Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Талдау 6189 0 пікір 20 Қазан, 2014 сағат 14:15

ДОП ОЙНАҒАННЫҢ ТОЗҒАНЫН КӨРГЕМ ЖОҚ

   

Ақыл айту, тыңдау біздің қалпымыз бен салтымызда әлмисақтан бері бар. Сондықтан да болар «ақылды бол, балам»  дейтін ата-ананың өсиетін өгейсітпей өзімізге, өңімізге сіңіріп өсеміз. Ақыл бар жерде, әрине, нақылдың да қатар жүретіні белгілі. Бала кезімізде қолымыз қалт етсе қарап қалмай, ала доптың соңынан кететін едік. Сонда үлкендер жағы «әй, жүгірмектер, асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» -деп зекитін. Үлкеннің айтқанын екі етпей еріксізден қызығымызды қоя тұрып, қу тірліктің соңынан еріп кететін едік. Қазір қарасам сол допты дөңгелетіп, бабын келтіріп бағындырып жүргендердің тозып кеткенін көрген не естіген емеспін. Ойланып қарасаңыз қазақтың бүгінде әзіл айтса айызы қанып күлетін тақырыбының бірі – футбол. Одан қалса әлем мойындаған ойынды жеті атасынан бір түгендеп, еріккеннің ермегі деп қолды бір сілтейді. Ал енді сұрақ, «еріккен» істің Қазақстандағы қалпы қандай?      

 

ТАРИХ - ЖАРҚЫН СӘТТЕРДІҢ КУӘСІ

         Бірі білсе, бірі білмес қазақ футболының тарихы азды көпті бір ғасырды құрайды. Дәлірек айтсақ, 1913-1914 жылдары Семей қаласында іргетасы қаланған. Ағылшын саудагерлерімен ере келген бұл спорттың анық көрінісі ретінде «Ярыш» командасын айтып өтуге болады. Оның сапында әдебиет алыбы Мұхтар Әуезов өнер көрсеткен деген дерек бар. Тарих тамырынан тартсақ 1940 жылдары Алматылық «Динамо» Таганрогта өткен одақтық жарыста «Торпедоны» 3-1 есебімен ұтып, «Миллиондар кубогі» атанып кеткен жарыстың жүлдесін жеңіп алады. Қазақтың қанжығасының майланғаны тек бұл емес, 1957 жылы отандық футбол тарихындағы алғашқы ресми халықаралық кездесуде Алматылық «Қайрат» финляндиялық «Вааса» командасын 4-0 есебімен ұтқанын естен шығармаңыз. 1973 жылы Қазақстан жастар құрамасы бүкілодақтық «Переправа» турнирінің күміс жүлдесіне ие болады. 1985 жылы Қазақстандық балалар мен жасөспірімдер футболының түлектері бүкілодақтық аренадағы ірі жеңістеріне қол жеткізеді. Минскіде өскемендік «Спутник-2» командасы «Былғары доп» турнирінің ересек жас дәрежесіндегі футболшылар турнирінде бас жүлдеге ие болса, Қазан қаласында өткен орта жас дәрежесіндегі балалар жарысында жамбылдық «Жалын» жеңімпаз атанады.  1997 жылы семейлік «Елім-айдың» германдық Штаккерау қаласында өткен халықаралық турнирде өзгесінен оқ бойы озып жеңімпаз атанғанын еске түсірсең бір арқаланып қаласың. Бұл тек әр жылдардағы табысты сәттерге шолу. Бұдан бөлек ауыз толтырып айтар айтулы сәттер қаншама!     

 

МӘСЕЛЕНІҢ МӘН ЖАЙЫ МҰНДА БОЛАР

         Естіген құлақ, көрген көзде айып жоқ, ақиқаттың ауылынан қанша алыстап, анық дүниенің терісін қанша айналдырсаң да сол қалпы өзгеріссіз қала бермек. Өткеніне көз салсаң сүйінесің, бүгініне бет бұрсаң.... Осы қағида қазақтың санасына сіңіп алғаны соншалықты, қанша сілкісең де сауығар түрі жоқ. Ұлтты әлемге танытып, жаһанды табынта түсудің бірер көзі бар. Ол білім, өнер және спорт. Елдің намысын оятып, ұйыта түсетін де осылар. Әсіресе барша әлем бәс тігетін спорт, оның ішінде көпшілікке көзайым болған футболдың алар орны ерекше. Бүгінгі қазақ ұрпағының теңбіл доп жайлы сөз қозғап әңгімеге тартсаң пір тұтып айтары есімдері көп. Кімді білесің десең Роналдо, Месси, Бекхэм, Торрес, Хави, Иниеста деп жүйітки жөнеледі. Ал қазақстандықтардан көзге түскені қайсы десеңіз ары кетсе Самат Смақовты атайды да кідіріп қалады. Неге? Себебі барымызды бағалап насихаттауымыз аз, сеніп артып қолдауымыз көңіл көншітерлік емес. Өзі бағаламағанды өзгесі қайтсін?!

Былтырғы жылдың қазақ футболындағы жаңалығы «Ақтөбе» мен «Шахтер» клубтарының еуропаға бет алып, бірсыпыра белестерді бағындыруы еді. Қонақты стандартқа сай қабылдай алатын өз алаңдары болмаған қос үмітіміз еріксіз «Астана Аренада» ойын көрсеткен еді. Айта кетерлігі көңіл қуантатын көрсеткіштерге жетіп, тіпті азулы дейтін алыптардың жігерін құм қылып, еңсесін басты. Жаңғақша шағамыз деп келгендер ұтылып, не істерін білмей састы. Исі қазақ сонда бір қуанып «шіркін осындай кейін өткеніміз оңалар, есебіміз енді түгенделетін болды» - деп бір қуанып еді, қайдам. «Шахтеріңнің» мәселесі шаш етектен болып құты қашты. Ойынды қойып, «ойпырым-ай енді не боламыз» деумен ойға шомды.

Биылғы жылдың да футбол тарихында өзіндік үнімен қалар ойы бар. «Евро-2016» деп аталатын жарысқа қатысатын елдерді анықтау кезеңі бастау алды.  Бап пен бақ сынасатын қызу дода басталып та кетті. Қазақстан да бұл көштен қалмай Юрий Красножанды бас бапкер қылып сайлап, қосылып кетті бәйгеге. Шабысымыз жаман емес. Бұрыңғыдай емес, шабан аттай шаңның соңында қалмай, кей сәттерде қатар шабатын шамамыз бар екенін байқаудамыз.Алғашқы ойын Латвиямен өтіп 0-0 есебімен тарқасып ұпайды тең бөліскен едік. Екінші айналымда Голландиялықтармен жолықтық. 3-1 есебімен ұтылсақ та оңай жеңеміз деген қарсыласты қапы қалдырған сәттеріміз аз емес. Ұлттық құрама өзіндік ойын өрнектерін көрсетіп, бір қуантып тастады. Үшінші кездесу елордамыздың төрінде Чехиялықтармен өтті. Әлемнің үздік қақпашысы Петр Чех бастап келген батыс еуропа батырларының жүзінде күлкіден гөрі күдік басым екені байқалды. Себебі, көршілес Нидерландылық жігіттерден қазақ ойыншыларының өнері жайлы естіген болар, барынша белдесуге байқап кірісті. Ашығын айтқанда қос құрама да алдымен бірін бірі аңдысумен болды. Бірақ Чехиялық құрама көп күттірмей өзіндік ойнау стилінің мұнда қолдану мүмкіндігі бар екенін сезіп Дочкал, Лафата, Крейчи сынды сұрмергендер мүлт кетпей, тепкен доптары Қазақстандық қақпаға дәл бағытталып голға айналды. Біздің тараптан да қарымды шабуылдар  жасалды. Тіпті нысанаға дәл тигізер сәттер де болды. Бірақ біздің жігіттер қақпашы Чехты көргенде допты дәл тебуге ұялды ма, әлде қонақ деп сыйлап көңілін қайтармайық деді ме кім білсін бата қоймады. Бірақ Логвиненко негізгі қызметі қорғаушы болса да Петрге жеке келіп сәлем беруді жөн санап қақпасына өз атынан бір допты сыйлап үлгерді. Естелік болсын дегені шығар. Чехқа бұл кәде ұнап қалды ау деймін, лезде өз жігіттерін жинап алып өз атымыздан бір қайырым болсын деді ме кім білсін, 3-1 болып тұрған есепті Томаш Нецид алды да өзгертіп жіберді. Осындай сыйластықтың қызған шағында Логвиненко бұрыштамадан жолданған допты қабыл алып Чехтың қақпасына дәл бағыттады. Юрий де қалың қазақтың арасында өскен азамат қой, Чехтің сәлемдемесіне осылайша жауап қатты. Қорытынды есеп 2-4 болып аяқталды. Сырт көзге ойсырай ұтылғандай көрінгенмен көрсеткіштеріміз жаман емес көрінеді. Допқа ие болу көрсеткіші 49% / 51% құрайды. Бұл дегеніңіз ойын тең дәрежеде өтті дегенді білдірсе керек. Қарсыластың озық болуы әр жасаған шабуылын нақты қорытындылай алуында еді. Бұл жерде қос құраманың ойыншыларының құны мен өнер көрсететін командалары жайына да тоқтала кеткен жөн. Қазақстан құрамасындағы барлық ойыншылардың жалпы құны трансферде 2 миллион 450 мың еуроға сай келеді. Ал енді мына қызыққа мән беріңіз, Чехия құрамасының қақпашысы Петр Чехтың бір өзі 14 миллион 960 мың еуроға татиды. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болар. Құлаққағыс ретінде айтарым Чехия құрамасындағы ойыншылардың жалпы құны 44 миллион 30 мың еуро. Салыстырудың өзі санаға салмақ салады. Қақпамыздың қазығының дұрыс қағылмауының бір себебі, біліктілігі баршаға аян Мокиннің орнына Сидельников шығуы ма деген пікірлер қалыптасты көрермендердің арасында. Осы ретте құраманы жасақтағанда біліктілігі жоғары спортшылар тасада қалып қоятыны өкінішті. Қақпамызға соғылған доптарға қарап отырып Давид Лорияны неге шақыртпадық деген ой туындайды. Жасы келмейді десек, Петр Чехпен түйедей құрдас. Шеберлігі жағынан да кем түспейді. Бүгінде Түркияда өнер көрсетіп жүрген Давид аталған елдің бірінші лигасының жыл қорытынды бойынша үздік қақпашысы ретінде танылды. Білгені мен көргені мол тәжірибелі қақпашы алаңға шықса бәлкім қалпымыз түзелер ме еді, кім білсін?! Чехия құрамасының бас бапкері Павел Врба ойыннан кейінгі баспасөз жиынында Қазақстандық футболшылардың ішінде ерекше көзге түсті деп кімді атай аласыз деген сауалға нөмірі тоғызыншы ойыншы деп жауап қайырды (Бауыржан Исламхан). Бұл да болса ортамызда талапты жастардың бар екенін байқатса керек.                            

 

АЛА ДОП – АЛАШТЫҢ АЙБЫНЫН АСҚАҚТАТПАҚ

         Елімізде футболды дамытуға аз көңіл бөлінуде дей алмаймыз. Бұл жасалып жатқан бар істі жоққа шығарумен бірдей. Қазақстандық футболға бірінші кезекте қаражат емес көңіл дұрыс бөлінуі керек. Футбол -  бір доптың соңынан қуып жүрген ермек дүние емес, әлем санасатын қозғалыс. Есебі түгелдер қалмайын деп жанын салып шара қабылдауда. Бізде де ондай бастамалар бой көтеруде. Мысалы, Бразилияға балаларды оқуға жібердік, құптарлық әрине. Жылына миллиондаған қаражат құйып оқытудамыз. Нәтиже берері сөзсіз, бірақ дәл сол қаражатты қарастыра отырып, шетелге тәлімгерлерді аттандырмай, сол жақтың білгір мамандарын өзімізге шақыра отырып неге арнайы мектеп немесе академия құрмасқа? Әжірбайжан мемлекетінің астанасы Бакуде әлемге аты мәлім «Манчестер Юнайтед» клубының мектебі ашылды. Мұндағы мақсат жастарды озық үлгіде дайындап, жалпы бұқаралық сипат ретінде насихаттау. Тағы бір ұтатын тұсы еуропалық клубтармен байланыс орнату. Міне, осындай шаралар елімізде қолға алынса  үлкен істің бастауы болып, ұтылғаннан ұтарымыз көп болары анық.

Айбынды қазақ елінің атын шығарудың тәсілі көп. Соның бірі осы футбол ойыны. Бүгінде жаңа толқынның қарқыны мен қарымы қуантады. Олардың қатарында Бауыржан Исламхан, Роман Мұртазаев, Тоқтар Жанқылышбай, Абат Айымбетов, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат, Шерхан Бауыржан, Бауыржан Жолшиев, Георгий Жуковтарды ерекше атап өте аламыз. Бұл жас дарындардың отын өшіріп алмай, әрқайсының қабілетіне қарай қолдана білуіміз шарт. Сонда ғана ілгері жылжу үдерісі болмақ.

Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейтін ұлттың ұрпағымыз. Қандай да бір бастамада бірінші кезекте сенімнің орны ерекше. Қазақ футболы өзінің жанкүйерінсіз дамуы әсте мүмкін емес. Әлемдік құрамалардың ойындарын көгілдір экраннан көргенде көздің жауын алып, өзіне жіпсіз байлап алатын, табындырып, тамсантатын тұсы қайсы? Ол жанкүйер мен құраманың, клубтың, ойыншылардың кері байланысы. Астананың төрінде Қазақстан құрамасының өзге елдермен кездесудегі ерекше құбылысы бар. Бірде ұлттық құрама көршілес қырғыз елімен кездесіп тамаша өнер көрсетіп жеңіске жетті. Бірақ қолдаушы халық тым аз жиналды. Дәл осындай кездесуді еліміз Германия, Португалия елдерімен өткізгенде халықтың қарасы мол. Неліктен? Меніңше халық Швайнштайгер, Нойер, Мюллерді көріп, Криштианудың доп тепкенін тамашалауға келетін іспетті. Сонда біздің жаңа қазақстандық патриотизміміз қайда? Ұлттық идеямыз табан астында қалып қойғаны ма? Міне, ойланатын мәселе. Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол демей ме хакім Абай? Мұндағы ой қорытындысы осында.

Өткеннен сабақ алып, болашаққа бағыт алған бастама ғана түбі қайырлы болмақ. Қазақ футболы ғасырлық мерейтойын еш қымсынбай өткізді. Себебі бұл уақыт аралығында өзіндік жетістіктері жетерлік. Тәуелсіздіктің арайлап атқан ақ таңымен теңбіл доптың жаңа тарихи бағыты бастау алды. Бүгінде отандық футболдың аяқ алысы алшақ болмағанымен буыны бекіп, бұғанасы қатқанда бүкіл әлем Қазақ елінің қайсар ерлеріне тамсанып, таңдай қағатын болады. Бұл дәуір байқаған жанға басталып-ақ кеткен. Ендігі үміт қазақ футболының басына қонар бағын ұшырып алмай, қадамын қатайта түссек болғаны. Шешімін тарих өзі шығарар...

 

Айбек ҚОСАНОВ,

Еуразия ұлттық университетінің магистранты   

Abai.kz

0 пікір