Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Тағзым 8583 0 пікір 31 Қазан, 2014 сағат 11:12

Өзі дана, өзі бала Асыл дос... Мемлекеттің рухани байлығы еді...

         Қазақ руханиятының үлкен  тұлғасы, хас талант Таласбек Әсемқұловтың дүние кешкеніне де қырық күнге таяп қалыпты.

Жақсыны жоқтай білу -   ұлттың білік-өресін танытатын бір көрсеткіш.  Таласбек туралы азасөздер «Егеменнен» бастап бүкіл қазақ баспасөзінде, осы «Abai.kz», «Ұлт», т.б. сайттарда жарияланды.  Қазақ радиосы бірнеше материалын арнады. Әлеуметтік желілерде, әсіресе, жас ұрпақ қатты жоқтады.  Бұлай болар жөні де бар. Өйткені Таласбек Әсемқұлов – Ұлттың, Мемлекеттің рухани байлығы еді...

Адам баласы, оның ішінде өнер адамы, сондай-ақ өнер құдыретін сезінетін қатардағы шаруа да, биліктегі әкім-қара да  әрқилы ғұмыр кешеді.  Бірі өзіне, бірі отбасына,  әулетіне, бірі дос-жаранына, қала берді, өзін сыйлайтын, араласатын, тіпті болмағанда шығармашылығын  немесе  лауазымын мойындайтын адамдарға ықыласты болады, көмегін көрсетеді...  Алмағайып мына заманда мұның өзі аз шаруа емес. 

Ал,  Өнерді  мұрат тұта отырып,   Өнерді – өзінің дара жолы етіп ала отырып бар болмысын, бүкіл саналы ғұмырын шын мәнісінде ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнаған Тұлғалар санаулы болатыны белгілі.  Сол санаулылар қатарынан табылған Таласбек Әсемқұлов, бүкіл алаштың жақыны, рухани дос-жанашыры еді.  Көрнекті  жазушы, кинодраматург,  сыншы, өнертанушы, күйші-домбырашы, ұлттық өнердің білгірі,   мәдениеттанушы, ойшыл, асқан білімдар. Және сол асқан білімдарлығы – иманымен, адамгершілігімен, жанының тап-тазалығымен,  тіпті баладай аңғалдығымен нұрланған   мұндай жанды –өз басым қазақта кем білемін.

(Таласбек Әсемқұлов. Студент. 1981 жыл. Сурет Жарқын Шәкерімнің архивінде сақталған. Abai.kz ақпараттық порталына ұсынған Сәкен Сыбанбай).

Таласбек Әсемқұлов қазақтың маңдайына біткен ерекше дара дарын болды. Ол әлдебір қалып-дағдыларға сыймай өтті. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған  үлкен тарихшы деуге болады. Оның көркем шығармаларын былай қойғанда - Әлемдік өркениеттер туралы эсселері;  әлемдік тарихтан жазған Тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Томирис – Тұмар ханым туралы,  сақтар мен парсылар, сондай-ақ  қаңлылар тарихы туралы;  Кетбұғы, Шыңғысхан, сондай-ақ қазақ бастан кешкен небір нәубаттардың – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихтары туралы мақала, зерттеу, эсселері жалпы қазақ  тарихында алғаш рет соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар.  Таласбектің  көркем шығармаларында, эсселерінде  кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт, тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты.

Таласбектің  өзі «ұлы ұстазым» деп таныған, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, асқан білімдарлығы, ұлтжандылығымен  халқына қалтқысыз қызмет етіп өткен Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт эссесі  - ұстазына деген ерекше сағыныш-ілтипаты ғана емес, кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиеті де сияқты сезіледі.(«Алматы ақшамы» үшін арнайы жазылған ол эсселерді кезінде «Abai.kz» сайты да жариялап, аса кең аудиторияның оқуына мүмкіндік тудырған еді,қазір ол эсселер сайттың архивінде тұр.)

Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген  Таласбек өмірді, адамдарды сүюші еді. Өйткені ол адамды сыйлайтын, адамның қадірін, жақсының қадірін, ұстаздың қадірін, ағаның қадірін, достың қадірін білетін.  Ол кім-кіммен де  өз білім, парасат-пайымына сай сөйлесіп, сұхбаттасуды қалайтын.

Ол үшін өмірдің барлық сәті қымбат, барлық құбылысы ардақты еді. Кез-келген оқиғадан үлкен мағына табатын, кез келген құбылыстың мәнін айыра білетін.

Таласбек  жаны жақсыға сергек болатын, талантты  тез танып, рухани қолдау көрсетуге келгенде алдына жан салмайтын. Оның   Мейірханмен (Ақдәулетұлы) бірігіп сонау Маңғыстауда бір өзі бір институт болып өз бетінше жұмыс жасап, қазақ мифологиясын мүлдем жаңа сапалық биікке көтерген Серікбол Қондыбайды танып, оған билік тарапынан көмек  көрсетілуіне қозғау салуы;  өз тарапынан да рухани қолдау көрсетуі - осының бір анық көрінісі. Ол мына заманда білімді, білікті жандарды туысы көретін, ондайларға жаны ашитын.  Жастар біздің көрген құқайымызды көрмеуі керек дейтін. Талантты жастарды қатты қолдайтын, қуанып жазатын. Ол таланттың бәрін мойындайтын, оның жаңғыз ғана келіспейтіні, жаны қаламайтыны – менменшілдік, көлгірлік пен өтірік білімсіну еді...

Өзі дана, өзі бала, асыл дос Таласбек нағыз бабында еді, халқына берері әлі де аз емес еді. Дегенмен де ол кешкен  ғұмырында көп нәрсе тындырды. Оның рухани мұрасы өзі көзі тірісінде аяулы жары, көрнекті мәдениетанушы Зира Наурызбаева екеуі көп күш-жігер жұмсап ашқан «www.Otuken.kz» сайтында жарқырап тұр. Оны «ұлтым» деген ақжолтай жас ұрпақ оқып-зерттеп-сусындайтынына күмән жоқ. Ал, ол мұраны том-том кітаптар, музыкалық дисктер етіп шығарып, халқына жеткізу – соңында қалғандардың үлкен парызы.

 

Әлия Бөпежанова, сыншы-мәдениеттанушы

 

P.S. Таласбектің соңында екі перзенті – Хадиша мен Жансүгір қалды, екеуі де мектеп жасында. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді халық.  Таласбекке лайықты жар, серіктес дос, мұраттас бола білген Зира оларды жақсы азамат етіп тәрбиелеріне күмән жоқ. Дегенмен де мына заманда бұл оңай шаруа еместігі белгілі. Қазақ мифологиясын жаңаша парадигмаларда зерттеп жүрген мықты ғалым Зира  перзенттерін қатарынан кем етпеу үшін  ендігі жерде уақытын  біресе аударма жасап, біресе жинақ дайындап дегендей,  қаржы табуға  кетіріп жүріп,  өз шығармашылығын аялдатып қоя ма деген алаң да жоқ емес... Таласбектің мұрасын  айналымға толыққанды түсіру жұмыстары да үлкен рухани қажырды, сондай-ақ үлкен қаржыны  талап ететін шаруа.  Сондықтан да Зираға үкімет тарапынан Мемлекеттік стипендия немесе  гранттар тағайындалса,  зерттеу жұмыстарына  қоғамдық қорлар, сондай-ақ  аса бақуатты әкім-қаралар мен іскер азаматтар тарапынан толымды көмектер көрсетілсе (мұның заманауи формалары жеткілікті  ғой) деген ұсыныс-тілек білдіргіміз  келеді.   

                                                           *  *   *

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3143
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2242
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1918