпті. Сондағы тапқаны (Қазақстан каналынан көргеніміз бойынша) Ли Бай туып-өскен делінген Жамбыл облысының тау-тасы мен ми даласынан басталған сценаристің Қытайдағы Ли Бай жүріп өткен қалалар мен тау-тастағы ескерткіштер, сапырылысқан қытайлар мен мұражайлар көрінісі екен. Одан қазаққа, түрік халықтарына қатысты бір елес те таппайсыз. Сонда Өмекеңе таптырмай-таптырмай сандалтып жүріп тапқызған қай “асыл мұраны” бізге сүйіншілеп отыр? Ештеңе де!

Ендеше күл төбенің басында, күнде кеңес құрып отырар білдей сенатор Өмірбек Байгелді қандай зәрулікпен, қандай мемлекеттік тапсырмамен, қандай қаражатпен, қандай бос уақыт тауып пәленбай режиссер, фотограф, аудармашы, бас редактор (президент) Сауытбекті апталап, айлап 3-4 айлап) іс сапарға шыққанын сұрауға хақымыз бар ма, жоқ па? Сенатор көкеміз «Елібай —Ли Бай —Ли Бо» атты кітапқа жазған “Алғы сөзінде” — “Бар шындықтың бетін ашу үшін біздің елден жан-жақты мұқият дайындалған ауқымды зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл істерді атқару үшін арнайы топ құрылып, олар керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, содан кейін барып олар ұзақ уақытқа Қытай еліне сапарға аттанды.” ( 4 бет)  -деп жазыпты. Бүгінгі таңда Сенатор мырза осы айтылған сөздеріне қалай жауап берер екен? Ойдан шығарылған арандатушы абыройсыз науқанға ( ел аралық ) килігу сізді бұл кундері окіндірмеді ме? Қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекет қаржысын оңды-солды шашу фактысы бойынша заң алдында жауап беруге тиіс екеніңізді сезінесіз бе, әлде қолынан келген қонышынан баса беретін бүгінгі “жазылмаған заңдарға” арқа сүйеп кеуделеп кете береріңізге нық сенімдісіз бе?! Судың да сұрауы бар екенін естен шығаруға болмас …

Сенатор мырза, сіз екінің бірін таңдауға міндеттісіз: Біріншісі, сіз “аштым” деген “Елібай” ақын туралы сіздің және арандатқыш Мұқсарханның атына айтылған менің және баспасөзде жарияланған 21 мақаладағы айыптаулар мен сын-зерттеулерді теріске шығарып, өз ашқан жаңалығыңызды қорғап қалуға әрекеттенүіңіз керек еді. Өтірік-шын профессор пікірлестіріңіз бен басқа да тілеулес жас-кәрілеріңіз арашаға түсуі керек еді. Төрт жылдың жүзі болыпты, баспасөзде ол туралы жарты сөйлем сөз жазып сізге қолдау көрсеткен адамды көре алмадық. Сіздердің аттарыңызға қаншама ауыр сөздер айтқандар да болды. Сотқа беріп, ар-ұжанды қарғағыш заң тармақтарына да жүгіне алмадыңыздар. Бар тапқандарыңыз “Ит үреді, керуен көшеді” болса керек. Ол сөз тек сіздердің тегін Жекешелендіріп алған мүліктеріңіз тәрізді меншіктеріңізге жатпайды. Біз ол мәтелді өзгертіп “Керуен көшіп жатса да, басын көтеріп мәу деуге жарамайтын маубас төбеттерге” қаратып айтуымызға да болады. “Үнсіздік келіскендіктің белгісі” ғана емес, бұл арада, ол ,не надан коркөкіректік, не болмаса барар жер, басар тау таппай дағдарған шарасыздықты мойындауға кісілігі--ерлігі жетпеген өресіздіктен басқа ештеңе де емес. Сенетор мырза,  профессор, доктор (мемлекеттің бас газетінің бас жауапты мансаптысы) Сауытбек мырзалар, қанша ащы, қанша ыңғайсыз болса да шындықты мойындауға міндетті екендіктеріңізді тағы бір рет естеріңізге сала кетуді азаматтық борышым деп санадым. Тарих –уақыт деген құрғырың тым қатал -ғой, ал мәнсап пен байлық , көбік атақтар уақыты келгенде бақбақтың тозаңындай ғайып болар баянсыз нәрселер емес пе еді?!

Егер осы бір қарапайым қағиданы түсінгілеріңіз келмесе, амал нешік, халықаралық алааяқ Мұқтарханмен қатар тұрып ар алдында, ғылым алдында жауап беретін мүбәрәк күндерді сабырмен күтеміз.

Ал, екіншісі, одан да қаталдау, бірақ әділет жолы, заң жолына жүгіну болмақ. Бүгін болмағанмен ертең, немесе толғағы жеткен бір күндері билігін асыра пайдаланып, жеке бастың дарақы мақтанымен рушылдығы, жүзшілдігі мүддесі тұрғысынан мемлекет қаржысын оңды-солды шашқаны үшін, тәртіптік кеңес пен қаржы полициясы лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін тексеріп-тектейтініне кәміл  сенеміз. Алайда сіздер сол бір аты жаман абройсыз сәтті күтпей-ақ ақиқат жолына бұрылғандарыңыз жөн болар еді.

Ал Қытай –Түркия-Қазақ мемлекеттерін тасқаяқтай қағыстарып, жалған документ жасап, ел аралық  заңдарды, Қазақстан заңдарын  орескел бұзып келген Мухтарханның ісімен әділет министрлігі мен прокуратура, ғылым министрлігі мен Сулеймен Демирел атындағы Қазақ-Түрік университеті басшылары айналысуға тиіс деп қараймыз.

Өмірде де, өнерде де болып көрмеген Канмен эр — қамбар ақын дегенді қазақстанға сүйреп әкеп, оқулықтар мен энциклопедияларға енгізген Дукен Мәсімхандар мен Академик Ә. Нысанбаев пен профессор Т. Кәкішівтер,  Қазақстан қоғамдық ғылымдарына орны талмас саяси һам ғылыми нұқсан келтіргенін ашық мәлімдеп оқулықтар мен хрестоматиялардан аластауы керек деп есептейміз.

Ал «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебиеті» редакциясы әдебиет пен тарихты бұрмалап залалды ақпарат таратқаны үшін қазақ оқырмандарынан кешірім сұрай отырып академик Мәлік Қантемірұлы мен профессорлар Мәмбет Қойгелдиев, Зардықан Қинаят бастаған жеті ғалымның «Тарихи сананың саралығын сақтайық» атты (2009 жылдың соңында жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиеті» газеті мен төраға Н.Оразалинге тапсырылған) үндеу хатын «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ әдебитеінде» жариялауын талап етеміз.

 Қадірлі оқырмандар осы жинақтан аталмыш тақырыптың қалай көтеріліп, қалай өрбігені жөнінде жарияланған барлық мақалалар мен құжаттарды таба аласыздар. Оның сыртында Қытайдағы Қазақтардың танымал Ли Бай танушы-аудармашысы Әбділдәбек Ақыштайұлының Ли Бай өмірбаяны мен шығармашылығына арналған көлемді мақаласын қоса беріп отырмыз.

Ендігі сөзді патша көңіл оқырмандар мен жоғарыда аты айтылған азаматтардан күтеміз.

 Құрметті оқырмандар, осыған дейінгі жазылған сөздер (құрастырушылардың сөздері) бұдан төрт жыл бұрын жинақталып шағын кітапша ретінде дайындалған еді. Кітап етіп жариялауға асықпаған себебіміз, біріншіден қарсы көзқарастағы адамдардың өз пікірлерін  қорғап жақтайтын мақалаларының баспасөз бетінде жариялануын күттік. Өқінішке орай бүгінге дейін тырс еткен дабыс, бір сөйлем сөз айтуға ешкімнің батылы да, жауапкершілігі де болмағанына куә болдық.

Екіншіден кейбір  ара ағайындардың  болды ғой, жығылған үстіне жұдырық ұра берідің қажеті не шындықты шырылдатып айта алдыңдар емес пе, деген уәжіне де құлақ асуға тура келді.   Бірақ, төрт жылдан бергі өмір шындығы ара ағайындар ойлағандай бола қоймағанын көрсетті. Оған да кезінде сыбағалы жауабы берілген болатын. Таяуда Жанұзақ Әкім деген қорғаушы ғаламторды біраз шулатты. Шіркін-ау солардың қай-қайсысы болса да ғылыми айтысқа, ғылыми жауап іздеудің орнына біздің жеке басымызға, ар-намысымызға кір келтіретін  байламнана аса алмағанына жаның ашиды екен.

Барлық жағдайларды назарда ұстай отырып, ғаламтор арқылы оқырмандарға толық мағлұмат беретін шағын кітапшаны жарияламай болмайтынына көзіміз жетті.

Құрметпен,

Әлімғазы Даулетхан, 

Ыбырай Қошқари.

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір