Жұма, 10 Мамыр 2024
Тұлға 6417 0 пікір 17 Қазан, 2014 сағат 12:11

СОҢҒЫ РЕТ СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

СОҢҒЫ РЕТ СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

(Таласбек Әсемқұлов туралы бір үзік сыр)

 

Таласбек. Біз Талас деуші едік. Қазір ол – Таласбек Әсемқұлов. Есіміне лайық құрметті Таласбек өзі жасады. Ешқандай шен-шекпенсіз, сый-сияпатсыз. Жалпы ол өз бағасын білетін. Сондықтан барлық пендешіліктен биік тұрды.

Иә, ол өз мүмкіндігі мен қуат-қарымын білетін. Біз де білетінбіз. Енді аңғарсаң, өзгелер де білетін көрінеді. Достары да көп екен. Соған таң қалдым. Газет беттеріндегі азанамалар... Онда жазылған небір асыл сөздер... Таласбек оқыса... Мені жұбантпады.

Біз қатар оқыдық. Ол әу бастан саяқ жүретін. Студенттік өмірдің көрігін қыздырған думанды топқа қосылған жоқ. Қолынан қарыны қампиған қара сөмке ешқашан түскен емес. Талантты жандардың сыраханалардан табылуы ол кезде қалыпты жағдай деп қабылданатын. Ал біз Толик (қазір ол белгілі ақын) екеуміз өзіміздің талантты екендігімізге бек сенімді едік. Таласбек бізге қосылмайтын. Таланттыларға деген оның көзқарасы біздің өлшеммен үйлеспейтін. Солай бола тұра біз өзімізді бір жіппен байланған жандардай сезінетінбіз.

Көңіл төрінде орныққан жандар жадыңнан шықпайды. Сағынып жүресің. Іздейсің. Өзімсінесің. Көріскенде көз күлімдейді. Қауқылдасасың. Кейбір сырлар да бүкпесіз айтылады. Талас біз үшін сондай жан еді. Солай бола тұра біз тонның ішкі бауындай болып араласып кете алмадық. Біраз жыл көрші тұрдық. Үйіне бір-ақ рет бас сұқтым. Рас, телефонмен сөйлесіп тұрдық. Кейде ұзақ сөйлесетінбіз. Біртіндеп ондай сәт те сирексіді. Ол жаңа достар тапты. Ескілер... Олардың бір-екеуімен кетісті. Біз Толик екеуміз ара-ағайындыққа жүре алмадық. Оның үстіне... Иә. Таласбек илікпеді. Кешіре алмады. Соңғы телефон соғысқанымызда мен сол «ескі достар әуенін» қайта қозғадым. Таласбегім жылы шырай танытпады. Оларға қоса ұнатпайтын тағы бір-екі жігіттің атын атады. Ауызға ілініп-ақ жүрген жігіттер. Таласбек ұнатпаса... Иә. Бір кәкір бар.

Осындайда еске түседі. «Көшпенділерді» екеуміз қатар отырып көрдік. Мен киноны лепіре мақтадым. Ол үнсіз келісті. Тек «Абылайдың әкесін философиялық мәнге ие жан сияқты қылып жіберіпті, ә» деп қойды. Екеуміз жылы қоштастық. Одан кейін...

Одан кейін сотта кездестік. Қарсыласпыз. Жауласушы өзгелер, дауласушы екеуміз. Ол – Мағауиннің күйін күйттейді, мен – Шахановтың жоғын жоқтаймын. Сот сайын айтысамыз. Бітпейтін дау. Талайлармен бет шайыстық. Бірақ екеуміз достық көңілді ол даудан биік қойдық. Әйтеуір «ішшай» деспей тағдырдың ол сынынан да аман өттік. Кейін...

Кейін «Жалын» журналына оның ашаршылық туралы жазған мақаласын жарияладық. Ол мұқтаж болмаса да «Жалын» журналы жариялаған Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреатын беру ойымда бар еді. Жоспар аяқ астынан бұзылды. Ол кез біздің (М.Шаханов бастаған топты айтамын) «қазақстандық ұлттың» алдын алсақ деп даурығып жатқан кезіміз еді. Қас қылғанда Досхан Жолжақсынов дейтін әртіс «Қазақ болғаннан, қазақстандық ұлт болған жақсы» деп бізге қарсы сойылын көтеріп шыға келсін. Біз оған жан-жақтан шабуылдап, баспасөз бетінде төпелеп тастадық. Сол кезде Таласбек Досханға ара түсті. Ол ара түсуді біз өзімізге қарсы шығу деп қабылдадық. Сыйлық туралы оған дейін сөз көтеріп қойған маған Мұхаң «Сенің ана досың...» деп бастап біраз әңгіме айтты. Сөзін «Ол әу бастан Мағауиншіл болатын. Сен «өзгерген» дегенге сеніп қалып ем» деп бір-ақ аяқтады. Таласбектің өзгергендігін мен Мұхаңа бәрібір ұғындыра алмадым.

Иә, ол өзгерген еді. «Өзгергенді» М.Мағауинге қатысты айтып отырмын. Оны соңғы рет телефонмен сөйлескен кезде де аңғардым. Көңілінде кірбің болды.

Таласбектің сол М.Мағауин көкесі таяуда Алматыға келіп кетті. Көшеден екі таяқ тауып алған екен, соны тарихи жәдігерге балап музейге өткізді. Мен өзімнің көкеме (М.Шахановты айтамын) «Желтоқсанды көтердім деп жүрген сізде бір таяқ та жоқ, ал анау аттасыңызда бір емес, екі таяқ бар» деп қыжырта әзіл айттым. «Таяқсыз қалғаным өзімнің де жаныма батып тұр. Болашақ ұрпақ алдында сол-ақ батыр атала берсін. Қайтеміз, әйтеуір аман болсын» – деді көкем.

Иә, аман болсын. Қанша дегенмен Таласбектің ұстазы. Біздің де. Әйтсе де... Өзгермепті. Әлі «мен» дейді екен. Тәңірді ауызға жиі алатын болыпты. Біз өзімізді «Мұхаң тәңіршілдікті емес, Алланы айтып отыр ғой» деп жұбаттық.

Айтпағымыз... Иә. Соңғы телефонда көтерілген әңгіме болатын. Оған дейін... Тағы бір мәселені айта кеткен жөн сияқты. Шыны керек, Таласбек кеш танылды. Оның көп уақыты күйдің жайын күйттеймін деп өтіп кетті. Күй туралы көп жазды. Онысын ешкім оқыған жоқ. Оқылатын дүниені ол кейін қолға алды. Шымыр дүниелерді шамырқанған кезде жазды. Ол – баз біреулер шамына тиген кезде шамырқанды. Шамырқанды да жан-жағын қынынан суырылған қылыштай жайпады. Таң қалмаған адам жоқ. Сол кезде де телефон шалған. «Оқыдың ба?» деді. «Оқыдым» дедім мен. «Қалай екен?» деді. «Мағауиншілеп айтсам тынысым тарылып, тілім байланып қалды» дедім мен. «Бұл әлі басы» деді ол. Иә, ол кез Таласбектің Әсемқұлов болып жалпақ жұртқа танылуының басы болатын.

Соңғы сөзге келейік. Телефондағы әңгімеге. Көп болса дүниеден озарынан бір айдай бұрын. Үйге телефон шалды. Ол әңгіменің бірсыпырасын жоғарыда айттым. Соңғы сөз:

«Мен Мұхаңа (Шахановты айтады) ешқашан қарсы болған емеспін. Қалай қарсы боламын? Ол кісі менің «Атайы» деген тұңғыш әңгімемді «Жалын» журналына жариялаған адам. Мен Мұхаңа әр кез құрметпен қарадым. Өзің білесің, баяғыда соттасқан кезімізде де Мұхаң туралы бір ауыз ауыр сөз айтқан жоқпын. Жеке басына, шығармасына тиісіп, мақала да жазған емеспін. Менің сол көңілімді Мұхаңа жеткіз».

Таласбек осылай деді. Мен жеткіздім. Мұхаң риясыз сенді. «Журналға жариялауға мақаласын сұрап алмадың ба?» деді. «Сұрадым. Беретін болды»  дедім мен.

Шынында да сұрағанмын. Қаламақы жағынан ұятты екенімізді білген соң «Мен қазір жазғандарымды тәуірлеу төлеп жүрген соң «Алматы ақшамына» беріп жүрмін» деді. «Маған ескісі де жарайды» дедім мен. Сол келісіммен қош айтыстық. Мәңгіге.

Алдың жарық болсын, Талас дос! Біздің көзіміз жұмылғанша дұғасыз болмассың.

 

Құдияр БІЛӘЛ 

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1859
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1895
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1594
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1461