Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Тұлға 3463 0 пікір 17 Қазан, 2014 сағат 02:00

Чон Чжу Ен жеткен биіктер

Бұдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын Корей түбегіндегі қантөгіс итжығыспен аяқталған еді. Әлемнің алпауыт елдері киліккен азамат соғысынан, әсіресе, Оңтүстік Корея айрықша зардап шекті. Ал қазір осы ел Азия былай тұрсын, әлемдегі экономикасы қарыштап дамыған, санаулы мемлекеттерінің біріне айналып отыр. Сөз жоқ, осының негізінде корей ұлтының өміршеңдігі мен еңбекқорлығы, қайсарлығы мен төзімділігінің табы жатқаны айдан анық.

Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Солтүстік Кореяда дүниеге келген, шаруаның баласы Чон Чжу Ен арада көп жыл өткен соң, қуатты көлік алпауытына айналарын сірә, білмеген шығар. Алты баланың біреуі, оның балалық шақтағы басты арманы күрішті тоя жеу еді. Бірде аш, бірде тоқ жүрген жеткіншектің атасы білімді адам болғандықтан, немересіне сол кездегі бүкіл Қиыр Шығысқа рухани үлгі – қытай тілі мен әдебиетін үйретті. Кейін оның жас Чонға көп септігі тиді.

Жасы он беске келген соң, жаратылысынан мақсатшыл бозбала ойын-сауыққа емес, қалайда өмірден өз орнын табуға ұмтылды. Ата-анасынан жасырынып, Сеул қаласына кетті. Көп ұзамай осын­дағы күрішті жеткізу және сату жөніндегі көтерме сауда қой­масына орналасты. Қожайын оған қойманың бір бөлмесін пайдалануға берді. Ол дереу велосипед сатып алып, құстай ұшып, тапсырыс бергендерге тауар жеткізіп тұрды. Жастығына қарамастан, жұмысына адал, елгезек және тәртіпті еді. Осы қасиеттерімен де қожайынға ұнаған соң, жарты жылдан кейін Чон Чжу Енге сатып алынған және сатылған күріштің есебін жүргізу ұсынылған. Жылдар жылжып өтіп жатты. 1937 жылы қожайын ауырады. Ол қайтыс болмастан бұрын, бүкіл ісін 22 жастағы Чонға сеніп тапсырды. Сонан соң екі жыл бойы оның ісі өрге домалап, жас кәсіпкер мол пайдаға кенелді. Өкініштісі сол, Кореяны билеп-төстеген жапон отаршылдарының жарлығымен, басқалармен қатар оның да кәсіпорыны күшпен жабылды. Амалсыздан жас жігіт қолды бір сілтеп, үйіне оралды.

Туған шаңырағына оралған жігітті жағымды жағдай күтіп тұрды. Дүйім Шығысқа тән дәстүр және ата-анасының таңдауымен Чон он алты жастағы Бен Чжун Сукке үйленді. Ата-анасымен аз уақыт тұрғасын, жас жұбайлар Сеулге қайта оралуды ұйғарды. Мұнда ол көлік шеберханасына орналасты. Кейін достарының көмегімен гараж алып, жеке «А-До» деген және мемлекеттік көлікті жөндейтін әрі қамтитын қызмет ашты. Бұл жолы да ісі алға басты. Үш жылдың ішінде кәсіпорын ұлғайып, жұмыскердің саны 20-дан 70-ке дейін өсті. Табысы да жаман болған жоқ. Тағы да жапондар оның жолын кесті. 1943 жылы шеберханасын құрал-сайманымен қоса тартып алды. Өткеннен сабақ алған Чон оған дейін 50 мың вон(корей ақшасы) жинап үлгеріпті. Ауылына кері оралған ол енді ұсақ кәсіпкерлікпен айналысты. Оның бағы 1946 жылы қайта жанды. Осы кезеңде жапондар елден қуылып, олардың орнын америкалықтар басты. Бірақ бұлар кәсіпкерлерге қырын қараған жоқ. Соны пайдаланып, 31 жастағы Чон екі інісі және әйелімен Сеулге кері оралып, «Хенде Ауто Сервис» компаниясын ашты. «Хенде» сөзінің қазақша баламасы «заманауи». Алғашқыда ол АҚШ-тың әскери көлігін жөндеумен айналысты. Біртіндеп кәсібі кеңейіп, компания өз көлігімен құрылыс заттарын тасуға кірісті. Бір қызығы сол, компания атауын екі рет өзгертті: біресе «Хундай Мотор Индастри Ко», біресе « Хундай Сивил Индастри Ко» етіп. Чонның аяғынан тік тұрып кетуіне ағылшын тіліне жетік, америкалық әскери инженерлік батальонда аудармашы болған інісі Чон Ин Ен көмектесті. Корей билігі ағайындыларға көпір және бөгет салу жөнінде тапсырыс берді. 1947 жылы Чон кәсіп­орынды онан әрі кеңейтті. Бірақ қиыншылық та болмай қалған жоқ. Мәселен, жұмыстың жеделдігі, демалыс күндері еңбек ету деген сияқты ауыртпалықтар. Одан Чон қамсыздандыру және жұмысшыға көмек қорларын құру арқылы құтылды.

Арада жылдар өткен соң, кәсіп­керлік қайратымен елге таныл­ған азаматқа Оңтүстік Кореяның сол кездегі президенті Пак Чжон Хи көңіл аударып, оған чэ­боль (қаржы-өндірістік клас­тер) ұйымдастыруды тапсырды. Мемлекет басшысының ұсынысын қабыл алған ол отанындағы тұңғыш чэболды құрды да. Соның нәтижесінде мемлекеттің ішінара қаржыландыруына ие болды. Осыдан соң, оның басқаруымен Таннян қаласында цемент зауыты іске қосылды. Әрі қарай кәсіпкердің күш-жігері және қаржысымен Тайландта, елдің астанасы Сеул мен Пусан қаласын байланыстыратын бірінші дәрежелі даңғыл жол өмірге келді. Тіпті алыстағы араб елдеріне де сондай жол салып берді. 1967 жылы Чон өзінің атағын шығарған «Хундай» көлігін жасайтын зауыт салуға кірісті. Алғашқы мәшине 1976 жылы жасалып, нарыққа жол тартты. Қазір ол әлемдегі бесінші ауқымды көлік кәсіпорнына айналған. 1971 жылы Ульсан қаласында кеме жасау зауытының құрылысы басталып, ол 1974 жылы ашылды. Атақты капиталист онымен шектеліп қалмай, 1976 жылы теңіз кемесіне арналған қозғалтқыш жасау ісіне кірісті. Қазір аталмыш зауыт әлемдегі теңіз кемесі қозғалтқышының 35 пайызын шығаруда. Бүгінде бұл компанияның иелігінде үш кеме жасау зауыты бар. Бұдан басқа, 2011 жылы 57 жүк кемесі құрастырылған. Компанияның мақсаты мен табыс көзі: сапалы тауар, инновациялар, ішкі және сыртқы нарықты толтыру. Бұған себеп: компаниядағы қатаң еңбек және орындау тәртібі, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру қызметі.

2008 жылдан бастап, «Хенде» тобының кеме жасайтын зауыттары әлемде тұңғыш рет «ақылды кеме» жасауға кірісті. Яғни, аталмыш кеме негізінен электрониканың көмегімен басқарылады. Осындай алғашқы кеме 2011 жылдың нау­рызында бірінші тапсырыс берушіге ұсынылды. Жұмсалған шығынның жартысын, яғни, үш миллион долларды мемлекет өтеген. Мұның өзі инновацияға үнемі мән берілетін ахуалдағы мемлекет пен кәсіпкердің өзара тиімді ынтымағының жарқын көрі­нісі. «КИА Моторс» пен «Хун­дай Моторс» түрлі брэндпен әлемге танылып жүрген біртұтас ком­панияның өнімдері. Олар жыл сайын нарыққа жаңартылған екі немесе үш көлік моделін шығарып жүр.Әсіресе, соңғы екі марка «Соната» мен «Авантені» корейлер орынды түрде мақтан етеді. Сол көліктер әлемнің барлық елінде, соның ішінде АҚШ-та да айрықша өтімді. Ал «Хенде» құрылыс компаниясының портфелі 2015 жылға дейін түрлі тапсырыс пен келісімшартқа толы. Қазірдің өзінде оның құны 50 млрд. доллардан асып кетіпті.

Чон Чжу Ен өмірінің екінші жартысында мол дәулет жинап алғасын, Оңтүстік Кореяның бел­гілі саяси және қоғамдық қайрат­керіне айналды. «Ораза, намаз-тоқтықта» деген, оның енді меце­нат­тықпен айналысуы ешкімді таңдандырмайды. Жағдайын түзеген кәсіпкер ешқашан өзінің жарты құрсақ балалық және жас­тық шағын ұмытқан емес. Сөйтіп, ол 1999 жылы коммунистік қоғамда өмірі мұқтаждықтан көзін ашпаған Солтүстік Кореядағы қандастарына 500 сүтті сиырды сыйға тартты. Сеулде өткен кезекті жазғы Олимпиаданы ойдағыдай ұйымдастыруға белсене араласып, басты демеушісі болды. 2000 жылы Чон зейнетке кетіп, өзінің орнына бесінші ұлы Чон Мин Хунды тағайындады. Ал «Хундай Моторс Корпорейшнді» қазір үлкен ұлы Чон Мон Гу басқарады. Ғұмырында күркеден шығып, күмбезге дейін көтерілген Чон Чжу Ен 2001 жылы наурызда, 86 жасында мәңгілікке көз жұмды. Буддизм дінінің жөн-жоралғысы бойынша оның сүйегі өртеліп, күлі «Хаман» атты әулеттік молаға қойылған. Онда өзінен бұрын өмірден кеткен, сегіз ұлының екеуінің күлі бар. 2007 жылы қайтыс болған кемпірінің күлі де сонда. Қазір Чонның соңына мұрасы ретінде қалған алып компанияның түрлі тармақтарын ұлдары мен немерелері басқарып отыр. Олар да үлкен ұлы Чонның әрі шәкірттері, әрі ниеттестері. Шіркін, біздің қазақтан да осындай елін өркендетіп, атын дүние жүзіне жайған әулеттер қашан шығар екен?!…

Сөз соңында айтарымыз, ұлттық баспасөз мен ғаламторда жария етілгеніндей, биылғы мау­сым айынан бастап, елімізде корейдің «Хундай» көлігін құрас­тырып шығару Қостанай қаласында жүзеге асырылуда. Несі бар, оңтайлы шешім, көңілге қонымды жағдаят. Сапасы мен қасиеттері жөнінен немістің немесе өзге де шетелдік көліктен кем түспейтін азиялық «темір тұлпарды» да ерттеп көрсін, біздің қазақ баласы! Мақалаға «Азия и Африка сегодня» журналынан және ғаламтордан алынған деректер пайдаланылды.

Серік Ихсанғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1780
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1761
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1481
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1385