Сенбі, 27 Сәуір 2024
Бәсе... 6533 0 пікір 16 Қазан, 2014 сағат 10:10

ДӘРІ НЕГЕ ҚЫМБАТ ДЕСЕК...

Біздің елімізде фармацевтикалық (дәрі жасау) өнеркәсіпті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғанын көбіміз біле бермейміз. Құдайға шүкір, мұндай бағдарлама қабылданып, өкімет оны орындауға кіріскен. Бағдарлама қабылданған соң оны іске асырудың ең басты тетігі – қаражат та бюджетте қарастырылған. Бағдарламаның ең басты мақсаты – 2014 жылы қазақстандықтардың дәріге деген сұранысының 50 пайызын өзіміздің өніммен өтеу. Сонда дәрі біршама арзан болатыны белгілі. Ал енді мына қызыққа қараңыз...

2009 жылы біздің дәрі өндірушілеріміз ішкі сұраныстың 30 пайызын өз өнімдерімен жапқан. 2011 жылы бұл көрсеткіш тіпті 49,3 пайызға жеткен.  Дұрыс-ақ... Осы қарқынмен тағы бір секірсе 2014 жылға белгіленген межеге де жетіп қалатын еді... Бірақ олай болмай шықты. Баяғы таз қалпына қайта келіп, халықты дәрі-дәрмекпен қамту... 2012 жылы қайтадан 15,4 пайызға құлдилаған.

Таң қалмай көріңіз. Бағдарлама анау, қаражат міне, алмақшы болған меже жақын қалған, дағдарыс жоқ. Ендеше біздің фармацевтшілерге құлдырау қайдан келген? Бұған депутаттар да таң қалып отыр. Әсіресе, экономикалық мәселелерге қашанда жүйріктігімен танылып жүрген Тұрсынбек Өмірзақов аң-таң қалып отыр. Өзінің депутаттық құқын пайдаланып ол Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешевке сауал жолдап, осының себебін айтуды өтінді. Енді ше... дәрі өндірушілерге алабөтен келіп жатқан бұл не зауал екенін барлық қазақстандықтардың да білгісі келеді. Әлде... әлде бұл жерде адам факторы жұмыс істеп тұр ма? Дәрі өндірушілер біреулердің алдына түсіп кетіп, аяқтан шалынды ма? Халыққа, әсіресе қарт адамдарға ауадай қажет дүниені шығартпау кімге керек болды екен? Министр осы сұрақтардың жауабын айтар деген үміттеміз.

Марина КАКИМАКИ, журналист

Abai.kz

0 пікір